Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Менің өмірбаяным

Мен 1912 жылы, осы күнгі Көкшетау облысы, Арықбалық ауданы, қазіргі «Искра» колхозына қарасты «Баян» деген көлдің жағасында туыппын. Әкем Сая Тілеубердіұлы деген кісі кедей адам болған.

Мен әке-шешеден бес жасар күнімде жетім қалдым. Міне, осы балалық шағымнан маған тұрмыстың неше алуан белестері кездесті. Жәбір-жапа дегенді біз көп тарттық. Ағайындарымыздың мал кезектеріне барып, біреудің қозы-лағын бағып күн көрдім. Әкемнің інісі — Сыздық Тілеубердіұлы екеуміз орыс байлары — ағайынды Овдеев дегендердің қойын бақтық.

Осы жағдайларға байланысты қалың қайғы, тұңғиық ойдың соңында жүремін деп, малдан айрылып қалып, талай таяқ та жедім. Сөйтіп өмір талқысы мені қаршадай күнімнен - ақ өз қыспағына салды. Мен тұрмыс қиындықтарымен ерте алыстым, өмірдің соңына көз жасымды көл етіп, еңіреп - боздап жүріп түстім. Ол кезде менің көз жасым қандай көл болса, өмір мен үшін теңіз тәрізді елестеуші еді. Ол теңізді кешіп өтермін, адам болып ел қатарына қосылармын деген үміт менде жоқ еді.

Мен осылайша 11 жасқа шықтым, қозы бағудан бастап, малшылар қоғамының «аристократтары» жайлайтын жылқышылар дүниесінің есігін қақтық. «Бала жылқышы болуға талаптанып, жаздай жылқы күзетіне араласып жүргенімде, 1923 жылы біздің ауылға жетім балаларды «приютка» алатын «жарлық» сап ете түсті.

Біздің ендігі бет — Көкшетау болды. Жалғыз қамқорым — Сыздықпен қоштасып, ұзақ жылға сапар шектім. «Хош, қарағым, қайда барсаң да қудай алдыңнан жарылқасын!»— деп ағай қала берді.
1923 жылы күздігүні мен Көкшетау қаласындағы деткоммунаға орналастым. Көз ашыларына көз жетті. Мектеп табалдырығын аттадым.

Қаңғып жалғыз айдалада,
Айдалада қалғанда,
Анам өліп қайғы - жара
Бар денемді алғанда
Басым дал боп еңірегенде,
Көзден аққан ыстық қан,
Пана болмай ешбір пенде,
Зар илегем, жылағам.
Сонда маған ана болған.
Құшақ жайған «кел» деген —
Ей, күнәсыз жетім ұлан,
Мә, сүтімді ем, деген —
Ұлы Ленин партиясы,
Саған тарттым жырымды,—
дейтін (тарту) өлең міне осыдан туған.
Өмір — поэзия. Поэзияның күшті болуы — оқыған адамның ойын, жүрегін тербетуі шындықты жырлауынан. Сондықтан көркемөнердің негізгі арқауы шындық болу керек.

Деткоммунада өзім сияқты жетім балалар көп екен. Сол көп бала бір ананың баласындай болып, оқуға кірістік.
Осы деткоммунада пионер қатарына кірдім, одан кейін комсомол татарша өттім. Осы мектепте оқып жүргенде, 12 жасымда, 1924 жылы. Октябрь революциясының 7 жылдық тойына арнап, қабырға газетіне өлең жаздым (аты есімде жоқ). Ол өлеңім басылып шықты. Осыдан кейін балалар арасында ақын» атанып кеттім.

Бұдан кейін өмір — біркелкі, қызық, ілгері басу, оқу, өнер іздену жолындағы өмір болды.

Біз — бір үйде жататын 60 бала едік. Осы алпыс баланың бәрі де мен сияқты жетім, тұрмыс тепкісіне түскен, жүрегін зар мен мұң басқан жандар еді. «Уһ» дегенде жалын атқан алпыс жаралы жүректің ұйтқысы жарық күні біреу — совет үкіметі.
Отанды сүю, адамгершілік деген сөздердің мағынасын мен осы деткоммуна өмірінен сездім.

Мен көркем әдебиетті құмартып оқыдым, сол оқыған кітаптарымнан менің көбінесе іздейтінім — ел үшін қан майданға бел байлайтын, кісілігі артық адамдардың өмірі мен қимылы болушы еді. «Чапаев», «Гаррибальди», «Спартак», орыс классиктері мен батыс классиктерінің шығармалары, сөз жоқ, менің ой-өрісімнің кеңуіне, дүние тануыма үлкен әсер етті.

1928 жылы жеті жылдық мектепті бітіріп, деткоммунаның алтын босағасын аттап, Қызылжар қаласына тарттым. Артымда қимас достарым мен «қара шаңырағым» қалды. Бірақ сол деткоммуна өмірі менің жүрегімнен мәңгі орын алды. Мен ол күндерді мәңгі естен шығармауға ант еттім.

1927 жылдан бастап, мен жаз айларында ауылда сауатсыздықты жою ісіне араластым. Көкшетау ауданының үшінші ауылы мен он үшінші ауылдарында жас мұғалім болдым, бір жағынан комсомол ұяларын ашуға қатынасып, жастарды комсомол қатарына тарттым. «Кеңес ауылы» газетіне тілші болып, қалың малға қарсы, малшы жалдаған байларға қарсы күрес жүргіздім. Бұл мерзімдер ішінде өлең жазуды тоқтатқаным жоқ. Әйтсе де 1929 жылға дейін жазған өлеңдерімді баспаға беруге ұятсынып жүрдім.

1930 жылы Москва қаласындағы. «Цветметзолото» институтында, 1931 — 32 жылы. КазПИ - де оқыдым. Бұдан кейін денсаулығымның нашар болуы себепті оқудан шықтым.

Патриотизм дегеніміздің күре тамыры Отанды сүю сезімінде жатқан тәрізді. Өз елін, өз Отанын шын сүймеген адам өз елінің азаматы бола алмайды. Өз елінің азаматы болмаған кісіден батырлық, табандылық та шықпайды.

Отанды сүю — өз жаныңды сол Отан мақсатына түгел арнау, керекті кезеңде өміріңді қию — міне, меніңше патриотизм дегеніміздің толық мағынасы осы.

Мен бұл ойға соғыстан бұрынғы кезде-ақ талай тоқтағанмын. Бұл ойды. менің алдыма бірінші рет тартқан адам, шынында Виссарион Белинский. Ол кісінің «...что вошло глубоко запало в душу, то само собою проявится вовне...» деген қағидасы болатын.
Міне енді жүрекке орныққан адамшылық қазынасы мен өз басыңдағы кісілік адамдық қасиетіңді сынайтын бір кезең келді, біз майданға араластық.

«Жауыз беттің жалған кебін
Майдан жыртар — оқ тесер,
Жан беріскен жағалас та
Алдамыштың үні өшер».

Жаңбырдайын оқ жауып тұрғанда, сенің көзіңе өлім мен өмір қатар елестеп тұрғанда, сен не кейін қарай жалт бересің де, не арыстандай ащы айғай мен айқасқа ұмтыласың. «Алдамыштың үні өшер» дегеніміздің мәні осы. Майдан өмірі қанды айқас үсті қандай адамның болса да шын тұлғасын жарық дүниеге бір шығармай қоймайды, қандай жүректің болса да шын сырын ашпай қоймайды. Көзге жылтыраған талай ділмәр бас сауғалап, бұғып қашып-пысамын деп өз саудасын бітіреді.

Қанды айқас кезінде, «мың сіз - бізден бір шыж-быжым артық» дегендейін, ол жерде іс керек. Майдан достығы сенің ісіңе, адамгершілігіңе қарап табылады.

Адалын айтқанда, мен соғысқа кетіп бара жатып өлімнен қорыққаным жоқ, осы адамгершілік борышымның ауыр қағидасынан қорықтым. «Егер қатарлы солдаттың бірі болсам, өз борышымды орындау сонша қиын да болмас еді, ал бір ротаның соғыстағы тағдырын маған шешуге тура келсе, қайтемін?»— деген ой мені қатты қинады.
Өлім деген оп-оңай. Бірақ «азамат» болып, кісілік дәрежесінде өлу өте қиын іс...

1942 жылдың 1 май деген күні біз майданның алдыңғы тізбегінен орын тептік. Жаумен екі ортамыз — дүрбімен көретін жер. Әрдайым бір-біріміздің тынышымызды алысып тұрамыз...

Екі ай жеті күн дегенде қырғын соғыс басталды, тынымсыз төрт тәулікке созылған қатты қырғында менің ротам неміс басқыншыларының 11 контратакасын тойтарды. Соғыс үстінде болатын түрлі себептердің салдарынан бұл күндерде болған соғысты басқару ісі ротада менің қолыма көшті. 5-күні ротаның тірі қалған 50 адамын алып, өз батальонымның қалдығына қосылдым. Батальон командирі капитан Ф. Хайрутдинов, П. П. Луковников, штаб бастығы лейтенант М. Р. Соболев тағы басқа жолдастармен мәслихаттасып алып, өзіміздің шегінген әскерге қосылу шарасына кірістік. Аштық пен қиындыққа төзген бірнеше күндердің нәтижесі бізді мұратқа жеткізбеді. Ендігі тағдырды. өз бетімізбен шегінуге тура келді.

Бұл сын— бұрынғы сындардан анағұрлым ауыр сын болған әрбір командирдің алдында өз адамшылығын — Отан алдындағы өз борышын атқару міндеті жүз есе өсті, жүз есе ауырлады.

Қолдағы солдаттардан партизан отрядын құрдық. Енді соғысты жаудың, қанішер гитлершілдердің өз тылында жүргізу керек болды.
Қанға — қан.

15 август күні (42 жылы) біз Луганск облысының «Боровая» өзені жағасында немістің «СС» атты жазалаушылар отрядымен соғыс жүргіздік. Бес сағатқа тарта созылған бұл соғыс тым қызу болды. Бұл шайқаста бізден 7 кісі жеңіл жараланып, Щербаков пен Губдулов деген екі аяулы жігітіміз қаза тапты. Менің «Айтылмай кеткен аманат» деген өлеңім осы екі достың өліміне арналған. Партизан отрядында жаралы болған күніме дейін мен 12 ұрысқа және бірнеше қиын операцияларға қатынастым.

1942 жылдың октябрь айында бізге қарсы немістер 1500-дей әскерін жұмсап, қатты соғыс ашты. Осы соғыста мен ауыр жараландым.
Менің жолдастарымның бәрі орыстар еді. Олар мені екі айдан астам иықтарына салып алып жүрді. Нелер қиын соғыстарды бастарынан кешіріп, менің тағдырыма өз тағдырларын біріктірді. Мен үшін өліп кетуге белдерін бекем буды. Мен оларды өмірде ұмыта алман. Ұлы орыс халқының бұл адамгершілігін өтеуге менің өмірім жетпесе, өз балаларыма, ұрпақтарыма борыш етіп артармын.
Менің «Сағындым сені, достарым», «Еске алу» деген өлеңдерім осы ұлы достыққа — қиын достыққа арналған.

Күн мен түні бірдей қауіпте, жатқан жері жердің асты, не жараға ем істейтін дәрігер жоқ, не ішерлік тамағы жоқ адам қаншаға шыдар. Мен қалжырадым. Енді ақ өлімді күткен сияқтандым. Мен үшін азапқа түсіп өкірген жолдастарымның хәлдері де менің жаныма батайын деді. Енді мені бір жерге апарып жасырыңдар»,— деп, жолдастарымнан өтініш еттім. Олар өтінішімді қабылдады. Луганск облысы, Рубежненской ауданындағы Пшеничный хуторында тұратын, бізбен астыртын байланысы бар Маслов Михаил деген мүгедек Донбастың ескі шахтерінің үйіне апарып мені жасырды.

Біздің дәуірдегі ұлттар достығының күндей қуатын, ыстық жүрегін мен, міне, осы украин шалының үйінен көрдім, заман ұлы, өз елінің азаматы болу дегеннің қасиетін де мен осы үйде жатып түсіндім.

Көкірегімді оқ тескенде,
Маңдайым саған тиген жер.
Талықсып үнім өшкенде,
Өзегім деп сүйген жер...
Шалың әкем болған жер,
Бейнетіме көнген жер,
Кемпірің анам болған жер,
Көбіңнен құрмет көрген жер!—
дейтінім осы.

Бұл Советтің шын патриотының үй-ішіне талай қауіп төнді. Бірақ олар мені дұшпанға берген жоқ. «Мен өлім аузында жатқан адаммын ғой. Мен үшін өз бастарыңды оққа байламаңдар. Мен сіздерге ризамын. Мені бір түнде қала сыртына шығарып тастаңдар»,— деп мен талай зар иеледім. Бірақ үлкен жүрегі бар, Отанын шын сүйген украин халқының адал ұлы мені қимады. «Өлсек бірге өлеміз»,— деді қарт. Мен осылайша өлімнен қалдым. Мен осылайша әке тауып, украин ұлы болдым.

Туған жердей сен қымбат,
Көкірегімнен қан тамған.
Өн бойымды оқ, шарлап,
Маңдайымды күн шалған...
Менің кейінгі жазған шығармаларымда достық, украин, орыс халқы туралы жырлардың көп кездесетіні осыдан. Мен өзімнің ендігі қалған өмірімді осы ұлы достық пен тамаша халықтың әкелік - туысқандық борышын ақтау жолына жұмсаймын. Біздің өмірдің қысқаша ұзын-ырғасы осы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама