Сенім
1
Ымырт жаңа ғана жабылған шақ. Бір жеңіл арба Ворошилов атындағы колхоз кеңсесінің алдына келіп тоқтады. Арбадан 23 — 24 шамасындағы бір қыз түсті де, председательдің кабинетіне беттеді.
— Бастықтар қайда? — деді ол кабинетте ешкімнің жоғын көріп, есепші Жұпарға.
— Егін басынан әлі қайтқан жоқ... Фермаң аман ба, Зұлқия? Өзің түнделетіп неғып жүрсің? — деді екі беті қып-қызыл, денесі тығыршықтай, тәпелтек Жұпар бір ырғалып қойып.
— Аманшылық. Бір жұмысым болып келіп едім... Мамыттың қайда екенін де білмедің бе?
Сұраққа жауап берудің орнына Жұпар Зұлқияға көзін ойнақшыта төңкеріп:
— Сені күте - күте сарғайып, жап-жаңа ғана үйіне кетті, — деді күле сөйлеп.
Зұлқия Жұпар сөзінде бір астар жатқанын аңғармады білем, оған қалтқысыз иланып: «Күт деп мен ешқашан айтқан емес едім. Не үшін күтеді, әрі келетінімді қайдан біліп күтеді?» деген ой келді де:
— Сен өзің не айтып отырсың, менің келетінімді ол қайдан біледі? — деді.
— Жүрек шіркін білдірмей қоя ма...
— Тағы неменені қоздаттың. Жүрек деген қайдан шықты?
Жұпар орнынан тұрды да, шайқала басын Зұлқияның қасына келді.
— Шөп басы жел тұрмаса қимылдамайды.
— Қой, шырағым, ондай өсегіңді менен аулақ әкет! — деді Зұлқия қабақ шытып.
— Есіңде болсын, Жұпар әрқашан да шындықты айтады, — деді есепші қыз сақ-сақ күліп.
— Ақырын күл, ұят қой біреу естісе...
— Жоқ жерде өстіп қылымен қалатының - ай сенің... Одан да мен саған Мамыттың қызығын айтайын, отыр.
— Осылай тұрып-ақ тыңдаймын, айта бер!
— Онда күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ. Есі-дерті бір сен. Рас айтам, ол қазір зоотехник болмай, агроном болғанына өкінетін көрінеді. Зоотехник болсам, Зұлқиямның күні-түні қасында болар едім ғой, деп арман етеді дейді жазғаның...
— Жарайды, болды, — деді Зұлқия түсін суытып, — әзілдің де жөні бар. Егер күлкі керек екен, күле бер, онда жұмысым аз. Ал, бірақ менің басымнан күлкі іздеме.
— Түк көрмеймін, шыным...
— Жә, жетті... Мен қайта оралып соғамын... Председательде жұмысым бар. Кетіп қала көрмесін.
Қыздың сұспен айтылған бұл сөздері, ұяңдық қалып сақтап тұрғаны болмаса, онда өзін ұқтыра да, сыйлата да алатын құдірет пен кейбір адамдарда болатын сестілік бар екенін аңғартқандай еді. Мұнысы аузын ашса көмекейі көрінетін, парықсыз Жұпарға да сезілді білем: «Жақсы, айтайын» деді ол жаңағы мол күлкіден тыйылып.
Жолда Зұлқия: «Осы Жұпар жаңа неменені көңірсітті, ойыны ма, шыны ма?» деген ой келді. Агроном Әбікеновты ол көптен білетін еді. Онымен алғашқы рет, бұдан екі жыл бұрын, аудан орталығында болған алдынғы қатарлы малшылардың мәслихатында танысқан. Мамыт ауылшаруашылық институтын жаңадан ғана бітіріп келіп, осы Ворошилов атындағы колхозғa жолдама алған беті еді. Өзі баратын колхоздан келгендіктен Зұлқиямен ол сол алғашқы бетте-ақ шүйіркелесіп, бір ауылдың адамындай болып кеткен.
Алғашқы танысу қызға жігіт жайында жақсы әсер қалдырған еді. Өзі кішіпейіл, әрі байсалды, әрі мінезді, әрі білімді адам. Қаладан келсе де, ауылшаруашылығын жақсы біледі. Тіпті, агрономия мәселесі емес, мал шаруашылығы жайында да мағлұматы мол екенін аңғартады. Бәрінен де бұрын, оның осы мал жайын білуі Зұлқияға тіпті ұнап кеткен еді.
Адам ұнап қалса, оның сүйкімді бола бастайтыны белгілі. Жас агроном Зұлқия көзіне мінсіз жан болып көрініп, күн озған сайын қадірлене берді. Әйтсе де, осы қадірлеуден арғы сезімге бара алмай, барса да, іштей жасқаншақтап, өзінен өзі қысылып, ыңғайсызданып қалатын бір қалып туды оған. Бұл жасқаншақтық «ол оқыған жігіт, мен болсам, қарапайым сауыншымын» деп өз басын қораш санағаннан туған сезім еді.
Зұлқия алғашқы кездерде Мамытпен қысылмай сөйлесіп, оның алдында өзін еркін ұстаса да, осындай бір қорғаншақ ойлар көңілге ұялай бастағаннан кейін онымен аз ұшырасуды, аз сөйлесуді қалап тұратын болған. Бірақ әлдеқалай кездесіп қалса, сол адамға деген өзінің жақсы сезімін жасыра алмай, екі бетінің ұшына қан ойнап шыға келетін. Осы ыңғайсыздығын сездіріп алам ба деп, ол кейде қысылып қалатын.
Мұны Мамыт аңғармайтын секілді. Ол қызбен жүрегіне сыр бүккен адамдарша емес, қаннен-қаперсіз сөйлеседі. Қыздың жүзіне де тесіліп қарай қоймайды, бетке шыққан қанды да, жүректің күйін аясына толтырып алып, жаутаң қаққан сыры мол мөлдір көздері де барлай бермейді...
Сондай адамның жүрегінде бұған айтылмай жүрген сыр бар дегенге Зұлқия сене алмайды. Бірақ, «шөп басы жел тұрмаса қалай қимылдайды». Дерегі жоқ болса, бұл дөрекі әзілді Жұпар қайдан тауып алған? Әлде ол мұның өзін сықақ еткені ме?.. Сонда нені біліп, нені көріп сықақ етеді?.. Осы ойлар басына келіп, колхоз паркінен өте бере, Зұлқия кідіріп қалды. «Өсек сөз тарап жүргенде, жеті түнде үйіне барғаным қалай болады?..»
Жоқ, агрономның үйіне қыздың қалай да баруы қажет еді. Бұл жеке бастың ұрымтал ой -сезімінен биік жатқан, үлкен мүддеден туған қажеттік еді... Осы салмағы ауыр қажеттік еске түскенде, қыз ширап сала берді де, Мамыт үйіне қарай аяғын асыға басты.
2
Зұлқия келген жұмысын баяндап отыр. Оның алдында, стол үстінде бірнеше хаттар жатыр. Мамыттың екі көзі осы хаттарда. Ол бұл хаттардың кейбіріне көз жүгіртіп, оқып та шықты, Қыз «мынаны да оқып көріңіз» дегендей екінші, үшінші хаттарды да оның алдына сырады.
Хаттар алуан түрлі. Бірін малшы, екіншісін егінші жазса, үшіншісі шаруа анадан, төртіншісі мектеп оқушысынан келген. Аудандағы білікті, әртүрлі істің мамандарының да, партия, совет қызметкерлерінің де хаттары ұшырасады. Бір хатта оқушы қыз бала құрбысына өкпесін, сол құрбысының мұның достығын қадірлемей кеткенін мұң етіп шағады. Колхозшы ана: «Ерім Отан соғысында қаза тауып еді. Содан қалған кішкентай ұлымды Суворов училищесіне түсіруіме көмектес» дегенді өтінеді. Асыл тұқымды ангор ешкілерін өсіруімізге колхоз председателі көңіл бөлмей отыр, осыған сіз аралассаңыз екен дегенді айтады бір хаттың иесі. Енді біреулер көндір егісін өсірудегі өздерінің тәжірибесін жазып, бұл жаңа дақылды бүкіл аудан бойынша өрістетудің қажеттігін ұсынады. Осы хаттардың бір қатарынын бұрышына «жауап берілді, тілегі орындалды» деп жазылған.
Әр түсті сиямен, әр түсті қарындашпен, әр түрлі қағазға әр түрлі қолмен жазылған осы бір хаттарда совет адамдарының жүрегі жатқандай. Сол жүректер, өз ішіндегі асылы мен тұнығын, халық сенген қалаулының көкейіне құюға асығады.
Халық сенген қалаулы, қарапайым сауыншы сол жүректен құйылған сеніммен, құрметпен рахаттанып солардың бойындағы жақсы қасиеттерді өз жүрегіне құйып алғысы келіп, жар құлағы жастыққа тимей тырбанады.
Осы өр талаппен туған орта қарапайым жанды өмір биігіне өрлетіп барады. Кеше ғана ол бала еді. Ержетіп, сауыншы болды. Адал еткен еңбегі оны даңққа бөлеп, алыс түкпірдегі фермадан бүкіл облысқа атағын жайды. Халық құрметтеп, облыстық советке оны депутат етіп сайлады. Алда әлі талай жарқын жол жатыр...
Сол жолдың бәрін абыроймен, даңқпен өткісі келетін, халық алдындағы борышын қалай өтеймін деген ойдан екі елі ажырап көрмеген осынау жас жанды Мамытқа әкеліп отырған да ортақ мүддеден туған мына бір хат еді.
«Құрметті депутат! Біздің колхозымыз жыл сайын нығайып келеді. Техникаға ділгәрлік дегенді де артқа салдық. Бірақ, соған қарамастан, егін өнімін арттыруда пәлендей алға кеттік деп айта алмаймыз. Рас, кейде мол өнім аламыз. Ал, кейде, жасыратын түгі жоқ, олқы соға береміз... Осыны сіз қалай деп ойлайсыз? Өзгермес тұрақты мол өнімге қандай жолмен жетеміз? Сіз бізге осы жөнінде көмектесессіз...»
Хат ұзақ. Мол өнім алудың жолы біздіңше мынау деп колхозшылар өздерінің ұсынысын айтқан. «Егер, мүмкін болса, — деп жазылған, — осы ұсынысымызды біздің атымыздан облыстық советтің сессиясына жеткізіп, пікір қозғасаңыз дейміз».
— Бұл әрине, ойланарлық мәселе, — деді Мамыт хатты оқып шықты да, қыздың жүзіне ойлы пішінмен қадала қарап.
— Өз ойым жететін іс болса, мен сізге келмес те едім, — деді қыз жымиып.
— Жыл құсындай анда-санда бір көрініп кеткенің болмаса, шынында да, бізді ұмыттың ғой, — деп күлді Мамыт.
— Қай жерде от, қай жерде су деп көшіп жүрген малшының қолы тие ме.
Сөз арасында елеусіз басталып кеткен әзіл әңгіме әрі қарай өрістемей, осымен біте қалды.
— Сонымен сіз маған қандай ақыл бересіз? — дейді Зұлқия.
— Әңгіме бір ғана біздің колхоз жайында болса, бір нәрсе айтқан болар едім. Ал, мәселені сен тым кең көлемде қойып отырсың...
— Мен емес, халық қой.
— Ол рас, сөз жоқ, колхозшылар мәселені дұрыс көтеріп отыр. Бұл өңірдегі колхоздардың бәрі дерлік, расында да, су тапшылығын көрумен келеді. Егер су мәселесі шешілсе, егін мәселесі де шешілер еді деген пікірге бәріміз де қосыламыз.
— Су мәселесін қалай шешуге болады?
— Су мәселесін шешудің жолы да біреу ғана. Мына колхозшылар ұсынып отырған тау өзенін ескі арнасынан бұрып әкетіп, жаңа сорапқа аунатып жіберіп бөгет салса, суға кенелетін боламыз. Онда егін ғана емес, шабындық жерлерді де қолдан суаратын дәрежеге жетеміз.
Зұлқияның ойы колхозшылар ұсынысын, болғалы жатқан сессияда қабылдауды қузау болатын. Бірақ, бұл мәселені қалай көтеру керек, қай тұрғыдан көтеру керек? Міне, бар қиындық осында жатқан тәрізді. Бөгет салу керек. Суды көбейту керек деген жалаң ұсынысты екінің бірі айта алады. Айтылып та жүр... Сол бөгетті салуға қандай мүмкіндік бар? Қай тұстан, қалай салу керек? Қандай қаржыны пайдаланып, қандай күшке сүйену керек? Міне, осы сияқты нақты ұсыныспен, нақты жоспармен барса ғана бұл мәселеге жұрт назарын аудармақ. Сонда ғана сөз іске айналуы ықтимал. Сол үшін де мамандармен, колхоз басшыларымен ақылдасып, олардың кеңесін тыңдап, өз ұсынысын барлық жағынан шындықпен дәлелдеп бармақшы еді ол. Солардың ішінде, әсіресе, Мамыттан көп көмек күтіп келген.
— Неге ойланып қалдың? — деді Мамыт оған.
— Бөгет салуға болады дейсіз. Ал, соны сессияда мен қалай дәлелдеуім керек? Міне, осыны сіз маған жүйелеп берсеңіз. Содан соң колхоз басқармасының талқысына саламыз.
— Су маманымен кеңесіп алғанда жақсы болатын еді, — деді Мамыт ойланып, — дегенмен кірісіп көрейік.
— Олай болса кеңсеге кеттік.
— Шай ішіп барайық — деді Мамыт электр плиткасы үстінде манадан қайнап тұрған ақ шайнекке төніп.
Шайнек, буы аспанға көтеріліп, сақырлап қайнап жатқан еді.
3
Зұлқия аттанып кеткелі бүгін төртінші күн. Ауыл адамы оның жолына көз тігеді. Ол әр жүректі билеген мүддені алып кеткен, жинақтап, түйіндеп әкеткен. Ауыл адамының тұнық ойы, ақылы жұмсалған сол мүддеге сессия не айтты екен деген сұрақ кәріні де, жасты да мазалайды.
Мамытты да осы ой билеген. Оның көз алдына жаңа арнамен аққан жаңа өзен елестейді. Сол елес оны колхоздың шығыс жағында жарқыраған айдын көлге апарады. Сол көлден тұс-тұсқа тарамдалып шағын каналдар кетіп жатыр. Сол каналдардан арықтар, арықтардан атыздар тарап, егіс даласын таудың ерке суы аралайды...
— Шіркін осы ойымыз жүзеге асатын болса, шалқыр еді жеріміз! — деп қиялдайды ол.
...Басқарма мәжілісінен шығып, Мамыт пәтеріне қарай беттеп келе жатты. Жанында көршісі Жұпар бар. Түн қараңғы. Әр жерден бір электр шамы жылтылдайды. Алайда, көше бойлап, самсап өскен биік ағаштар шам сәулесін айналаға түсірмей, жасыл жапырақтарымен көлегейлеп жасырады.
Жұпар көшені басына көтере саңқылдап сөйлеп келеді. Ол күндіз бақша бригадирімен ұрсып қалғанын, таңертең бау аралап жүріп басқа тартатын көк жібек орамалын жоғалтып алғанын, кеше кешке киноға кешігіп қалғанын, қысқасы, біріне-бірі байланыссыз көп жайларды қозғап келе жатты да, бір кезде сөз аяғын Мамыттың өз басына әкеліп тіреді.
— Сен туралы мен Зұлқияға айттым.
Оның әңгімесіне манадан бері жөнді құлақ қоймай келе жатқан Мамыт селт етіп:
— Нені айттың? — деді.
— Сүйетініңді айттым.
— Сүйемін деп қашан айттым?
— Жақсы қыз деп ынтығып жүрмеуші ме едің?
— Жақсы десем одан сүйем деген ұғым шықпайды ғой.
— Жақсы қыз болса, сүймейтін неменең бар?!
— Әй, Жұпар, Жұпар?! Құдды баласын...
— Жұпар дұрысын айтады. Немене, қартайғанша осылай жүре бермекпісің?! Оқымысты болмақ түгіл, кім болсаң да ол келіспейді.
— Сөз тапқанға қолқа жоқ! — деді Мамыт күліп.
— Жұпар шындықты айтады.
«Жұпар шындықты айтады». Мамыт үйіне келген соң да есепші қыздың осы сөзін еске түсіріп күліп алды. «Айтты - айтпады Зұлқия жақсы қыз ғой», — деп ойлады ол, қыздың соңғы екі жылдағы өзі білетін өмір жолын көз алдына келтіріп. Осы екі жылда ғана Зұлқия оған адам сырының талай қырларын анғартып тастады. Алғашқыда, жай бір қарапайым сауыншыны көрді. Көңіл оған селт етпеді. Одан кейін тәтті арманы, оңды әзілі, сүйкімді мінезі бар қылықты қызды көрді. Оған да мойын бұрмады. Келе-келе сүйкімді қызды ғана емес, жатса - тұрса ойлайтыны ел-жұрт мүддесі, саналы жасты, халық мұратының қызметшісін көреді. Көз алдында қарапайым сауыншы қыздың осынша өсіп бара жатқаны оны әрі сүйсіндірді, әрі қызықтырды.
Осы адамды ол қазір тағы ойлап отыр. Оған деген бір жақсы ықылас, қалауы бар ыстық сезім пайда болған.
Зұлқия жайында анталап келе бастаған осындай бір көп ойды есік жақтан шыққан тарсыл серілтті. Есікті бір ғана шертіп «кіруге бола маның» ырымын жасап, асыға басып Жұпар кіріп келді.
— Есіттің бе, радио Зұлқия туралы хабар беріп жатыр...
— Қай станция? Аудан ба, Алматы ма?
— Оншасын аңғармадым. Үйге кірсем, радио сөйлеп тұр екен.
Мамыт радиоприемниктің шамын жағып, тілін әуелі орта толқынға салып, біраз айналдырып көрді де, кейін қысқа толқынмен Алматыға қойды.
«...Депутат Зұлқия Сүйіндікованың дәлелмен, көңілге қондыра айтқан бағалы ұсынысын сессияға қатысқан көп депутаттар жақтады. Тау өзенін, жаңа арнаны зерттеуге және жаңа құрылыстың жұмыс көлемін белгілеуге облыстық су шаруашылығы бөлімі таяуда мамандар жібермек. Сөйтіп, бұл ауданда жаңадан тағы да бір игі жұмыс басталатын болады...»
— Жаса, Зұлқия! — деп Мамыт қуанғаннан айқайлап жіберді.
— Осындай қызды да сүймеймін дейді-ау, мына сен сияқты сылқым жігіттер. Не десем екен, ә! — деп Жұпар көңілді пішінмен даурыға сөйледі.
— Иә, мұндай қыздарды сүймеу мүмкін емес!
— Бәсе... Мына менің шындықты айтатыныма көзің енді жетті ме?!..
— Дұрыс, дұрыс! — деді Мамыт сылқ-сылқ күліп.
Октябрь, 1951.