- 28 қар. 2023 00:00
- 294
Жеңімпаз Жәмила (ертегі-қойылым)
1-Автор:
— Алматы деген шаһарда, Жәмила деген қыз өмір сүріпті. Бірде Жәмила көшеде келе жатып, жолдан 10 000 теңге тауып алады. Осы кезде оның миында, екі түрлі ойдың тартысы басталады.
(Сахнаға ақ киім киген екі қыз және қара түсті киім киген екі қыз шығады.)
1-ші Ақ Ой:
— Жәмила, ешқайда кетпей, осында тоса тұр. Ақшасын жоғалтқан адам қазір келеді.
1-ші Қара Ой:
— Жәмила, айналаңа қарашы? Ешкім жоқ! Ал да кете бер! Кім сені кінәлайды? Ешкім! Тез, кетіп қал. Жылдам!
2-ші Ақ Ой:
— Жәмила, төбеңнен Жаратқан Иең қарап тұр. Екі иығыңдағы періштелер жазып жатыр. Ана дүниеде жауап бересің! Кетпе! Тұр осында!
Жәмила:
— Жақсы, күтемін. Иесіне қайтарып беремін.
2-ші Қара Ой:
— Қап, мына қыздың қырсығын-ай! Қазір.. (жүгіріп кетіп қалады да, балмұздақ сатушыны алып шығады.)
Балмұздақ сатушы:
— Балмұздақ сатам, балмұздақ! Дәмі тіл үйіреді. Жаңғақ қосылғаны, құлпынай, таңқурай қосылғаны, шоколадты, шоколадсызы бар.
(Жәмила ақшаға бір, балмұздақ сатушыға бір қарап алып, бірнеше мәрте оқталып, бірақ алмай қайтып кетеді.)
Сатушы:
— Әй, қыз! Аласың ба? Алсаң жылдам алып ал, сосын қайта келмеймін.
Жәмила (тамсанып):
— Ммм, қап, не ғой. Жарайды, ешнәрсе емес! (Өз-өзін зорға ұстап, тұрып қалады. Сатушы кетіп қалады. Ыза болған 2-ші Қара Ой, киім сататын саудагерді ертіп келеді.)
Саудагер:
— Көйлек сатам көйлек! Он мыңға екі көйлек беремін. Қызылы бар, жасылы бар. Жылтыры бар, асылы бар. Алам десең алып қал! Мұнда қайта келмеймін! Енді арзанға бермеймін!
(Жәмила көйлектерге қызығып қарап қалады.)
Саудагер:
— Әй, қыз! Аласың ба? Егер алмасаң қайттым?!
Жәмила:
— Жоқ, рақмет! Алмаймын!
(Саудагер кетіп қалады. 1-ші Қара ой аспазды ертіп шығады.)
Аспаз:
— Дәмді бәліш бар. Тәтті күлше бар. Анаңа апарып бер де, алғысын ал!
(Жәмила жүгіріп барып, тұрып-тұрып қайтып кетеді.)
Аспаз:
— Әдемі қыз! Анаңа тәтті бәліш алмадың ба? Неге айнып қалдың?
Жәмила:
— Рақмет апай! Келесі жолы алармын. (Тұра береді. Осы кезде сахнаға бір қыз шығып, жерден әлдене іздегендей болады. Жәмила қасына жетіп барады.)
Жәмила:
— Сіңлім, не іздедің?
Қыз:
— Он мың теңгемді түсіріп алдым. Анам ұрсатын болды.(Жыламсырайды.)
Жәмила:
— Жылама, ақшаңды мен тауып алдым. Келгенің қандай жақсы болды! (Қуанып, қызға ақшасын қайтарып береді. Осы кезде фан-фара ойнап, сахнаға блогерлер шығады.)
1-ші блогер:
— Қарындасым, жарайсың! Есімің кім?
Жәмила:
—Жәмила!
2-ші блогер:
— Жәмила, бұл «пранк» болатын. Яғни «ойын». Сені тексергіміз келді. Мына 10 000 теңге сенікі! Оған қоса мына 20 000 да!
3-ші блогер:
— Саған осындай дұрыс тәрбие берген анаңа мың алғыс!
4-ші блогер:
— Саған тәтті бәліш! Өзіңе әдемі көйлек. Үлкен балмұздақ сыйға береміз! Жүр, үйіңе жеткізіп қояйық?!
(Жәмила қуанғаннан бір жылап, бір күледі. Барлығы оны құттықтап, улап-шулап шығып кетеді. Сахнаға Ақ Ой мен Қара Ой қайта шығады.)
1-ші Ақ Ой:
— Қара Ой, жеңілдің бе?! Үнемі сенің жолың бола бермейді. Қазір адал, жақсы жастар көп! Шүкір!
1-ші Қара Ой:
— Ия, бір жолға сенен жеңіле тұрайын. Келесі жолы міндетті түрде жеңемін! (Кетеді)
Автор:
— Құрметті оқушылар! Егер сендер де ақша тауып алсаңдар, қай Ойдың тілін алар едіңдер? Кім нәпсінің тілін алады, ол шығынға ұшырайды. Кім ақылға бағынады, мол сыйға кенеледі! Ойланыңдар!
(Кетеді.)
Г. Қасенбай