Жүн жайғанда
Бұл — 1915 жылдың июнь айында болған оқиға. Сібірдің бір қаласы. Есіл тасығанда қалған ұсақ-ұсақ қара сулардың суалмаған, құрымаған кезі.
Күн төмен қарай сырғанап, қаладан екі-үш шақырымдай қашық тұрған шойын көпірдің төңірегіндегі тоғайдың ішіне қызара бөртіп жасырынып барады.
Дәл осы кезде мойкадағы жүн шайған, жүн жуған, жабағы кептірген, үлкен-үлкен қаптарға жүн, жабағы толтырған қазақ татары аралас жұмысшылар да жаяу жалпылап қалаға қарай шұбырып жатты.
Қыз-келіншек... Жас-кәрі... Бала-шаға... Мойкамен қаланың арасы екі шақырымдай жер еді. Мен өзім сияқты жүн жаюшы көрші жұмысшылардың арасында өкшесі қисық, аяғымды қажаған етікті кендір жіпке байлап, таяқтың басына іліп, иінге салып, алды-артыма жалтақтап, ақсай басып келе жаттым.
У-шу...
Мойкадан былай шыға бергенде-ақ, мойка жұмысшылары арасына шөп тиеп әкеле жатқан шөпшілер де, Есілге кір шайған қатын-қалаштар да, далада жатып мереке құрып келе жатқан сырнай-кернейлі далашылар да, ат баққан балалар да жолшыбай қосылып араласып кетті.
Ұзақтың сары күні шаң-шайырдың арасында жүріп қажыған жұмысшыларға (мойкашыларға) бұл бір дағдылы жұбаныш, көңілашар кешкі бір көрініс еді.
— Қарақас, қосылып жырлап бақ әлі,— деді бір жұмысшы татар қасында келе жатқан тапалтаң, қара торы татар әйеліне. Сүйдегенше болған жоқ.
— Ал Қарақас, жырла! Жырла!— десіп алды-артымыздағы тұнжырап, иығы төмен салбырап келе жатқан әйел-еркегі аралас жұмысшылар да манағы әйелдің маңына иіріле қалып.
Қарақас отыздарға келген, нақырұстау, есі аздау, жеңіл мінезді, бір жесір әйел еді.
— Қойығызшы, жырламаймын, қарын ашты әлі. Нан бергіз жырлаймын,— деді сықылықтай түсіп Қарақас.
Бұл байғұс әйелді кім көрінген мазақ қыла беретін.
— Нанды жырлап алып же,— деді менің қасымда келе жатқан Домбай деген бала.
Қара жолдың бір жақ жиегіндегі далашылар гармонь даусын үзбестен, қалаға жеткенше тартып келеді. Көбі мас.
Күн тоғайдың артына жасырынды. Биік жардың үстіндегі қаланың көшелері шапақтың сәулесі түсіп қызарып, кейбір әйнектер жалынданып, шоқтай боп жайнап тұр.
Әлден уақытта Қарақастың жырлаған даусы шықты.
Сам саманат келген шақта,
Капказ меркөз нол бирә,
Біз сияқты нетімлергә,
Құдай өзі жөн бирә,—
деп қойды Қарақас.
— Атаңның басы құдай береді. Ұзақ сары күнге жұмыс істеп, қап түйгіштеп алғаның 75-ақ тиын. Берер саған!— деп қойды сырт жақтан бір жұмысшы.
Бергіз нанығызны!— деді Қарақас, біраз жырлап алып. Нан берген ешкім жоқ. Өйткені ешқайсысының да тамақ салатын дорбасында нан жоқ, құлдырап тұр еді.
— Е-е-е... Қарын ашты... Бүгінгі алған 40 тиынға нан аласы бар әлі,— деп Қарақас топтың ортасынан жырылып қалаға қарай зымырай жөнелді.
Қыран-топан күлкі.
Қала жақын... Төбесін шырмап, көшкен бұлтқа ұсап тұрған паровой тиірмендердің ұзын-ұзын мұржасынан шыққан түтін тұман сияқтанады.
Сонау дөңесте мөңіреп, азан-қазан боп, қаланы бастарына көтеріп, қаланың табаны да көрінді...
— Қарақас қалаға бәрімізден бұрын кірді,— деді Домбай.
Мен жас бала едім. Маған мойканың бір жұмысынан бір жұмысы қиын көрінді. Сол кезде мойка үшеу еді. Олардың аттары: «Қажы мойкасы», «Ахметжан бай мойкасы» және «Орыс мойкасы» делінетін. Мен Қажы мойкасында едім. Далаға жайған жүннің бір жақ бетін күн қызуы кептіргеннен кейін, жүнді бастан асыра лақтырып, аударыстыра бастаған кезіміз еді. Байдың приказщигі қолымнан жетелеп алып, мені бақауыздың ішінде қапқа жүн толтырып жатқан жұмысшылардың арасына әкелді.
— Анау бақауыздың бұрышында төбеге тиеп тұрған жүнге мініп, бері қарай құлата бер, мынау қыз-қатындар арбаға жығылта берсін. Ақыңа жалғасы 10 тиын өсіреміз... Қане, болыңдар!— деді.
Үш-төрт бала жығыла-сүріне жоғарыға міндік. Шаң-топырақ шайырдың сасық иісі...
Жұмысшылар әбден ентігіп шаршаған кезде, түс ауа, түскі тамаққа шақырған керней даусы құлаққа естіледі.
Әрқайсысы істеген ісін тастай сала, бараққа қарай жүгірді. Үш төрт бала біз-дағы жүн төбесінен төмен қарай домаладың.
— Қарақас, Қарақас!..
— Әу-у-у...
— Айда баракке... Нан ашыйбыз... Нан!..
Дауыс шыққан жаққа мойнымды бұрсам, бірнеше татар қатындары барақтың алдындағы қырық шелектің үлкен көк бөшкенің маңында беті-қолдарын жуып жатыр.
Қатындар қараған жаққа мен де қарадым.
Еңгезердей былшық сары, байдың приказщигі, жұмысшылардың үстінен бақылап тұратын дәберней, бақауыздың сыртында Қарақасты жібермей қолынан бақауызға қарай тартады. Қарақас біресе тұра келіп шіреніп, біресе жерге аунап дәбернейдің ыңғайына бармайды.
— Жібер... Жібер. Қажы абзыйға айтам...
— Ыш-ыш! ...Бүгінгі ақыңды арыттырамыз... Біз жыбырлаған барақ үйлердің ішіне кіріп кеттік.
Жұмысшылар тамақтанды.
Тағы да керней. Барақтағылар асып-сасып әрқайсысы өз жұмыстарына қарай шұбырды. Біз таңертең бір жерде болған үш-төрт бала бәрінен де бұрын бақауызға жүгіріп келдік. Жоғарғы жүннің төбесіне мінгендей болған жоқ, бір бұрышта жүн өзінен-өзі қыбырлап сілкініп, дәбернай жігіттің басы жүннің арасынан қылтиып көріне қалды.
Біз бір-бірімізге қарадық.
— Айда, бұл жерден енді кетіңдер, мұнда жұмыс бітті... Жүн жаятын жерге барыңдар! Жылдам!
Дәбернайдың сүйткен дауысына жоғарыдан домалап түсіп, секіріп бақауыздан шыға жөнелдік.
— Мұнда не ғып жатыр екен?— деді Домбай.
— Арақ ішіп жатқан шығар,— деді бір бала.
— Сен білесің бе?
— Білмеймін...
Күн дағдылы ұясына қарай сырғып барады. Тағы да кеш. Тағы да күндік ақыны үлестіретін дәбернайдың алды.
Қолдарына бір-бір жапырақ қағаз ұстаған мойка жұмысшылары қатарға тұрып, өз кезегімен күміс-бақыр аралас ақшаны сылдырлатып алып жатыр. Ақшаның көбі бақыр, бір күміс тисе, ол бір қуаныш.
Күндік ақы алушылар ақыларын алып, азайып келе жатқан кезде, әлдекімді балағаттаған дәбернайдың даусы шықты.
— Сен бүгін жұмысты аз істедің.
— Нигә?.. Нигә!.. син өзің бит... өзің бит...
— Мә, тағы да 5 тиын.
— Жоқ— жоқ алмаймын...
— Неге?
— Миңа бір сом дедің...
— Не үшін?
— Өзің устерәп жібермудөң иш. Бир сом бирәм дидең.
Ілгері ұмтылып барып қарасаң, жанжалдасып жатқан Қарақас екен. Дәбернайдың қасына омыраулап барып қалған жерде дәбернай кеудесінен итеріп жіберіп, Қарақасты шалқасынан түсірді.
Қарақас өкіріп тұрып жылады. Біреу аяйды, біреу күледі...
Бүгін жұмыстан өте кеш босандық. Қас қарайып барады. Жұмысшылар күндегісіндей жаяу-жалпылап, қалаға қарай шұбырды. Мойканың бір жағындағы екінші, үшінші қара суға дейін барақта жападан жалғыз жылап қалған Қарақастың дауысы естіліп тұрды. Мен ол күні 10 тиын артық алдым. Жап-жаңа 10 тиындық күміс еді.