Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Санаға сілкініс керек

Бүгінгі жариялылық кезеңінің арқасында көмескі болып келген көп жайларды ұғып-біліп, көкірек көзімізді ашу үстіндеміз. Әрине, әр жаңалық қоғамдық өмірге бірден сіңіп, кірігіп кетпейді, сол себептен бұл тұста түрлі қиындықтардың болуы да заңды деп ойлаймын.

Қазіргі біздің елімізде саяси-әлеуметтік ахуал жақсарып келе жатқандай нышан байқалады. Елдің, бәріміздің күткеніміз де осы еді. Дегенмен, ел-жұртымыздың тұрмысындағы осы бір елеулі кезеңде көңіліме кірбің салып жүрген кейбір көлеңкелерді айтпаса болмайтын секілді.

Ең әуелгісі — кадр мәселесі.

Бұл өзі көп жылдардан жүйелі арнаға түсе алмай, біреу біресе бірегей кадр болып аспандап, ертеңінде айдалада қалған жаралы маралдай күй кешетін сәттері жиі кездесіп жүрген сыңаржақ мәселе. Әсіресе, 1986-1987 жылдары осы жағдай біздің республикамызда қасіреттей көрініс болды.

Алдымен, адамның іскерлігіне, ой-парасатына, адамгершілік өресіне қарамай, қолынан жетелеп әкеліп басшы етіп қоя салу, кейбіреулерді бір қателік жасадың деп, кемеден лақтырғандай қылық көрсету — кемел қоғамға кешірілмес күнә. Дүниеге қадам басқаннан кейін жақсы, жайлы өмірді аңсамайтын, армандамайтын адам атаулы болмайды, «жаман болайын» деп ешкім де мақсат тұтпайды. Қоғам — адамның ата-анасы тәрізді, ең бірінші қамқоршысы. Ал қандай жаман бала болса да, ата-ана одан безбейді, қалай да оны қағыс қалдырмай, қатарға қосуға, адам етуге әрекет етеді. Сондықтан кадр жөніндегі жүмыстың бірінші сатыдағы жүйелі болуы қоғам үшін заңдылық болуы шарт. Мұрнына иіс бармайтын, шалағай-біреулердің ел басқаруынан, жұртты аузына қарата алмайтын, шешімді ісі, өзіндік пікірі жоқ адамдардың әр салада шаруашылық басқарып, машина мінгенінен басқа бітірері жоқ бұқпантайлап жүруінен халықтың наразылығы туындайды. Шаруашылықтың да ілгері баспауының төркінін шалағай басшылықтан іздеу керек дейтініміз содан.

Менің пікірімше, көңіл аударатын бір келеңсіз жәй — басшы қызметкерлердің өз жерінен болмауы. Бұл — қайдан, қай «көсемнен» шыққан аксиома екені белгісіз: аудан, облыстардың басқару орындарына кадрлар жан-жақтан әкелініп қойылады. Жергілікті жердің өткені түгілі, күні бүгінгі жағдайын, әлеуметтік-психологиялық ахуалын ұғып білмейтін адам елмен, жермен әбден сіңісіп кеткенше, біраз уақыт өтеді. «Білмейтін жердің ой-шұқыры көп», бір жерде сүрініп, бір жерде мүлт кетуі әбден мүмкін. Әрине, ол басшы байсалды, халық мүддесін бірінші кезекке қоятын, сол елдің іскер, ойлы азаматтарын айналасына жинай білетін ақыл иесі адам болса, арманың бар ма?! Анау да жаман, мынау да жаман деп, жергілікті кадрларды итеріп тастап, қалтыраса да, аяғынан тік тұра алатын қағысқан-соғысқан біреулерді ана жақ, мына жақтан әкеліп қоя салу — қылмыс. Бірақ бұл қылмыс, неге екені белгісіз, жазаға тартылмайды. Ондай басшының алдына біреу шықпауы керек, шыққан жан жаман адам болып қудаланады. Әрине, басшы адамның мұндай жүгенсіздіктері әйтеуір бір кезде әшкереленуі мүмкін. Бірақ елді бүлдіріп, кадрларды былықтырып, асарын асап, жасарын жасағаннан кейін, елдің, еңбекшілердің жағдайын аласапыран етіп болғаннан кейін «мынау жаман адам екен» деп, той өткесін даңғара соққаннан не пайда?!

Әңгімеміз адрессіз болмас үшін нақты мысалмен сөйлейік. Астаналық Алматы облысы — республикадағы бетке ұстар аймақтың бірі. Ал осындағы облыстық партия комитетінде, облыстық атқару комитетінде облыс еңбекшілерінің жай-күйін жетік білетін, жергілікті жерден шыққан бір де-бір бірінші басшы жоқ. Сол секілді Алматы облыстық, қалалық, тіпті қаладағы аудандарға дейін сот, прокуратура, заң саласында істейтін облыс кадрларын іздеп табу қиын. Отырғандар — аннан-мұннан әкелініп қойылғандар. Сонда бұл облыста басшы болар азаматтар жоқ па?! Әлде «осылай болсын» деген, бірақ біз естімеген ауызекі заңдылық бар ма? Республикадағы кадр мәселесінің партияда да, комсомолда да жүйелі болмай келе жатқаны заңды секілді көрінеді маған. Өйткені қай-қайсысында да не кадр жөніндегі хатшылар, не ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушілері халқымыздың табиғатын біле бермейтін, жан-жақтан келгендер.

Бұрын Жамбыл ауданында Бекболат Тұрысжанов деген бірінші хатшы болды. Шаруашылықты жетік білетін, білімді, іскер, шолақ ойламайтын, адамгершілігі мол азамат. Соның соңына түсіп жүріп, кешегі аласапыран күндерде орнынан алдырды, партиядан шығарды. Жаңашылдық — рационалдық еңбектерін де бекіттірмей, халық жауы секілді етіп көрсетуді мақсат қылған басшылар да болды. Ол кісіні білетінім — бұл аудан астанаға жақын, талай әдебиет жиындары өтіп, кезінде шетелдік, Одақтық қонақтарды қабылдайтын. Осы аудан шаруашылықтарында болған қонақтар «Қазақ деген халық осындай болады екен» деген әсермен кететін. Сол қонақ қабылдауларға дейін жаңағы хатшының жеке мүддесіне жасалған шарадай, оған айып болып тағылды.

Баяғыда, мен жасаңдау кезімде, «Лениншіл жас» газетінің батыс облыстардағы тілшісі болдым. Сол жылдары Маңқыстау облыс болып құрылды. Тұтқабай Әшімбаев деген ағамыз бірінші хатшы болып барды. Маңқыстау — тарихы да, табиғаты да ерекше аймақтарымыздың бірі. Үлкен ел. Тұтқабай ағамыз 2-3 жылдың ішінде сол елдің әрбір ауылының, әрбір шаңырағының дерлік жанашыр ұлына айналды. Неге?

Сол елдің қолынан іс келетін, ойлы, қабілетті азаматарын өсірді. Облыстың шаруашылығы, өнеркәсібі тез арада өркен жайды. Тұтқабай ағамыз кеткесін ол елден береке кетті. Одан кейінгі басшылар совхоздың директорына дейін, мұнай өндірістік бірлестіктерінің қатардағы инженерлеріне дейін өзге облыстан әкеліп қоятын болды. Немесе, Кавказ, Ресей өңірлерінен келгендерге «жасыл көше» жағылды. Әйтеуір, жергілікті халықтың іліп алар азаматтарын көзге ілмеу, қасақана елемеу — басты принцип болды. Тұтқабай ағамыз тәрбиелеген партия, кеңес, шаруашылық кадрларын, сыныққа сылтау тауып, қудалау басталды. Тұтқабай секілді басшылар — халықтың маңдайына дара біткен тұлғалар. Ондайлар «ана ауылдың мүддесі, мына ауылдың мүддесі» деп емес, қазақ халқының жалпы мерейіне қызмет етеді. Мұндайлар көп туа бермейді. Маңқыстау елі ол кісіні «Алматыдан келген адам» деген жоқ, өйткені ол мұнда өз адамы бола білді. Өйткені ол көреген, дана басшы еді. Қазір де Маңқыстау өңіріндегі елді ел етіп жүрген осы Тұтқабай ағамыз тәрбиелеп өсірген азаматтар. Бірақ қазіргі біз көріп жүрген басшыларда мұндай биік парасат кездесе бермейтіні өкінішті-ақ. Әрине, әр жерде жүрген іскер, ойлы, парасатты азаматтар жоқ емес. Мен өткенде Жезқазған облысы Ұлытау ауданының құрылғанына елу жыл толғанын салтанатпен атау тойында болдым. Бұл өлке — халқымыздың тарихында ерекше орны бар, қасиетті мекен. Бұл күнде табиғи, әлеуметтік жағдайында қиындықтары да жетерлік: жері шөлейт, жер астын дүңкілдетіп жатқан жарылыстары болмаса да, жер бетіндегі сынақтар жетерлік. Ауданда 3-4 күн болғанда біраз ірілі-ұсақты басшы кадрлармен, еңбекшілермен әңгімелесуге тура келді. Солардың көбінен көргенділік, көрегендік, мәніс білу секілді азаматтың бойындағы іскерлік қасиетті толыққанды дәрежеге жеткізер, ізгіліктерді байқадым. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сағадат Дүйсебеков, дәл сол ауданның перзенті болмаса да, елдің көзі ашық азаматтарын айналасына жинай білген, талантты басшы боп көрінді. «Егінді» совхозының жап-жас механизаторы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Гүлбану Сүлейменованы көріп, «депутат осындай-ақ болсын» деп сүйсіндік: пікірлессең, елдің, жердің тарихы мен ауыз әдебиетінен бастап, бүгінгі атом ғасырының күрделі бұрылыстары мен адам қолы жеткізген жеңістері жайлы ойларын тыңдай бергің келеді. Екі тілде бірдей сөйлейді.

Ауыл болсын, аудан болсын, тіпті шағын мекеме болсын — көп жәй бірінші басшының көрегендігіне байланысты екеніне осы ауданда болғанымызда тағы бір көз жеткізгендей болдық. Әркім өзінің жұмыс ауқымында бірінші басшы ғой.

Басқа жақтан келген кадрлардың тоқсан бес процентінің көңілінде «бұл жерде уақытша жүрмін» деген пиғыл тұрады. Жағдайын түзеп, номенклатураға еніп алғасын «Москва қайдасың» деп тартып отырады. Басшылар кетеді, халық сол жерінде қалады. Барлық тауқыметті, бүлінген ел, бұзылған шаруашылықтың бейнетті зардабын тартатын да тұрғылықты халық.

Біздің екі облысымыздың қайта құру қиқуының арасында қысқарып кеткені онсыз да бейнетті халқымыздың басына келген тағы бір зауал болды. Халық өзін далада қалғандай сезінді. «Бүйткен қайта құрулары қүрып кетсін!» — деп жылаған қарияларды өз көзіммен көрдім.

Туған жеріне, ата-бабасының зиратына телінген бір халық болса, ол — біздің халық.

Ата-мекен, қыстауын, үй-орманын тастап, басқа жаққа көшу — қазақ үшін қасірет. Солай бола тұрса да, ел аман, жер қарада аудан бірікті, колхоз бен колхоз бірікті. Осыдан мемлекет не ұтты?

Мысалы, Жайық өзенінің Каспийге құятын сағасында Атыраудың арғы жағынан көшіп келген төрт балықшы колхозы бар еді. Ондағы жұрт — бұрын Астрахань мен Атыраудың арасын мекен еткен ел болатын. Ол жақтың суы тартылғаннан кейін 50-ші жылдардың аяғында осы жаңа мекенге жыласып-еңіресіп, амалсыз қоныс аударған. Соларды ірілендіреміз деп, өткен жылы бір-біріне қосты. Арасында мен туған ауыл да кетті. Ең алғаш, менің әкем ұйымдастырып, «Қызыл балық» деп атын да өзі қойған іргелі колхоз еді. Оның да атын құртып, «Октябрьдің 70 жылдығы» деп қойыпты. Ал енді соларды, Атырау маңындағы басқа да колхоз-совхоздарды, 30-жылдардан жүмыс істейтін В.И.Ленин атындағы балық-консерві комбинатын біріктіріп, ұядай болып отырған Балықшы ауданын таратып, пәлен шақырым жердегі Махамбет ауданына қосты. Бір жапырақ қағазын мөрлетіп алу үшін ел ауданға жете алмай, жетсе, келе алмай жүретін күйге ұшырады. Демек, ел-жұрттың тұрмыстық, мәдени мұқтажы, күнделікті күн көріс-тіршілігі ешқандай басшыны алаңдатпайды. Махамбет ауданының территориясы көлемі жағынан бұрыннан да Балтық жағалауындағы республикалардың біріндей, шаруашылықтарының етек-жеңін жия алмай жататын. Енді ірімшікке май қондырғандай болды. Халықтың өмірін өрге бастыру, шаруашылықты ілгерілету үшін емес, әйтеуір күл болмаса, бұл болсын, қайта құруға тілге тиек ететін үлес қосайық деген жарымжан ниетке бола елдің хал-жағдайын құрбандыққа шалу болып шыққан шара болды. Балықшылар балық аулап, оны Астраханьдағы Главкаға тапсыруы керек. Өйткені Каспий мен Жайықтың балық өнімдері республикамыздың балансына кірмейді — тікелей Орталыққа кетеді. Бұрын, Балықшы аудан болып тұрған кезде балық аулау, өткізу процестерімен тікелей айналысып отыратын. Енді ауланған балықты қабылдайтын жер жоқ. Ел бейнет шегуден басқа ешнәрсе көріп отыр деуге болмайды.

Шымкент облысы да — халқымыздың әзір құйқасы тартылмай қоныс тепкен өлкеміздің бірі. Екеу болса — біреуі, біреу болса — өзі. Ал, осында да облыс, аудан басшыларын қараңызшы — жан-жақтан келген қырық ру, әрең дегенде, биыл Ермек Алданов деген азамат барыпты деп естіп қуанып қалдық. Елдің жағдайын, тарихи өнегесін, ата-бабадан қалған қасиетті салт-дәстүрді білмейтін, әйтеуір жоспар мен есеп деп қия шабуылдап жүрген басшылардан ұрпаққа ұлағат болардай белгі-мұра қалған емес, қалмайды да.

Мысалы, Бөген ауданын Арысқа апарып жапсырып қойды. Ел наразы. Темірлан деген бұрынғы аудан орталығы далада қалды. Ол тарихи орынның бірі еді; екіншіден, жері шұрайлы, сулы, құнарлы мекен болатын. Арыс болса, сусыз, шөлейтті жер. Ал осының бәрі елдің, өлкеміздің тағдырын, ертеңін ойлаған адамдардың ісі ме? Жоқ, әрине. «Е, өзім ілдалдалап, жаманатқа қалмай отырсам жарар» деген уақытшалардың, ел мүддесін ойламайтын саяз басшылардың ісі.

Немесе, Шымкенттің оңтүстік аудандары еліміздегі мақталы аймақтардың біріне айналды. Мақта — бейнеті мол, денсаулыққа да пайдасынан зияны көп өнім. Мақтарал ауданының Қоңырат селосында не заманнан сол маңдағы елдің тіршілік көзіне айналған мақта заводы бар болатын. Қайта құрудың желеуімен облыс басшылары сол заводты Шымкент қаласына көшіріп төрт-бес жүз жұмысшыны күнкөріс көзінен айырып, жерге қаратып отыр. Сол заводтың ыстық-суығымен біте қайнасқан ардагер жұмысшылардың алды Москваға, соңы Алматыға келіп, бәрінен де шығарып салудан басқа нәтиже таппады. Мұндай «қайта құруға» кім сенеді сонда?

Торғай облысындағы шаруашылықтардың жәй-күйі де осындай. Бұл туралы кезінде араша түсіп, облыстарды қорғап қалу үшін облыстарда не республика деңгейінде жаны ашып, шырқыраған, орталықты сендіруге, дәлелмен көздерін жеткізуге жанын салған ешкім болмағаны өкінішті. Елді, азаматтарды быт-шыт етіп, жерге қаратқаннан басқа нәтиже болмай отыр. Бұл — қылмыс па? Қылмыс! Осыған кім жауап беруге тиісті?

30-40 жылдары пәленше пәлен қылмыс істеген деп, бүгін — даурығамыз. Әбден болары болып, бояуы сіңгеннен кейін, халық әбден зардабын тартып болғаннан кейін, бүгінгі күні батырсып, айқайлағанымыздан не пайда ?

Біз әуелден жайбасар халықпыз. Басымыздан қойып қалғанша «ыңғайсыз болады» деп жүре береміз. Оның үстіне, жоғарыдан қаулы күтіп, схема бойынша жұмыс істеуге үйреніп қалдық, Мұны кадр мәселесіне тірейін деп айтып отырмын.

Азаматтарымызды қорғай алмаймыз. Халық үндемейді. Әрине, мұның екінші жағы да бар: халықтың, мәніс біледі деген ойлылардың пікіріне құлақ салып жатқан басшылар жоқ. Дегенмен, босқа күйіп кетіп жатқан азаматтар туралы өз ойларын айтып, арашалау деген біздің халық арасында бұл күнде ұмытылып барады. «Ойбай, өзімізге бір пәлесі тиіп кетер» деп жансауғалауға жаппай бой үйретіп бара жатқандаймыз.

Біз өткенді ғана айыптауға шебер үйреніп алдық қой. Себебі кезінде айтқанымызды құлағына ілген ешкім болмады. 1986 жыл мен одан кейінгі 2-3 жыл халқымыздың тарихындағы, дәл 1932, 1937-жылдардағыдай болмағанмен, аласапыран өткел болды. Халықтың бетке ұстар талай азаматтары жөн-жосықсыз орындарынан алынып, қосақ арасында кетті. Мен республика баспасөзінде ширек ғасыр еңбек етіп келемін. Қазақстан Орталық партия комитетінің газет-журнал баспасы — республика мерзімді баспасөзінің қазаны. Осында директор болып істеген Әнуарбек Тілеулесов жастайынан осы баспаның ыстық-суығынан өткен, балалар басылымдарынан бастап, партиялық газет-журналдарымыздың уақытылы және сапалы шығуына үлкен еңбек сіңірген азамат болатын. Тілеулесовтың тұсында баспа пәленбай жүз мың таза пайда түсіретін дәрежеге жетті. Көптеген ұлттық кадрларды өсірді. Баспахана жұмысшылары мен ірілі-ұсақты редакциялардың қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін де бір шама шешіп келіп еді.

Дүбір арасында Тілеулесов те орнынан алынып, партиядан шығарылды.

Іскер, қабілетті басшыны орнынан алып тастап, басқа адам қойылды. Тұрғын үй, редакциялардың ішкі тұрмысындағы қажеттіліктерді кезінде өтеп отыру — бәрі бақылаусыз малдай жайылып кетті. Транспорт саласында күні бүгінге дейін береке жоқ. Бұрын редакцияға жұмысқа келген жас ең әрі кеткенде - 3-5 жылда үй алатын еді. Оның бәрі жайында қалды.

Адамның, әрбір кадрдың тағдырына осылай атүсті қарау мемлекетке де тек зияннан басқа тигізері жоқ.

Шымкент облысының Сарыағаш ауданында бірінші хатшы болып істеген, комсомолдан өскен Нұрлан Сейтжаппаров та осы аласапыран кезеңінің құрбаны болғаны өкінішті-ақ.

Немесе, республиканың партия, кеңес қызметінде көзін ашқалы адал еңбек еткен Борис Васильевич Мещеряков те Алматы қалалық Кеңесі атқару комитетіндегі басшылық жұмысынан қалалық партия комитетінің сол кездегі жаңа келген бірінші хатшысына «жақпай», ығыстырылды.

Мен бүл адамдарды айтып отырғаным — мұндай көріністер қайталанбаса, ілгеріде осының бәрі сабақ болса деген ниетім. Адам, оның ішінде партия, кеңес қызметінде кезінде тер төккен адал кадрлар жерде жатқан жоқ. Совхоздың бір лағы жоғалып кетсе, қиқу салып іздеп, біреулер айыпталып, жазаланып жатады. Ал табиғаттың, қоғамымыздың ең бірінші байлығы — Адамды кім қорғайды, кім жақтайды? Бір солақай нұсқаушы «жаман» десе, кім болса да, жаман болып шыға келеді.

Өткенде, Маңқыстаудағы Ералиев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айдарханов Тергеу деген азамат орнынан алынды. Жоғарыда айтқан Т. Әшімбаевтың ең тәуір кадрларынан қалғандарының бірі еді. Жетібайда толқу болған кезде, үш күн, үш түн жалғыз өзі солардың арасында жүріп, жұртты тоқтатып, бейбастақ жібермей, әскер шақыртпай, елдің көңілін жайландырып еді. Тағы да «біреуді жазалау керек» деген саяз саясаттың құрбандығына, елдің сорына, ойы, парасаты, жанашырлығы, адамгершілігі, іскерлігі жөнінен бетке ұстайтын Айдарханов шалынды да, ал оның айналасында ас ішіп, аяқ босатып жүргендер столдарының басында отырумен аман қалды. Осы жігітке де оның қабілетін, іскерлігін білетін адамдардың өздері араша түспеді. Жоғарғы жақта шешілді — бітті...

— Мұның бәрі — экономика, шаруашылық салаларындағы қайта құруды бетке ұстап, бұра тартылып жатқан солақайлықтардың қарапайым халық тұрмысына түсіріп жатқан көлеңкелі көріністері.

«Жастар арасында жүгенсіздік, қылмыс, дөрекі мінез-құлық етек алып барады» дейміз. Тіпті көрші отырған екі қазақ ауылының бозбалалары бірін-бірі пышақтап кету фактілері де жиі ұшырасып, жағамызды ұстайтын болдық. Неге? Адам неге адамгершіліктің жүгенін үзгіш болып барады?

Қазақта киелі, қасиетті деген ұғым бар. Ол ұғымдар аспаннан салбырап түспеген, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесінен туындаған. Ал, осы ұғымдармен халық өз ұрпақтарын адалдыққа, инабаттылыққа тәрбиелеп келген. Себебі, жиналысқа салып сөгіс беретін не түрмеге жабатын амалдар бүрын болмағаны белгілі. Бұл ұғымдар адам санасына уақыт, әдет-ғұрып, дәстүр, әдебиет арқылы сіңеді. Біздің табиғатымыздағы осындай киелі жерлеріміз бұрын «әулие» деп аталып келген. «Әулие» деп жүргеніміз — халықтың әр замандағы қаймағы болған ұл-қыздарының зираттары, «Әулие» деген сөзді естісек, діни ұғым, ескіліктің салдары деп ат-тонымызды ала қашып келдік. Бәрін ойран-асыр қираттық. Соның салдарынан бүгінде көбінен айырылып та қалдық. «Арыстанбаб» айдалада құлағалы түр. Әзірет Сұлтан, Айша бибінің жәйін жылда барып көріп кетем. Қанша барсам да, жөндеу жүріп жатады. «Арыстанбабтың», Айша бибінің жанынан үй салдырып, күтуші қойып, жан-жақтан келгендерге су-сусын, шәй беретін орын жасау ешкімнің миына кірген емес. Айша бибінің тұрған жері «Головочевка» деп аталады. Қазақстан территориясында халқымыздың тарихына, бүгінгі өміріне алты аласы, бес бересісі жоқ «Головочевкалар» көп екенін ел біледі. «Головочев», «Антонов», «Ваннов» секілді ақтардың жүзбасы, онбасы болғандардың есімдерімен аталған ауыл, қала, жер, су аттары сол күйінде Қаймағы бұзылмай келеді. Оны ойлап жатқан облыс, ауыл басшылары жоқ. Сен тимесең, мен тимемен жаманатты болмаудың жәйі осы деп, ауыл түгілі, «Қазақстан» деген атты «Жоңғарстан» десе де, үнсіз отыруға бармыз. Бәрі де республика Үкіметінен немесе Орталық партия Комитетінен шешім күтеді. Ол жақтарда отырғандардың басқа шаруасы да жеткілікті екені көңілі соқырдан басқаға белгілі болса керек-ті.

Бірақ жоғарғы жақ не айтады деп, бұғып отырған біреу.

Мұхит, Ақан сері, Біржан, Махамбет секілді тарихи тұлғаларымыздың бастарында белгі жоқ. Әйтеуір Абай мен Жамбылдың басына бірдеңе қойғанымызға да шүкіршілік. Осыдан екі жыл бұрын ауыл азаматтары жиылып, Ақан серінің басын қарайтамыз деп мәмлеге келсе, Қазақстан Орталық партия комитетінен командировкаға барған бір нұсқаушы «ұлтшылдық» деп біреуді орнынан алдырып, біреуге сөгіс бергізіп қойыпты. «Орнымнан айырылып қалам» деп қорықпайтын өркөңіл қазақ ауылда да сиреді ғой.

Содан Ақан серінің басы сол күйінде қалды. Махамбеттің зираты да белгісіз. Бір ақын жігіт — Қойшығұл Жылқышиев — Махамбеттің басына белгі тұрғызу, зиратына баратын асфальт салдыруды заңсыз жолмен жасаған екен, оны атыраулықтар пәлен жылға соттап тынды. «Ойпырым-ай, бұл жігітгің өзі ішіп-жеген ештеңесі жоқ екен, құтқарып қалайық» деген ешкім болмады. Себебі оларға Махамбет — сүйегі қурап қалған біреу.

Ақын Төлеген Айбергенов қазақ поэзиясына көркемдік, ағыл-тегіл сезім әкелген талант еді. Оның зираты қарақалпақ туыстардың топырағында. корей ағайындардың қауымында құм басып, елеусіз жатыр. Біз өз жеріміздегі киелілерімізді қастерлей алмай жүріп, қарақалпақ бауырларымызға қалай наз айтамыз.

Кие тұту, қастерлеу, қасиеттеу деген ұғым жойылса, адамнан да қасиет кетеді. «Адамның бәрі шайтан болып кетеді» деп келген бұрынғы адамдар. Біз «шайтан» деген немене, өмірде жоқ нәрсе, діндарлардың сандырағы деп ұғындырып келдік. «Шайтан болу» дегеннің мағынасы пәтуасыз, кез-келген жерде отырғызып кететін, өзінде де, сөзінде де тұрлау жоқ деген ұғымды береді. Яғни, ұшып көкте, қонып сайда жоқ адамсымақтарды халық осылай атап келген, ондай болмауға тәрбиелеу үшін атаған.

Мысала, идеология бөлімі, идеологиялық хатшы дейміз. Көзбен көріп, қолмен ұстайтын объекті жоқ бұларда. Рухани жұмыс. Бұл саланың қиындығы да осында. Адамды сендіріп қызмет істей алмаса, ол бөлімнің, хатшының ролі нөлге тең. Біз кейінгі ұрпаққа қастерлеу, кие тұту секілді ұғымдарды сіңірмей, рухани биіктікке жете алмаймыз.

Осы кезге дейін бізде ауылдық кеңестер жетекші роль атқара алмай, аты бар да, заты жоқ мекеме болып келді. Енді бүгінгі тұста қоғамымызда болып жатқан өзгерістерді пайдаланып, советтердің де ұйқыдан оянатын мезгілі жеткен сияқты.

Біз көп балалы отбасы, Батыр-ана деп кейбір жиналыстарда қолпаштаймыз. Сөзбен. Іс жүзінде көп балалы отбасыларына көрсетіліп жатқан жүйелі, нәтижелі қамқорлық жоқ. Бұл, ең алдымен, кеңестердің жұмысы, өз территориясындағы көп балалы аналардың тізімін алып, жай-күйімен танысу, үй-жайына, қызметіне көмектесу — солардың міндеті. Жалғызілікті қариялар соңғы жылдары көбейіп кетті. Бұл да — жақсылықтың нышаны емес. Бірқатарының балалары тастап кеткен. Адам-асыл болып алғасын, «келін өзі келгендей, бала өзі өскендей» ата-ананың балаға да, келінге де қажеті шамалы болып шыға келеді. Ал кейбір адамдардың перзенті жоқ. Ақ шашты ананың жанында күңкілдесіп отыратын ақсақалы болса, жақсы. Қосағынан айрылып, жалғыз отырған қария ше? Кейде ауырып-сырқағанда, шәй қойып, сүт, нан әкелудің өзі ол адамдарға бір дүние. Мұны айтып отырғаным, осының бәрі — қоғам мүшесі, яғни баршасына қоғам тарапынан қамқорлық керек. Ауылдық кеңестер мезгілінде сессия өткізіп, қалған уақытта ерте жатып, жай тұрып жүреді.

Жалпы мұндай адамның тағдырын шешетін орындарға, елдің қажетін, мұқтажын ойлай білетін адам отыруы керек, керенау, сылбыр жүріп, сылбырап тұратын адам орынды босатқаны жөн.

Шамасы, баяғы заманның патшасы секілді, қай ауылға, қай заводқа барса да, кінәлі адамдай алдынан жапырылып шығып сәлем беріп, машинаның да жылтырағына отырып үйренген көкірекке аттан аударылып түсе қалу оңай болмаса керек. Бірақ қазіргі кезең халқымыздың рухани, мәдени, тұрмыс-тіршілік дәрежесі осындай шараларды іске асыруды қажет етіп отыр.

Республикамыздың экономикасын шаруашылық есепке көшіру мәселесінің ойдағыдай ұйымдастырылуы кадрлардан көп жайды талап етеді. Адам — біртұтас күрделі құбылыс. Шаруашылық пен экономика саласын адамның, халықтың рухани әлемінен бөліп қарау — мәңгүрттікке апаратын айқара жолдың бірі. Ол жолдың да біраз қызық-шыжығын көре қалдық. Біз халқымыздың түсінік өресін, рухани, мәдени дәрежесін көтеру үшін өз психологиямыз бен табиғатымызға лайық тіршілік етуге тиіспіз. Әр халықтың тұтастығы ғана оның тіршілік ғұмырын сақтай алады. Елдік, халықтық тұтастық рухани бірлік жоқ ортадан адами әлемдік дәрежедегі саяси, әдеби, мәдени қайраткер шығуы мүмкін емес.

Ауылдағы бөлімшеде істейтін кітапханашыдан бастап совхоз комсомол ұйымының хатшысына дейін — бүгінгі қоғамымыздың кадры деген талаппен, сеніммен қарауымыз шарт. Өз коллективінің, жолдастарының, елдің алдындағы жауапкершілікті әркім сонда ғана сезіне алады.

Әр ұлттың рухани тұтастығы мен мақсаттылығы — жарасымды тірлігінің бірден-бір кепілі.

Қоғам мен Адам арасындағы үйлесім — адамзаттың о бастағы ізгі арманы.

Ол арманды жүзеге асыру үшін жас пен кәрі бірдей жауапты.

Менің көңілімде жүрген ой-толғамдарымның бір үзігі осы жайлар еді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама