Тапқыр ханша (ертегі-қойылым)
Автор:
— Баяғыда бір хан болыпты. Ханның үш қызы бар екен. Бірде хан қыздарының білімін тексеру үшін, алдына шақырады.
(Сахнада хан, уәзірлері, ханымы, мұғалім және үш ханшайым отырады.)
Хан:
— Менің сүйікті де сүйкімді ханшайымдарым! Мен ұзақ уақыт бойы алтын шығындап, мына мұғалімге сендерді
оқуға бердім. Қазір мен бірнеше сұрақ қоямын. Егер сол сұрақтарға ешқайсың жауап бере алмасаңдар, мұғалімнің басын аламын!
Бас Уәзір:
— Бірінші сұрақ. Өтірік өлең айтасыңдар! Арасында бір шындық сөз болса, қабылданбайды.
Екінші уәзір:
— Екінші сұрақ. Бір сөз айтасыңдар. Хан сол сөзден кейін, қатты ойланып қалсын. Ойға батыра алмасаңдар, білесіңдер... не боларын?!
Үшінші уәзір:
— Үшінші сұрақ. Бір сөз айтасыңдар! Сол сөз ханды қатты қуанту керек! Қуандыра алмасаңдар... білесіңдер не боларын?!
(Мұғалім қорқып қыздарға қарайды. Қыздар бір-біріне қарап, арасындағы ең пысық, ақылды, кіші ханшайым сөз алады.)
Кіші Ханшайым (Сафия):
— Әкетай, дат!
Хан:
— Датың болса, айт қызым!
Кіші Ханшайым:
— Әкешім, екі әпкемді білесіз! Көп сөйлей бермейді. Олар нақты ғылымның адамы. Рұқсат болса, мен барлық сұраққа жауап берейін!
Хан:
— Рұқсат, баста!
Кіші Ханшайым:
— Әкешім, бүгін түнде ұйқыдан оянып кетіп, абайсызда жаным періштенің тәніне кіріп кетіпті. Содан жүрейін десем, жүре алмаймын. Тек ұша берем! Бір минутта ұшып айға барып, жүз жұлдыздан алқа тағып келдім. Рұқсат болса, осы әңгімені өлеңмен жеткізейін?!
Хан:
— Бәрекелді! Жарайсың қызым! Жалғастыра бер!
Кіші Ханшайым:
— Мен бүгін періште боп ояныппын,
Тұра сала ғарышты айналыппын.
Айға барып қауын мен қарбыз егіп,
Мың қапқа сап, сарайға қайта түстім.
Келсем менің бейнемде бір періште,
Отыр екен кете алмай байғұс халде.
Тәнімізді қайтадан ауыстырып,
Мен мұнда, қайта кетті ол көгіне!
Хан:
— Тамаша! Ұстазыңа мың алғыс! (Мұғалім қуанып, қозғалақтап қалады.)
Екінші уәзір:
— Кіші Ханшайым, ойға батыратын сұрақ қойыңыз!
Кіші ханшайым:
— Әкешім, әлемде төрт мұхит барын білесіз! Сол мұхиттардың бірі Атлант мұхитында, Бермуд Үштағаны бар. Үстінен ұшқан ұшақ, жүзген кеме жоғалып кетеді. Не себепті деп ойлайсыз?
Хан:
— Расында бұл өте бас қатыратын сұрақ. Бұл кезеңнен де өттің! Жарайсың!
Үшінші Уәзір:
— Хан Иемді немен қуантасыз, Ханшайым?
Кіші Ханшайым:
— Әкешім, мен сіздің дүниелік игілікке қуанбайтыныңызды білемін! Өйткені сіз өте байсыз! Сондықтан сіздің атыңыздан үнемі садақа беріп жүрдім. Бірде түсіме пайғамбарымыз Мұхаммед салла аллаһу ғалейһи уа ассалям кіріп, әкең сенің садақаларың себепті, Жәннатқа кіреді!- деп айтты. Бәлкім осы жаңалық сізді қуантар?!
(Хан қуанып, көзіне жас алып, салауат айтады.)
Хан:
— Алтын қызым менің! Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы!-деген мақалды тағы бір дәлелдедің. Жарайсың!
Қазынашы, мұғалімді қазынаға апар! Көтере алғанынша алтын бер!
Қазынашы:
— Құп болады, Хан Ием!
Мұғалім:
— Хан Ием! Маған жасаған жақсылығыңыз мың есе боп ұрпағыңыздың алдынан шықсын! Алғысым шексіз!
Хан:
— Ал, енді барыңдар! Мен де азырақ тынығып алайын.
(Барлығы кетеді. Сахнада қалған екі үлкен Ханшайымдар кіші Ханшайымға сыйлық беріп, алғыстарын білдіреді.)
Үлкен ханшайым:
— Алтын сіңлім менің! Мың алғыс саған! Жаратқанның сен секілді сіңлі бергеніне шүкір!
Мына сыйлық саған! (Шағын қобдиша беріп, құшақтайды.)
Кіші Ханшайым:
— Жарайды әпке! Ол үшін сыйлық берудің қажеті жоқ. Рақмет.
Ортаншы Ханшайым:
— Ақылды сіңлім, данышпан ақыным! Бүгін мұғалімді ғана емес, баршамызды абыройсыздықтан құтқарып қалдың! Мынаны игілігіңе тақ! (Алтын сақина сыйлайды.)
Кіші Ханшайым:
— Ой, әпкетайым! Сізге де мың алғыс! (Құшақтайды. Осы кезде Ханша (анасы) келіп кіші қызының маңдайынан сүйіп, былай дейді.)
Ханша:
— Ақылдым менің! Үнемі «Кітаптан бас алмайсың!» - деп ұрсушы едім. Бүгін сол үшін қатты қуандым. «Білім — таусылмас кен, ақыл — тозбайтын тон!» - деген осы екен ғой?! Жүріңдер, мұғалімнің аман қалғанына арнап халыққа ас берейік! Ел-жұрт оқу-білімнің қандай абыройлы ететінін білсін!
(Барлығы кетеді.)
Гүлмекен Қасенбай