Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мұғалім бе? Робот па?

«Жаңа технологиялардың үдемелі дамыған заманында өмір сүріп жатырмыз. Гугле көзілдірікте орналасқан компьютерлер шығаруды жолға қойды». «Ақылды қабырға сіздің кез келген сұрағыңызға қиналмай-ақ жауап береді». «Бір қуаттанған Тесло автокөлігі 400 шақырымдық қашықтықты еңсереді». «АҚШ президенті озық технологиямен жасалған роботтың жаңа мүмкіншіліктерімен танысты». «Үй күтуші роботтардың қолданылу шегі кеңейтілді». Бұл оқтын – оқтын адамзатты таңқалдыртып, жарқын болашаққа үмітпен қаратқызатын, «Сонда біздерде де...» деген тәтті қиялға жетелететін жаңалықтар. Осы тізбектің ішінде елең еткізер жаңалық бар екен. Оңтүстік Кореяда алдымен тәжірибеден өткізілген робот мұғалімдердің қабілеті жоғары бағаланғаны сол, енді оларды өндірістік жолмен жасап шығару үшін зауытқа тапсырыс берілген. Тірі мұғалімдер роботқа айырбастала бастаса білімберу ісі мүлдем жаңа бағыт алары сөзсіз, ал бала тәрбиесін болашақта роботқа тапсырмақ жер шарының тұрғындарын не күтіп тұрмақ?

Әлемде роботтар мұғалімдік жұмысқа жаппай кірісті делік, дамыған елдерден қалыспаймыз деп жүрген біз де жағалай жар салып «абаттану» жоқ роботтануға бел шеше кірісер едік. Осылай да осылай деп алдымен отандық телеарналардың жаңалықтары сүйіншілетер. Сөйтіп, ең алғаш әкелінген робот мұғалімдер аурулы вакцинасы бар Австриялық сиырлардың күйін кешеді деп болжасақ көріпкелдік болмас. Өзімізге тән жемқорлық сияқты ұсақ - түйек салдарынан вирусты роботтар мұғалімдік қызметті шала атқарып барып, көш жүре түзелермен қайта жабдықталар. Қайта жабдықтар сәтте біраз қиындықтар шығатыны анық. Әкесіндей адамға қол жұмсаудан тайынбас біздің оқушылардың алдына роботты жіберу үшін, оны бірқатар қорғаныс, керек болса шабуыл тәсілдеріне бағыттау қажет. Әйтпесе, алғашқы қақтығыста – ақ шет елдік ақсаусақ роботтарыңыз кабинеттің бір бұрышында қаңылтыр қақпағы майысып дәрменсіз күй кешпек. Бұл роботтарға жетік білімді де көп енгізе бермеген дұрыс. Оның орнына білім ордасының әкімшілігіне ауадай қажетті жан семіртер жақсы сөздер мен қыздай сызылған қылық жүктелсін. Сол кезде жан-жақты білімді робот қуат көзіне жартылай қосылып, «ләббайшыл» робот энергияға тойғанынша кеңелмек. Сөйтіп біртіндеп білімпаз роботыңыз да «ләббайшыл» роботқа оп-оңай айнала салады. Ал шет елдік мұғалім роботтарды көше сыпыруға, тізім толтыруға біздің жақта қосымша дағдыландыратыны былай да түсінікті шығар. Әрқашан білім ордасының үлкен үлкен мәселелерін ептілікпен, өзінің таудай биік жеке абыройын сала жүріп іске асыратын, сондықтан да қарамағындағы мұғалімдері құдайдай табынуы тиіс білім ордасының басшысына робот мұғалімдер қандай қолайлы болар еді. Мәселен, сенбілікке шығару, сайлауға көмектесу, тізім жинау үшін ешқандай жиналыс ашып, түсіндіру – мәжбүрлеу түрінде сөз сөйлеудің қажеті жоқ. Айттың бітті, роботтарың нұсқаған жағыңа салдыр – гүлдір етіп кете барады. Театрдағы концерт пе, премьера ма, тұрғындармен кездесу ме жоғарыдан бұйрық келсе болды, міне біздің қызметкерлер осы – дап дайын. Ал түгел роботтанса мүмкін бастықтар да роботтан тағайындалар. Жоқ, ол мүмкін емес, біздің қазақ директорлықты оңайлықпен қолынан шығара қоймас. Беретінін беріп, орынтағына жайғасқан соң, тіпті қол астындағылары робот болса  мейлі, олардың жып-жылы сүйіспеншіліктеріне бөлену сезімі басқа ғой. Робот болған соң оған шөкімдеп жалақысын өсірудің керегі не? Олардың пікірін сұрап әуре болмаңыз, оқулықты кім жазсын бәрібір, жансыз зат мән бермес, тиісті міндетін атқарып тұра бермек.

Бізде әлемдік озық үлгіден алынған, бірақ өзгеше сипатқа енген ҰБТ бар. Жаңа мұғалім – роботқа оны да тәптіштеп түсіндіру қажет. Оқушылардың мына бөлігі ҰБТ – ға бармайтындар, оған көп уақыт шығындаудың қажеті шамалы, өз атын сауатсыз жазса да көңіл аудармаңыз, ал ҰБТ – ға баратындар жылдап тестпен төмпештеледі. Сұраққа дұрыс жауап бір бөлек те, ол жауаптың талқылануы бір басқа емес пе? Біздің білімберуде мектеп бітірушіңіз тест сұрағына, мәнісіне бармай – ақ автоматты түрде жауап бере берсе болғаны. Қаншама дайындықпен келіп, бір рет атылатын зеңбірек сияқты, ҰБТ – дан соң мектеп бітірушінің алған білімі керексіз ақпарат ретінде санадан өшірілетіні ешкімді толғандырмас. Ал шет елдік роботқа кейбір ақшалы ата ананың ұл – қызы ешқандай білімсіз – ақ ҰБТ - ның жоғары нәтижесіне қол жеткізетінін түсіндіру қиынға соғатын шығар, мүмкін, «сиқыршылық» деп көрерміз.

Жапон роботы жапондық тәрбиемен, ағылшын роботы ағылшын тәрбиесімен жүктелетініне таң қала қоймассыз. Біздің елде бұл мұғалім роботыңызға балаларға беретін тәрбие ретінде қазақы дәстүр енгізілер ме екен? Қайдам?! Дайын жаһандық тәрбие тұрғанда қазақы салтты қайтсын, енді біраз көз үшін...

Мұғаліммін бұл күнде, робот емеспін бе өзі?!    

Ибраев Нұрлан Балхашұлы. Оқытушы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама