Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Науша мен Әубәкір

Арғы бетке өтіп кеткен Науша Бөкейліктегі ағайындарын аралап жүріп, Әубәкір Ақбайұлынікіне келеді. Бұл кезде Әубәкір жай старшина да, Науша сексенге келіп қалған шал шағы екен. Бұлар киіз үй көлеңкесінде отырса, үстерінен әйгілі Досай тентек Ыдырысұлы кеп, ат үстінен қарт батырды көтеріп алған күйі: «Бұл байұлының Науша батыры ма-ай?», — деп үйіріп-үйіріп жерге қойыпты да жүре беріпті. Қызулы жас жігіттің артынан қарап тұрған Әубәкір:

— Батыр аға, мына жігітті танымадыңыз ба? — деп сұрады.

— Таныдым, бірақ тарқақтау екен. Шамасы атағына сай шатағы мол біреу де, жасы келген кейуананы келеке етті ғой, — дейді.

Әубәкір жерге кірердей боп ұялып, қайта-қайта кешірім сұрайды. Артынан ауылдың бар игі-жақсыларын жинап Науша батырға қонақасы береді. Бәрі де батыр әңгімесін тыңдағысы кеп, үй иесін қолқалайды. Бірақ қонағының қай жағынан шығып кетем деген Әубәкір біраз уақыт үнсіз отырады да ақыры:

— Науша аға! Тумысымыз бір болса да, тағдырымыз түрлі еді. Сіздің батыр атағыңыз Жайықтың екі бетіндегі қандастарыңызға түгел мәлім. Соған сай өзіңізге деген құрмет те жоғары. Мына жиналған қауым сізден көргендік сөз, абыздық ақыл тыңдағысы келеді. Айып болмаса, қалай батыр атандыңыз? Соны айтсаңыз етті, — дейді.

Алқалаған әлеумет алдында тап осындай бір сұрақтың қойыларын айтпай сезетін Науша көп кідірместен:

— Оның несін сұрайсыңдар, біздің заманымыз өтті. Ал бір кезде менің атым шықты деп кеуде соғу тыңдап отырған сендерге де сиымсыз, айтам деген маған да сәнсіз. Сырым атам осы батырлық туралы «қазақ бір-бірін өлтіреді де, мен батырмын деп мақтанады. Мен болсам сондай дарақылықтан, дарақыдан қорқам. Шамаң келсе, өзгенің батырын өлтіріп мақтан. Қазақ қандай ұрыста да жанын аямаған адамды батыр дейді. Соған сай біреулер батыр десе, менің де соған татыр ісім болғаны ғой» — дейді екен.

Ай, Әуешжан-ай, жастық жалының лапылдап жанған оттай, лықсыған селдей лақылдап, алып, жұлып тұрасың-ау! Ол дұрыс. Өйткені сен сөйтпеймін десең де, уақытың мен кезеңің қоймайды. Тасты бұзасың, тауды жарасың. Мен де сенің осы шағыңда алаулап жанғанмын, атылып, тасығанмын. Соның бір жәйін айтып берейін.

Бір жылдары ел ортасындағы көлде айдаһар пайда болып, тұрғындар тым-тырақай ауа көшті. Біразы маған кеп «бауырым, батырсың ғой, көмек бер. Қарап отырып қара жыланға жем боламыз ба?» дегені.

Менің де бұрын-соңды жылан өлтіріп атым шықпаған кез. Оның үстіне қолқалап тұрған соң ауылдастардың абыройы үшін іштей қорқа тұрсам да, сыртымнан қоқиланып: «Кәне, сол пәлелерің қайда жатыр? Көрсетіңдерші?» деуім мұң екен, қасыма ержүректілеу біреуін қосып берді де «әне, ана жақ, жолдарың болсын!» деп жөн сілтеп қала берді.

Бірақ қасыма ерткен жүректісі тым алысқа ұзамай, әлгі айтқан көл жағасына жетті де: «осы көлдің ортасына таман жақындағанда өзі көрінеді. Атыңызды маған тастап, жүре беріңіз» дегені. Мен не дейін, айтқанын істеп, қолымдағы тарақ балтамды жарқылдатқан күйі ілгері жүре бердім.

Көп кешікпей алдымнан күнге шағылысып, жарқылдаған жылан жоны көрінді. Аздан соң әлгіміз басын көтеріп, шегір көзін қадады. Мен оған қарадым. Жанары суық. Жүзі қорқынышты екен. Бірақ алған беттен қайтпай, қаруымды оңтайладым. Жақындаған сәтте айдаһардың адам қорқар ысылы саябырсып, манағы оттай жанған шегір көзі солғын тартты, тіпті жылан бойында әз-мәз қозғалыста бар сияқты боп көрінеді. Осы сәтте аяғымды тез-тез ап, бір-екі аттаған күйі айдаһар басы осы тұс деп тарақты балтамды сілтеп кеп қалғаным.

Бас үзіліп түсті. Бірақ, аса бір шапшаңдықпен аунап түскен ол құйрығын ерекше өрнектетіп айдын төсін қақ айыра ұрды. Әдетте айтқыштар жылан күші құйрығында деуші еді. Абырой болғанда онысы маған дарымады. Бұдан ары тұрыстың еш мәні жоқ. Талайдан бергі тұрғындарды тыныштықтан айырған айдаһардың ажалы жетті. Менің де межем сол. Оның үстіне алдымда қызыл қан боп жайрап жатқан жыланның қасында тұрудың өзі қорқынышты еді. Тезірек теріс айналып, жағада қалған жолдасыма қарай жүрдім. Ол қос ат шылбырын ұстаған күйі болған іске сенер-сенбесін білмей, өң мен түстей солтиып тұр.

— Ауылыңды айлар бойы әлекке сап, бір қауға суға зар қылған аждаһаң өлді, барып көресің бе? — деймін. Азар да-безер болған ол:

— Көрмегенім жылан болсын, атамаңыз, — деп қарғанады.

— Ендеше, еліңе сәлем айт! — деп атыма тақым артам. Ол болса: «Ең ақыры ауылға жүріп, ақсақалдардың алғысын алсаңызшы?» — дейді. Мен ризашылығымды білдірем.

Кейін рас-өтірігін қайдам, әлгі ауылдың адамдары «сол айдаһардың тілінің астында алтын бар екен, оны сол маңдағы казак-орыстар қағып алыпты» деп айтып жүрді. Ал маған әу бастан алтын емес, алғыс керек еді.

Солай, бауырым, бұл біреулерге өтірік, ал маған шын. Мүмкін туған халқым менің осы сияқты оқыс істерімді естіп, батыр дейтін шығар. Бірақ қамал бұзып, қалмақ қырмағаным анық, соны білсеңдер болды, — деп әңгімесін аяқтапты.

Сайып келгенде Науша шағын болса да жауырындары төртбақ, тіке қарағанда көзі өткір, аз сөйлеп, көп тыңдайтын, қызбалақ пен мақтаншақтыққа жоқ, қару дегенде қолына жарты құлаш шолақ найзасы мен тарақ найзасын алып, басына қыл арқанын ораған күйі көк бедеуін сипай қамшылап жүреді екен. Сол Науша туған ауылына оралып келе жатып, жолай жерлеп жатқан өліктің үстінен шығады. Қарап тұрмай қабіршілерден: «Мына адам неден өлді, кім еді?» — деп сұрайды. Сонда олар: «Бұл бәленшекеңнің зайыбы, қазасы шешектен», — деп жауап береді. Батыр селк ете түседі де, аттың басын тез бұрып, жүріп кетеді. Жолай шошынған көңілін сәл басып, өз-өзінен: «апырау түтеген жаудан түгі қисаймай тура шапқан бұл жүрек шиқан құрлы қауқары жоқ қу шешектен неге қорықты, асылы ажа- лым осыдан болмаса нетті?» — деп ойланған екен. Айтқанын- дай-ақ ауылына кеп аз ауырып, қайтыс бопты.

Оқуға кеңес береміз:

Науша батыр туралы

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама