- 13 нау. 2020 00:00
- 266
Аңшы Жақсыбаев Бөстекбай туралы
Бұл жақта жолбарыс, арыстан, аю болмаған. Бірақ басқа аңдар болған. Бөстекең осы өңірге қақпан құрып, аң аулаған. Оның құрған қақпанын аң түгілі, адам да білмейді. Ол қасқыр аулаудың алдында қақпанды отқа жағып, қызартып қайта суытады. Ондағы себебі темірдің иісі шықпауы. Оны жерге көміп, бетін неше түрлі топырақпен жауып, із салып қояды.
Екінші айла. Соның жанынан ши бұта болады. Соған да қақпан салады. Оған арлан қасқыр түседі. Қақпан жатқан жердің айналасын бақылап, алғашқы қақпан жатқан жерге жоламай әлгі ши бұтаға барып сариды, сол кезде артқы аяғы қақпанға түседі.
Бөкең етке қармақ салып, жоғары тал басына байлап аулайды. Ондағы құралы қармаққа ет түйреп, үнемі қоңырсып тұратын етіп еттің үстіңгі жағына сасық ет қояды.
Бір күнде 9-10 түлкі, қарсақ аулаған. Түлкінің, қарсақтың індеріне түтін салып, қарсақ даусын салып аулаған. Сонымен бір қысқа 70-90 аң алады екен.
Ерте кезде сол ауылда қақпан болмаған жылдары Бөкең мынадай әдіспенен киік, қарақұйрық сияқты адал аңдарды алған. Жүні алынған қақ тулақ осы күнгі межемен айтқанда ұзындығы 60 см, көлденеңі—40 см. Тулаққа пышақпен ойып, оңқай және солақай ізін салады. Ол тулақты өзеннің жанына тастайды, киік су ішуге келген тулаққа аяғын түсіріп алып, одан шыға алмай қолға түседі екен. Сөйтіп, Бөкең адал аңдарды өстіп аулап, аулын қамтамасыз еткен екен.