Ғабит Мүсірепов туралы
ӘДЕБИ ПОРТРЕТТЕР
ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ ТУРАЛЫ
(Қысқаша биографиялық очерк)
ҒАБИТТІҢ АТА ТЕГІ ТУРАЛЫ
Ескі ауылдың тілімен айтқанда Ғабитпен мен руласпын. Екеуіміздің де арғы атамыз керей. Керейді: Ашамайлы, Абақ деп екіге бөлгенде, біз Ашамайлыға жатамыз. Ашамайлының басым көпшілігі — Совет Одағында. (кейбір шежіреші қарттардың айтуынша бертінде жүз болыстай ел болған деседі. (Абақтың басым көпшілігі — Қытай мен Монғолияда (Оларды алпыс болыс болған деседі). Ашамайлы ішінде біз Сибанбыз. Одан Ерімсары, Қортық Күнгене, Шоқыматар, Шимойын. Бастапқы үшеуінің ұрпақтары қазіргі Қостанай облысының Ұзынкөл және Урицкий аудандарында және Солтүстік Қазақстан облысының Пресиов, Октябрь, Ленин аудандарында тұрады. Шоқыматар — Ақмола облысының бір ауданында Шимойынның үшінші тоқалынан Жылыбай, Қосай деген кісілер туған екен. Қосай — менің жетінші атам. Бастапқы екі шешемізден туған балалардың біразы Семей облысының Шұбартау ауданында, басым көпшілігі Монғолияда сияқты.
Ғабит Сибан ішінде — Қортыққа жатады. Қортықтан Тоқпамбет, Сейіт туған екен. Тоқпамбет тұқымы өсіп біздің заманда екі старшина ел болды. Сейіт тұқымы өспей, жалғыз-жалғыздан туып келді де, ең соңы менің Зәуре дейтін апамнан туған жиенім — Нұрке (Нұрсұлтан) Сүлейменов Совет Армиясында кіші офицерлік қызметте жүріп, Ұлы Отан соғысы күндерінде ерлікпен қаза тапты, сонымен Сейіт ұрпағы бітті!..
Ғабит Тоқпамбет ішінде Беспайға жатады. Осы арада бір кішкентай «кілтипанды» айта кету керек. Ғабит туған ауылды Сибан ішінде «Түрікпен дейді. Оның себебі мынау Беспайдың сегіз ұлының бірі — Тасболаттан Қуат, Сәдір деген екі ұл туады екен. Тасболат бай болған екен, оның қалың жылқысын бақтыруды баласы — Қуат басқарады екен. Бір күндері Қуат жайылған жылқыны аралап жүрсе, бір жас жігіт атын қаңтарып, жерде ұйықтап жатыр екен дейді. Қуат оятып жөнін сұраса «затым түрікпен, батыр жігіт ем, ханымызға қарсы болам деп қуғынға ұшырадым да. осылай қарай қаштым, ұлы жоққа ұл болуға әзірмін» депті. «Ендеше маған ұл бол» депті Қуат. Жігіт coған көнгеннен кейін, атын Жолғұтты қойып үйіне алып кешті де, Әділбай деген баласы өліп, жесір отырған келінін қосыпты. Жолғұтты сіңісіп жақсы бала болып кеткеннен кейін, балалы-шағалы болғаннан кейін, Қуат енші беріп Қояншоқ» дейтін ағашты, шұрайлы жеріне қыстау салдырады.
Жолғұрттыдан Еламан туған екен. Менің аулымның қазіргі мекенінде «Еламан» атты кел бар. Жолғұттының да, Кламанның да зияраты осы көлдің теріскей жағындағы дөңесте. Ескі зияраттардың үстіне қалың шие шығады.
Еламаннан Әсіреп, Мүсіреп, Кенжетай туады. Мүсіреп орта дәулетті кісі екен дейді. Ол сөзге шешен, іске қажырлы адам болса керек. Сондықтан, Сибан ішінде ғана емес, бүкіл Керей руында әрі ірі бай (бес мың жылқысы болған), әрі ірі феодал болған, әрі батыр боп, патша үкіметінің әскерін бастап Кенесары Қасымовты Арқаға қарай айдап тастаған, сол қызметі үшін Хорунжи чинін алған, XIX.ғасырдың орта кезінде, Құсмұрын дуанының Сұлтан-правителі Шыңғыс Уәлихановты түсіріп, орнына Сұлтан-правитель болған Есеней Естемесов, Мүсірепті оң қолы ғып ұстап, өз ауылының қасынан қоныс беріп, қыстау салдырған. Дөңес жерге жалдана біткен бұл ағаштың атын Елтін жалы» дейді. Елтін — Қыпшақтың Күрлеуіт руынан шыққан адам екен, өзі Есенейдің туған апасын алған жездесі екен. Елтінің әкесі Нияз:
Абылай аспас Арқаның сары белі,
Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі,
Қырық мың жылқы түссе де ылайланбас,
Нияздың Аюлы мен Қаракөлі, —
деген өлеңіндегі Нияз. «Нияздың қаракөлі» Баян мен Ереймен тауларының арасында екені мәлім. Қалың Күрлеуіт елі де сол маңайда деседі. Есеней Елтінді қасына содан көшіріп алған. Артынан басқа Күрлеуіттер де келе бастап, жеріне симайтын болған соң, Есеней оларға Қостанай облысының қазіргі Урицкий ауданынан жер берген. Қазір ол арада үш колхоз Күрлеуіт бар. Шоқан Уәлиханов 1841 жылы «Едіге батыр» жырын жазып алған Күрлеуіт Жаманқұл (Шоқанда қатеден «Жұмағұл» аталған) ақын осы арадағы Күрлеуіттен шыққан. Елтінді басқа қонысқа көшіргеннен кейін, оның мекенін Есеней Мүсреповке берген. Ауыл шаруасы колхоздануға дейін, Түрікпен ауылы Елтін жалын мекендеп келді. Қазір ол, Қостанай облысы, Пресногорьков ауданы «Жаңа жол» аталатын Ғабиттің туған ауылының қарамағында. Ертерек кезде, кейбір шығармасына Ғабиттің «Елтін жал» деп қол қоятын себебі осыдан.
Мүсіреповтен Кәжімбай, Ботбай туады. Кәжімбай момын мінезді, кедей шаруалы болған, шаруа бағудан басқамен айналыспаған адам. Оның қылығындағы ерекшелік — ұмытшақтық пен ұйқышылдық екен. Осы жайда, ел ішіне тараған нешетүрлі қызық әңгімелер бар. Кәжекең 1931 жылы, тоқсан бір жасында қайтыс болды. Сонда сақал-шашы ағарған жоқ. Ботбай елдегі маңғаз жігіттердің бірі болған, ол балуан да, шешен де, әнші де, қобызшы да, күлдіргі де адам екен. Дәулеті шағын бола тұра, ол жазғы, қысқы үйлерін таза ұстаған, әмір бойы әдемі киінген, жақсы ат мінген, сері болған кісі. Есенейдің мал-мүлкіне ие болған күйеуі (Есенейде ұл бала болмаған) — Торсан Тілемісов, өзі болыс кезінде Ботбайды төрт биінің бірі ғып ұстаған. Кейін Ботбай Торсанмен араздасып, өмір бойы дауласып өтті. Ботбай 1911 жылы, 56 жасында қайтыс болды.
Кәжімбайдан: Махмет (Махмұт), Ақан, Мақан, Самырат туады. Махметті (Ғабиттің әкесі) Мүсреп бауырына салады да, Кәжімбайға енші бергенде алып қалады. Махмет сол үйде есіп, сол үйде үйленіп, сол үйден енші алып шығады. Махметтің әйелі Дина, Обаған бойын жайлаған Шекті руында (Арғынның бір бұтағы) Оңғарбай деген кісінің қызы екен. Түрікпен ауылынан атпенен екі-үш күндік бұл елден, Динаны Мақметке, ат үстінде көп жүретін Ботбай айттырған екен деседі. Махмет мұсылманша сауаты бар, кітап, газеттерді қарап отыратын ақылды, парасатты кісі еді. Оның бір сайлауда ауылдық старшын болғаны да бар. Дина үлкенге келін боп, кішіге жеңге боп, жастарға шеше боп жаққан, мінезі биязы, бейілі кең, асы дәмді, абысын-ажын арасында ұйымшыл, ақылды болған кісі. Ол менің кіндік шешем. Мен Түрікпен ауылында туған екем де, жерден Ботбайдың бәйбішесі — Тұрағал көтеріп ап, кіндігімді Дина кескен екен. Сондықтан да және ақылды, пейілді адам болғандықтан да, Дина апайды өл-өлгенше сыйлап, алдынан кесе-көлденең өткем жоқпын, сыпайылықтан басқа сөз айтқан жоқпын. Дина 1959 жылы 82 жасында қайтыс болды. Шаруасы кедей Кәжімбайдың өзге балалары — Ақан, Мақан, Самырат өмірлерінің көпшілігін жалшылықта өткізді. Ақан мен Самырат ертерек өлді. Мақан (бұл кәдімгі «Өмір мектебінде» сипатталатын жылқышы — Мақан әлі тірі) жалшылықтан ол ауыл шаруасы колхозданғаннан кейін ғана босанды. Бала-шағасы өскен, өзі де еңбекші ол, туған ауылы — «Жаңа жолда» соңғы отыз шақты жылда жақсы тұрып келеді. Қазір оның жасы сексенді алқымдап қалған болу керек.
Мақметтен: Хамит, Сәбит, Ғабит, Баязит, Гүлсім, Әшім туады. Хамит оқу жасына жараған шақта, сол елге («Сағындық ауылы» дегенге) Уфа қаласындағы медіресе Ғалияда оқып жүрген Қамал Жайсақов (Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы) келеді де, жаз айларында мұғалімдік құрады. Бұрын қадымша аздап оқыған Хамит, «тете оқу» аталған жәдиттен тез сауаттанып, шәкірттердің алдыңғы қатарында болады. Революция жылдарында, Хамит қысқа мерзімді курстан өтіп, 19І7 жылдың күзінен өз еліндегі бастауыш мектепке мұғалім болды. Мен өзім де 1918 жылы Хамит сабақ берген мектептен қазақша сауатымды аштым. Сонан бері алдынан жүздеген балаларды өткерген (олардың көбі даңқты кісілер боп кетті) Хамит ағай (1894 жылы туған), сол мектепте әлі күнге дейін мұғалім. Қырық жылдан астам ауылдық мектепте қызмет сіңірген бұл қадірлі адамның кеудесінде Ленин ордені жарқырайды.
Сәбит («Түркпен тұқымы өскелең» деп, менен бұрын ұлы болмаған әке-шешем, маған осы Сәбиттің атын қойған) жұмысшы жігіт еді. Мақмет үйінің дөңгелек шаруасын баққаннан басқада жұмысы жоқ ол, 1936 жылы қайтыс болды. Ғабит туралы кейінірек айтамыз. Баязит көп жылдан бері партия мүшесі. Ертеректе мұғалім де болған, аудандарда советтік қызметтер де атқарған ол кейінгі жылдарда газет қызметкері. Қазір Қостанайдағы «Ленин жолы» газетінде. Гүлсім де көптен бері ауылдық мұғалім. Шешек дертінен бала шағында құлағы кеткен Әшім, зиректікпен жақсы сауат үйреніп, ертеректе баспа орындарында қызметкер еді, соңғы жиырма шақты жылда туған ауылына барып ұсталық қызметіне орналасты. Сонан бері сол қызметте.
ҒАБИТТІҢ ӨЗ ӨМІРІ ТУРАЛЫ
Оның азанмен қойған аты — Ғабде-әл-Ғабид. Бұл арабша — «құлдың құлы» деген сөз. Ғабиттің бір кезде, кейбір жазуларына осылай қол қойып жүрген шағы да болды.
Ғабит документтерінде «1902 жылы туған» болып жүреді. Отызыншы жылдардың аржағында, оның документтерінде «1900» деген цифр болатын. Осы «қайшылықтың» себебі неде?
Өзара ойнағанда, біз Ғабиттің мұнысын «жасарғысы келуі» деп дәлелдейміз. Онымыздың жаны да бар, өйткені, жүріс-тұрыс жағынан, киіну-сәндену жағынан жігітшілік я аңшылық құру жағынан қазіргі қазақ жазушыларының ішіндегі серіміз бен салымыз Ғабит екені рас. Мұндай адамның көп көзіне жасырақ көрінуге тырысуы да табиғи іс.
Осы жайда тағы бір ойынымыз бар: Отан соғысынан кейінгі жылдардың бірінде, Алматыға, Ғабиттің үйіне Дина апай келіп, мәжілістесіп отырғанымызда, мен ол кісіден Ғабиттің туған жылын сұрадым. Сонда Дина апай, «Қай жылы екенін қайдан білейін» деді де, маған «қазақша жыл қайыра білуші ме едің?» деген сұрау қойды. Мен «білем» дедім. «Ендеше, — деді Дина апай, — Ғабит те, сен де сиыр жылы туғансыңдар: сен басында, Ғабит аяғында. Содан санап ала бер!
Санаған шағымызда, Ғабиттің да сөзінің жаны болып шықты: мен туған жылдың «сиыры» — 1900 жыл болар деп жүрсем, анық бір мәліметте «1901 жыл» екен. Қазақша жыл наурыз айымен — яғни марттың жиырма екісінен басталады. Сонда, егер мен 1901 жылдың апрелінде тусам, (бұл жасымды Ғабитша дұрыстауға тырысқан жоқпын, себебі — бір жас жасарғанда қайда барам?!), сиыр жылының аяғында туған Ғабит, әрине, 1902 жылы туған болады.
Мақметтің шаруасы дөңгелек болғанын жоғарыда айттық. Бірақ, ол, бірінші жақтан — Ботбай қолынан енші алғандықтан, екіншіден — Кәжімбайдың басқа балаларына сүйенгендіктен, өзі жалшылықта жүрмеген, «ел адамы» аталатындардың санатына қосылған кісі. Шаруасы шағын бола тұра, ол үлкен ұлы Хамитті жалшылыққа бермей оқытқан, Хамит мұғалімдікке ілінген соң, Мақметтің шаруасы аздап түзеле бастаған. Дегенмен, Хамиттің аз табысы көп жанға көмек бола алмаған соң, мал-мүлігі болған шақтарында Мақмет Сәбит пен Ғабитті жаз маусымдарында жалшылыққа да берген. Ғабит, мысалы, 1914 — 15 жылдардың жазында, ауылының қасындағы Исаевка селосының сиырларын жаяу бағуға жалданды.
1916 жылдың жазында, Ғабиттің нағашысы — Оңғарбайдың балалары (аттарын ұмыттым) приемға ілігеді де, қолында шаруаға жұмсар адамы қалмаған Оңғарбай Ғабитті үйіне алып кетеді. Ғабит сол үйдің қолғабыс жұмысында жүрген шақта февраль революциясы болады да, Оңғарбайдың майдан жұмысына кеткен балалары қайтады, Ғабиттің қолы жұмыстан босайды. Енді не істеу керек...
Сол ауылда, Ыбырай Алтынсарин системасымен ашылған орысша — қырғызша (қазақша) бастауыш мектепте қызмет атқарып жатады екен, учителі — қазақ әдебиетінің рсволюциядан бұрынғы ақындарының бірі, 1913 жылы Жиған-терген» деген атпен өлеңдер жинағы шыққан, демократтық бағытта болған, ауыл мектебінде елу жылдай үздіксіз еңбек атқарып, кеудесіне Ленин орденін қадаған, Коммунист партиясының мүшесі, Ұлы Отан соғысынан кейін, қартаң жасында қайтыс болған — Бекет Өтетілеуов. Ғабиттің айтуынша, бұл Бекет патша үкіметіне де, Алашордаға да қарсы болған адам.
— Патша тақтан құлады деген хабар анықталғаннан кейін, — деді Ғабит, — бұрын міндетті түрде, школаның төрінде ілулі тұратын II Николайдың портретін Бекет жұлып ап жерге тастап, оқушы балаларға тепкілетті. Патшаның кім болғаның февраль революциясының не екенін мен 1917 жылы мектеп қабырғасында Бекет Өтетілеуов, аузынан естідім.
1917 жылдың алғашқы алты айында Бекет школынан орысша оқыған ересек Ғабит, тілі жетілмегенмен, орыстың жазу-сызуына төселіп, бастауыш білімді еңсеріп тастаған сияқты. Сол жылдың күзінде еліне қайтқан Ғабитті, әкесі енді жалшылыққа салмай, қазақша — Ыстап, орысша Пресногорьковка аталатын казак-орыс (казачество) станицасындағы «бастауыштан жоғары» аталатын орысша жеті жылдық школаға сабаққа береді. 1918 жылдың көктемінде, ағасы — Хамиттің мектебінен сауатымды ашып »жүрген шағымда, Ғабиттің менен орыс тілінен экзамен алатыны («Өмір мектебінің» бірінші кітабының аяқ жағын қараңыз), маған достебреннің (удостоверение) «үлгісін» жазып беретіні осы школадан оқып жүрген шағы.
Одан кейін, Ғабитті мен, 1920 жылдың қысында Ыстапта оқуда жүрген күндерінде жолықтырдым. Қазақтар Ыстапты орысша «штаб» деген сөзден бұрмалап алған. Патша өкіметі қазақ даласын отарлаған шақта, Орал, Орынбор, Тройцк, Петропавл, Омбы, Семей, Өскемен аталатын қалалар салып, солардың арасында казак-орыс станицаларын тартқан ғой. Сол кезде Троицк мен Петропавл арасындағы ең зор станица осы Пресногорьковка болып, соғыс штабы орнап, атаман сонда тұрған. Қазақтардың «Ыстап» деуі содан. Жыл сайын, көктем кезінде Ыстапта үлкен жәрменке ашылып, алыс жерлердің саудагерлері келеді екен. Ыстапта сабынның, бұлғарының, пиманың, ұнның кішірек заводтары болып, маңайдағы көшпелі ауылдар, осы бұйымдарды солардан алған. Ыстап бертінде мәдениеттің де орталығы болып, орталау школасынан бірталай қазақ балалары оқып шықты да, артынан көрнекті қызметкерлер болды. Мәселен: Ақмола губерниялық сотының председателі болып жүріп, 1927 жылы өлген Хажығали Қосаев, республикалық прокуратурада жауапты қызметте жүріп, отызыншы жылдардың аяғында қайтыс болған Махмуд Таукин, Қазан қаласында темір жол инженері болып жүріп, культтің құрбаны болып кеткен Саруар Ташатов, көп жыл партиялық қызметте келе жатқан Өмірұзақ Даняров, офицерлік қызметте жүріп Ұлы Отан соғысында ерлікпен қазаға ұшыраған Қази Есеналин, тағы басқалар. Ғабит осылармен бірге оқыды.
Ғабитқа мен 1920 жылдың қысында азық-түлік разверсткасының отрядын басқарып жүрген шағымда жолықтым. Мен ол кезде орыстың әрпін танығаннан басқа оқуын білмеймін. Орысша тілім «нан жеу» мен «бұйрық беруге» ғана жетеді. Сондықтан ба, әлде, рас солай ма, Ыстапта оқып жүрген Ғабит маған «орыс тілінің профессоры» сияқты көрінді. Ал, саяси мәселелерде мен оған «ұстаз» екем. Ыстапта оқып жүрген ересек қазақтар (ішінде Ғабит те бар), қазақ аузынан Совет өкіметінің жайын менен ғана естіген сияқтанды.
Одан кейін Ғабитті көруім — 1922 жылдың күзі. Көріспеген азғантай уақытта, Ғабиттің басынан бірталай оқиғалар өтіп қапты, жиырма бірінші жылдың февраль айында, сол маңайдағы құлақтар мен байлар Совет өкіметіне қарсы көтеріліс жасағанда Ғабит сол араның қызыл-партизаны — Дмитрий Ковалевтің отрядында болып, бандаларды жойысыпты. Одан кейін «Таузар» аталатын болыстың соғыс бөлімін басқарғанда ол бөлім жойылып, Ғабит үйінде қызметсіз жүр екен. Оған табан аузында қызмет ұсындым: сол кезеңде, біздің арада қазақша — Жекекөл, орысша — Благовещенко аталатын селода, қазақтың аудандық милиция штабы құрылатын болып, начальнигіне біздің елдің атақты байы және белді феодалы — Абылай Рамазановтың баласы — Сұлтан (орысша «реальное училище» аталатын орта школаны бітірген жігіт) тағайындалған екен; мен бұл кандидатураны ұнатпап ем, губерниялық милиция начальнигі Зікірия Мухеев, «жоғарыда бекіліп қалды, бұзуға болмайды, оған жақсы орынбасар табу керек», — деді. Сонда менің есіме көптен көрмеген, бірақ нелер істегені сырттан естіліп жүрген Ғабит түсіп, Мухеевке «осындай жігіт бар» деп ем, ол, «ризаласса тағайындайық», — деді.
Ғабит менің ұсынысымды қабылдады да, 1923 жылдың жазына дейін Жекекөл милиция штабында начальниктің орынбасары болып қызмет атқарды. Оның мінезі, жалпы қаталдау адам: Жас кезінде тіпті қатал болып, байларды, әсіресе ұрыларды өте қысып ұстаған. Сондықтан болу керек, 1922 жылдың күзінде Орынбор рабфагына оқуға түсіп, 23 жылдың жазында каникулға Петропавлға келсем, губерниялық милицияға Ғабиттің үстінен шағымдар түсіп қалған екен. Осы жайды басқарушы жолдастармен кеңескенде, Ғабиттің Орынбор рабфагына оқуға кеткенін мақұл көрдік. Бұған ризаласқан Ғабиттің аулынан оқуға қалай аттанғаны, «Өмір мектебінің» екінші кітабында суреттелгендіктен, бұл арада қайталамаймын.
Орынборда Ғабит екеуміз әуелі Сәкен Сейфуллиннің пәтеріндегі (ул. Деевская, 5) қараңғылау кішкене бір бөлмеде тұрдық. Мұнда екі кереует сыймағандықтан, бір темір кереуетте құшақтасып жататын едік. Тұрақ жайынан ыңғайсыздық кергенмен, тұрмыс жағымыз жаман болған жоқ. Мен сол жылы Қазақстан Орталық Атқару комитетіне мүше боп сайланғам. Мүшелерге ол кезде червонец алатын ақшамен айына 75 сом беріледі. Ол тіпті көп ақша: мәселен, қойдың құны ол ақшамен бес сом, жүн матаның жақсы костюмі — он бес, жиырма сом, жаңа хром етік он, он бес сом... Сондай арзаншылықтан да және «қазақшылығымыз» бойымыздан арылмаудан да болу керек, екі бойдақ жігіт, соқа қара басымыз тұрып, Сәкеннің үйіне жұма сайын әкеп бір қой соятын едік те, азғантай ғана етін пайдаға асырып, көбін шірітіп алатын едік...
Рабфакқа түскен Ғабит, оқуды жақсы алып кетті. Оның айтуынша, қоғамдық ғылымдар болмаса рабфактың былайғы пәндері бұрын өзі жеткен пәндер.
Келер жылдың оқуында, Ғабит екеуіміз «Советская» аталатын мейманхананың номерінде тұрдық. Мен өкімет мүшесі болғандықтан, номер бізге тегін берілді. Ғабит екеуіміз ол жылдың қысында, оқумен қатар, «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясында қызмет атқардық. Негізгі жұмысымыз үкіметтің газетке жарияланатын бұйрық-жарлықтарын аудару. Осы істің үстінде, мен өзім төмендегідей қызыққа ұшырадым: өкіметтің бір қаулысында — «Труженики сельских полей в текущем году проявили хорошую инициативу и успешно справились с уборкой хлеба» деп жазған екен. Мен «труженики» деген сөздің мағынасына түсінбедім де, редакция қызметкерінің бірі Бейімбет Майлиннен сұрадым. Ол да орысша шорқақ болушы еді, сондықтан «менде білмеймін» деді де, осы сөздің түбірін табу керек деп, «түбірі — «трус» дегеннен шыққан болар» деген жорамал айтты. Мен сол жорамалға тоқырадым да, «труженики» деген сөзді «қорқақтар» деп аударып, газетке сол қалпымен басылды да кетті. Сол бір кезде, Воскресенов деген орыс авторының мақаласын қазақшаға аударған біреу, атын да қазақшылап газетке «Жексембин» болып басылып кеткен. Осы екі фактіден кейін, көргіш біреу газетке «қорқақ жексенбі» деген фельетон жазып, жұрт маған көпке дейін күліп жүрді. Ғабиттің аудармаларында мұндай сорақылықтар болмауға тиісті. Орыс тілін жақсы білетіндіктен оның аудармалары дұрыс болуға тиісті.
«Совет» мейманханасы Ғабиттің алдағы семьялық өміріне жол ашты. Сол мейманханада, шыққан тегі Ақтөбелік, жасамыс учительдердің біреуі — Әбіш Тойбазаров дейтін адам тұрды, (қызметі оқу комиссариатында болды ғой деймін). Арық та, талдырмаш, бойы шарғалау бұл кісінің Ұлтуған есімді зор денелі, жарқын мінезді, шала сауатты әйелі бар еді, балалары жоқ еді. Осы семьямен танысқаннан кейін, асы дәмді Ұлтуғанға Ғабит екеуміз «нахлебник» болып, сол үйден қоректеніп жүрдік. Әбіш сол қыстың аяғында қайтыс боп, қолымыздан жерлестік.
1924 жылдың жазында мен елге каникулға кетіп, Орынборға күз қайтсам, Ғабиттің өмірінде «драма» басталып қапты. Сол бір шақта қазақ педагогика институтында Хұсни Яғфарова дейтін татар қызы оқиды екен де, Баймен Алмановтың үйінде тұратын осы қызбен, Ғабит Ұлтуған арқылы танысып, енді үйленуге ойлайды екен.
Мен бұл оқиғаға қарсы болдым. Оған себебі: Ғабит болыстық военком болып жүрген шағында «Сәпі балалары» аталатын байлардың біреуінің жас Қаншайым атты келінін алып қашып, үйіне апарған. Ғабит Орынборға оқуға аттанғанда, келіншек оның әке-шешесінің қолында қалған. Енді соны тастау маған қиянат көрінді де, Ғабит менің ырқыма көнбеген соң, елдегі туыстарына хат жаз¬дым. Кешікпей Орынборға Ғабиттың ағасы Хамит келіп қалды. Ғабит ағасын да тыңдамай, Хұсниға кешікпей үйленді. Ғабиттің тұрақты семьялық өмірі осылай басталды.
Рабфакты мен 1925 жылы бітірдім де, сол жылдың жазында Қызылордада шығатын «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарып, күз Петропавл барып «Бостандық туы» газетіне орналастым. Ғабитті содан кейін көргенім — 1928 жылдың күзі. Мен 1926 жылдың, ортасынан 1928 жылдың ортасына дейін, Қызылорда қаласындағы Қазақстан Мемлекеттік баспасының (Казгосиздат) бас редакторы болып қызмет атқардым да, жаз ортасында ол қызметтен босанып, Ленинград мемлекеттік университетіне оқуға баруға жиналдым. Бас редакторлық қызметке мен Ғабитті ұсындым.
Орынбор рабфагын 1926 жылы бітірген Ғабит, сол жылдың күзінде Омбыдағы ауыл шаруашылық академиясына барып оқуға түсті. Менімен жиі хат жазып тұратын ол, 1927 жылдың басында «Әмірқан бидайығы» (американский пырей) дейтін тақырыпқа кітапша жазды да, Қазақстан Мемлекет баспасына жіберіп, біз басып шығардық. Менде Ғабиттің «осы кітапшаның ақшасы семьямызға жарты қыс азық болды» деген хаты бар.
Академияның бірінші курсын бітірген Ғабитті, Ақмола губерниялық партия комитеті 1927 жылдың күзінде (Ғабит сол жылдан партия мүшесі) Бурабай ауылшаруашылық техникумына оқытушы қып жіберді. Сонда жүріп, Ғабит «Теңіз тепкісінде» деген атпен алғашқы ұзақ әңгіме жазады да, Қазақстан Мемлекеттік баспасына жібереді. Осы әңгіменің қалай жазылып, редакциясы қалай жасалып, «Тулаған толқында» деген атпен жеке кітап болып басылар алдында, Ғабиттің өз қолымен 1928 жылдың 18 апрелі күні маған жазған хаты бар. Оның жазушылық жолын ашқан осы хатты төменде түгел келтіруді мақұл көрдім.
«СӘБИТ!»
Бүгін сенің хатыңды алдым. Әңгіме менің «Теңіз тепкісі» жайында болғасын, мен де сол туралы жазбақпын. Негізінде оны қысқартып, яки түзегеніне алғыс айтпасам ренжімеймін ғой. Бара салысымен басу жағын қарастырғаның, мені ілгері сүйремесе кейін кетірмес. Біраз елігіп, алғашқы екпінмен көр-жерді жазып тас.тауым да мүмкін. Шарт деген жағын өзгертуге құмар еместігім саған жасырын сыр болмауы керек: мен гонорары емес, еңбегімнің өзін бағалайым. Менің көбінесе көкейімді тесетін ақшасы емес, жазғанымның іске аса алғаны екендігін аңғар. Енді хатыңды бөлшектейік:
Мен әр бөлімді нығыз түймегендігімді білем. Бірақ онымның, өзіне бір баға бермекші едім. Көркем әдебиетте менің бір сүйетін нәрсем, жалғасы білінбей көбінесе, жалғасы келесі бөлімді оқып отырғанда ғана сезілсе екен деймін. Бұл мүмкін ескірген түр болар. Сөйтсе де мен осыны ұнатам. Жазушылар әсіресе байламын көрсетіп қоятыны бар, мен оны ұнатпаймын. Менің Гогольді сүйіп оқитынымды білетін едің ғой: көбінесе ол, маған осы жағынан ұнайды. Қазіргі беталыста, жасырын жақтар аз болу керектігін біле тұрсам да, мен ұнатқанымды істеп едім. Әрине, сендер кеп. Әр жерде тексерген боларсыңдар. Бұлай болғасын көпшіліктің ауқымы ұйғарды — мен риза. Одасын, көпшілік көптен бері төселіп келе жатқан, бауыры жазылғандар, мен — шикі. Сондықтан сендердің — төселген көпшіліктің бетінен алуым әлсіздігімнен басқа нені көрсетер дейсің.
Менің тағы бір ұнатпайтыным: алған теманың өзінен басқа, ешқайда бұрылмайтын әдет. Мұны мен жек көрем. Әсіресе болмысы, тұрмысы..., тағы тағылардың ізі түсіп отырса екен. Осы күні (меніңше) жазушылар «саяси жақ» деп алғанда, басқа жағын ақсақ тастайды. Мен оған қар* сы. Сондықтан қай күнде болса да, менің жазғандарым көлденең материалды көбірек қосып отырады. Бұл әдетті (әзір жүзеге асыра алмаған әдетті) түбінде, жазып кете алған күнде де тастамаспын деймін. «Теңіз тепкісіне» де бірталай көлденең материал кірген себебі сол еді.
Етістік деген бір ит қой. Өткен, қазіргі, келешек уақыттары араласып кетуі мүмкін. Алғашқы хатымда біраз беттерді көрсетіп едім ғой. Сөйлемнің аяғы көбінесе сказуемоеға тоқтайды да, сұмдық бәле болады.
Түгел алғанда, алғашқы адым әлсіз екендігіне не күдік болсын, кейбір алып тастаған жеріңе қарсылығым болса да баспаға беріліп қалғасын, әңгіме қысқа ғой. Мысалы: «Теңіз тепкісі» мен «Тулаған толқынның» қайсысында адамгершілік, достық көп екеніне таластан кейін ғана мойынсұнар едім. Матвейдің бай екені бір жанды жасыруға бөгеті жоқ еді. Өйткені, ол саудагер, қазақтардың балығын алып үнемі еңбегін жейді. Байлар көбінесе, іштен жейтін әдетін ескермеген екенсің.
Қысқасы, кітапшаның басылғаны үлкен қуаныш. Түзегеніңе алғыс. Сыншылар, кемін көрсетсе тіпті жақсы.
Қайтадан сенің хатыңа келейік (басына қарай). Сенің Ағаш қамшың» маған да тиетін секілді (кейбіреулер «бәлен жолдамын» деп, босқа қомпиятыны бар ғой, сол секілді болып кетпесе?) Өйткені қалам сүйген болып, «идеология» деп шатасудан құр емеспін ғой. Басқалардың неге қатынаспайтынын білмеймін, өзім туралы мынаны ғана айта алам: мен болып жатқан айтыс-тартысқа1 қатынаспаймын демейім. Айтысты ұнататынмын да, ешкімді сынап көрмесем де, сынауды жақсы көретін әдетім де бар. Қорықпаймын да, түсінемін де. Бірақ мен қалам сүйе бастағалы мынадай екі кесір ұшыраттым: бірі, айтыс болып жатқан жерден алыс жатқандығымнан, кезінде қол жетпей қалады. «Е. Қ.»2 көбіне дұрыс келмейтінін білесін, ғой. Әлгі Шаймерденнің де, тағы біреулердің, Елжастың, Әзімбеттің, тағы басқалардың сынын көргенім жоқ, естідім ғана. Солар секілді нәрселердің көбі көрілместен кетеді. Кейде басын, кейде ортасын, әйтеуір бірдемесін толық оқи алмай қаласың. Солай болғасын қатынаса алу қиын.
Мен жазу ісіне қатынаса бастағалы жазатын орындардан кеудеге итеру болмаса, өзіне тарту көргем жоқ. Жазуға жаңа араласа бергенімде «Е. Қ.» бостан-босқа шығарып тастағанын білесің бе? (Бейімбет, Смағұл тағы басқалары) Өзге өзге болсын, Бейімбет көрер көзге құйыршықтанып менi алдауға кірісті. Алдамастан тура айтса қайтеді?.. Әрине, жазу үшін газет маңында қызмет міндет емес. Мадагаскарда жатып та жазуға болады. Бірақ газет күнбе-күн сабақ береді. Одан кейін де газетке жазып қарадым. Ең нашар дегендерімді басады да, жақсы дегендерімді баспады. Саған айтылмаған мынадай бір әңгіме болды. Былтыр «Оқшау сөз» бәйгесі кезінде Омбы оқушылары бірігіп «Е. Қ. ға» екі оқшау жібердік. Біреуі «Қалаудың өмірі», екіншісі «Май сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеміз?» деген оқшаудың иесі Қартқожа еді. Сөзін құраған мен едім, екі рет Омбы оқушыларының алдында оқып, сынап түзеп, жібергенбіз. Біреуі де басылмады. Өйткені бірі (алғашқысы) Аббас туралы да, екіншісі Абдрахман туралы. Коммунистерді түйрелеуіміздің өзі бір қата болар. Бірақ біз кім екені туралы, ашық түсіндіріс бергеніміз жоқ. «Көменес» жағынан ешнәрсесі жоқ еді. Баспады. Екінші рет, барлық оқушының қолын қойып «басылуын» сұрап жаздық. Міне осы арада бір иттік араласты. Біздің хатымызды конвертін жыртып оқыпты да, «Е. Қ.» Қызылжардағы «Б. Т. ға» айдап кеп қалыпты. Сыртында «Айсаринға» деген бар да. Дәлелді сол. Бірақ хат емес, мақала болғасын, мақала екенін конвертті жыртып, оқып көргенсің Айсарин неге қудырады? Міне. бұл иттік. Күздігүні «Көлеңкенің көлеңкесі» деген бір оқшау тағы жаздым. «Е. Қ.» өз кемшіліктерін айтса баспайтының әсіресе басындағы қызметкерлерінің қол жаулығы болып кететін жақтарын айтқан едім. (Дұрысында баяғы Сәкен, Молдағали, Смағұлдардан бері қарай Аббасқа дейін «Е. Қ.» арқылы өз әдістерін жүргізбеді дей аласың ба?) Бұл және басылмады. «Е. Қ-қа» жазу да, таныс біреуің болмаса, мақалаңды оқу да қойылды. Сөйтіп газетке қатынаспай, күнбе-күнгі хабардан, айтыстан сырт қалдым. Жаза алсам кітап жазғым келді. Осының барлығы «Ағаш қамшы» етпей не қылады? Бір ұйымның, тілектес жолдастардың маңайында болсам, мүмкін қатынаса алған болар едім. Жөндеп жаза алмағасын кеудеге итеру дұрыс та шығар. Бірақ өйтпес едім. Қаламынан үміті бар адамды бауырға тартар едім. Мінекей, Сәке, осындай жайлар мені күнбе-күнгі айтыс-тартыстарға қатынастырмай келді. Мені нағыз сүйетін жақтарымнан жырып тастады. Үміт кеспе, кейін орталарыңа барып, ат ерттеуге жарармын.
Сен оқуға барамын дейсің бе? — Қайда? Қашан? Неге? Тоқта! Ендігі жылы бірге Литхудқа барайық! Жарай ма? Жаз! 15-майда елге келу ерте...
Сәбит! Ғабит мына хатын аяқтамай кетіп қалған екен. Почта келіп қалғасын мен беріп жібердім, қалған сөзі болса тағы жазар.
Өзімізден бәріңізге көп-көп сәлем! Хат жазыңдар. Мен өзіме тиісті ақшаны күтіп тұрмын.
Достық сәлеммен Хұсни».
18/IV
Көркем әдебиетке осылай бейімділігі болғандықтан және идеологиялық беті дұрыс деп ойлағандықтан, менің ұсынуыммен, Қазақстан Өлкелік Партия Комитеті (Қаз. крайком) Ғабитті Қызылордаға шақырып алды да, Қазақстан Мемлекеттік баспасына бас редактор ғып қойды. Мен оқуға, Ленинградқа жүріп кеттім.
Қаражат жағым аса қысыңқы болғандықтан маған университетте бірақ жыл оқуға тура келді де, 1929 жылдың күзінде Қызылжар барып, «Кеңес ауылы» газетіне редактор болып тағайындалдым. Бұл кезде газет-журнал беттерінде бірталай әңгімелері басылып, жазушы атанып қалған Ғабит екеуіміз, әдебиеттік кейбір мәселелер туралы баспасөз бетінде қаттырақ айтысып та қалдық. Келер — 1930 жылы мен Москвадағы Қызыл профессорлар институтына оқуға кеттім де, Алматыға 1936 жылы оралдым. Бұл мезгілдің ішінде Ғабит Қазақстан Мемлекеттік баспасының директоры болып, одан кейін «Социалистік «Қазақстан» газетінің редакторы болып қызмет атқарған екен де, 1936 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгеруші қызметінде екен.
1956 жылдан бері Ғабит Қазақстан Жазушылар одағының бірінші секретары. 1958 жылдан Қазақстан Ғылым академиясының академигі, сол жылдан СССР Жоғары Советінің депутаты.
ҒАБИТТІҢ ЖАЗУШЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ
Бұл очерктің мақсаты Ғабиттің әдебиеттік еңбегін толық талдау емес, оның өмірбаянымен ғана қысқаша таныстыру.
Жазушылық алғашқы бетінде, қазақ совет әдебиетіне Ғабит сіңірген жақсы екі еңбегі бар: біреуі — жиырмасыншы жылдардың аяғында қатты шиеленіскен тап тартысы, көркем әдебиетке де әсерін тигізіп, алашордашылар мен байшыл-ұлтшылдар өлмеуге жан таласқан шақта, Ғабит идеологиялық майданның алдыңғы қатарынан орын алды, да, социалистік құрылыстың жауларын публицистикалық қаламымен де қатты түйреді; екіншісі, осы бағытта көркем шығармаларымен де қызмет атқарып, ауылдағы тап тартысының сол бір кездегі айқын және көркем бейнесін көрсететін бірнеше әңгімелер жазды.
Бұл жүйедегі табысы мол да, көрнекті де болған Ғабит, «Көк үйдегі көршілер», «Бір а дым алға», «Туннель», сияқты кең көлемді прозалық шығармаларға да құлашын ұрғанмен, ол талабы сәтті бола қойған жоқ, аталған повестер мен романдар аяқталған жоқ. Көлемді прозада Ғабиттің алғашқы сәтті еңбегі, меніңше, «Қазақ солдаты» (1949 жыл). Мазмұны қызғылықты, жазылуы көрікті болғандықтан, бұл роман Совет Одағында да, шетелдерде де бірнеше тілге аударылды. Одан кейін туған «Оянған өлке» (1953 жыл), бірінші кітап Ғабиттің прозадағы бойы бұрынғыдан да биіктей түсуіне кепіл болды. Бұл жайда Ғабитқа қояр тілегіміз: «Оянған өлкенің» екінші кітабы да тезірек жарық көруі және бірінші кітабындай сәтті шығуы.
Ғабит 1936 жылдан бері драматургия жанрымен де шұғылданып жүр. Бұл жүйедегі оның тұңғышы «Қыз Жібек» аса қызғылықты жазылғандықтан, күні бүгінге дейін театр көрушілерін өзіне құмарттыра түседі. Драмалық театрларда ойналатын «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» мен «Ақан сері — Ақтоқты да» сондай. Ғабит бұл үш пьесада, меніңше, қазар дараматургиясының ең күшті өкілінің бірі. Тарихи тақырыпта осындай жетістікке ие болған Ғабит, меніңше, советтік заманның, тақырыбына ондай күшті емес. Бұл тақырыпта қазақ драматургиясында оның алдына түсіп кеткен кісі де жоқ. Дегенмен сахна заңын жақсы білетін драматургия заңын жақсы білетін тарихи тақырыпта жазған пьесаларында жақсы шеберлік көрсеткен Ғабиттен жаңа тақырыпта да шарықтар деп үміттенеміз.
Ғабит қазақ совет әдебиетінде очерк жазуға да төселген адамдардың біреуі. Бұл жанрда да оның қаламынан көптеп туған жақсы шығармалар бар. Соңғы он шақты жылда, осы аса қажетті жанрда да аз жазуын мақұлдай алмаймыз.
Қазақ совет әдебиетінің мәселелерін талқылауға да Ғабит сіңірген еңбек аз емес. Ол соңғы отыз жылдың ішінде көркем әдебиеттің партиялығы үшін үздіксіз күресіп келе жатқан адамның, біреуі. Көп жылдар біріне-бірі жалғасып келе жатқан бұл еңбегінің соңғы жемісі — биылғы жылдың март айында болып өткен қазақ совет жазушыларының төртінші съезінде жасаған баяндамасы. Ғабиттің осы жемісті және қажетті істі ілгері алып баруына сеніміміз күшті.
Қазақ совет әдебиетіне Ғабит сіңірген зор еңбектік біреуі — орыстың және Европаның классикалық шығармаларын қазақ тіліне аудару. Өзі де жазушы болғандықтан және орыс тілін жақсы білетіндіктен, оның аудармалары дәл де, сапалы да болады.
Ғабиттің жазушылығын тұтас алғанда, өзіне тән бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші — бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды; екінші — бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды, сондықтан шығармаларының шикісі аз болады; үшінші — жазатын тақырыбына күй таңдайды, күйі жетпесе, игерген тақырыбын да жаза қоймайды: төртінші — шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-қадары жеткенше, олпы-солпысыз шығарады; бесінші — тілге үнемшіл, сипаттап отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сезді қолданбайды; алтыншы — жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады; жетінші — адам портретін жасауға, қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі.
Ғабит биыл 57 жаста. Ол ойы да, бойы да толысқан адамның біреуі. Сондықтан да, алдағы күндерде қазақ совет әдебиетін байыта түсуге белсене араласып, өзі шұғылданып және төселіп жүрген жанрлардан, әлде де көрнекті шығармалар берер деген үміттеміз.
26.ХІІ. 59 ж.