Түнгі көбелек
(Талпынып жарыққа шыға алмаған әйел)
Жаз...
Июнь, июль айларының кезі...
«Жылымдының маңайы қаптаған қалың ел. Бір ауыл мен екінші, үшінші ауылдардың арасы жарты шақырым, ең алысы бір шақырым шамасында.
Сонау күн шығыс жақ ұшы-қиыры жоқ кең даланың арғы бетінде, кейде сағым көтерген көшкен бұлт сияқты боп, кейде мұнартып, түтінденіп, өртеніп, уыстанып қалың орман сияқты боп Жамантау жалғыз көрінеді.
Бір жақ бетің — бірталай жерге дейін сұлап жатқан дала, бір жақ бетің — бірталай жерге дейін селдір шоқ. Арманырақ көз жүгіртсең қалың орман етектеніп отырып күн батыс жақ, солтүстік жақ белдеуге қарай тартады. Жердің өңі бұйраланып, жиектеніп тұрған аппақ селеудің көптігінен, күздігүнгі бұрқырау сияқтанып елестейді. «Жылымдының» жиегі қалың көк ала қамыс, суы дәл ортасында айнадай боп жарқырап жатыр. Аспандағы бұлттар көлдің бетінде жүзіп жүрген сияқты. Күн көл бетінде күлімсіреп тұрған сұлу қызға ұқсайды.
Анда-санда мұңды даусы жүрегіңді тіліп жібергендей сыңқылдап, ұшып-қонып жүрген шағалалар да көрінеді.
Жаздың әдемі кездерінде Жылымды жағасындағы дөңеске шығып, тамаша қылып отырсаң — маңайдағы жаратылыстың күндізгі бір көркі осындай еді.
Біз, елге тынысқа барған, Көпен екеуіміз, түс ауа сол Жылымдының жағасында дөңестеу бір жерде шалқамыздан түсіп жатыр едік. Көпен әлгідей болмай шоқиып отыра қалып, ауыр күрсінді.
— Е, не қылды? Қатының өлді ме?— дедім.
— Қайдағы қатын? Менде қатын бар ма?— деді. Әшейін бірдеме есіме түсе қалды... Бұл надан адамдардың өзі жастықтың қадірін білмейді екен-ау!— деп жан-жағына қаранып алды.
Мен де басымды көтердім.
— Мен саған, азғантай болса да, бір әңгіме айтайын ба?.. Тыңдайсың ба?— деді Көпен.
— Е, айт. Тыңдайын!— деп, мен-дағы Көпеннің қасына таман жанбастап қисая кеттім.
Көпен әңгімесін бастап жүре берді.
— Әне!.. Оңтүстік жақ даланың бір бетінде Жылымдыдан бір-екі шақырым қашығырақ қараша үйлері аралас Жағалбай ауылы отыр. Ол — маған көптен таныс ауыл. Жас кезімде мен сол ауылдың молласынан оқығам. Сол ауылдағы Сағындықтың үйінде жатқам. Онда, менің әкем тірі еді, мені аямады. Шыбығынан кедей балаларының қаны тамған Бектас дейтін моллаға оқуға берді. Менімен бірге Сағындықтың қызы Айғаным да оқыды. Айғаным есіме түскенде молланы ұмыта кетемін.
Міне, мен молланы ұмыттым...
Мен ауыл арқылы Айғанымды кездестірдім. Ол кезде мен қандай жас болсам, Айғаным да сондай жас еді. Әрі кедей, әрі жетім болсаң, жасыңда не көрмейсің? Әкем мені барлығынан оқытпаған жоқ, кедей еді. Бір жағынан, мен Сағындықтың үйінде жатып оқу оқысам, екінші жағынан, мен Сағындықтың қойын бақтым. Егін уақытында егін басында болдым, шөп шабыстым, машинаға отырдым, ат айдадым... Еңбек менікі, істеген ісім Сағындық үйінікі болды.
Мен осы еңбегіммен оқу оқыдым. Мұның бірі де менің көңілімді өсірмеді. Бері келе мен мұны қаперіме де алмайтын боп кеттім. Өйткені, Айғаным маған жұбаныш болды. Айғаным екеуміз кәдімгідей сырлас болдық. Сол ауылда мені атайтын, менің жүрегіме жылы сөз тигізетін Айғаным ғана еді десем қалай өтірікші болар ма екем?!.
Кейде сабағымды білмей жылап, кейде Сағындықтың боқтығын естіп, үйдің сыртына шығып, әке-шешемді, өткен күндерімді ойлап мұңайып отырсам, жалғыз Айғаным ғана жүгіріп келіп:
— Көпеш!.. Неге бүйтіп отырсың? Біздің ағам тіпті өрескел кетеді... әлде молланың манағы ұрғанына жылап отырсың ба?.. Ағамдар үйде жоқ. Жүр ендеше, сабадан қымыз құйып ішейік,— дейтін еді.
Міне, мені Айғанымның өзі де, сөзі де сөйтіп жұбататын. Мен кім? Мен бір малай, қойшы. Айғаным кім?.. Ол ма? Ол — Сағындықтың қызы, байдың еркесі. Ол мені неге аяйды? Ол неге әке-шешесі сияқты тас бауыр емес? Әлде мені аяу үшін ғана туған Айғаным ба?!. Сен мені ертегі айтып отыр ғой дейтін шығарсың?.. Мен саған ертегі айтпаймын. Мен Айғанымды айтамын. Ертегінің жын-перісі, сұлуы, ханы, алтын сарайы менің Айғанымым тұрғанда адыра қалсын!.. Шырағым, мен басымдағы қалпағыммен, үстімдегі жұқа пальтоммен, аяғымдағы бәтеңкеммен көктен түсе қалған Көпен емес едім. Дауым жоқ, сен де солай шығарсың... Тыңда!.. 1920 жылдың февраль кезі. Қыс. Далаға шықсаң, кешегі жайлау есіңнен шығады. Сықырлаған қар, сидаңдаған қыстаудың ағаштары, қар басқан қыстаудың үйлері!.. Кешегі бар деп жүрген тамықты еске түсіреді.
Төрт-бес жыл дәмдес болған ауылды тастап, үйге кетейін деп жүрген кезім. Әкем науқас боп төсекке жатып қалғандықтан, шешем қалаға қатынап тұрған ауыл адамдарының біреуіне: «Баламды әкеп тастаңдар. Әкесі науқас. Мен өзім кісі үйінің шаруасында жүрмін» деген екен. Айғанымды тастап кетемін деген ойым жоқ болса да, үй ішімнің анадай күйі мені екі оттың ортасына салды. Бірақ іш жаққа көңілім ауа берді. Ойлап болып, «қайтамын» деуге бел байладым.
Қалаға жүретін күннен үш күн бұрын ауылдағы Томпақбай дейтіннің үйінде қатыны жас босанып, шілдеханасымақ бірдеңе болды. Айғаным екеуміз сонда болдық.
Шілдеханың жайын өзің білесің ғой. Ойнадық. Өлең айттың. Баяғыда Қоянды ауылында болған Нұркей ақынның бір ауыз өлеңі менің аузымнан түспейтін. Қай жерде өлең айтуға кезек келсе:
Дәл тоқсанға келгенде торғайдайсың.
Көшкенде өз атыңды зорға айдайсың.
Қатын-балаң тіліңді алмаған соң,
Күл сабап, ат басында ойбайлайсың,
дей беретін ем. Мұнда да соны айтып, отырған жұрт қыран-топан болды. Мұны маған Төпеңнің үйіндегі әжем үйретіп еді.
Сол күнгі шілдехана ойын-сауықпен, жаңа дүниеге шыққан сәбидің қуанышты кеші тәрізденіп өте шықты. Бұл шілдехана менің ауылдағы көрген шілдеханамның ең соңғысы еді. Ертең жүремін, кешке таман, Айғаным екеуміз Разияның үйінде отырып көп сөйлестік. Айғанымның сенімді сырласы Разия ғана еді. Сол күні кешке Разияның күйеуі маңайдағы орыс поселкесіне кетіп, содан қайтқан жоқ еді. Үй оңаша болды. Менің Разияға айтқан сондағы сөзім мынау еді:
— Менің де, Айғанымның да сырын өзің білесің. Мен болсам жиырма-жиырма бірдемін. Айғаным болса, он жеті он сегізге келіп қалды. Әлі ешкімге отастырған жоқ... Мұндай қыздың көбі осы күні басына кимешек салып, әлди қағып отыр. Біздің баяғыдан бері сырлас екенімізді өзің білесің... Мен бұл сырымды сенен басқа біреуге айтсам, ол маған: «Сары майдан дәметкен кеудең құрсын» дер еді. Неге? Әрине, баяғыдан бергі ата құрпымен қарағанда, мен Айғанымға тең емеспін. Менің мыңдаған қой, жүздеген жылқым жоқ. Қыз айттырып, қалың мал беру түгілі, ішкен асқа да, киген киімге де әрең жарып отырған адамбыз. Әкем науқастанып жатыр. Шешем қала байының үй ішіндегі күң боп жүр. Мен болсам төрт-бес жылдан бері қарай кісі есігінде жатып оқу оқып, әрі малайлықта жүріп енді, міне, үйіме кетейін деп отырмын. Менің қалаға барып не боларым белгісіз. Сол сияқты Айғанымның да мұнда қалып не болары белгісіз. Мінекей, Айғаным қасымызда отыр ғой, өзінің ойын айтсын. Кім біледі, әлдеқандай байдың баласы ауызға алып, иемденіп отыр ма?.. Күн белгілеп, екі ортаға жеңеше жүргізгелі отыр ма?..
Мен осы сөзді бастай бергенімде, Айғаным шынтағымен түртіп қалып:
— Қойшы әрмен! Мен малға сатыламын деп отырмын ба. Әуелі ағамның алдынан өтейік. Онан өнімді ештеңе шықпаса, қаладан төрт-бес жігіт әкеліп, мені алып кет. Мен дайынмын!— деді. Айғаным бұл сөзді оп-оңай айтты. Бірақ менің үшін бұл оңай көрінбеді. Сағындықтың мені маңайына жолатпайтынын білемін ғой, әйтсе де, Айғанымның бұл сөзіне қуанғандай болдым. Қуандым. Разия өз басындағы бұрынғы жетімдік, кедейлік, малға сатылғандық мұңын айтып келіп:
— Байлықпен адамның өмірін сатып алу қиын ғой. Жастық әр адамға бірдей. Ақ батадан қорқып қырық-елуге келген адамға он төрт жасымыздан күйеуге шығып отырмыз. Байдың баласына барып қарық боп отырған қазақтың әйелі жоқ. Бір-біріңде көңілдерің болған соң, қамығудың не жөні бар? Уәделесіп, құдайға тапсырып қойыңдар. Еркемнің (Айғанымның), бұдан былай қарай да сырлас, мұңдас боп, теңіне, сүйгеніне қосылғанына тілектес бола жатармыз. Ер жігіттің қолынан не келмейді. Тәңір жазса, бір күндегідей болмас. Әуелі құдай, екінші мен куә!— деді.
Соңғы түн, соңғы түндегі сыр сол бойынша түйінделіп қалып отырды.
Мен қалаға жүрдім.
Жиырма бір, жиырма екінші жылдар өтті. Жиырма үшінші жыл келді. Мен есейдім. Өзімдей адамдардың қатарына кірдім, оқу оқыдым. Дүниені таныдым, кім дос, кім қас екенін айырдым. Сүйтіп жүріп үкімет міндетін артып, бір кезде ел аралауға шықтым.
Жаз еді...
Баяғы мен көрген ауылдар, жерлер көзімнің алдынан өте берді. Әрбір жайқалған ағаш, қимылдаған шөп-шөлек, көгерген дала, ұшқан құс, жайылған мал енді не болар екен деген секілденіп жым-жырт боп алдымнан өтіп жатыр. Күн жымияды, кейде ұсақ бұлттар бүркене қойып жасырынады, ұялған іспетті болады...
Даланың әдемі қош иісі мұрнымды жарып, көңілімді өсіріп, жүрегімді тулатып әкетіп барады...
Біз ел аралап болыс-болыста жиылыс өткізгелі келе жатқан үш кісі едік. Үшеуіміз де бір арбадамыз.
Ел онда қыстаудан алыстап, жайлауға бет түзегі отыр еді. Жағалбай ауылынан төрт-бес шақырым бері бір ауылға күн бата келіп түсе кеттік. Таныс ауыл адамдары бала-шаға барлығы менің маңайыма жиылып, қасымдағы жолдастарға менің бұрынғы күндерімді, жас кезімдегі мінездерімді, өздерінің баласындай болғандығымды айтып түсіндіріп жатыр. Әсіресе, мұны сол кезде тірі кәрі-құртаңдар-ақ әлсін-әлсін айтып қоймайды. Кейбір қызу келіншектер:
— Көпен орыс боп кетіпті ғой, бетім шіркін-ау. Екі жақ шабындағы (галефе шалбарды көріп) есектің құлағына ұсап қоқырайып тұрған неменесі?— десіп біздің үстіміздегі киімдерімізге мін тағып, таңырқап, бірін-бірі шымшып қалып, сыбыр-күбір етіп тұрды. Бұлардан Айғанымды сұрасам қайтер екен? Қой! Әзір сырымды білдірмейін, ауыл арасының өсегі көп болатын деп, бір ойлап қойдым.
Жүрегім лүпілдеп, көңілім ұшып тұр. Айғаным сенің келе жатқаныңды білді... Үйдің сыртына шығып, сені күтіп, телміріп қарап тұр.
Ол сені сағынды, Айғаным осы күні тал шыбықтай бұралып, бота көзі жаудырап, қасы қиылып, қара шашы толқынданып, шолпысын сылдырлатып кіріп-шығып дамыл таппай жүр... Бар жылдам, бар, ұш! – дейтін сияқты.
Біз отырған үйге ауыл адамдары жиналып келеді. Бір уақытта бір-екі адаммен Сағындық кіріп келді. Мен аңқия қалдым... Сәлем бердік, қол ұстастық. Сағындық менің қасыма таман келіп отыра кетті. Сағындықтың әрі-беріден соң сұрағаны — сайлау болды.
— Сайлауға келген шығарсың? Қашан басталады?— деді. Біраз отырғаннан кейін, ымдап мені далаға шақырып әкетті.
Айғаным туралы бірдеңемізді біліп қойды ма екен деп, шыға беріп, ойланып келемін. Жүрегім дүрсіл қағып қоя берді. Бірақ Сағындық ол туралы ештеңе айтпады. Оның айтқаны басқа болды.
Өзінің осы сайлаудан үміті барлығын, әрі асса — болыстықтан, бері келсе — ауылнайлықтан дәмелі боп жүргендігін айтты. Бірақ бұл маған жұбаныш болмады. Ұққаным жоқ, тек «не» дей бердім. Бұл келгенде, біздің ниетіміз сайлау өткізу емес, сайлау алдынан кедейлерге түсінік беру, жиылыстар өткізу екендігін айтып, қысқаша түсіндіріп өттім. Сағындық менің мұнымды жөндеп тыңдаған да жоқ, қолындағы салт қамшымен жүн шекпенінің етегін қаққылай беріп:
— Өзімізде өскен бала едің. Заман болса мынандай болды. Осы күнгі закүн қит етсең-ақ, боржайсың дейді. Оған еріп көн етігі етіне қатқан кедейлер−дағы төбемізге шығып барады. Түнеугүні Айғанымды берген жерден пәлен мал алды, қызын малға сатты деп, сол кедейлердің біреуі мені сотқа мәлімдепті. Ел аралап жүрген сот ертеңнен арғы күні біздің ауылға келсе керек,— деп қоя берді.
Өне бойым шымырлап, ыстықты-суықты боп кетті. Не айтарымды білмедім. Ішімнен: «Ендеше, жаның шықсын, ендеше, жаның шықсын»— дей бердім.
Сағындық тағы да сөйлей бастап еді, бірақ мен оны тыңдай алмадым. Сөзі құлағыма кірмеді. Бар қайратымды бойыма жинап алып, білдірместей боп:
— Қайырлы болсын... Айғанымды құтты жеріне қондырыпсыз. Қай ауылда? Кімге?— дедім.
Менің мұны сұрағандағы ойым не де болса Айғанымды бір көру еді. Сағындық бұл туралы маған жөнді жауап бермеді. Әйтсе де, Айғанымды алған Қоянды аулындағы Сарбастың он екі жасар баласы Әбділда екендігін білдім.
Сағындықпен көп сөйлесуге орын қалмады. Оның ендігі әңгімесін сайлау туралы дәмесін менің тыңдағым да келмеді. Қош айтысып айырылысып кеттік.
Бұл ауылда бір түн қондық. Мен сұрамасам да ауылдың қыз-келіншектері Айғаным туралы хабарды маған түгендеп айтты.
Айғанымның ұзатқан жерінен жаяу қаша жөнеліп, қара суға түсіп өлемін дегендегісін, әке-шешесінің үйінде науқас боп жатқандағысын, кейбір мыстан кемпірлердің дуа қыламыз десіп әлдеқандай ішірткелер бергендегісін, «екі жасқа махаббат бер» деп дүмше молдалардың Айғанымға дем салғандағысын — бірін де қалдырған жоқ, ауыл жастары маған айтты.
Ең аяғында:
— Төре болдың ғой, Айғанымның көз жасына қалма, Әбділданың тепкісінде шірітпе. Әбділда ұрып-соғып күн көрсетпегеннен кейін, Айғаным бір күні ожаумен қойып қалып, Әбділданың басын жарыпты. Енді қайтсін... Алып кет шырағым!— десіп маған ақыл берді.
Мен қайткен күнде де Айғанымды көруге бел байладым. Ол ауыл біз жиылыс өткізуге баратын жолдың үстінде еді. Түс ауа сол ауылға беттедік.
Қас қарайып, ымырт жамылып барады. Келе жатқан жолымыз — қалың ағаштың іші. Қояндыға екі шақырым ғана жер қалды. Айғанымның ауылына жақындап келеміз...
Маңайымыздан бір салт атты адам біз келген жаққа қарай жортып өте берді.
— Ай, тоқтай тұр! Сен кімсің?...
— Мен мынау ауылдың адамымын.
— Мынау ауылың, қай ауыл?
— Қоянды ауылы.
— Е, жол болсын.
— Әли болсын. Төменгі ауылға қаладан сайлаушылар келіпті деп еді, соны білгелі бара жатырмын.
— Сайлаушы дегендерің, міне, біз боламыз, бармай-ақ қой. Қане, ауылыңа қарай алып жүр.
Түндіктегі сәуле, жер ошақтағы от, абалаған ит, мал айдаған қатын-қалаш дауысы дәл алдымыздан шықты.
Тура Сарыбастың үйінің алдына келіп, арбадан түсіп, үсті-басымыздың шаңын қағып жаттық. Іздеген көзім, жер ошақтың басындағы сүт пісіріп, шымшыуырмен тезек қаққылап отырған, Айғанымға түсті. Тұpa қалдым. Қасына жетіп баруға үйден шығып келе жатқан адамдардан тартындым. Жолдастарыммен үйге келіп кірдім. Үйдің ішімен түгел танысып алдық. Айғанымды әперген Сарыбастың баласы Әбділданы да көрдім. Ілбиген көзді, тыртиған бетті, аузы көнтекті, аяғына екі түрлі: бірі сары, бірі қара бастама етік киген, басында ескі елтірі бөрік, үстінде қысқа ноғайша камзол, белін қыл арқанмен буынған. Амандасу жоқ, Сарыбасқа қарап, мұрнының боғы жылтырап:
— Құла айғыр, арам қатқыр неме. Кардонның сыртына шығып кетіпті, әрең тауып алдық,— деп үйдегі оттың басына шоқиып отыра кетті.
Біз шай ішіп болғанша, Айғаным үйге кірмеді. Үйдің сыртында сыбыр-күбір естіледі, шолпы сылдырлайды.
Әлден уақытта далаға шықтық. Айғаным баяғы жер ошақтың басында, қасында тағы да бір-екі келіншек отыр. От жалындап шалқиды. Түнгі көбелектер қазан төңірегінде шыр айналып жүр.
— Бар сөйлес, не қылар дейсің. Екеуің келіссеңдер, біз жауап алып, бүгін таң алдынан, не қазір жүріп кететін болайық!— десіп жолдастарым болмады.
Не болса да болар, көріп, сөйлесіп байқайын деп, жер ошаққа жақындап, Айғанымның қасына отыра кеттім. Байқасам, Айғаным жылап отыр екен. Мен барған соң-ақ басындағы кимешегінің құйрығымен көзін сүрте берді. Қасындағы екі жас келіншек те менімен амандасып, ақырын жылысып жүре берді.
— Неге жылайсың?... Біз екеуіміз де айыпты емес. Менің естігенім рас болса, сенің басыңа қиыншылық күндер туған көрінеді. Мен әлі де болса сол уәдемдемін. Сенің не айтарыңды білмеймін. Сені әдейі көрейін деп келдім,— дедім.
Айғаным жылады. Көзінің жасы бүртіктеніп, отпен бірге жылтырап, иегінен ағып, жерге түсіп жоқ болды. Өңі жүдеу. Аяғында жалаң аяқ киген ескі кебіс. Үстінде түте-түте қызыл көйлек, басында кірлі кимешек.
— Осында келгелі тепкіден басым шіритін... Ағам мен апам еріксіз берді... Өлмекші де болдым. Тас түскен жеріне ауыр емес пе, қайын енемді қимаймын, мен кетем десем жылайды. Қарғыстан қорқамын. Өзің білесің... деп Айғаным көзінің жасын сүрте берді.
Мен үндемедім. Не амал қыларымды білмедім.
От біресе лапылдап жанып, біресе сөніп, қараңғыланып тұрды. Қазанды шыр айналған түнгі көбелектер біресе көзге көрініп, біресе жоғалып кетіп тұрды.
Аспандағы айды бір қара бұлт қоршап алып, жасырып, жұлдыздар жесір қалған секілденіп, көзін жұмып қалып, ашып жымыңдасып тұрды...
— Неғып отырсың, атаңа нәлет! Үйге кір! Сүтті апама бер!— деп зекіп қоя берген Әбділданың даусынан екеуміз де сескеніп кетіп, ұшып тұра келдік.
Амандасып айырылыстық.
Мен сонан кейін Айғанымды көре алмадым. Осы күні оның не болғанын білмеймін.
Көпен әңгімесін бітіріп, тағы да күрсінді.
— Осыған күрсіндің бе?— дедім.
— Иә... Сенің түнде далаға от жағып, жер ошақтың басында отырғаның бар ма?— деді.
— Ал, иә. Онан соң?— дедім.
— Отты шыр айналып ұшып жүрген түнгі көбелектерді көрген шығарсың?..
— Иә....?
— Айғаным сол түнгі көбелек сияқты болды. Надандық — дүлей қатын тәрізді ғой. Айғаным түн жамылған түнгі көбелек тәрізді, жарық сәуле іздейді. Ол талпынып, сәуле іздеп, қараңғы түннен жарыққа шықпақшы еді. Бірақ ол болмады. Түн оның еңсесінен басты.
Жалындаған от маңайында шыр айналып жүрген түнгі көбелектерді көрсем, менің есіме Айғаным түседі!— деді.