Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мәскеуде

Совет Одағы жазушыларының кезекті съезіне делегат болып қазақ елінен баратындардың тізіміне мен де ілініппін. 1986-жыл еді. Жұбан, Сырбай, Мұқамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев, Тахауи, Әбдіжәміл, Әбіш, Шерхан, Әнуар, Қадыр бар. Тағысын тағылар көп. Елде бастары қосылмайтын жазушы ағайындар тым болмаса шет жерде бірігіп, бірге дастархан басында тамақ ішіп, театр, музейлерге бірге баратын болармыз деп ішімнен дәмеленіп мен жүрмін.

Мәскеудің «Россия» қонақ үйіне бізді қарсы алған айғыр-автобустан түсер жерде Сырбай аға бір анекдот айтқаны есімде.

...Қыпшақ даласының жаугерлері шапқылап отырып осы Мәскеуге жетіпті ғой. Түнде келіп, шатырларын тігіп үлгермей, біреу ер-тұрманын жастанып, біреулер арбаның жанына қисайып, ертемен тұрса, жан-жақтары толып жүрген мас адам екен. Сонда дала жаугерлері бір-біріне:

— Мас көп, ә?! — десіпті.

«Москва» деген сөз осыдан шыққан екен деп, Сырбай аға бәрімізді күлдірді.

Қазақ Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовті тек президиумнан ғана көреміз. Съездің күн сайынғы отырыстарында әдебиет мәселесінен гөрі орыс жазушылары мен еврей тұқымдастар және олардың сойылын соғатындардың бітіспес ұрыс-керісі Мәскеу — орталықтан ылғи даналық пен мәнді ұлағат қүтуге жаттықтырылған бізді әбден шаршатты.

Біздің жазушылар да өздерімен өздері, екеу-үшеу отырып тамақ ішіп шүңкілдеседі.

Әбіш пен Шерхан ағамыз ылғи жалғыз жүретін мені кейде тамақ ішуге шақырады. Мен көңіл-күйім болмай шаршап жүрдім. Екеуі «Фаризаны бір күлдірейік» деп түрлі әңгімелер айтады.

— Анекдот айтыңдар, — деймін. Бұрын біреулердің «Шерхан — анекдоттың қоймасы» дейтіндерін еститін едім. Біраз анекдоттың басы қайтарылды — маған әсер еткені жоқ. Ақыры Әбіш «Чапаев пен Петьканың басынан кешкендері» деген сериядан ол екеуінің Африкаға барған сапарын айтты.

— Василий Иванович пен Петька арып-ашып Африкаға жетсе, ылғи пальма ағашының көлеңкесінде кофе ішіп отырғандарды көреді де, екеуі де бір шетіне отыра қалады. Еңгезердей негр әйелі келіп:

— Не қалайсыздар? — деп сұраса керек.

— Кофе, — дейді Петка.

Бір кезде екі кружканы екі қолына үстап, қап-қара кофені столға қоя бергенде, Петька:

— Сүт құйылғаны жоқ па? — деп сүрапты.

Әуелі түсінбей қалған негр әйелі сәл аңырып тұрыпты.

— Ә! Африка кофесі ме? — деп, кеудесі ашық көйлегінің омырауын ашып жіберіп, екі кружкаға көкірегінен сау еткізіп сүт сауып беріпті.

Мұның бәріне аузын ашып отырған Василий Иванович Петькаға сыбырлап:

— Африка сырасын сұрамағанымызға шүкір, — деген екен. Мен осы анекдотқа өлгенше күлгенім есімде.

Съездің басқару органдары сайланатын соңғы күн тіпті қызу өтті.

Совет Жазушылар Одағының басқарма және пленум мүшелерін сайлау үстінде әр республика, әр ұлт өз өкілдерін өткізуге тырысуда.

Әрине, ол кезде барлық мәселе әр республикадан келген басшылардың емеурінімен шешіледі. Ол жылдары Қазақстан Орталық партия комитетінің әдебиет, мәдениетпен айналысатын бөлімін Камал Смайылов басқаратын. Совет жазушыларының пленум мүшелеріне Қазақ елінен қай жазушылар өтуі біздің бірінші хатшы Олжас пен осы Камал ағамыздың кеңес-келісіміне байланысты.

Съезд делегаттары қызыл кеңірдек керіспен басшыларды сайлап болды. Бізден де біраз адам ілігіпті. Әрине, арасында Мен жоқпын. Жергілікті басшыларға о бастан сүйкімді адам емес екенімді өзім де жақсы білемін.

Енді мәселе дауыс беруге таянып, ұсынылғандардың тізімі оқылып болып, зал тынған кезде алдыңғы қатарлардың бірінде отырған Шерхан ағамыз әдетінше жай басып мінбе жаққа кетіп бара жатқанын көріп қалдым да, жанымда отырған Әбішке:

— Мына кісі не айтқалы барады? — дедім. Әбіш иығын қиқаң еткізді.

— Қазақ совет әдебиетінде халық жақсы көретін талантты ақын бар. Ол — Фариза Оңғарсынова, — деп еді, залдың әр тұсында отырған өзбек, татар, әзірбайжан, түрікмен, қырғыз, башқұрт жазушылары жапырлай қол шапалақтап қоя берсін! Бұған қуаттанған Шерхан ағамыздың дауысы енді тіпті батылырақ шықты. — Көп ұлтты әдебиетшілер Одағының пленум мүшелігіне Фаризаны қоспау — ұят, — деп мінбеден түсіп кетті.

Кейін пленум мүшесі болғанымның пәлендей пайдасын көрмесем де, мен де пенде емеспін бе — сол жерде едәуір абыройым өсіп қалды.

Әбдіжәміл, Серік, Сырбай ағаларымыз тіс жармай отырғанда, Шерхан ағамыздың біреу біліп, біреу білмейтін мені мыңдаған жазушы қауымы алдында алып шығуы ерлікпен пара-пар болды-ау деймін, бауырлас ұлттар, тіпті басқа республикалар жазушылары да үзіліс кезінде қуана, сүйсіне қошаметтеп жатты. Шамасы, қазақ жазушыларының ауызбірлігі, азаматтығы мен адамгершілігі не деген биік, өрелі деп ойласқан болулары керек.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама