Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Еңбек - бәрін жеңбек
Еңбек - бәрін жеңбек (2 - сынып)
Еңбек - қуаныш, жалқаулық - айырылмас азап.
Абай
Мақсаты: «Еңбек»адамгершілік құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
- еңбектің адам өміріндегі мәні туралы түсінік беру;
- еңбек етуге қызығушылықтарын дамыту;
- еңбексүйгіштікке тәрбиелеу;
Көрнекті құралдар: сюжетті суреттер, жеміс ағаштары, түрлі - түсті қағаздар, дәптер, оқулық
Сабақ елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың сөзімен басталады. (1 - слайд)
Шаттық шеңбері (2 - слайд)
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңбер құрып тұрады, сәлемдеседі, ән айтады:

Болайықшы осындай
Сөзі мен әнін жазған: А. Меңжанова
Жақсы бала еңбекшіл
Ер азамат болады.
Қиындықты жеңіп кіл,
Құшағы гүлге толады.
Қайырмасы:
Еңбекшіл осындай,
Болайықшы, досым - ай
Таза бала мұнтаздай,
Сүйсінеді қараған,
Ұқыпты деп бұл қандай,
Жақсы көрер бар адам.

Әңгімелесу (3 - слайд)
Мұғалім сабақтың тақырыбын таныстыру мақсатында әңгімелесу жүргізеді.
* Еңбек адамға не үшін қажет деп ойлайсыңдар?
* Еңбекқор деп қандай адамды айтамыз?
* Өздерің еңбектің қай түрімен айналысқанды ұнатасыңдар?
* Адамға өмір сүру үшін ең алдымен не қажет деп ойлайсыңдар?
Балалардың жауаптары.
- Дұрыс айтасыңдар! Ауа, су, тағам. Ауа, су - табиғаттың адамға берген сыйы. Ал тағам дегенде бірден еске түсетіні - нан. Нан еңбекпен келеді. Осы тағамнан басқа да адамның өмір сүруіне қажетті киім, білім, үй, оның ішін қажетті заттармен толтыру, денсаулығын сақтау бәрі, бәрі, бәрі де еңбекпен келеді.
Тапсырма (жұппен жұмыс)
Мұғалім оқулықта берілген суреттерге қарап, еңбектің түрлерін анықтау үшін балаларға тапсырма береді. (2 оқушыға 1 суреттен беріледі)
Мәтінмен жұмыс (4 - слайд)
Мұғалім еңбектің маңызын түсіндіру үшін оқулықта берілген Б. Әділовтың «Еңбексіз өмір - сүреңсіз» деген мысал әңгімесін оқып береді. Балалар сұрақ бойынша өз ойларын айтады.
Балаларға дәптердің соңында берілген «Менің дәйексөздерім» айдарындағы бүгінгі сабақтың тақырыбы көрсетілген бетке осы дәйексөзді жазады. (5 - слайд)
Сахналау
Еңбектің адам өміріндегі мәнін рөлдік орындаулар арқылы түсіндіру үшін сахналау тәсілі қолданылады.
Үш оқушы (автор, қуыршақ, бауырсақ) рөлдерде өлеңді мәнерлеп оқиды.
Қайдан келдің бауырсақ?
Ө. Тұрманжанов
Дастарханда шашылып,
Жатты аппақ бауырсақ.
Бауырсаққа қызығып,
Қарап тұрып көзін сап:
- Қайдан келдің бауырсақ?-
Деп сұрады қуыршақ.
- Дүкеннен келдім
Нан сатқан,-
Деді оған бауырсақ.
- Дүкенге келдің қай жақтан?
- Наубайдан келдім нан жақтан.
- Наубайға келдің қай жақтан?
- Диірменнен келдім ұн тартқан.
- Диірменге келдің қай жақтан?
- Даладан келдім кең жатқан.
Жер - анам менің көсілген,
Диқандар мені өсірген.

Оқулықтағы суреттер бойынша(жаюлы дастархан үстінде шашылып жатқан бауырсақтың, нан дүкені сөрелеріндегі неше түрлі нандардың, нан жауып тұрған наубайшының, диірменнің, егіс даласының) оқушылар еңбектің адам өміріндегі маңызы туралы «Нан дастарханға қандай еңбекпен к еледі?»- деген сұрақ аясында шығып сөйлейді.
«Нан дастарханға қалай келді?» (6 - слайд) (бидай, наубайхана, дүкен сөрелері, бауырсақ пісіріп тұрған әженің суреттері)
Сергіту сәті. (7 - слайд) «Бауырсақ» ертегісі бойынша би қимылдарын жасау.
Дәптермен жұмыс
Мұғалім оқушыларға дәптермен жұмысты орындау жолдарын түсіндіреді.
«Еңбек - бақыт бастауы» тақырыбында әңгіме жазыңдар.
Шығармашылық жұмыс.
«Еңбекқорлар елін» безендіру. Оқушылар жемістер мен көкөністердің суреттерін салып, қиып, жапсырып, бақшаны гүлдендіреді.
Жүректен - жүрекке (8 - слайд) 2 - сынып оқушыларының суреті.
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңбер құрып, бір - біріне жүрекжарды тілектерін айтады

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама