- 05 сәу. 2020 00:00
- 209
Герберттің қанды шеңгелі
Ол кезде мен 16 жаста едім, әкем Күзембай бір күні мені шақырып алып:
— Ауылда жалшылықта жүріп, өмірімнің көбін ауыр бейнетпен өткіздім. Ауылдың ауыр өміріне төзе алмаған кедейлер Қарағандыға кетіп жатыр. Сол жерге бізде барып, күн көрсек деген ой бар, бұған сен қалай қарайсың? — деді.
Мен әкемнің бұл пікіріне қарсы болғаным жоқ. Сонымен 1907 жылы Қарағандыға келдік те, әкем екеуміз бірдей ағылшын шахтасына түстік.
Бізді ағылшын шахтасының қанды азабы, ауыр бейнеті қарсы алды. Әуелі шанашы, онан кейін забойшы болдым. Күн сайын 16-17 сағатқа дейін жұмыс істейтін болдық, әбден әлсіредік, езілдік. Соншама ауыр еңбекте жүріп, күн сайын табатын жалақымыз тіпті болымсыз еді. Басқа тұтынуды айтпағанда, тамағымызға да жетпеді, Бірақ амал не, шықпаған жан, шыдап жүре бердік.
Мен тұңғыш рет Джим Герберт дейтін ағылшынның «Джимми» деген шахтасында жұмыс істеп, түйе кетпен, ит шананың қасіретін осында тарттым.
Джим Герберт шахтаға аптасына бір рет түсіп жүрді. Мен осы қожайынмен бір рет кездескенімді әлі күнге ұмытпаймын. 17 сағат бойы жұмыс істеп жүріп, бұл жолы шанаға көмірді олқы салып алып келе жатсам керек. Өйткені әлім құрып, титығым бітіп қалыпты. Осыны көріп қалған ағылшын мені таяқтың астына ала бастады. Ауызына келгенін айтып, ақырып, зекіріп жатыр.
— Міне, бұл айуандардың істейтіні осы. Мен Англиядан Россияға келгенде құрыйын деп келгенім жоқ, — деп күж ете қалды Герберт. Сөйтіп, ол мені үш тәулі бойына шахтаның астынан шығармай, күні-түні көмір тиелген шананы сүйреткізді де қойды.
... «Джим», «Карно» шахталарында адамның өлімі көбейе берді. Біреу аштан өлсе, біреу жер астында құлаған лаваның астында қалып өледі. Мәселен, забойшы Қойшығұлов менің көз алдымда жер астында ауыр өмірге төзбей, өліп кетті. Герберт оның үй іші адамдарын жер барақтан шығарып тастады. Бұдан кейін көп кешікпей Қойшығұловтың әйелі Әсия және үш баласы аштан өлді.
Герберт забойшы Мәдиев деген шахтерді жер астында ұрып өлтірді. Оның да әйелін 4 баласымен бірге жер барақтан шығарып тастап, қаңғыртып жіберді.
Ағылшын капиталистері Қарағандыны пайдаланып тұрғанда кеншілердің тұрмысы адам айтып болмайтын ауыр еді. Жер барақта, қапаста тұратын едік. Ол кезде емхана, мектеп, мәдени-ағарту мекемелері дегенді, демалысты білмейтін едік. Шахтада өлуден басқа ешқандай правомыз болмайтын...