Өткен күн еске түскенде
Төменгі Сарытауқұмды мекен етіп келген Балташтың кәсібі — киіз үйдің үй ағашын жону еді. Оның колхозға барғысы келмей, кежегесі кейін тартты да тұрды. Тіпті жанында туған-туысқандарынан да ешкім қалмай, тегіс колхозға көшіп кетсе де, оның барғысы келмеді. Осылай жалғыз үй жүріп-ақ күнелтемін ғой деп топшылады ол. Бірақ Балташ пен оның зайыбы Ұмтылғанның ойы бір жерден шықпады.
Таңертең Балташ белін буынып, жеңін сыбанып асыға басып тағы да ешкіталдан үйағаш кесуге тоғайға кетіп қалды. Үйде жалғыз қалған Ұмтылған бірер сағат үй ішіндегі күйбең-күйбең жұмысты аяқтаған соң, іші пысып отыра алмады. Ара-тұра әңгімелесіп, сыр шертісетін абысын-ажынның бәрі колхозға кетті. Істеуге жұмысы жоқ, сап-сау адамға күннің батуы қандай қиын болады десеңізші.
Ұмтылған жалғыз отырып, бірауық сыртынан Балташпен ұрысса, бірауық бажырайып дақ төбеде тұрып алып, батпай қойған көктемнің ұзақ күнімен ұрысты. Ол жалғыз қалғандығын күннен көрейін десе, осы күннің астында өмір сүргендердің бәрі де колхозға мүше болуғa кетіп қалды. Өздерінің осында қалуын ол өзен бойына біткен ешкіталдан да көрді.
Балташ кешке дейін толарсақтан саз кешіп, ешкіталдан екі үйдің ағашын дайындап, шаршап үйіне қайтты. Үйге келсе дайын тұрған тамақ жоқ. Әйелі ұйықтап жатыр. Балташ әйелін оятып алғаннан кейін де Ұмтылған тамақ істемей, қарысып, үндемей отырды да қойды.
— Адам шаршап, қарыны ашып келсе, қарап отырып, мұның не ей,— дейді зіл тастап Балташ.
— Сен күшіңді жұмсап қажысаң, мен жанымды жеп қажыдым,— дейді Ұмтылған.
— Саған не болды, қараптан қарап отырып?—дейді Балташ.
— Жалғыз жүріп жол тапқанымыз бар болсын,, көптен бөлек қалдық, көмусіз қалып жүрмейік,—дейді Ұмтылған.
— Айтқалы отырғаныңды жорамалдадым. Оның бола қоймас. Қашан жер тамырын сорып күн көріп едік..
— Тірі болсақ елмен бір төбеде, өлсек бір шұқырда болғанымыз жақсы емес пе? Келіспесең, мен де келіспедім, менің де саған тамақ істеп берер халім жоқ.
Таңертең қисайған бойымен Балташ кетті, теріс қараған қалпымен Ұмтылған қалды.
Үйден шыққандағы Балташтың ойы екі үйдің ағашын сатып қайту еді. Осы мақсатпен ол колхозға біріккендерге келді.
— Ия, жөніңді айт?—деді колхоз бригадирі, коммунист Екпіндиев.
— Екі киіз үйдің сүйегін жасап қойып едім, соны сатып алатын кісі іздеп жүрмін.
— Е, сенің ойың әлі сол ма еді, колхоздан қашып, ізіңе ерген досың Байтөбет бай алмаса басқаға керегі бола қояр ма екен?!— деді бригадир.
— Байтөбеттің баласы отау тігіп шыққанда жылуға қосарсың, — деді тағы бір колхозшы.
Үйге келісімен ол жасырмай әңгіменің бәрін айта келді. Колхозшылардың оны әбден жеріне жетіп келеке еткенін де айтты.
Балташта үн жоқ. Мұның жібінің босап қалғанын көрген Ұмтылған колхозға көшуді алдына тарта қойды. Содан олар колхозға көшті. Көршісі Балташты тамаққа шақырды. Қарны ашқан кісіге тамақтың да бал боя кететіні бар-ды. Кешеден бері нәр татпай, әбден кенезесі кепкен Балташ алды-артына қарамай, тамақты тойғанша ішті.
— Тойып кеткенімші!— деді ол көршісіне қарап.
— Тойғаныңның алды осы, көпшілік бар жерде колхоз бар, колхоз бар жерде береке бар! — деді көршісі.
Ұмтылған ертеңінде-ақ eгic даласына жұмысқа кетті. Ал Балташ көшерін көшіп келсе де, не істерін білмей, екі ойлы болып босқа теңселді де жүрді. Оның колхозға ұйымдастырған күрең атын апарып соқаға жеккенде денесі тітіреп кетті. Киіз үйден кірпіш үйге кіру де оған бір үлкен іс болды. Алғаш оған да қипаңдап жоқтан өзгені сылтауратты. Күзге қарай Ұмтылған болмай стандартты үйге кіріп алды.
Осыдан бастап-ақ Балташ та икемге келе бастады. Ал Ұмтылған колхозға келген күннен бастап-ақ екпінді болып, колхоз басқармасына мүшелікке сайланды, Балташ Ұмтылғанға: «жиналысқа барам дегенді тағы қайдан шығардың?» деп алғашқыда қарсылық көрсетіп еді, кейін оны да қойды. Өзі нағыз екпіндінің бірі болып алды. Балташ ауыл советтің мүшелігіне сайланған соң жиналыстың алдын бермейтіннің өзі болды. Ол жиналыста колхоз шаруашылығын жақсартудың шараларын айтып, ұзақ-ұзақ сөздер сөйледі.
...Міне, Балташ пен Ұмтылған екеуі жаңа жыл сағатының соғуын күтіп отыр. Қазір ол киіз үйдің сүйегін жонушы емес, колхоз кірпіш заводының шебері. Сәнді колхоз селосының кірпішін қалаушы, озат колхозшы. Ал Ұмтылған — қызылшадан мол өнім алушы Социалистік Еңбек Ері.
Балташының баяғысы есіне түскенде Ұмтылғанның күлкісі келе береді. Ал Балташ болса, сол бір өткендегісінен қатты ұялады.
1953