Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жүректің ишемиялық сырқаты

Жүректің ишемиялық сырқаты (ЖИС) — жүректің тәждік артерияларының зақымдануы нәтижесінде миокардтың қанмен қамтамасыз етілуінің абсолютті немесе салыстырмалы түрде бұзылуымен сипатталатын патологиялық ахуал. ЖИС ағымы жіті, яғни миокард инфаркті түрінде, созылмалы түрде, яғни ара-тұра орын алатын стенокардия ұстамалары түрінде болуы мүмкін. ЖИС — әлемнің дамыған елдеріндегі өлім-жітімнің, сондай-ақ уақытша және тұрақты еңбек қабілетінен айрылудың негізгі себептерінің бірі. Қазіргі уақытта ДДҰ-ның 1984 жылғы ЖИС жіктемесі толықтырулармен қолданылып жүр:

1. Аяқасты коронарлық өлім (жүректің біріншілік тоқтауы)

— жансақтау шаралары жемісті аяқталғанмен аяқасты коронарлық өлім;

— аяқасты коронарлық өлім (өлу жағдайы).

2. Стенокардия.

— қозу стенокардиясы;

— алғаш пайда болған қозу стенокардиясы;

— функцоналдық класы көрсетілген тұрақты қозу стенокардиясы;

— тұрақсыз стенокардия;

— вазоспастикалық стенокардия;

3. Миокард инфаркті.

4. Инфарктен кейінгі кардиосклероз.

5. Жүрек соғысының бұзылуы.

6. Жүрек жеткіліксіздігі.

ЖИС қауіп факторлары:

— кәрілік;

— ер жыныстылық;

— дислипидемия, гипертензия, глюкозаға төзімділік, сусамыр мен семіздіктің туындауына ықпал ететін тұқым қуалайтын факторлар;

Жүректің ишемиялық сырқаты кезінде жиі кездесетін шағымдар:

— дене қимылы кезінде немесе стресс кезінде кеуде артының ауыруы;

— ентігу;

— жүрек жұмысының, ырғағының бұзылуы, әлсіздік;

— жүрек жеткіліксіздігі белгілері;

Жүректің ишемиялық сырқаты бар деген күдік туған жағдайда, электрокардиография (ЭКГ) жасау міндетті. Заманауи аппараттар графикалық ақпаратты қолма-қол алуға, Доплер әсері есебінен қан ағымын бағалауға мүмкіндік береді. Эхокардиография да жүрек жұмысы туралы көптеген пайдалы ақпарат береді. Сонымен қатар денеге күш түсіре отырып, функционалдық сынамалар жүргізіледі, миокардтың контрастылы ангиографиясы, өңешішілік электрокардиография, Холтер мониторлауы секілді қосымша зерттеу әдістері қолданылуы мүмкін.

Емі

Ауруын емдеу оның клиникалық түріне байланысты. Алайда ЖИС-ның барлық түрлеріне тән жалпы бағыттарды бөліп көрсетуге болады:

— қимыл-қозғалысты шектеу;

— емдәм;

— дәрі-дәрмек ішу.

Жүрек ишемиялық сырқаттарын емдеуге арналған көптеген дәрілер бар. АҚШ-та осы ауруды емдеуде «А-В-С» формуласы қолданылады: аниагреганттар, (3-адренобөгегіштер, гипохолестеринемиялық препараттар).

ЖИС кезінде қолданылатын дәрі-дәрмектер: нитраттар; антикоагулянттар, диуретиктер; ангитензинге өзгертуші фермент антагонистері; аритмияға қарсы дәрілер.

Көрсетім бойынша, ЖИС кезінде эндоваскулярлық коронароангиопластика, гирудотерапия (сүлікпен емдеу), соғу-толқынды терапия әдісі, діңдік жасушалар, кванттық ем қолданылуы мүмкін.

Шартты түрді алғанда, жүректің ишемиялық сырқатының болжамы жағымсыз. Ауру созылмалы және үдемелі болып келеді, ем оның дамуын тоқтатады немесе дамуын бәсеңдетеді, алайда науқасты бұл дерттен біржолата айықтыра алмайды.

Г. Ж. Жатқанбаева, терапевт дәрігер


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама