- 03 нау. 2022 00:00
- 244
Наурыз — тазару күні
Шығыс халықтарының ежелгі мейрамы Наурыз — ұлыстың ұлы күні келді. Қазақ республикасының ерікті ел ретінде азаттық туын тіккен кезінде бүл күннің қадір-қасиеті арта түскендей. Күні кешеге дейін наурыз — қазақтың ұлттық мейрамы деп айтуға қорқып келдік. Бүгінгі күннің күнкөріс қиыншылықтарын айтып, шетімізден жылап жүрміз. Бірақ шүкіршілікті ұмытпауымыз керек.
Адам баласы жақсылыққа тоймайды, болған сайын бола түссе екен дейді. Дүние жақсылыққа толуы үшін әр адам өзі жақсылық жасауы, мейірімді, кешірімді болуы шарт.
Бүгінгі ұлыстың ұлы күні — бір жағынан тазару күні. Адамның денесі ғана емес, жан дүниесі де таза болса, дүние жаңарады, жаңғырады.
Біз ылғи айналамыздағылардан, қоғамнан, әкімдерден жақсылық, мейірім күтеміз. «Ананы үйтпеді, мынаны бүйтпеді» деп кінәлағышпыз. «Үй салып бермеді», «жақсы жұмысқа отырғызбады» деген секілді өкпе айтқышпыз. Ал, дүрысында әр адам мынау әлемдегі Күн секілді. Күн, ешкімнен жақсылық күтпей, өзінің нұрын сатпай, жақсы мен жаманға, зұлым мен арамға, ана мен балаға, бақа мен жыланға нұрын себеді. Адам баласының мейірімі де сол Күн секілді болғанда, әркім «ертең осының маған бір пайдасы тиер» деген ішкі есепсіз іс қылғанда, өмір жақсарады.
Бұл — бірінші айтарым.
Екіншіден — біз, әрқайсымыз, ұлттық мүддені ойлағанда, бөлініп-жарылмай, еті тірі, қолынан іс келетін, тәрбиелі ұл-қыздарымызды қолдап, жұмылған жұдырықтай бірігіп еңбек ете білгенде ғана халықтық мұратқа жетеміз. Мәселен, маған Адамбек деген кісі ұнамайды делік: мінез-құлқы, дүние-танымы дегендей. Екеуміздің басымыз біріге бермейді. Бірақ ұлттық мәселе төңірегіне келгенде екеуміздің бірлігімізді ешкім бұза алмайтындай болса ғана, халықтық мүдде, елдік намыс аяққа басылмайды.
Үшіншіден — арақ-шарап ішу — аз халықтарды біртіндеп у беріп өлтіру.
Біздің аз халқымыздың тағдыры жел өтінде тұр: саны аз халық әрі білімді, әрі текті, әрі мәдениетті болуы шарт. Шарт дейтінім — біз қазір ғылым мен техника дамыған, цивилизация дауылы шарпып тұрған заманда өмір сүріп отырмыз.
Саны көп ұлттардың арасында аз халық өз мәнімен қалу екіталай дүниедей. Сондықтан, әр баланың, әр перзенттің ұлттық мүддені өзінің қара басының мансабынан биік қоюы қажет.
Қазір, негізінен алғанда, халық оянды. Бұрын қазақ тілін білгенін, қазақ тілінде сөйлегенін ар санайтындар енді өз тілін білмегеніне ұялатын болды. Мұның бәрі тәубаға келуге, шүкіршілік етуге меңзейді.
Мен қазақ елінің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген іні-сіңлі, бауырларымды, замандастарымды, зейнеткер аға-жеңгелерімді ұлыстың ұлы күні құтты болғай, жерімізге, елімізге береке бергей деп тілек тілеймін.
1992