Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шешім

Қалаға ойда-жоқта атам келді. Алматыға күз түскен уақ. Жаз бойы жасыл желекке оранған аяулы қала сары, қызғылт жапырақтан көйлек киіп, ақыл тоқтатқан, сабырлы салиқалыққа бет бұрған кез. Біз абыр-сабыр болып қалдық. Әкем әдеттегідей жұмыста. Әрине, Сари екеумізге атамның келгені қуаныш, бірақ анам шақырусыз келген қонақтан аруақ көргендей үркетін қалалықтарға тән мінезбен байсалдылығынан бір-ақ сәтте айырылып шыға келді. Есікті аша салып, оң қолымен кеудесін басып ебедейсіз сәлем салған ол зытып отырып, ұйықтайтын бөлмеге кіріп кетті. Шалбармен жүрген анамның көйлек киюге асыққаны анық. Дегенмен, үлкен кісіні босағада қалдырып, бұрыла салып басқа бөлмеге кетіп қалу - майдалап айтқанда ыңғайсыз болды. Сари екеуміз атамды қаумалап, қолындағы сөмкесін алып, төр бөлмеге бастап, диванға жайғастырдық. Анам ұзын қара қошқыл түсті, формасы түсініксіз, олпы-солпы дегенге жақындау көйлек киіп, басына жасыл орамал тартып оралғанда, атам бізге әкелген сыйлықтарын таратып жатқан. Сариге өте көне, алақандай ғана кітап сыйлады, қалтаға салып жүруге ыңғайлап шығарылған «Қыз Жібек» екен. Сари алақанын шапалақтап, тұрған орнында секіріп-секіріп алды. Анама ақ шілтер орамал. Орамалдың матасына, онда салынған зерлі өрнекке қарап, қайдан келгенін бірден ұқтым. Маған мойынға орайтын шарф әкеліпті. Әжем тоқыған екен, әдемі қызғылт түсті, жеңіл әрі жылы. Сари екеуміздің қуанышымызда шек жоқ, жарысып ауылдың жайын сұрап жатырмыз.

— Мәди қалай?, — дедім ең алдымен.

— Мәди жүр, сабағында шығар.

— Ешқандай қызық оқиға болмады ма біз кеткеннен кейін?

— Жоқ, болған жоқ.

Атам неге екені біртүрлі селқос, сұлық көрінді. Маған қараған кезде жанарында әдетте ешқашан байқалмаған бағдар, пайым пайда болатын тәрізді. Біртүрлі тым мұқият қарай ма... Бұл сапарының сыры менімен байланысты екенін бірден ұғып, қобалжып қалдым. Тек Сари «Ата, көл, көл ше? Көл қалай?» деп сұрағанда ғана сәл күлімсіреп, жүзін жылы толқын шайып өтті де лезде ғайып болды. Тағы да сол баяғы салқын, ойлы кейіпке енді.

— Көл — орнында.

Менің бастапқыдағы өрекпіген көңілім су сепкендей басылды, тағы не болып қалды екен деген мазасыздық биледі. Қас қылғандай соңғы кезде сыр бермей жүрген сол қолымдағы тіліктің орны ашып, сүйегіме дейін жетіп сыздап барады.

Негізі біз ауылдан оралғаннан кейін қызық оқиғалар қаптап кетті. Алдымен менің тіршілігімдегі түсініксіз өзгерістер алдымен үрейге орап, бірте-бірте бойым үйргенген сайын қызықтырып, өзінің тұңғиығына тартып бара жатқандай... Сонымен бірге әлдебір бітімі, пошымы бөлек адамдармен кездесу, олардың бұл дүниелік емес екенін жон арқаммен сезініп, шошыну — барлығы бұрынғы тірлігімді енді қайтып баспас белесте қалдырып, басқа мағына жетегінде еркімнен тыс дедектетіп, белгісіз көкжиекке тартып бара жатқандай еді.

Бірде кешқұрым біздің үйден бір көше жоғары орналасқан кафеден жалғыз келе жатқанмын. Сыныптас құрбыларым Майра, Дианамен кездесіп, алдағы оқу жылын, жазда кімнің не істегені жөнінде әңгімелесіп, отырып қалыппыз. Олар демалыста түскен суреттерін көрсетіп, кіммен, қалай танысқандарын, қай теңіздің несімен пайдалы екенін, қай елдің қызмет көрсету деңгейі жоғары екенін сөз етеді. Әкемнің өкімімен ауылда демалуға мәжбүр болғанымды білетіндіктен, менен еш нәрсе сұрамайды. Тіпті көңіліме қарайлай, өз әңгімелерінің де тігісін жатқызып, қызық нәрселерді айналып өтуге тырысатындары сезіледі. Ал мен өз тарапымнан ешбір әңгіме айта алмайтымды ұғамын. Түсінбейді. Үркітіп алуым мүмкін. Содан кейін мектепте «Таңғажайып әлемге саяхат жасаған Алисаға» айналатын да жайым жоқ. Сондықтан сүлесоқ отырып, сүлесоқ қайтып келе жатқанмын. Алдымнан екі жасөспірім қыз шықты. Менімен қатар ма екен, тіпті екі-үш жас үлкен бе екен. Бірақ олардың алыстан-ақ үн-түнсіз маған тесіліп қадалғандары, әлдебір түс әлемінде келе жатқандай қалықтаған жүрістері, содан кейін менімен қатарласа бере сәл иіліп сәлем бергендері — барлығы оғаш, ақылға сыйымсыз жай еді. Мен де басымды болар болмас изеп өте шықтым. Өте таңғажайып нәрсе, бірақ бәрінен де менің олардың қайдан келгендерін, қараған себептерін білетінімді ұқтым. Үрейім ұшты, үйге қарай тұра жүгірдім. Олар, әрине, ана жақтан. Немене болып кеткен? Перілерге бері қарай емін-еркін өтуге болмайды деген сияқты еді ғой. Мына қыздар қайдан жүр? Ал тағы бірде жанұямызбен, төрт көзіміз түгел мейрамханада тамақтанып отырғанбыз. Бізге іргелес бір қарағанда өңі егде көрінетін әйел мен жастау келіншек жайғасыпты, оларды анасы мен қызы деп ойлап қалуға болады. Бірақ мен ә дегеннен-ақ олардың қызметтес құрбылар екеніне сенімді болдым. Басында әлсін-әлсін көз тоқтатқаным болмаса аса мән бермегенмін. Кенет бұл егде әйелдің күйеуі қайтыс болған деген ой санамды тіліп өтті. Екі жыл бұрын. Өзіме-өзім таң қалып әлгі әйелге енді көз алмай телмірдім. Кенет оның үш баласының бар екенін, әсіресе кішкентайы, 9-10 жасар қызының оны қатты жақсы көретінін, үйіріліп қасынан шықпайтынын аңғардым. Ол соншалықты егде де емес екен... Тек күйеуінің қазасынан кейін оңала алмапты. Кенет бұл әйелдің де көп ұзамай дәм-тұзының таусылатынын түйсіндім. Бұл елестер көзді ашып жұмғанша деуге болатын уақыт аралағында, зуылдап өте шықты. Кішкентай, Сари шамалас қызды аяп, жанарыма жас үйірілді. Ал мына әйелдің өзінің өлгісі келетін сияқты. Асқа тәбетім шаппады. Әлгі әйел жаққа қарауға да зауқым жоқ. Кенет егер шындап қызықсам, оның құрбысының өткені мен бүгініне, болашағына саяхат жасай алатынымды түйсіндім. Бірақ біреудің тағдыры мен өмірі үшін ондай жауапкершілікті мойныма ала алмайтыным және анық. Қақым жоқ. Кейде еркімнен тыс келетін осы тектес ақпараттар санама салмақ түсіре бастады. Өзімді кейде жүз жасаған, өмірден қажыған кемпір, кейде біреудің өмірін сүріп жүрген ықтиярсыз бейбақ сезінемін. Бұрынғы құрбыларыммен ортақ тіл табыспақ түгілі он минуттан артық сөйлесе алмай қалғаным және анық. Олар сондай бала... Бұрынғыдай сәнді киім де, оқу да, косметика өнімдері де қызықтырмайды. Жалғыз тілегім — ауылға оралғым келеді. Баяғы алаңсыздығым мен балалығым сонда қалып кеткен тәрізді. Тағы бір барсам, барлығы бұрынғы орнына келетін тәрізді. Сондай бір түйсік бар.

Атам келгенде, осы тілегім қазір орындалардай әлдебір албырт күйге түстім. Бірақ ол кісі үйге кірген сәттен бастап білегім қол тигізбей қақсай бастады, тіпті тыртықтың маңы қызарып, ісіне бастаған тәрізді. Соған алаңдаймын деп көп нәрсені ойымнан шығарып алған сыңайлымын.

Далбасалап, білегіме әкемнің беліне жағатын майларын жағып, қыздыруға әрекеттеніп көрдім. Қоймады. Атамды жағалап, үйден шықпадым, бірақ ол маған ерекше суық. Тіпті не істерімді білмей кеткенім сонша атамның арт жағына телміріп, ойын оқуға тырыстым. Сүт пісіріп жүрген әжемнің бейнесі шықты көлбеңдеп. Әлдебір қап-қара тұңғиық, оның ар жағында қараңдаған көлеңкелер. Тым ауыр суреттер. Жанарымды тайдырып әкеттім.

Бірақ сол күні жататын уақыт тақалғанда атамның өзі мені:

— Зереш, бері келші, — деп шақырды.

Ол кісіге Қонақ бөлмеге төсек салынған болатын. Мен кереуеттің қасындағы орындыққа отырдым. Атам кезінде ертедегі батырлардай алып болған кісі. Оны әкем де, әжем де жыр етіп айтады. Қазірдің өзі сақалы төгілген омырауы даладай, саусақтары ұзын, салалы, өн бойынан қаладағы мына төрт қабырға-пәтерге сыймай тұрған жабайы қуаттың иісі аңқиды. Мен атамның ауылда да үйде отырмай, үнемі сыртта жүретін мінезін енді түсінгендей болдым. Маған қабағын түйіп, өте салмақты кейіппен қарап қалыпты. Алда ауыр әңгіме күтіп тұрғанын сезіп, орындыққа жабыса жайғастым.

— Зере, — деді ол, — сен ана жақтан оралғаннан кейін Ханшайыммен серттескеніңді неге айтпай кеткенсің? Расымен де, қанмен, отпен берілген антты ойыншық көрдің бе?

Мен көзімді төмен салып отырып қалдым. Сол жақ білегім, Ханшайым қанжармен тілген жерде қалып қойған тыртық біртоға сыздап, ауырлап бара жатқандай.

— Зере, бәлкім, сол кезде серт беруге жағдай мәжбүрлеген шығар. Мен барлығын түсініп отырмын. Бірақ болған жайттың барлығын жасырмай айтуға тиіс едің. Арғы жақ пен бергі жаққа қатысты барлық әңгіме — шырақшыларға ортақ. Әрбір шырақшы кез келген майда-шүйде жайлы хабарланып отыруға тиіс. Егер сен арғы жақтан қалтаңа қоңыз салып әкелсең, ол туралы қалған шырақшылар білуге тиіс. Ал сенің мынау істегенің... Айтарға сөзім жоқ.

— Ата, менің қолым ауырып бара жатыр. Сіз келгелі тіпті құтырып кетті.

Жылап жібердім. Атам тосылып қалды да:

— Қане көрсетші, қай жер ол?, — деді.

Сол білегімді ашып, тыртықты көрсеттім.

— Мына жерден қан шыққан ғой.

— Иә. Бірде сыздап, бірде ашып жаман ауырады, ата. Не істесем болады?

— Әй, балам-ай, — деді атам шарасыз үнмен, — балалық жасағансың ғой.

Басын шайқап, үнсіз отырып қалды. Білегімді қысқан қолы ыстық, атам ұстаған кезде ауырғаны басылып, денеме нұр құйылғандай маужырап барамын.

— Ата, сіз ұстағаннан кейін ауырғаны басыла бастады.

Атам білегімді қос алақанымен дәкемен орағандай орап, басып алды.

— Енді не істейміз, ата?

— Ақылдасу керек. Ауылға барып, қалған шырақшылармен ақылдасу керек. Содан кейін бір хабарын берермін. Олардың Шырақшыға тиіспеулері керек еді? Мұнда бір гәп бар.

— Мен шырақшы емеспін ғой.

— Болмасаң, боласың. Біз өлгеннен кейін өткелге сендер ие болып қалмағанда, кім қалады?

— Ал оқуым ше?

— Дәл қазір барлығымыз қырылып қалайық деп отырған жоқпыз. Оқуыңды ойлап уайымдама. Барлығына үлгересің.

Атам бір нүктеге қадалып қалды. Өзімнің ауылға барып тұрып, көлге шырақшы болатынымды елестеттім. Ақылға сыйымсыз. Мына кісі шын айтып отыр ма екен? Түріне қарасаң, қалжыңдап отырған адамға ұқсамайды. Ал ол Кемпір маған не істей алады? Арғы жаққа мүлде өтпей қойсам ше? Олар бергі жаққа мені іздеп келе қоймас. Қара молда олардың бері өткендерін білсе, қарап қалмас. Өзімнің үстірт ойлап отырғанымды, әрине, білемін. Тек жағдайдың соншалықты ауыр екенін мойындағым келер емес.

— Айтпақшы, ата, мен осында, Алматыда ана жақтан келген екі қызды көрдім?

— Не қылған қыздар?

— Перінің қыздары, жастары мен шамалас, сәлем беріп көшеде қасымнан өте шықты.

— Иә..., — деді атам ауыр күрсініп, — барлығы өзгеріп, бақылаудан шығып барады. Жақсылықтың нышаны емес бұл. Сендердің Еркебайларың да шошаңдап біресе ары, біресе бері рұқсатсыз өтеді. Қара молда ғой желіктіріп отырған. Ал әлгі қыздар сенің болашақ Ханшайым екеніңді естіп, көргелі жүрген шығар. Жетпегені осы еді. Ойыншыққа айналдық. Зере, сендер білуге тиіссіңдер, ана жақта, перілер елінде бір зұлмат болып жатыр. Олардың әлемі күйреудің алдында тұр.

Соңғы сөздерін соншалықты мағына беріп, дауысын бәсеңдетіп, құпия түрмен айтқаны соншалық, еріксіз күлкім келді.

— - Қандай зұлмат?

— Табиғатын білмеймін, бірақ бір қасіреттің орнағаны анық. Барлығы бір-бірімен байланысты. Анықтап, өзім хабарын беремін.

Бірақ мені олардың қасіретінен гөрі өз қасіретім көбірек қызықтырады. Еш нәрсенің байыбына бара алар емеспін.

— Ал мен не істеймін? Ханзадаға тиемін бе?

— Енді тағдыр солай болса, барарсың. Екі патшалықтың тыныштығы үшін, бейбіт тіршілігі үшін осылай қыз алысып, берісу көне заманнан келе жатқан салт. Ары кетсе, Ханзадаға жар боларсың.

— Ал мында ше? Әкем мен шешем ше?

— Балам, барлығы өз-өзінен реттеледі. Айтпақшы, саған хабаршы келді ме?

— Жоқ. Ешкім келген жоқ.

— Ал, сен өзің қалай ойлайсың? Ханзадаға тұрмысқа шығуға дайынсың ба?

— Ата, мен екі айдан кейін он беске толамын. Қалайша тұрмысқа шығамын, өзіңіз ойлаңызшы. Мен серт берген кезде, Кемпір... Ханшайым егер ұлыма күйеуге тиемін деп уәде етсең ғана Мәди мен Еркебайдың қай жерде екенін айтамын деді, содан кейін мен келістім. Бірақ оның баласы делқұлы емес пе? Оған үйленуге болмайтын шығар...

— Зереш, Ханзада делқұлы емес. Бұл сөзіңді ешкім естімесін. Олар біздің әлемде өздерін қорғау үшін, көзге түсіп, көпшіліктен ерекшеленбес үшін сол кейіпті таңдап алған. Маған қалай болғанын бастан-аяқ қайта айтшы, балам.

Мен атамның арғы жағындағы қабырғаға қадалып, сол күнгі бастан кешкен хикаямды қайтадан әңгімелеп шықтым. Ол үнсіз, сақалын салалап отырып, тыңдады. Содан кейін «жақсы» дегендей басын изеп:

— Жарайды, балам, бір жөні болар. Бірақ, бұл аяқсыз қалдыратын іс емес. Шешу керек. Көрерміз. Өз басым бұндай бәлені бірінші рет көріп отырмын. Ханшайымды сиқыршы деуші еді, сол рас болып шықпасын. Сүйіндік шал білетін шығар. Жарайды.

Мен Сүйіндік қария білетін нәрсені өзінің білмейтінін мойындап отырған атама шарасыз түрмен қарадым.

Ол кенет серпіліп:

— Жақсы, ботам, ұйқың жайлы болсын, бара ғой, — деді.

Мен бөлмеме келгеннен кейін Ханзаданы ойладым. Ол егер сол баяғы Дәу болмаса, арғы жаққа өткеннен кейін өзгерген болса, кескін-келбеті қандай болды екен? Мен оны соттағы жігіттер секілді аппақ зерлі шапан киген аса көркем бозбала кейпінде елестеттім. Кенет көз алдыма мен күйеуге шығамын деген кезде майлы қолымен бетін басып, ыржалақтап күлген аса семіз, үрейлі Дәу келді. Қорыққанымнан көзімді тарс жұмып алдым. Қалай ұйықтап кеткенімді білмеймін. Түсіме арғы жақтағы сарай кірді. Аппақ мәрмәр бөлмеде аппақ көйлек киген еңселі, асқан сұлу кексе әйел маған жымиып қарап тұр. Ал мен үстел басында әлдебір қағаздарға қол қойып жатырмын. Шымылдықтың арғы бетінде Ханзада тұр. Оның ұзын сұлбасын ғана ажыратамын, бірақ қарауға дәтім шыдамайды, тіпті түсімде көзімді тарс жұмып алыппын...

Таңертең оянғанымда, атам ауылға кетіп қалыпты. Үй өзінің мамыражай, үйреншікті қалпында. Атам тек маған ғана арнап, әлдебір мазасыздық тастап кеткендей.

Уақыт сағызша созылып әрең өте бастаған секілді көрінеді. Бұдан арғы тағдырым қалай болады? Жалпы маған оқудың керегі бар ма, жоқ па? Ал әншілік ше? Мәди...

Мәдиді мүлде ойламауға тырысамын. Себебі, оны қалай есіме аламын, солай сол қолым жан шыдатпай сыздайды. Жан төзгісіз аурудан көзімнен жас парлап, сол жағым түгел ұйып, есімнен қазір танып қалатындай күй кешемін. Бұл дерттің тікелей Мәдиге қатысы бар екенін білгеннен кейін, жағдайым оңалды. Бастысы — Мәдиді жоқ деп есептеу керек. Мүлде ойламау. Жан керек болса, барлығына көнеді екенсің. Бірте-бірте ондай адамның мына фәни жалғанда бар екеніне күмәнданатын халге жеттім.

Бірақ атам келіп кеткеннен кейін тура екі күннен соң бейуақытта есіктің қоңырауы тыз ете қалды. Мен өзімнің бөлмемнен басымды қылтитып шығардым да, әкеммен үлкен адамша қол алысып амандасып жатқан Мәдиді көріп, есімнен адасып кете жаздадым. Не қуанарымды, не жыларымды білмеймін. Мәдидің біздің кіре берістегі кейпі шындыққа үйлеспейтіні соншалықты әне-міне өз-өзінен ауаға сіңіп, көзден ғайып болатын тәрізді. Бірақ ол қонақ бөлмеге өтіп, сәкіге отырды. Біз анам, Сари үшеуіміз жүгіріп жүріп, үстел жасап, шай бердік. Ас үйде тоғысқан кезде бір-бірімізге таң қалып көз тастап үлгереміз әйтеуір. Мәди еш нәрсе сезер емес, жүзі шаршаңқы, жол соғып тастаған тәрізді. Көп ұзамай:

— Зере, сенімен оңаша сөйлесейін деп едім, — деп, тоқ етерін айтты.

Әкеме қарап едім, ол «жақсы» дегендей бас изеді. Анам да жылдамдатып:

— Жақсы, жақсы, Зеренің бөлмесіне барып отыра қойыңдар, — деді.

Шығып бара жатып, Сари мен анамның бір-біріне жымыңдап қарап қалғандарын байқадым.

— Не жаңалық?, — дедім мен. Неге екені жүрегім атойлап кеудеме сыймай дүрсілдеп кетті.

— Сендер кеткелі ауылда жаңалық көп, — деді Мәди.

— Иә?

— Еркебай екі рет келіп кетті.

— Қайда?

— Маған, үйге.

— Ол қазір ауылда жүр ме?

— Екі жақта да. Құдайдың бір еркетотайы болды.

— Атам ана жолы келгенде оған ренжіп, рұқсатсыз өткелден әры-бері өте беруге болмайды деген еді. Соның кесірінен ана жақта табиғи апаттар орын алып жатыр дей ме.

— Иә, бірақ оған Еркебайдың еш қатысы жоқ.

— Перінің қыздары тіпті осында, Алматыға келіп, қала аралап жүр.

Мәдидің көзі шарасынан шығып кете жаздады.

— Қой.

— Рас, өзім көрдім.

Ол аз-маз үнсіз қалды да:

— Зере, далаға шығып жүріп қайта аласың ба? Мені Атаң жіберді, әңгіме бар, — деді.

— Сертке байланысты ма?

Ол басын изеді. Кенет Мәдидің де көзқарасы тура атамдікіндей тым салмақты екенін байқадым, біртүрлі зерттей қарайтын тәрізді. Басымда «Осы мен бір нәрсені тым қатты бүлдірдім бе екен, әлде» деген ой жылт ете қалды. Осы сұғанақ ойдың дәлдігін растағандай, бойымды үрей биледі.

— Жақсы қазір. Киініп шығайын.

Мен үстіме жеңі шолақ ақ күртешемді, көк мокасинам мен көгілдір жеңіл свитерімді, джинсы шалбарымды кидім. Аз-маз иіссу шаштым. Ернімді боядым. Шашымды төбеме түйіп қойдым. Сыртқы кейпім былай қарасаң, жаяу серуендеуге арналған секілді, бірақ сонымен бірге жинақы, аса жоғары талғам сезіледі. Мен айнаға қарап, өз-өзіме көңілім толып, тоқмейілси жымидым. Бірақ келесі сәтте үйден тезірек шығып кетуге асықтым. Себебі бір ғана сәтте біреу сол қолымның сүйегін күл-парша етіп талқандап жатқандай, жан төзгісіз аурудан көзім қарауытып, жүрегім айныды. Кенет тезірек ауылға барып, арғы жаққа өту керек екенін, сөйтіп мына дерттен құтылатын амал іздеу керектігін ұқтым. Бәлкім, Мәдимен ақылдасу керек шығар...

Аспан сұп-сұр болып сұстанып тұр. Күздің сылбыр басталып, тым ұзаққа созылатын жауыны болушы еді. Сол жақындап қалған тәрізді. Үйлер де, ағаштар да әлденеге ашулы тәрізді, қабақтары қарс түюлі. Далада ұзаққа созылып бара жатқан үнсіздікті бұзбақ болып:

— Қайда барамыз?, — дедім.

— Анам екеуміз тұрған үйді барып көрейікші...

Мәди менің сырт жағымдағы әлдеқайда көз тігіп сөйледі.

— Алматыдан екі жыл бұрын кеткелі келіп тұрғаным осы. Үйді, ауланы сағындым. Сыртынан болса да көргім келеді.

— Әрине, қалай қарай жүреміз?

— Жаяу баруға болады.

Мәди жол бастады.

— Қалай жеттің?

— Телепартация.

Мен күліп жібердім.

— Рас айтамын.

— А-а-а, бәсе.

— Рас айтамын, Зере.

Мәди де күліп, менің сенбегеніме қысылғандай, қойнынан қара елтірімен қапталған кітапты шығарды. Мен оны көргенде жүрегім аузыма тығылды.

— Ана жолы... Есіңде ме, арғы жақтан бері өттік қой, сол кезде Қара молданың дұға кітабын алып кеткен едім.

— Қалайша?

— Сен күй тартқанға дейін мен кітап оқыдым емес пе?

Мырс етіп күліп жібердім. Ол кезде күлкілі болмаса да, қазір Мәдидің айтуы бойынша, көз алдыма біртүрлі жеңілтек сурет пайда болды.

— Иә.

— Сол кезде кітап менің қолымда кеткен еді. Мен оны ары-бері оқып, түгел жаттап алдым. Осы кітап маған көп сиқыршылық өнерді меңгеруге септесті.

— Қандай сиқыршылық?

— Мысалы, менің Алматыға қанша уақытта келгенімді білесің бе?

— Жоқ.

— Алты секундта жеттім.

— Қойшы.

— Рас айтамын. Атаңнан мекенжайларыңды сұрап алдым да, осы екі көшенің қиылысын елестеттім, содан кейін алты секундтан соң тура сол көз алдыма келген көшелерде пайда болдым. Сенбейсің бе?

— Білмеймін.

Көзім бақырайып кеткен болу керек, ол төмен қарады.

— Көп жағдайда Еркебай көмектесті. Ол ауылда, көлдің жағасында анасымен тұрып жатыр ғой. Қорқып кеттің бе?

— Жоқ. Алдымен сенесің бе деп сұрасаңшы.

— Қаласаң, көрсете аламын.

— Жарайды, кешір. Әрине, сенемін. Еркебай кітапты кері сұраған жоқ па?

— Бір қызығы солардан кітапты қайтаруға құлшыныс байқамадым. Бәрібір секілді. Еркебай да әзіл-шыны белгісіз, әкем сендерге сәлем айтып жатыр, бір келгенде кіріп шықсын деп өтініп жатыр дейді. Оның айтуы бойынша, Ханшайым мен Ханзаданы мына біздің елде қамап отырудың үлкен себебі болыпты, қазір ол жақтағы жағдай тіпті ауырлап кеткенге ұқсайды.

— Қалайша?

— Анығын білмеймін. Шет жағасын көрдік қой, ол жақта мүлде еркіндік жоқ қой. Әсіресе ой еркіндігіне тыйым салынған. Ал қазір халықтың көпшілігі мүлде мәңгіріп кеткенге ұқсайды. Өздеріне өздері қол салып жатыр дей ме... Жаңағы сен айтып отырған апат осы, шамасы. Енді бір бөлігі наразы болса да, Қайта өңдеуге түсіп, санасындағы жарықты сөндіріп алудан қорқады. Сондықтан үнсіз. Бірақ олардың да шыдамы үзілер күн таяу тәрізді.

— Масқара...

— Қара молда осы жағдайға қарсы тұратын, бас көтеріп жүрген жалғыз адам сыңайлы. Еркебайдың айтуы бойынша, әрине.

— Онда неге бері оралыпты?

— Енді анасы осында. Содан кейін біз достармыз ғой.

— Ал оның бізге қарсы шыққаны ше?

— Әкесіне жақтасты ғой. Сол үшін ренжуге бола ма?

— Иә, қызық екен.

— Оның үстіне мен кітаптағы дұғаларды судыратып жаттап алғаным болмаса, қайсысын қай жерде қолдануды білмеймін ғой. Ол кішкентай баланың қолындағы алмас қылыш секілді өзіме де, айналаға да қауіпті. Сол жағынан Еркебай көп көмек көрсетті. Мына қашықтықты игеруге де Еркебайдың арқасында қол жеткіздім.

— Қызық.

— Атаң Сари екеуіңе де осы әдісті үйретуімді өтінді. Содан кейін бізге ана жаққа оралуға тура келіп тұр.

— Қашан?

— Менімен жүретін шығарсыңдар.

— Қашан?

— Бүгін. Шұғыл жағдай болып тұр.

— Мен берген Сертке байланысты ма?

— Иә. Атаң келгеннен кейін Шырақшылар бірігіп, ана жақтың Ханымен хабарласқан, жасалған серттің бұзылып, саған еркіндік берілуін сұраған. Бірақ, олар қатты ашуланды. Ә дегенде мүмкін емес деген жауап алдық. Бірақ артынша Ханшайымның бір өтініші бар, балалар соны орындаса, Зере серттен босайды деген хабар келді. Ханшайым — қарапайым пері емес, перілер арасындағы сиқыршы, қатігездігімен аты шыққан жан. Қара молданың оны тұтқында ұстауының бір себебі осында жатыр. Перілер еліндегі жағдайдың осынша ауырлап кеткеніне Ханшайым тікелей қатысты. Ол Ханның қолымен өзінің ой-арманын жүзеге асырып отыр. Сондықтан бізге беретін тапсырмасы да оңай болмайтын шығар. Бірақ басқа жол жоқ.

Көзім жасаурап еш нәрсе дей алмадым.

Жайлап басып Мәдидің бұрын тұрған үйіне жеттік. Ол маған екінші қабаттағы терезені көрсетті. Кенет мен оның сол бұрынғы күндерді қаншалықты аңсайтынын түйсіндім. Екеуміз бес қабатты кішігірім сұрғылт үйдің екінші қабатына қарап ұзақ тұрдық. Екінші қабаттағы терезе де бізге қол бұлғап, мұңды сәлемін жолдап жатқандай. Содан кейін Үлкен Алматы өзенінің Университет жағына өтіп, әл-Фараби көшесіне қарай аяңдадық. Бұл жерге күз түспеген тәрізді. Жасанды жолмен өсірілген көк шалғын шөп жап-жасыл, сарқырап жатқан өзен мынау, арғы жақта көкпен таласып, манаураған Алатау тұр шалқайып. Біз екеуміз әлдебір қоңыр әуеннің жетегінде қол ұстасып алдық.

— Ана жолғыдан кейін анаңды жолықтырдың ба?

— Жоқ.

— Еркебай кездестірмеп пе?

— Жоқ, олар әкесі екеуі ресми қаланың маңынан да жүре алмайды ғой. Маған неге екені анамды бұлай қалдыруға болмайтын секілді.

— Енді басқа қандай амал бар?

— Амал жоқ.

Ол аяғының астына қарап тұрып қалды.

— Зере, Кемпірге неге серт бердің?

— Білмеймін.

— Неге, айтшы?

— Сендердің қайда екендеріңді сонда ғана айтамын деді ғой.

— Барлығына мен кінәлімін.

— Неге олай дейсің?

— Сол күні сендер кемпірді көріп, ауылға қашқан кезде...

Мен күліп жібердім. Мәди де жымиды.

— Мен кері қарай Кемпірдің үйіне жүгірдім. Себебі, Еркебайды онда тастауға болмайтын еді. Кірсем, Еркебай шкафты ашып, тесіліп қарап тұр екен. Оны «Кемпір келе жатыр, жүр» деп кейін тартсам, ол «мен түсімде бұл жерде болған сияқтымын, мына шкафтың арғы жағында басқа әлем бар» дейді. Мен оны бері тартамын, ол әрі ұмтылады, осылайша ойламаған жерден арғы жаққа өтіп кеттік. Бірақ сол жерде мен болмасам өзінің өтуге дәті жетпес еді. Барлығына мен кінәлімін.

— Жарайды, болары болды ғой. Қазбалап несін айта береміз. Оның үстіне ата-әжелер бізді шырақшы болады деп ен тағып қойған болса, ерте ме, кеш пе бір өтеріміз анық еді.

— Бірақ сен серт бермес едің ғой...

— Кім біледі. Атам айтады, бұл оқиғаны кездейсоқ болды деп айтуға болмайды. Бұл серт те, басқасы да, алып бір жоспардың бөлшегі секілді көрінеді деп.

Мәди маған тесіліп қарап қалды.

— Қандай жоспар?

— Білмеймін ғой.

— Сен берген сертпен ойнауға болмайды. Қысқасы, сөздің тоқ етері, — деген ол қолымен самайын қысты, — мен ұмытып бара жатыр екенмін ғой. Мен мұнда неге келгенімді ұмытып бара жатыр екенмін.

— Мәди, саған не болды?

— Жүр, үйге қайтайық, Сариды ертіп, ауылға оралуымыз керек.

— Басқа жол жоқ па? Қалай ойлайсың, сөзімде тұрмасам, бұның салдары қандай болуы мүмкін? Мысалы, шетелге кетіп қалсам, ауылға мүлде бармай қойсам, құтыламын ба одан?

Мәди басын күйзеле шайқады.

— Мүмкін емес.

— Неге? Біз ХХІ ғасырда өмір сүреміз ғой.

— Зере, біріншіден, егер сен саналы түрде ант берсең, оны орындауға міндеттісің. Бұл — парыз. Кемпірден қашып құтылсаң да (бірақ одан қашып құтылуға болатынына мен сенбеймін), өзіңнен қалай безесің? Қалайша берген сертіңді аяққа басып, әрі қарай өмір сүресің?

— Бұл жайында ойламаппын...

— Көрдің бе...

— Ал, кемпір... Сонда... сонда... мен Дәуге күйеуге шығамын ба?

— Ол қазір Дәу емес, Ханзада... Зере, мен сенің оған күйеуге шыққаныңды қаламаймын.

— Мен де қаламаймын.

— Сенің әке-шешең, ата-әжең де қаламайды. Ешкім қаламайды. Бірақ, басқа амал бар ма?

— Енді Ханшайым бір мүмкіндік беріп отыр ғой.

— Иә, көрерміз.

— Мен оған сенбеймін. Оның қандай зұлым жоспары бар екенін кім білген. Сен тапсырма жайын білесің бе?

— Білмеймін. Тіпті атама да айтпаған. Ханшайым бір шартым бар, балалар соны орындаса, серттен босатамын деп. Ол қандай шарт десе, өздеріне ғана айтамын депті.

— Қандай шарт болуы мүмкін?

— Білмеймін, бірақ перілер адамдарға ондай шарт қоятын болса, ешқашан, ықылым заманнан бері ақыры жақсы болған емес. Сондықтан перілермен ешқандай шартқа отырмау керек деген қағидалардың қағидасы бар.

— Барлығын мен бүлдірген болып тұрмын ғой...

— Сенен бұрын менің атам бүлдірді... Зере, түсінесің бе, бұның барлығы дұрыс емес. Болмайды бұлай. Жеме жемге келгенде Еркебай екеумізді бері қарай бәрібір өткізіп жіберетін еді. Менің атам-ақ алып қайтатын еді бізді. Содан кейін менің атам да анамның жанын бекер сақтап отыр ма деймін. Бұл — дұрыс емес.

— Олай демесеңші.

— Солай. Алланың әміріне қарсы келуге болмайды. Бұл жақсы емес. Бәлкім, сенің осындай жағдайға түскенің менің атамның қателігінің салдары болар. Мына шарт та... Бұлай болуға тиіс емес.

— Енді не істейміз?

— Білмеймін. Зере, жүр қайтайық.

— Әкеме не деймін?

— Олар біледі, атаң хабарласқан болу керек. Тезірек ауылға жетейік.

— Алты секундта деймісің?

— Алты секундта.

Ол жымиды.

— Жақсы.

Екеуміз қайтадан қол ұстасып, енді Тимирязев көшесіне қарай, төмен жаққа аяңдадық. Күздің аса жылы, жайлы кеші болатын. Сары жапырақтардың ылғал, қышқыл иісі мұрын жарады. Мен бұл кешті ешқашан ұмытпаспын деп шештім.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама