Обал дүние
Қайсыбірде сол Құсатай мұның түсіне кірмесін бе... «Мені жоғалтып алдыңдар ма, дейді ол. — Бекер, оларың. Мен мәңгі оралып соғып жүремін. Құдіреттің бар екенін естеріңе салып отыру үшін. Тәубәге келіп отырмай опа таба алмайтындарыңды ескерту үшін...
Одан бері қанша қар жауып, қанша су ақты. Мұндағы жұрттың жаңа қонысқа көтеріліп, көшіп кеткеніне талай жыл. О кездегі қылшылдаған жас жігіт, міне, алпысыңды алқымдаған. Осы жердің иесі. Оған жекешелендіру кезінде қол жетті. Әкенің аяқ таяғын ұстап қалған малсақтың алдында екі отарға жуық қой, екі үйір жылқы, екі табын ірі қара. Жалдамалы малшылары және бар. Қонысы орталықтан шалғайлау еді, ешқашан ешкімнің қаперіне кірмеген оқиға — Батыс Қытай мен Батыс Европа жалғастыратын автобан атты жол құрылысы, Алматы-Ташкент трассасын жағалап келіп, ұлы асуға кіре берер жерде, кілт бері қарай тартып, дәл осы жердің қақ ортасынан өтіп барады. Қуанбай көр. Әсіресе, інісінде жан жоқ. Алтын тауып алғандай халде. Әдепкіден бірді екі, екіні үш етуге епті бауыры Алматыға қалай барды, солай табыс табатын талай шаруаның шаңын шығарған. Кең сарайдай котеджі, супер маркеті, дәріханасы, жанармай станциясы, тағы немене, бар, біраз дүниесі. Әйелі де ақша жасау мәселесінде бір, айналайын. Шүкір, деп келеді, бұл. Мына малдың жартысы да інісінің еншісі.
Автобан құрылысы бері таяп қалғанда інісі қайсыбір күні қанжардай қатқан қаба сақалдыны ерте келді. Жобалаушы, деді ме, қағаз сызған біреу. Інісі екеуі қазір топырағы тозаңға айналып, жылан ордасына дейін тегістеліп жатқан жазалаңды ары да, бері де айналған. Дәнеңе түсінбеген бұл жөнін сұраса, бауырынікі құдай берді-нің әңгімесі. Бермегенде немене, ендігі жерде қиырдағы Қытайдан, қияндағы Европаға ары да, бері де, күндіз де, түнде де автотранспорттар ағылып жатса. Ағылып жатқан адамдарға аялдап, ауқаттанып, көз шырымын алып дегендей, жер керек пе. Енді қалай. Күн шығыс жақ елсіз қу дала, күн батыс жақ асу, алты ай қыс ақ түнек боран, алты ай жаз аңыраған жел... Ал мына жер нулы-сулы, ықтасын, айналасы көз жауын алатын көкорай. Кафесі, шағын қонақ бөлмелері, жанармай және техникалық қызмет көрсету станциялары бар заманауи комплексті құрылысқа бұдан артық не керек. Айналасына ағаш егіледі. Бірнеше гүлзарлар және болады. «Сонда оның ана алаңқайды түгел ала ма?» деп сұраған бұл. «Енді ше». «Жылан ордасы бар емес пе». «Ой, аға-ау, ол кімге керек...» «Құдайдың жанды қылып жаратқаны ғой...» «Құдайдың шаруасы — құдайдың шаруасы. Біздің шаруа — біздікі, аға...» «Қой, өйдеме». «Енді қайт дейсіз?» «Құдайсыз болмайды ештеңе». «Аға-ау, бүгін жиырма бірінші ғасыр ғой». «Болса ше». «Ескілікті әңгіме-ертегіге елти бермеу керек». «Япыр-ай, енді...» «Ендігі жерде ерік өзімізде. Бәрінен тәуелсізбіз».
Сөздері жараса қоймаған. Інісінің алған бетінен қайтпайтынын білетін. Бала кезден сондай. Ойына алғанын істемей қоймайды. Жағаласып, жаға жыртысып жататын мінез жоқ бұда. Оның үстіне жағдайына қарап, жаны қалмай жүрген жалғыз бауыры. Көшкен жұрттың орнына кең сарайдай екі қабат үй салдырып берген кім. Мектепті о ғып, бұ ғып бітірген екі қызын қолына алып келіп, институтқа түсіріп, оқытып-шоқытқан, дипломдары қылып, жұмысқа орналастырған, ұзатып тойларын жасап берген кім. Осы жалғызы. Жыл сайын әйелі екеуін Сарыағаштың санаториясы және жіберіп алады. Шай-қанттары, киім-кешектерін де дер кезінде жеткізіп беру соның мойнында...
Ұлы асуға кіре берісте Алматы-Ташкент трассасын жағалап келе жатқан автобан құрылысы осында жақындай түскен тұста оның қосыны - үш-төрт вагон, түрлі техникаларымен көшіп келіп, өзеннің бойындағы қалың шоқ талдың саясына орналасқан. Бастығы әлде түрік, әлде қызылбас біреу екен. Қазақшаңа ағып тұр. Інісі тез-ақ тіл табысып алыпты. Семіз ісекті сойып, етін түгел астырып, арақ-шарабын үйіп-төгіп, жолшыларға ерулік берген. Одан кейін де жолшылар-дың әлгі әлде түрік, әлде қызылбас бастықтарын үйге оңаша әкеліп, ішкізіп-жегізіп, қалтасына көк қағаз салған және. Енді әне, соның арқасында жыланның ордасымен қоса, алаңқайды түгел тегістеп тастады. «Қап, әттеген-айлап» бұл тұр, сенделіп.
Інісі түйетауықтың етінен тұтас сырбаз дайындап қоюды тапсырған. Сәкіде дастархан жаюлы. Ішім-жемнің не түрі.
Бір кезде терлеп-тепшіп інісі мен әлде түрік, әлде қызылбас жетті желпініп. Інісі жайраң-жайраң.
— Әне, аға, алаңқайды түгелдей теп-тегіс етіп тастадық, — деді. — Амандық болса, күні ертең ол жерде барлық қызмет түрі бар комплексті заманауи дүниеміз тұрады, көздің жауын алып.
Бұл не десін, үндемеді.
— Таңғалғаным, — деп сөзге қонақ араласты. — Ордасында жылан көп болады екен ғой. Мылжа-мылжасы шығып, дымы қалмады. Әлде бірлі-жарымы қалды ма екен, тереңде.
— Қалсын, қалмасын, похи, — деді інісі сөзіне орыстың бір сөзін қыстырып. — Алаңқайды түп-түгел цементтеп тастаймын. Астына биіктігі жиырма-отыз сантиметрдей қиыршық тас төсеп.
— Қып-қызыл табыстың көзі. Осы заманның адамысың. — Вискиді шайқап ішіп, сырбазды тамсана жеп отырған анау бұған қараған. — Ағайдың көңіл күйі жоқ па. Не ойлап кеттіңіз?
— Обал-сауапты. Бұл суық сөйледі.
— Ол не еді?
— Қазақбайшылық қой. Ол бізде бар әлі, — деп інісі сөзге араласты. — Бұ кісілерге бәрі обал.
— Жандының барлығының обал-сауабы болады, — деді бұл демін терең алып.
— Көке-ау, қияндағы Қытай мен қиырдағы Европаға заманауи жол түсіп, ол дәл алдыңыздан өтіп жатқанда, андағыңыз не сөз.
— Өтіп жатқан жолдың соның айналасындағының барлығының амандығы ғой, менікі.
— Жыланның ордасы ма, сондағыңыз. Оның бар-жоғы кімге керек?!
— Өстіп бұзылады ғой, пиғыл.
— Пиғылдың қанша қатынасы бар бұл жерде.
— Бар айналайын, бар. Обал-сауап жоқ жерде бәрі бұзылады. Дүниең сөйтіп жатқан жоқ па. Үркіп жатыр бәрі. Шашылып жатыр. Биыл ғой, осы өңірде жер үш рет сілкінді. Бұрын-соңды оның қашан болғаны атамызға, әкемізге, ешқайсымыздың беймәлім. Шорылдақтың аспанға атқылап жататын суы тартылып, тереңге кетті... Осының барлығы Құдайдың ісіне қарсылықтан болып жүрмесін де.
Бұлардың әңгімесінің мәнін түсінбей, ағайындыларға алма-кезек қарап қойып, әлде түрік, әлде қызылбас вискиден ұрттап қойып, сырбазды соғып отырды.
— Сен келген сайын телевизордың антеннасын сұрайсың. Әдейі алып тастағам. Керегі жоқ оның. Қарағым келмейді, оныңды. Күн сайын небір сұмдық, көрсететіні. Ата-бабамыз естімеген, білмеген, көрмеген. Жаның түршігеді. Не болып барамыз. Не болмай жатыр. Иман қайда?! Құдай қайда?!
— Қойыңыз аға, қойыңыз енді. Қонақтан ұят. Одан да мынадан бір тартып жіберіңіз, — деп інісі елпілдеді.
Бұл аналарды жайына қалдырып, тұрып кеткен. Өкпесі қара қазандай. Кімге? Бәріне. Өзіне де. Өзегіне шоқ түсіп, оттай ыстық өксіктен өртеніп барады.
Түннің бір уағына дейін автобан салушылардың басшысымен ішімдікті біраз сілтеп, қызып алған інісін үйдің соның келіп-кеткенде демалатын арнайы бөлмесіне сүйеп апарып жатқызып, өзі әдеттегідей сәкідегі тапшан үстіне қисайған. Ұйқы қашқан. Ойына не келіп, не кетпейді. Баяғыда Құсатай жоқ болып кеткеннен кейін, араға біраз жыл салып, мұндағы жұрт жаңа орталыққа көшті ғой. Жаман ой, арам істен аулақ жүретін ағайынның сол жаққа барғаннан соң, айдың аманында әдепкідегі ақ жолдан айнып бара жатқандарын естігенде «е, құдай-лайтын». Сонда тәубаларын ұмытқаны ма. Есінде ғой, олар осында тұрғанда, ара-кідік айтысып, жанжалдасқандай болса, жылан ордасы жақтан ысылдаған дауыс сумаңдап қоя беріп, салғыласып тұрғандар селк етіп, сап тиылатын. Енді келіп... Құлағына ысыл ма, сондай бір суық дыбыс жеткендей, басын көтеріп алып, тұрып отырды. Көзі бүгін түте-түтесі шыққан алаңқай жақта. Ай жарығынан байқайды, ол тұс қап-қара. Кенет соған қарай жарық саулағандай болды. О, құдай, әлгі жарық жерге қонғанда, арасынан адамның сұлбасы елес берді. Анау кім? Құсатай... Сол ғой. Ия, сол... Көк есегі... Соқыр шал ер үстінде. Жан-жағына үңіле ме...
Мұның басы айналып, көзі бұлдырады. Денесі қалшылдаған. Үш ұмтылып орнынан әзер тұрды. Алаңқай жаққа мойнын қайта созып еді, жарықты төбесіне көтеріп, қалқып бара жатқан жаңағы сұлбаны көрді...
— Сәскеге дейін жата ма бұ, жұрт, — деген әйелінің даусынан оянған. Таң ағараңдағанға кірпігі әзер айқасып еді.
— Төрежанды оятсаңшы, шай дайын, — деді әйелі.
Екінші қабатқа көтеріліп, інісінің есігін ашқан. Со мезет тоққа түскен адамдай, тіл-ауыздан айрылып, тұрған орнында тұншығып, құлап бара жатты. Інісінің мойнына сала құлаш қара бас ақ жылан оратылып қалыпты.