Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ыбырай Алтынсарыұлы

Ыбырай Алтынсарыұлы Қостанай маңында 1841 жылы туып, 1889 жылы өлген.

Ыбырай бір жағынан ақын болса, екінші жағынан Халық ағарту майданында қызмет қылған адам. Ең бірінші рет қазақтың ана тілінде оқу құралын жазған және сол, ана тілінде қазақ баласын оқытқан ең алғашқы тұңғыш оқытушысы болған. Және ол қазақ әдебиетін Еуропа жолына, өнер жолына бұрып, бастаған ең тұңғыш жаңашыл күресшіл ақын.

Ыбырайдың шығармаларының мәні, санасы — негізінде билер (феодалдар) табыныкі, сол замаңдағы орыс елінің, өнерге, өнеркәсіптеріне аяқ басу арқасындағы орыс оқығандарынан шыққан, жаңашылдардың әсерімен және қазақ даласына сауда капиталының, отаршылдықтың мықтап шеңгел салуының, әсерімен Ыбырай жастарды оқуға, өнерге шақырды. Енді одан басқа жолдың жоқ екенін білді.

Онсоң Ыбырай, араб әліппесінің қазақ елінің білім майданында тез ілгерілеуіне үлкен бөгет болатынын Ыбырай сол заманда-ақ білген. Араб қарпына қарсы болған. Сондықтан қазақтың ана тілінде жазған өзінің оқу құралын орыс қарпымен жазған. Бұл ретте Ыбырайды орыс миссионерлері пайдаланбақ болып, Ыбыраймен жақындасқан. Ыбырай олардан қашпай оларды өзі пайдаланып жүрген. Сондықтан, Қазақ ескішілдері оны шоқынды деп шығарған талай өсектер таратқан.

Осы күнде кейбіреулер Ыбырайдың істерімен таныс болмағандықтан, сол бұрынғы ескішілдер таратқан өсектерінің қалдық сарынымен «Ыбырай өз заманында қазақ көпшілігіне қадірсіз болған еді» деген сияқты теріс сөздерді малданатын сияқты. Расында, оқуға талпына бастаған қазақ жастарына Ыбырай айрықша қадірлі болған адам. Жас буынға арнап шығарған Ыбырайдың «Кел, балалар оқылығын» жатқа білмеген оқушы болмаған. Ал, жас буын қадірлеген Ыбырайдың қазақ көпшілігіне қадірі жоқ еді» деушілік — тек Қазақтың кешегі күнінен ештеме білмегендіктен туған сөз. Әдебиет тарихымызға керек болсын деп әзірше Ыбырайдың осы сөздерін жинап жібердік.

20-сәуір, 1934 жыл.

Алматы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама