Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Маймылды құтқарған қарлығаш

Бір кедей жігіттің қолға үйренген маймылы болыпты. Ол маймылды өзі қайда барса да, бірге ертіп жүріпті.

Жаз айында азын-аулақ малына пішен шауып жүргенде де маймылды соңына ертіп алатын көрінеді. «Серігің сұқсыр болса да, жоқтан жақсы» дегендей, жігіт зеріккенде оны ермек етіп ойнатып отырады екен. Маймылға адамша сөйлеуді де үйретпек болып, көп әуреленеді. Ақырында «алып кел, алып бар!» дегендей сөздерді түсінеді. Таяқпен бір нәрсені соғуды да үйренеді. Иесі: «Үй қайда?» — деп сұрағанда, ауыл жақты нұсқайды екен.

Жігіт маймылды шабындықтағы қосқа күзетші етіп қалдырып, өзі тамақ әкелу үшін үйіне кетіпті. Біраз уақыт өткен соң, жалғыз қалған маймыл зерігеді де, қостың төбесіне шығып, одан әрі ағаштың бұтағына секіріп, ұшар басына шығып, жан-жағын барлайды.

Шиті мылтық асынған, азулы төбетін алдына салған аңшы атын қан сорпа етіп, бөріні қуып келе жатыр екен. Қуғыннан қалай құтыларын білмей сасқалақтаған жыртқыш бір кезде маймылдың өзі ұшар басына шығып отырған ағашқа қарай ойысыпты. Ағаштың түбіне жеткесін бөрі маймылға:

— Мені жасыра тұршы, жарқыным? Осы қуғыннан тірі қалсам, өмір бойы құлың болып өтейін, — деп жалынып, жыларман болады.

Маймылдың қасқырға жаны ашып, ағаштан секіріп түседі де, қорбаңдап жүгіріп барып, қостың есігін ашып:

— Кір мынаған! — депті.

Ал аңшы қостың жанына келгенде оның сұсынан қатты сескенген маймыл ағаштың басына шығып кетіпті. Ол жай тұрмай, алға қарай қолын сілтейді. Аңшы оның алдағанына сеніп, алға қарай шаба жөнеледі. Ол ұзап кеткесін, маймыл:

— Бір ажалдан құтқардым, қасқырым! Енді өз жөніңе жүре бер. Бірақ бұл жақсылығым үшін қандай сыйлық беретініңді айтып кет, — дейді.

— Е-һе, мынаның дәмесінің зорын қара! Мен сені боршалап, парша-паршаңды шығарып, жеп алайын! Бұдан артық саған қандай сыйлық керек? — деп, бөрі тістерін сақылдатады.

— Ә-әй-әй, тоқта! Мені жеуге асықпа! Біреу төрелігін айтсын, сенікі дұрыс десе, не істесең де еркің, — депті мұңайып қалған момын маймыл.

Сол мезетте қарлығаш қалықтап ұшып келеді. Екеуі соған жүгінеді. Сонда қарлығаш:

— Қасеке, маймылдың қожасы келетін мезгіл болды. Сондықтан бұл дауды алысырақ, тасалау жерге барып шешейік, — дейді.

Арамдық ойлап тұрған қасқырға бұл ұсыныс ұнап кетеді де:

— Дұрыс айтасың. Көзге түспейтін жерге барайық. Ал қалыңға қарай баста бізді, — дейді. Ол маймылды алдына салып, қарлығаш ұшқан жаққа жорта жөнеледі.

Шөп шауып жүрген жігіт жыртқыш аңдар жүретін жерлерден ор қазып, оның аузын жер бетімен бірдей тегістеп бүркемелеп, үстіне өлексенің етін тастап жүретін еді. Қарлығаш қасқырды тура солардың біріне бастап келе жатқан-ды. Сондай ордың біріне жете бергенде, көкжал өлексенің иісін сезіп қалады. Күні бойы қуғын көріп, қарны ашқан оның сілекейі шұбыра жөнеледі. Қасқырдың көз жұмып, тамсанып тұрған сәтін пайдаланып, маймыл ағаштың басына шығып кетеді. Қасқырдың онымен ісі де болмай, өлексеге тұра ұмтылады. Сол сәтте-ақ ол орға гүмп береді, мұны көрген маймыл қожасының насыбай үгетін келдегін әкеліп, өзін жемекші болған жыртқышты соға беріпті, соға беріпті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама