Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Жеңіліс

Әй, бар болғыр, осы бір троллейбустардың алдыңғы және артқы орындықтарының өте қызық орналасқанын айтамын да!.. Ең алдындағы екі кісіге екінші қатардағы екі кісі арқасын беріп, өкпелеп қалғандай теріс қарап отырады.

Артқысы да солай...

Бүгін біздің қарияға сол алдыңғы жақтағы «теріс орындықтардың» бір бұрышы бұйыра қалған екен. Бұл өзі, шынтуайтына келгенде, есекке, иә болмаса, атқа теріс мінгізіп, ел алдында масқара еткендей біртүрлі ыңғайсыз көрініс емес пе.

Бірақ, осыған қалалықтардың еті әбден үйреніп-ақ кеткен. Елең қылмайды, тіпті. Тап бір асүйдегі жұмсақ орындықтардың біріне жайғасып алып, енді қашан шай ішер екенбіз деп дәметіп отырғандай былқ етпейді. Ара-тұра көзін жұмып, аздап қалғып алатындары да бар.

Бүгін біздің қария, неге екені, қарсы алдындағы жалғыз орындықта отырған ақ сұр жүзді, керме қас, тәкапбарлау кемпірге қайта-қайта үңіліп қараумен болды. Басына тартқан ақ түбіт орамалы жаңа ғана жауған ақша қардай үлпілдеп, өңіне әдемі жараса қалыпты. Көптен бері күн қақпай, бозаң тартқан бет-жүзін аяусыз шимайлаған майда әжім сызықтары әлгінде ғана жуылып, дем арасында кеуіп үлгерген көнетоз жібек орамалдың жіп-жіңішке қыртыстарына ұқсайды.

Ал иығы тіп-тік. Кәрілік шіркін, кеу-кеулеп келіп, қаусыра құшақтай алса-дағы, кемпір жарықтық, әзірге илікпей, кеудесін бермей қасқайып тұрған секілді. Терезеден сыртқа қарап, қыбыр етпей отырған мына кейпінің өзінде де былайғы жұртқа беймәлім құпия бар ма дерсің.

Қарияның көз алдына бір қызық көрініс елестеді; бұл кемпір... иә, бұл кемпір ұшар басында бір шөкім қар жатқан кәрі жартастай замана желі қанша мүжіп, қажаса да қайыспай, бәз-баяғы сымбатын сақтап қалуға тырысқан тәкапбар жан-ау, сірә.

Кенет ол жүзін бері бұрып, өзіне қадала қарап отырған қартқа көзін тіктеп, назар салып еді, біздің қария тап бір ұрлық үстінде ұсталған пақырдай қипақтап, кірпігін қайта-қайта қағып, қыпылықтады да қалды.

Тіпті, жанарын тайдырып әкетуге де үлгермеді. Ал, ана кісінің аясы үлкен, дөңгелек қара көзі тым өткір екен. Тап бір лазер сәулесі секілді қарияның кеудесін тесіп өтіп, әп-сәтте-ақ оның кім екенін, өмір бойы қай институтта істегенін, қандай ғылыми атаққа қол жеткізгенін, қаншалықты мансап биігіне көтеріліп және одан қайтіп, қалай құлағанын, қазір қанша зейнетақы алатынын, қаладағы пәтері неше бөлмелі екенін, кемпірі байғұстың қай жылы қайтыс болғанын, балаларының қайда жүргенін, қашаннан бері ас-ауқатын өзі жасап ішіп, киім-кешегін өзі жуатынын... құдай-ау, бәрін-бәрін біліп, көңіліне түйіп ала қойғандай болды.

«Япыр-ай, жас күніңде қандай тәкапбар, паң, сұлу болдың екен?..» деп ойлады қария көзін жыпылықтатып. Кемпір тағы да терезеге үңіліп, көше жиегіндегі тіршілікке көз салды.

Қария оны және бір, жаңа бір қырынан танып-білуге кіріскендей қадалып, шұқшия түсті. Тап-тұйнақтай боп отырған кемпірдің үстіндегі кіршіксіз қара түсті кашимир пальтосы құдды бір өзіне арнап тігілгендей бойына шап-шақ екен. Ұқыптап тартқан ақ бөкебай орамалымен әдемі үйлесіп, өңін ашып, керемет жарасып тұр.

Қырсық шалғанда, қария соңғы кездері өзінің не киіп, не қойып жүргеніне зер салып, мән беруден мүлде қалған еді. Себебі, оны жуып, өтектеудің өзі бір машақат. Оның үстіне қарияны бұрынғыдай жік-жапар болып құрметтеп, қонаққа шақырып жатқан да ешкім жоқ. Қолына ілінгенді иығына іле салып, жүре береді.

Бірақ, қазір қария өзінің сонысына қатты қысылғандай күй кешті. Керек десеңіз, іштей қуыстанып, намыстанғандай да болды. «Келер жолы бір келгенінде Әсембалаға айтып, кәстөм-шалбарымды өтектетіп алмасам ба» деп, қаланың шет жағында тұратын жалғыз қарындасын да еріксіз есіне алды.

Кемпір қарияға қайта бұрылып қарамады. Сырттағы тіршілікті бүгін ғана көріп отырғандай қабағын сәл шытып, көз алмайды. «Паһ, шіркін!» деп іштей таңғалған қарияның жанарында бір ойнақы ұшқын жылт ете қалды.

Енді біраздан соң ол өзі түсетін аялдамаға жетіп қалғанын сезіп, қалбалақтап орнынан көтерілді. Есікке қарай жылжып бара жатып әлі де сол баяғысынша терезеден көз алмай, тіп-тік боп отырған кемпірге және бір көз салды.

О тоба! Осы сәтте, оң жақ қырынан қараған кезде ғана ол өзіне баяғыдан таныс бейнені аздап шырамытқандай абдырап қалды. «Е-е, бәсе... бәсе...» дей берді аяқ астынан асып-сасып.

Троллейбус аялдамаға тоқтап, сарт етіп есік ашылды. Іштегілердің біразы сыртқа қарай ақтарылды. Күтпеген жерден көңіліне алаң кіріп, әрі-сәрі боп, не істерін білмей, кідіріп қалған қарияны арт жақтағы біреу кеудесімен итеріп кимелей берді.

Әне-міне дегенше қозғалып та кеткен троллейбусқа жалтақтап қарап, қайта-қайта басын шайқап, аялдамада бөгеліп қалған ол: «Апыр-ай, апыр-ай... — деді өкініп. — Ә дегенде, жыға танымай қалғанымды қарашы!..»

Оның көз алдына сағымдай бұлдырап сона-а-ау бір жастық шақтағы ең бір қызықты, ең бір ыстық күндердің елесі оралғандай болды...

Сейфуллин мен Гогольдің

Қиылысқан жерінде.

Жүрек деген құрғырдың,

Жиі ұрысқан жерінде!

Паһ, шіркін, ақындар да айтқыш-ау, ә!.. Айтқыш-ау!

Ол кезде әлгі екі көшенің қиылысындағы әйгілі ЖенПИ-дің қыздарымен танысып, киноға шақырудың өзі бір мереке еді!

Қарияның көз алдына «Алатау» кинотеатрынан шығып, қастарындағы төрт қызға бір-бір балмұздақ әперіп, әзілдесіп келе жатқан екі жігіт елестеді. Оның бірі — Ертіс, екіншісі — өзі еді.

Қыздар да қызық. Кеше Ертіс мектепте бірге оқыған кластас қызы Ұлжанға: «Біз ертең досымыз екеуміз келеміз. Киноға барайық, қыдырайық» десе, бүгін бір бөлмеде жататын төрт қыз тырнадай тізіліп бір-ақ шығыпты.

Ал енді, жігіттер, қалталарыңда қанша ақшаларың бар екенін есептеп, санай беріңдер. Төрт билет, төрт балмұздақ. Ертіс екеуін қоспағанда, әрине. Себебі, «біз жігіт емеспіз бе» деп, балмұздақтан бас тартуға болады. Әй, бірақ, билет ше, билет!.. Онсыз киноға қалай кіресің?

Күлегеш Ұлжан сықылықтап: «Міне, біздің қыздар! Қалағандарыңды таңдаңдар!» деп мәз болып жүр. Әй, өзі де бір ерке еді-ау, ерекше еді-ау!..

Кейін Ертіс бәрібір сол Ұлжанның өзін қалады. Қазір олар өздерінің туған аулында, Атырау жақта тұрады. Бұрынғы ерке-шолжаң Ұлжан кейін ұстамды, абыройлы ұстаз болған. Ал Ертістің өзіне тиесілі жекеменшік шаруашылығы, егін салып, мал бағатын жері бар көрінеді.

Иә, сол күні бұлар кинодан шыққан соң тағы да біраз шығынға батты. Лимонад пен балмұздақтың кезегінде тұрғанда қыздар, неге екені, кинотеатрдың жанындағы тир жаққа көздерін төңкеріп, қайта-қайта қарағыштай берген.

— Немене, мылтық атқыларың кеп тұр ма? — деп ақ көңіл Ертіс осы кезде түбі түскен шелектей салдырлай жөнелсін.

— Иә-ә, — деді Ұлжан даусын созып, оған еркелеп.

— Мәс-саған?! Қашаннан бері атқыш боп кеткенсіңдер, ей?!

— -Жо-оқ. Біз енді-енді үйреніп жүрміз. Ал мынау Ақзер болса, нағыз снайпер! Қане, жарысасыңдар ма?

— Ой, мен мылтық атуға жоқпын! - Ертіс ә дегеннен-ақ ат-тонын ала қашып, шошып кетті. Қыздар енді көзін сүзіп, бұған қарады.

— Көрейік, — деді бұл шегінуге жол қалмағанын сезіп. Бірақ іштей, жеңіліп қалсам ұят болады-ау деген бір ойдың сумаң ете қалғаны да рас. Әй, бірақ... Амал жоқ. Өзі аузынан қағынды. Не де болса, нартәуекел!..

Қыздар қуанып, шу ете түсті. Өздерінше бір тамаша көретін болдық-ау деп қуанған түрлері болар. Тек әлгі, Ақзер ғана: «Шынымен-ақ, менімен жарысқа түспексіз бе?» дегендей Сағындыққа сынай қарап, үнсіз тұр. Өңінен аз-кем таңданғандай сыңай байқалады.

Енді бәрі топырлап, тирге келді. Ұзынтұра, ашық ауыз Ертіс шибарқыт шалбарының терең қалтасына қолын шынтағына дейін сүңгітіп жіберіп:

— Мен сендерге біраз оқ алып берейін, — деп ұсақ тиындарын шығара бастап еді, сол кезде қай сайтан түрткенін кім білсін, мұның да аяқ астынан мырзалығы ұстай кетпесі бар ма. Пиджагінің ішкі қалтасына тығып, бір керегі боп қалар деп сақтап жүретін тұтас үш сомдық көк қағазды қалай суырып алғанын өзі де білмейді.

Тирдегі аласа бойлы, түр-тұлғасы кавказдықтарға ұқсайтын мұртты кісі жымиып:

— Осының бәріне ме? — деді.

— Иә. Бәріне.

— Вот это — джигит!

Сөйтті де, бір уыс оқты бұлардың алдына сау еткізіп төге салды.

— О-о! — деп қыздар тағы да мәз болды.

Тек іштегі сырын ешқашан жасырмайтын ақ көңіл Ертіс қана:

— Өй, бұл көп болмай ма? Ертең де күн бар емес пе?! — дей берді басын шайқап.

Осы сәтте Ақзер жеп-жеңіл бытыра секілді қалайы оқтың он түйірін санап алып:

— Маған осы жетеді, — деді өзіне өзі сенімді түрде.

— Олай болса, Сағындық та он оқ алсын, ал қалғанын біз атамыз, — деп күлді Ұлжан. — Қане, бастаңдар! Жо-жоқ... Тоқтаңдар! Алдымен неге бәстесесіңдер, соны айтыңдар.

Ақзердің не ойлағанын кім білсін, ал Сағындықтың басында: «Бәріңнің көзіңше ернінен бір сүйгізсін!» деген бір жымысқы ой жылт ете түсті. Сөйтті де, жарыс басталмай тұрып-ақ жеңіске жеткендей қарсы алдындағы тәкапбар қыздың үлбіреген топ-томпақ ерніне еміне қарап, бір жұтынып қалды.

Ал Ақзер:

— Егер, — деді аздап иегін жоғары көтеріп, қасын керіп, — мен ұтылсам, бәріңді «Жастар» кафесіне шақырып, кофе алып беремін.

— О-о!

Қыздар ду қол шапалақтады.

— Ал енді, Сағындық айтсын!

Несі бар, айтсам айтайын дегендей бұл да қыздарға шекесінен қарап, кеудесін керді.

— Мен ұтылсам, «Алматы» ресторанына шақырамын!

— У-у-у!

— Ал, бастаңдар онда!

Аясы кең, қарақат көздерін төңкере қараған Ақзер:

— Сіз!.. — деді бұған қарап, қолымен ізет көрсетіп. — Атыңыз!

— Жо-оқ, сен баста!

— «Қыздың жолы жіңішке» деген!..

— Ал, жарайды онда!

Бұл тирдегі әр түрлі жан-жануарлардың кескіні бейнеленген нысаналардың біріне қарай мылтығын кезене бергенде Ақзер басын шайқап:

— Жоқ оларды емес, анау төмендегі оттарды атайық, — деп әлгі ойыншықтардың төменгі жағындағы моншақтай жылтыраған оттарды көрсетті.

Тарс!.. Міне, алғашқы оқ атылып та кетті. Қарауылдың ұшынан қылдырап көрінген от жалп етіп сөнді. Сәл болмаса мүлт кете жаздағанын сезіп, екіншісін ұзағырақ көздеді. Тарс ете түскен мылтық даусымен бірге ол да сөнді. Содан соң үшінші оқ мүлт кетті. Мәссаған!.. Одан кейінгілерінің де бірі тиіп, бірі тимей Сағындықтың әбден берекесі қашты.

Уһ, бітті-ау әйтеуір!

Ол енді Ақзерге қарап, кезек сенікі дегендей ізет жасады.

Ал содан соң...

... Қалт-құлт етіп келе жатқан қарт өзінен өзі мырс етіп, басын шайқап күліп жіберді. Көңілінде әлдеқандай бір өкініш аралас сағыныш оянып, алыста қалған жастық шақтың ерке самалы екі бетінің ұшынан аймалап, өбе бастағандай жүзі нұрлана түсті.

Оның көз алдына әлгі оттарды қапысыз көздеп, бірінен соң бірін сөндіріп жатқан тәкапбар сұлу қыздың бейнесі елестеді. Япыр-ай, бір де бір оғы мүлт кеткен жоқ-ау, мүлт кеткен жоқ. Ең соңғысы лып етіп сөнгенде қыздар қуанғанынан бір-бірін құшақтап, секіріп жатты.

— Ур-ра, енді ресторанға барамыз!

Қайта-қайта басын шайқап, біресе бұған, біресе қыздарға қарап ыржиып, аң-таң болып тұрған Ертіс:

— Өй, өй! — дей береді сасқалақтап. — Сен ұтылып қалдың ғой, ей!

Ал бұл болса, күтпеген жерден күлкіге айналып, енді не істерін білмегендей бір қызарып, бір бозарады.

— Әй, жігіттер, — деді бір кезде Ұлжан саңқылдап. — Кеттік ресторанға!

«Ойбай-ау, оған ақша қайда?!»

Осы кезде:

— Оу, қыздар, қыздар! — деп гүжілдеді Ертіс. — Сендер жеңдіңдер. Біз жеңілдік... Бірақ, ресторанға бүгін емес, стипендия алған күні барайық!

... Иә-ә, қалай десең де, жеңілістің аты — жеңіліс. Үлкен бе, кіші ме, шын ба, ойын ба, бәрібір, көңіліңе сызат түсіріп, есіңе алған сайын жігеріңді құм қылады.

... Қарияның көзі жыпылық-жыпылық етіп, «иә... иә, солай болды» дегендей бір ашылып, бір жұмылды.

Бұлар ресторанға шақырған күні қыздар ептеп қызыл шарап ішті. Ал Ертіс екеуі өздерінің еркек екендерін, еркек болғанда да, анау-мынау көкебас емес, нағыз нар жігіттер екенін танытып, бір шөлмек арақ алды.

— Ой, сендерге бұл көп болмай ма?! — деп шыр ете қалған Ұлжанға қарап, Ертіс сұқ саусағын ернінің ұшына апарды.

— Сен біздің ісімізге араласпасаңшы. Не ішеміз, не жейміз, оны өзіміз білеміз ғой.

— Иә-ә, — деді Ұлжан даусын созып. — Өздерің білесіңдер!.. Қане... қане, қыздар күтіп қалды. Тұрыңдар, билейік!

... Қарияның құлағына сол күнгі кештің көңілді әуені алыстан талып жеткендей болды. Және сол әуенмен бірге бүгіндікке алғаш рет бойына қан жүгіріп, көзінде бір ұшқын ойнап, ерні қыбырлап, мұрты жыбырлап, тұмсығының астынан ыңылдап ән айта бастады.

Лал-ла-ла-лал-ла-ла-ла-а,

Лал-ла-ла-лал-ла-а-ла-а...

Бірақ оның жан дүниесінде қандай әуен жаңғырып келе жатқанын көшеде ешкім білген де, естіген де, түсінген де жоқ.

... Сол күні олар түн ортасы ауғанша би билеп, сайран салды. Қызыл шарапқа масайып қалған қыздар да, қызара бөртіп, теңселіп жүрген жігіттер де көңілді еді.

Бірақ, бұл сонда да өзінің жеңілісін ұмытпады. Сөнер-сөнбесін білмей, дір-дір етіп тұрып қалған моншақтай оттар көз алдынан кетпеді. Содан ба, Ақзерді қайта-қайта биге шақырып, мазалай берді. Тіпті, бүкіл кеш бойы тек Ақзермен ғана биледі. Кей сәттерде оны өзіне қарай тартып, бетінен шөп еткізіп сүйіп алмақ та болды. Бірақ, тәкапбар қыз қарсылық көрсетіп, мұның кеудесіне шынтағын тіреп:

— Шектен шықпаңыз, — дейді ақырын ғана ескерту жасап.

— Кешір... Сен... сен ерекше қызсың, Ақзер.

Ол басын шайқап, езу тартады.

— Тирдегі оттың бәрін сөндірдің!..

— Ой, сіз соны әлі де ұмытпаған екенсіз-ау.

— Жоқ. Ұмытпаймын. Ешқашан....

— Ол әншейін, ойын емес пе! Ал шындығында... Тау қойнауындағы біздің ауылға барсаңыз ғой, шіркін! Құралайды көзге атқан нағыз мергендермен танысар едіңіз. Менің әкем де, ағаларым да аңшы.

... Қария бір жұтынып, тамсанып қалды. Екі аяқты, жұмыр басты пенде шіркін, осындай бір тәтті, осындай бір бақытты сәттерін еске алғанда ғана өз өмірінің босқа өтпегенін; бірде қуанып, бірде мұңайып жүріп, қал-қадері жеткенше қызықты ғұмыр кешуге ұмтылғанын сезеді-ау деймін.

Әй, бұл әзәзіл дегенді қойсаңызшы!.. Ортаға шығып, билеген сайын мас жігіттің буын-буыны босап, құшағыңдағы сұлу да тәкапбар қыздың ыстық демінен басы айналды. Бір кезде мүлде есінен айрылып, Ақзерге жабыса кетті де, әй-шайға қаратпай ернінен сүйіп алды...

Қыз қатты бұлқынып, кеудесінен итеріп жіберді. Сонсоң бетіне ащы шапалақтың сарт ете қалғанын біледі... Одан арғысы есінде жоқ... Бүкіл ресторанды жаңғыртып, әлдене деп айқайлап жүрген секілді...

Қария басын шайқап, мырс етіп күлді. Ескі жараның орны секілді ертеде болған оқиғаның ізі оның жүрегі ауырта қойған жоқ. Керісінше, мені есіңе ал, тағы да бір рет көз алдыңнан өткіз деп, көңілін жылыта түскендей болды.

Ал ол кезде...

Қария тағы да басын шайқап, күлді.

Ертеңіне түс ауа көзін ашып, жан-жағына қарағанда ол өзінің жатақханада жатқанын сезді. Қолқаны қапқан сасық, өткір иістің өзге емес, өз демі екенін түсінген кезде ыңырсып:

— Кеше мен не істеп қойдым? — деді.

Осы сәтті күтіп тұрғандай ұзын бойлы Ертіс төбесінен төне қарап, мырс етіп күлді.

— Өй, сен... Жынданып кеттің ғой тіпті!

— Не деп айқайладым?..

Төсектен басын әзер көтеріп, жауап күтті. «Әй!» деп, қолын сілтеп, теріс айналған Ертістің көзінде бір ойнақы ұшқын жылт ете қалғандай болды.

— Не дедім?..

— Білмейм...

— Не дедім-м?!.

— Түсінбедім, — деді ол енді басын шайқап. — Өзіңнен-өзі жынданып: «Мен жеңдім! Мен ондыққа тигіздім! Ерніңнен сүйдім-м!» деп айқай салдың.

Бұл төсегіне сылқ ете түсті. Масқара-ай!..

Содан қайтып ЖенПИ-ге аяқ баспайтын болды...

Сейфуллин мен Гогольдің,

Қиылысқан жерінде.

Жүрек деген құрғырдың,

Жиі ұрысқан жерінде!

Әй, осы ақындар да айтқыш-ау, ә?! Айтқыш-ау!..

... Қария сәл кідіріп, «иә-ә, сона-а-ау бір шақта солай болып еді-ау» дегендей басын шұлғи беріп еді, кенет, жүрегі құрғыр, біреу жуалдыз сұғып алғандай шаншып кеткені. Ол кеудесін басып, ауырсынғандай бүгіліп қалды.

Қолында сөмкесі бар бір орыс әйел жанынан өтіп бара жатты да, қарияның бетіне үңіле қарап, тоқтай қалды.

— Вам что, плохо?

Қария болар-болмас езу тартып:

— Нет... — деді күбірлеп, — наоборот, очень хорошо...

Әлгі әйел басын шайқады.

— Ну, тогда, понятно. Меру надо знать!..

«Қап, — деді қария өкініп. — Жаман ойлап қалды-ау!..»

Сонсоң, намысқа тырысқандай аяғын нық басып, алға қарай жылжыды.

«Расында да, сол Ақзер ме екен? Апыр-ай... — Оның көңіліне сумаңдап бір күдік кіргендей болды. — Қара басып, троллейбуста бетпе-бет отырғанда танымай қалғанымды қарашы. Өзі де бір кердиіп, терезеден көз алмады. Әй, бірақ...Танығанда не деймін, құдай-ау? Баяғыда... иә, баяғыда-а... Сенен жеңіліп қалып едім ғой деймін бе?..»

Қарияның көз алдына сөнер-сөнбесін білмей дір-дір етіп тұрған бір түйір от елестеді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама