Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Көмулі қасқыр

Біздің ауылдың адамдары қыс айларында кешке қарай малдарын қоралап, жайлап болғасын бір үйге жиналып, соғымның етін астырып, шай үстінде қызу әңгімеге кірісетін. Көбіне сөйлейтін жасы үлкен аңшы, қақпаншы ағамыз Мәкең — Мамытбай.

Мәкең кәнігі аңшы. Қыс айларында ел маңайындағы қасқырларды сонарлатып қуып, астындағы мейіздей жаратып қатырған торы төбел атымен қуып жетіп, соғып ала беретін.

— Осы, Мәке, қасқыр дегенің түсі суық, қауіпті аң ғой, қарама-қарсы, бірме-бір кездескенде сескенбейсіз бе? — деген біздің сұрағымызға:

— Әй, балалар-ай, қанша түсі суық дегенмен, тайсалмай, қарсы барасың ғой. Тек жүрек мықты болсын де. Тәңірім оларға жүз кісінің жүрегін берген шығар дейсің. Саған қарсы қарап, азу тістерін ақсита, аузын арандай ашып, от болып жанған қып-қызыл жанары шатынай қарап ұмтылғанда, қандай жүректі деген пендеңнің өзі де бір селк етері сөзсіз ғой. Ол арада сезімге берілетін уақыт қайда? Қолыңдағы қаруың — сойылмен қара тұмсықтан дәлдеп ұрып, шаруасын бітіресің. Бұл — қақпанға түскен қасқырға істер амалың. Ал қансонарда қуып жеткен қасқырың арлан болса, соңғы минуттарда шорт бұрылып, саған атылары анық.

Аңшының өзіне сай, аты да мықты болуы керек. Бөріні көп қуған ат та сенің әр қимылыңды аңғарып келе жатады. Мысалы, бөріге жетіп, сойыл сілтер жерге келгенде сенің тізгін қағуыңды қапысыз сезіп, бөріні оң қапталыңа оңтайлайды. Бөрі саған қарай атылғанда ол жалтармай, бағытымен көсіле береді. Себебі ол жануар да болса, үстіндегі саған — иесіне сеніп келеді, — деп, Мәкең сүлгімен маңдай терін бір сүртіп алып:

— Хо-ош, бұл қыстағы аңшылық ғой. Ал енді өткен жаздағы мына бір оқиғаны тыңдаңдар. Қалың құмды кесіп өтіп, «Бестөбедегі» Қоныс ақсақалға сәлем бергелі ауылдан шықтым. Төтелеп тартып келемін. Қалың құмнан шыға бере, алдымдағы кең жазыққа көзім түсті де, тізгінді тартып, ер үстінде еңкейіп, аттың басын бұра бердім. Құмның ылдиына түсіп, атымды байлай салып, жаңағы жазыққа шоқат тасасынан баспалап алдымдағы көрініске қарай қалдым. Жазық жерде екі қасқыр бір-біріне қарсы тұрып алып, жерді бұрқыратып қазып жатыр. Иығымдағы мылтықты алып, жалғыз оқ салдым. Атпақшы болып оқталдым да, ойланып қалдым. Жоқ, мұның ақырын күтейін дедім. Жатқан жерім үлкен дүзгеннің тасасы, жел алдымнан, бөрілердің ық жағындамын. Сәлден соң әлгі қазылған шұқырға біреуі мойынын созып жатты да, екіншісі оны көме бастады. Міне, қызық! Бұл сонда не болғаны? деп аң-таңмын. Көмілген қасқырдың жер бетінде басы мен шошиған екі құлағы ғана қалды. Оны да қалың жусанның арасынан анықтап қараған адамға ғана көрінеді. Ал анау екіншісі «шаруасын» бітіргесін жазық даламен жорта жөнелді. Бөрілердің мына құпиясы санама енді ғана жеткендей болды да, арада бірсыпыра уақыт өткесін әлгі құлағы қылтиған қасқырды басын көздеп отырып, жалғыз оққа тапсырдым.

Енді әлгі жортып кеткен қасқырдан бір «хабар» күтіп отырмын. Біраз уақыт өткеннен кейін ол кеткен жақтан қалың шаң көрінді. Бұны көрген мен «Е, бәсе, солай болуы керек еді ғой» деп ішімнен қасқырлардың қулығына мырс етіп күліп алдым. Сөйткенше, қалың киік әлгі көмулі қасқыр жатқан жердің үстімен дүркіреп өтіп жатыр, өтіп жатыр. Бар киік өтіп, алқынып, тілі салақтаған манағы қасқыр келе мына көмулісін
талай бастады. Сол кезде мен екінші оқпен мұны да сұлаттым. Әне, бұл қасқыр дегенің анау-мынау адамнан, менің мына Қуандық құрдасымнан ақылды ма деп қалдым. Күн кешкіргесін «Бестөбеге» баруымды ертеңге қалдырып, екі қасқырды екі қанжығама бөктеріп, ауылға қайттым, — деп Мәкең сөзін аяқтады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама