Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Мұғалім

Күн арқан бойы көтерілген тұста үшеуі қол ұстасқан күйі үлкен шатырлы, еңселі үй алдындағы алаңға жиналды. Күндегі әдеттері осы. Бейне бір уәделесіп қойған дерсің. Содан соң тұс-тұстан өздері шамалас өзге құрбылары келіп қосылады. Еш нәрседен алаңсыз. Көп ұзамай өздерінің сүйікті ойындарын бастай жөнеледі.

— Кәне, балалар, тыныш отырыңыздар !— Қаз-қатар отыра қалған балалар жаңа ғана өздерімен бір жүрген Сәлиманың әп-сәтте мұғалім болып алдарында тұрғанына таңданбайды. Айтты ма, бітті. Орындайды. Күні бойы шулап отырған балалар сап тыйылады.

— Бүгін кім жоқ сабақта? — Қолындағы оқулығы да, журналы да — сыртқы мұқабасы жыртылған «Әліппеге» үңілді.

— Бәрі де түгел. — Балалар тағы да шу ете қалды.

— Жә, шуламаңдар, түге. Немене соншалықты. Біреуің айтсаңдар да жетеді.— Бұл Сәлиманың біріншіде оқитын Асқар ағасы айтып отыратын Бәтима апайға еліктеп, қатал болғаны. Ол апайын көрген емес, бірақ соншалықты көргісі келеді. Қанша рет мектепке ертіп бар деп өтінсе де, Асқар мұның сөзіне құлақ аспады. «Әлі кішкентайсың, ертең-ақ өзің оқуға барғанда көресің»,— дейді әрі-беріден соң.

— Кәнекей, кешегі өткен тақпағымызды тағы қайталайық.

Осыдан соң бәрі «Әрқашан күн сөнбесін» әнін айтады. Әзірге білетіндері де осы ән ғана. Тіпті сабақ басталғалы айтып келеді.

Ән бітісімен, әрқайсысы ортаға шығып, білетін тақпақтарын айтады. Нағыз қызық осы жерден басталды. Бұрынғыдай емес, оқушылар улап-шулап, Сәлима мұғалиманың айтқанына көңіл де бөлмейді. Өз оқушыларының тәртіпсіз қылығына ренжіген сыңайда қатал бола қалады да:

— Жарайды, бүгінге осы оқығанымыз жетер. Тараймыз, — дейді. Осы сөзді күткендей бәрі де орындарынан шу етіп өре түрегеледі.

— Ертең сабаққа қалмай келіңдер.

Ең алдыда бара жатқан Сәлима «мұғалімнің» мына сөзін бірі естісе, бірі естімей де қалады. Алайда ертеңіне олардың түгелімен «сабақта» отырғанын көресің.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама