Қарабет
— Сонда қалай? Маған айтатын басқа сөзің жоқ болғаны ма? — деп Айжан жалынды.
Күрең айғырды мойынынан құшақтап, бетін жылқының жалына басып тұрған Бөкен оның сұрағына мән бермеді.
— Енді бізге кездесуге болмай ма?
Оған да жауап болмаған соң, қолын Бөкеннің иығына қойып еді, ол иығын лезде бұрып:
— Жоқ! — деп ақырып жіберіп, атының басынан қамшының сабымен ұрып қалды да: «Осы жорға мені құртқан, осылар, осылар», — деп қайта-қайта сабалады.
Айғыр қарғыды, жұлқынды, бірақ жүгенге жабысқан қол оны жібермеді.
— Не болды саған?
— Осы айғыр болмағанда мен сенімен кездеспес едім, — деп атына шапшаң мініп жорғалата жөнелді, үзеңгіден ұстаған Айжан етбетімен құлай жаздады.
Айжанның көзі жасаурап, шаңдатып бара жатқан Бөкен кешкі іңірде әбден жоқ болып кеткенше қарап тұрды. Одан кейін суық желді де сезбей, ай толып қалғанын да байқамай, сәл көрініп тұрған шамдардың жарығына қарай жүгіріп кетті.
***
Бөкен күркеге кірместен, далада тұрған атарбаға айғырын күрмей байлады да, арба үстіне құлай кетті. Көзін жұмып, Айжанды елестетті.
«Бұл қалай болды өзі ... Ши байланған жұмбақ өмір». Есіне әкесінің: «Балам, олар бізге туысқан болып шықты, арамыз жеті атадан аспайды. Қарабет болма, балам», — деген сөзі есінде. Бөкен бәрін түсінді, бәрін ұқты, бірақ кеудесі күйіп-жанғандай тыным таппады.
Көзін ашты. Ай мазақ қылғандай тап төбесінен жарқырап тұр екен. Ұшқан жын-көбелектерді көріп Айжанды қайтадан есіне алды.
«Ол көбелек қой, әдемі, нәзік көбелек. Көбелек жарыққа ұшамын деп қанатын күйдіреді. Ол күйсе мен қарабет болып қалай өмір сүрем. Жаным екі бөлінген секілді. Қолымды тигізуге қорқамын, өзімді ұстай алмаспын. Қайтсем екен. Ол енді басқа біреуді табар. Енді оны басқа адам сүйеді...»
— Жоқ! — деп дауыстап жіберді.
«Дәстүрді бұзасың, қарабет боласың дейді. Жоқ, болды. Енді оны ұмыту керек. Бір, екі жыл өткен соң бәрі әлі түс сияқты тек есте қалар. Ал, қазір ол туралы ойланба, жетті».
Сөйтіп, ойы шашырап жатқанда көзі ілініп кеткен екен. Жорға арбаның үстінде төселген шөпті жеп болып, Бөкеннің астындағы көкке тиіскен кезде тұмсығыменен итермелеп оны оятып жіберді. Таң атып қалған екен. Ол күркедегі адамдарды оятпастан, асханаға пайдаланатын күркеге кіріп қымыз ішті. Айнаға көзі түсіп, өзінен-өзі шошынды. Бұйра шашы бетіне түсіп, шашақ болып тұр екен. Көздері құтырған иттікі сияқты, қып-қызыл. Бөкен шашын дұрыстады да: «Бүгін оны көрмесем мен жынданып кететін шығармын. Тек соңғы рет, коштасу үшін», — деп шешті. Сол күйі, азанда, күрең айғырын жорғалатып, жылқыны түнгі жайылыстан қайтаруға шығып кетті.
***
Күн батқанша асығып, Бөкен кешегі кеткен жерге беттеді. Есалаң, мас адам секілді басы салбырап, жорғасын тебінгіштеп қояды да, дауыстап:
— Сен, сен үшін осы бейнеттің бәрі. Егер сен судан жүзіп шықпағанда, мен оны көрмейтін едім, — деп күбірлейді.
***
Айжан кешегі өзі тастап кеткен жерден қозғалмағандай, тұр екен. Бөкен атынан секіріп түсіп, оның алдына келді.
— Мен білдім сенің осы жерге қайта келетінінді, — деп Айжан қолын созды.
Бөкен қолын алып, мамықтай сезіп, ерніне жақындатып оның саусағынан сүйді. Басқа сөз айтылмады. Айжанның көзінен жас парлады. Бөкен оның жасын сүйді, ерніне кермек дәм білінді. Таңдайы кеуіп қалғандай, шөлдеп келіп бұлақтың суын ішкендей болды. Шөлі қанатын емес, абайлап ішеді. Бір жұмбақ дүниеге батып барады ...
***
Бөкен болдырып қалған айғырды демін алып жайылып тұрған жерінен жетектеп, көгалда отырған Айжанның қасына келді. Оны көтеріп алдына алды. Айжан үнсіз мойнына асылды.
Ауылдың шетіне келгенде Айжан:
— Жібер мені, әрі қарай өзім барам. Енді бұл тәтті түс осымен бітті, — деп жарыққа қарай жүре берді.
***
Бөкен ісі біткендей, өзеннің жағасына келді де атынан түсіп, басын ұстап біраз отырды. «О, қарабет, мен не қылдым. Ол бала ғой, әлі он беске толмаған. Сен не бүлдірдің», — деп ойлады, өзіне өзі жиіркене. Оның үстіне бақалардың үні бір-бірімен дауласып жатқандай құлағын жарып барады. Құлағын алақанымен басып отырды да, орнынан атып тұрды:
— Шайтан өзен, — деп сыбырлап сөйледі.
Тұрған жері оған таныс көрінгендей болды. Қамыстың арасына кірді. Тап сол жерге дәл келгенін білді. Бірақ үш ай бұрын, су жайылғанда тоғай көрінбейтін еді. Бір үйір жылқы осы жаққа шығып, сол уақытта су көтеріліп, жылқы осы бетте қалып қойғанда әкесі оған: «Мін күрең айғырды, ар жаққа жүзіп шық, олар тек осы жорғаның артынан ғана ереді», — деп оны жіберген еді. Бөкен жорғасына ауырлық қылмайын деп, оған ұзын арқан сүйретіп, суға түсіріп жүзген. Арғы бетке шықса, жылқының маңында бір қыз бала гүл теріп жүр екен. Бөкенге ол ертегідегі сұлудың өзі сияқты көрінді. Сөз айтылмады. Бірақ олар бір-біріне ұзақ қарады. Бөкеннің жылқысын судан өткізіп шықты. Сол кезден бастап тек бір тілек пайда болды, қызбен қайтадан кездесу. Бір айдан соң су да тартылды. Ол бұл ауылға жиі келіп тұратын болды. Сөйтіп жүріп арманына жетті. Айжанмен кездесіп жүргеніне екі апта болды.
***
Бөкен дәл сол жер екеніне әбден анықтап, көзі жеткесін, бұл жерге қалай келгеніне таң қалды. «Не болса да тағдыр айдап келген екен, егер айғыр судан шығарса, онда кұдай мені кешірген, олай болмаса ажалым осы өзенде», — деп түйді. Жетектеп шетіне келгенде айғыры ұмтылып тұмсығын суға кіргізіп, ауыздығы алынбастан суға бас қойды. Тек сонда ғана жорғасынын кешеден бері суарылмағаны Бөкеннің есіне түсті. Судың дірілінде ай мен жұлдыздар билеп тұрғандай көрінді. Бақалардың үні көбейді. «Алдында шалқып жатқан ағын су болса, қазір жайын жүзетін қара өзен болған», — деп ойлады.
Жылқы суға әбден қанған соң Бөкен оны жетектеп өзеннің ортасына келді де, басын жіберіп, құйрығына жармасты. Бөкен айғырдың құйрығынан айрылмайды. «Онда күн болса мұнда түн. Маған енді қажеті не күн бе, түн бе», — деген оған ой келді. Жорғаның пырылдаған тынысы естілді. Судан жылқыны шығармай, шылбырын қамти ұстаған күйі үлкен ағысқа бағыттады. Бөкеннің қолы қарысып қалған, оның басы айналды, жұлдыздар да, Ай да айналды.
Оның ең соңғы рет естігені өзеннің гүрілі, бақалардың үні болды. Ең соңғы келген ойлар: «Тағы да шөлдедім. Қарабет, қара суға қандыр шөліңді».
Бөкен су бетіне түсіп тұрған Айдың сәулесін ақырғы рет көріп үлгерді.