Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Жұбан молда жайындағы әңгіме

Руы төре, Бақтыгерей Құлманов Жаңақала округінде әкім (правитель) болып тұрған кезде Бақтыгерей әкімнің банкісінен көп ақша жоғалады. Правитель көмекшілерін жіберіп, Жұбан молданы пар атпен алдырады. Молдаға болған жайды айтып, кім алғанын болжап беруді өтінеді. Сонда Жұбан:

— Мен саған болған жайды өз аузыммен айта алмаймын. Жауабын басқа кісіден естисіз. Ол үшін маған сегіз жасар бала бер, сол бала сізге бәрін баяндайды? — дейді, — бірақ, баланы өзім таңдап аламын, — дейді.

Бақтыгерей мен Жұбан молда медресеге келіп, бірі қақпаның оң жағында, екіншісі сол жағында тұрады да, балаларды бір-бірлеп, қақпадан өткізе бастайды. Бір мезгілде сегіз жасар Ғимыран деген татар баласы қақпадан өте бергенде шап беріп, білегінен молда ұстай алады. Әрі қарай не болғанын Ғимыран өз аузымен былай деп баяндаған еді:

— Балаларды қақпадан бір-бірлеп өткізіп жатыр. Қақпаның оң жағында тұрған кісіге көзім түсіп кетті, еңгезердей қарасұр, түрі суық, қорқынышты екен. Мен қақпадан өте бергенде, сол кісі қолымнан шап беріп, ұстай алды. Менің есім шығып, қорыққаным сонша, жылап жібердім. Ол мені былай алып шығып, мандайымнан сипап:

— Айналайын, жылама. Маған бір жұмысқа керек боп тұрсың, жұмыс біткен соң медресеге қайта келесің, — деп жұбатты.

Ғимыран — күні кешеге дейін, алпысыншы жылдарға дейін өмір сүрген. Жұбан молда Бақтыгерейдің үйіне келіп:

— Маған оңаша екі бөлме әзірле, мені мен мына баладан басқа ешкім болмасын, — деп бұйырады.

Әзірленген бөлменің біріне мені отырғызып қойды да, менің алдыма айна әкеліп, қасына бір шелек су қойды.

— Балам, мен ана бөлмеде боламын, менің даусым түрлі-түрлі болып шығар, ол менің даусым, сені мен менен басқа бұл жерде ешкім жоқ. Қорықпа, кішкенеден соң мен келем, мен келгенше мына айнадан, судан көз айырмай қара. Не көрінер екен, кісі көрінсе, ол кісінің түр-түсін әбден байқап ал. Ол кісі қайда барады, не істейді жадыңа сақта, оның істегенін маған бұлжытпай айтып берсең болды, айналайын, сосын үйіңе барасың, — деп түсіндірді.

Молданың түрі суық болғанымен, көздері сүйкімді, жылы көрінді. Мен де көңілімді тоқтатып, айтқанын істеуге тырыстым. Молда ана жаққа кеткен соң, ол жақтан жағымсыз біртүрлі дауыстар естіліп тұрды. Қорыкқанмен бола ма айнаға бір, шелектегі суға бір қарап отырсам, айнадан бір адам көрінгенде не істерімді білмей састым. Қашатын жер жоқ, осылай үрейленіп отырғанда молда да келіп жетті.

— Балам, не көрдің? — деп сұрады. Көргенімді айттым.

— Балам, мен арғы бөлмеде боламын, айна мен шелектегі судан не көрінеді, кім көрінеді, ол көрінген кісі не істейді, мұқият қарап, есіңе сақта, маған айтып бересің де, үйіңе барасың? — дейді.

Бала бөлмеде отырып, қайтадан айнаға бір, шелектегі суға бір қарап отырса, айнадан бір еңгезердей бір қара кісі елеңдеп шыға келді. Менде ес қалмады, отырмын, қайтем. Жанағы айнадан шыға келген қара кісі қара бөркін қисайта киген, бұйра шашы бір шекедеен шығып тұр. Ол кісі тұра банкіге қарай, алдына бір, артына бір қарап жүгіре жөнелді. Банкіге барып, жанынан кілт алып, есікті ашып, ішке кірді. Бір мезгілде
сандық тұрған бөлмеге барып, сандықты ашты. Сандықтағы ақшаны қапқа сала бастады. Қапшықтың орта белінен асқандай болғанда, аузын байлап, арқалап қайта шықты. Есіктен шыға берістегі баспалдақтың бір тақтайын қолымен тарс еткізіп жұлып алғанда, менің одан сайын зәре-құтым қалмады. Баспалдақтың астына қапшықты тықты да, қайта шегелеп, алақтаумен жайына жүре берді. Осы айнадағы көрініс судан да айнымай, анық көрініп тұрды. Екеуінде де манағы көрген еңгезердей қара кісі қара бөркін шекесіне қисайта киген, бұйра шашы бір шекесінен шығып тұр. Осындай көріністі көріп, есім шығып отырғанда молда да келіп, мән-жайды сұрай бастады. Мен көргенімді түгел айттым.

— Сол қара кісіні танисың ба? — деп сұрады.

— Танимын, — дедім.

— Кім ол?

— Бақтыгерей аканың ат айдаушысы, — дедім.

— Мен қазір кетемін, сен көргеніңді түгел Бақтыгерейге айт, — дейді. Молда бала Ғимыранға батихасын беріп, маңдайынан сипап, қоштасып кете барады. Бала Бақтыгерейге айнадан, шелектегі судан көрген көріністерін түгел баяндайды. Бақтыгерей әкім ат айдаушысын шақырып алып, Жұбанның ақшаны және алған кісіні тауып бергенін айтып:

— Бар, өз қолыңмен тығып, шегелеген жеріңнен, қапшықтағы ақшаны алып кел, — деп бұйырады. Бұлтарар жер қалмаған ат айдаушы егіліп жылап, Бақтыгерейдің аяғына жығылып, кешірім сұрайды, өтінеді.

— Мені шайтан азғырды, жатсам, тұрсам жүр-жүрлеп бастады ғой, — деп жылаған екен. Бақтыгерей әкім ат айдаушысының бұл қылығына кешірім жасап, жұмысында қалдырған екен.

— Кешірдім, көңіліңе алма, он жыл көңілімдегідей адал еңбек еттің, сол үшін кешірдім, — деген екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама