Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мұхтар Әуезов

Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) — қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

М. Әуезов қазіргі ШҚО Абай ауданында дүниеге келген. Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1915 ж Семей қалалық мұғалімдер семинариясына қабылданады. Оқып жүргенде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 ж маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарады.

1919 ж «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады.

1921 ж Қазақ АКСР-і ОАК-нің төралқа мүшелігіне сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарып, кадр мәселесімен айналысады. Мұхаңның «Еңбекші қазақ» газетіне басшылық жасайтын тұсы да осы кезеңмен дәлме-дәл келеді.

1928 ж Ленинград университетінің филология факултетін, сосын – Ташкенттегі университет жанындағы аспирантураны бітіреді. 30- жылдардың басында жазықсыз жаламен екі жыл түрмеде отырды. Соның салдарынан жазушы өзінің " Еңлік-Кебек", " Көксерек", " Қилы заман" сияқты тамаша туындыларынан бас тартса, 40-шы жылдары " Қаракөз"," Айман-шолпан", " Түнгі сарын" сияқты ғажайып пьесалары сахнадан түсіп қалады.

М.Әуезовтың "Абай жолы" роман-эпопеясы- бүкіл кеңес әдебиетінің аса көрнекті шығармасы. Дүние жүзінің отыздан астам тіліне аударылып жарық көрген бұл шығарма миллиондаған оқырманды сусындатып, оларға ұлы Абайды, Абай арқылы қазақ халқын паш етті.

Жазушы өзінің шығармашылық жолында талай жанрға, тақырыпқа із салып, қыруар, очерк, әңгіме, пьесалар жазған, тамаша аудармалар жасаған, әдеби сынға, әдебиет тарихын зерттеу жұмысына белсене ат салысып, көптеген мағыналы мақалалар жариялаған, баяндамалар жасаған, оқулықтар құраған. Еңбектерімен қазақ әдебиетін дамытуда зор үлес қосқан.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама