- 02 там. 2022 00:00
- 200
Ақмолланың өмір тарихы
Ақмолла 1839 жылы туып 1895 жылы өлген. Бұл кісінің әкесі қазақ, шешесі татар. Ақмолланың шын аты — Мұптақитден. Ақмолла деп Қазақтар атап, лақап аты қылып жіберген. Ақмолланың әкесі Мұқаммедияр Сырдария өзенінің бойындағы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) аймағының қазағы.
Мұқаммедияр жас күнінде Нығметолла қазірет деген молламен Башқұртстанның Стерлибас деген қаласына еріп кеткен. Сол Нығметолла қазіреттің қолындағы бір асыранды қызын Мұқаммедияр алып, сол татар қызынан Ақмолла ақын туады. Ақмолланың әкесі өліп, анасын Қамалетден деген бір татар алады. Ол кісі анасымен бірге Ақмолланы да (яғни — Мұптақитденді) өзіне бала қылып алады. Ұзамай анасы да өледі. Сөйтіп ақын өгей ата, өгей ананың қолында жасынан жетім қалады. Ақмолла жасынан жетімдік көріп, мұқтаждық-таршылықты басынан кешіріп, туған жері Стерлибасты тастап, Жайық бойына, Орынбор қаласының маңына келеді. Орынбордан жоғарғы жаңа Қарғалы (Әмен ауылы) деген ауылда тұрады. Бұл ауылды орысша Никольский дейді. Сол арада Мұптақитден хат үйренеді. Содан біраз уақыттан соң Тройцкий қаласына келеді. Сол жерде шәкірттермен араласып, оқуға беріледі.
Ақмолла жасынан ғылым-білімге құмар болған. Ғылым мәселелерімен таныс адамдармен сөйлесуден жалықпаған. Ылғи кітап қараудан, мәселе зерттеуден жалықпаған. Ғалыммын деп, молдамын деп басқа өнерден бой тартпаған. Балта ұстап, ағаш істеу ісін жақсы білген, арба істейтін болған. Молла болып жүргенде өз қолымен істеген арбасына мініп жүрген. Арбаның күймесін үш бөлімді қып жасап, бір бөліміне балта, шалғы, бұрғы, балға сияқты аспаптарын салып, екінші бөліміне кітаптарын салып, үшінші бөліміне өзі отырып жүрген. Тройцкийден оқып болған соң, қазақ арасына шығып, моллалық құрып тұрған. Бірақ Тройцкийге келіп-кетіп жүретін болған.
Көбінесе бала оқытып тұрған жері Тройцкийден жүз шақырым жер қазақтың Қыпшақ руы, Қарақыз елінде Қара балық, Қарасор деген жер болған. Елде жүргенде Есенгелді деген бір бай өшігіп, Ақмолланы солдаттан қашып жүрген «ноғай» деп патша үкіметіне көрсетеді. Есенгелдінің алғаш өшігуінің себебі мынадан болады. Сол елде бір әйел өледі. Әйелдің жаназасында, әлгі Есенгелді жиналған жұрттың көзінше Ақмоллаға таяғын нұсқап тұрып, мынадай сөз айтады:
— Әй, мына молланы қараңыздар! Қазақта бір мақал бар еді, «Өлеңді жерде өгіз семірер, өлікті жерде молла семірер» деген, сондай-ақ мына молланың семіргенін қараңыздар! — дейді.
Ақмолла жұлып алғандай: «Рас айтасыз бай, өлеңді жерде өгіз семіреді, өлікті жерде молла семіреді, молласыз жерде сіздей надандардың басын ит кеміреді!», — дейді. Жұрт Ақмолланың тапқырлығына риза болып күліседі. Содан кейін Есенгелді Ақмоллаға өшігіп, қас болады. Есенгелдінің көрсетуімен Ақмолла тұтқынға алынып, Тройцкий түрмесіне түсіп, қапаста бірнеше уақыт жатып шығады.
Ақырында Ақмолланы Мияс қаласының маңында жол бойында Қапиятолла Баймұратұлы және Дәулетше деген башқұрттар өлтіреді (1895 жыл). Ақынның өлігін сол Мияс қаласына қояды. Сол Тройцкийде болатын белгілі Зейнолла ишан ақын тарих опатын жаздырып, басына әдемі тас қойдырады.