- 15 шіл. 2022 00:00
- 227
Жетімнің ақысы
Адамдардың арасында көмекке ең мұқтаж болғандар — туыла салып жалғыз және мұқтаж болып қалған жетім балалар. Оларға қамқор болу, қажеттіліктерін орындау, мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Мұндай жетім қалған балалар — Аллаһу та’аланың барша құлдарына аманат. Жақын туыстарынан бастап бүкіл мұсылмандарға бұл аманатты қорғау міндет ретінде жүктелген. Бұл міндетті орындағандар Аллаһу та’аланың және Оның сүйікті пайғамбары Мұхаммед алейһиссаламның разылығына қауышады.
Сүйікті пайғамбарымыз: «Жетімдерге көмектесіп, оларға қамқор болған адам, мейлі ол туыстарынан болсын немесе бөтен біреу болсын, менімен ол жәннатта мына екі саусақтай жақын боламыз» деген. Мұны айтқанда пайғамбарымыз ортаңғы саусағы мен сұқ саусағының арасын біраз ашып көрсеткен еді.
Сонымен қатар жетімдерге қарап, оларға бас-көз болу сүйікті пайғамбарымызға деген борышымыз болып табылады. Өйткені пайғамбарымыз да әрі әкесі, әрі шешесі жоқ жетім болып өскен. Жетімді қуанту өте үлкен сауап. Адамды жәннаттағы жоғары дәрежелерге қауыштырады. Аллаһу та’ала «Ниса» сүресінің 10-аятында былай деген: «Жетімдердің мал-мүліктерін әділетсіз түрде жегендердің жейтін нәрселері тек қана от болады және жақында жалындап жанып тұрған отқа түседі».
Қаншама қалалардың батып кетуіне, сарайлардың құлауына жетімдердің лағнеті (қарғысы) себеп болған. Пайғамбарымыз былай деген:
«Жетімді ұрған кезде оның жылауының себебінен арш дірілдейді және Аллаһу та’ала періштелеріне былай дейді:
— Ей періштелерім, әкесі топыраққа көмілген жетімді кім жылатты?»Оны кім жылатқанын өзі жақсы білсе де, жетімнің абыройын көтеру үшін солай сұрайды. Періштелер:
— Аллаһу та’ала ең жақсысын біледі, — дейді.
— Ей періштелерім, сендер куә болыңдар, кім сол жетімді қуантса, мен де оны қиямет күні қуантамын!