- 15 шіл. 2022 00:00
- 225
Көрші ақысы
Ертеден келе жатқан «Көрші ақысы — Құдай ақысы» деген сөз бар. Бұл сөздің шығу төркіні аңызымен ақиқаты ілесе келіп былай баяндалады.
Мұхаммед алейһиссалам миғражда бір бейбақтың екінші бір кісіге жабысып, соңынан қалмай жүргенін көреді. Ол қайда барса да, «Хақымды бер», — деп, қасынан бір елі ажырамайды.
— Әй, бұл адамда не ақың бар? Не істеді саған? — деп сұрайды.
— Бұл кісіде менің алынбаған ақым бар.
— Қандай ақы?
— Бұл менің көршім еді. Аллаһу та’ала оған байлық берді. Ауласынан үнемі ауқатты адамдар арылмайтын. Ал мен өте кедей, пақыр болдым. Кейде оның есігіне сығалап телміріп тұратынмын. Ол маған көзінің қиығын да салмайтын. Бала-шағам аш жатты. Бір татым нанға зар болдым. Аллаһу та’ала дәулетті бір басына үйіп-төгіп бергенде ішіне кедей-кепшіктің де несібесін берген еді. Бұл байлығын қажетісіз жерге шашты. Қияметте екеуміз қатар келіп, Аллаһ берген сол хақымды сұрап жүрмін, — дейді.
Пайғамбарымыз алейһиссалам сол байға қараса, мүсәпір күйге түскен екен. Көршісіне қарауға беті шыдамай, қарайып кетіпті. Пайғамбарымыз алейһиссалам:
— «Көрші ақысы — Құдай ақысы». Көршісіне қарайласпаған, халін сұрамаған адам менің үмметімнен емес, — дейді.
Пайғамбарымыздың бұл сөзі дүйім үмметке таралып, кейінгілерге үлгі-өнеге болыпты. «Көршінің ақысы» деген ұғым осы кезден бастап дәстүрге де енген екен.