Қаз дауысты Қазыбектің тоғыз жастағы билігі
Қоңыр күздің жаймашуақ күндерінің бірінде ауыл ақсақалдары Келдібек биді ортаға алып, төбе басында отырады. Алыстан арнайы келген бес-алты жолаушы ат басын бидің алты қанат ақ үйіне тіреді де, көп кідірмей мәжіліс төбеге қарай қайта бұрылды. Жапырласа аттан түсіп Келдібек биге, алқақотан отырған ақсақалдарға сәлем беріп, амандық-саулық сұрасып болған соң, жолаушылардың ішіндегі жасы алпыстар шамасындағы ажарлы адам сөз бастады.
— Арғы атамыз — найман, оның ішінде сыбан боламыз. Ныспым — Қадырбай, — деп өздерін қысқаша таныстырып өтті де, алыстан ат арытып, әдейілеп келген шаруаларына ойысты, — малым көп емес, екі айғыр үйір жылқым бар. Оны жазы-қысы атан жілікті екі жігіт бағады. Бір күні жаяу борандатып, жайлауда жатқан жылқыма келдім. Жаураған жылқышыларды қос басына жіберіп, өзім сонда қалдым. Сол күні керіала байтал тұмса құлындады. Менің қатты таңғалғаным: жаңа туған жас құлын атып тұрып, шаранасын сілкініп-сілкініп жіберді де, жылқыны айнала шаба жөнелді. Қайта айналып келіп, енесін емген соң әлгі әрекетін қайталады. «Мына құлын бәйгенің алдын бермейтін тұлпар болғалы тұр екен» деген қуанышпен үйге қайттым. Жылқышылар да тамақтанып болып, атқа қонғалы жатыр екен. Оларға көргенімді айтып, жас құлынға сақ болуларын қатты тапсырдым. Амал не, қызыл іңірде жылқышыларымның бірі келіп, құлынның ұшты-күйлі жоғалғанын хабарлады. Қасқыр жеді, қолды болды дейін десек, ешбір белгі жоқ.
Туған күні жоғалған сол құлынды бесті ат болғанда танып отырмын. уақ өгізбай деген кісінің асында кербесті бірінші, менің атым екінші болып келді. «Кері ат — менікі, қайтар» десем, мына кісі: «өзімнің көк биемнен туған құлын. Сенбесең, жанымдағы куәгерлерден сұра», — деп маңайлатпайды. Куә түгіл жанын берсе де сенбеймін, ат — менікі. Сізді әділ би деп естуші едім, төрелігін өзіңіз айтыңыз.
Келдібек би ұзақ ойланып, отырып-отырып:
— Мұны мен шеше алмаймын, қиын билік екен, — депті. Сонда тас атып ойнап жүрген тоғыз жасар Қазыбек:
— Әке, осы билікті маған беріңізші, мен шешейін, — дейді.
— Мен шеше алмаған даудың түйінін сен қайдан шешесің, — деп баласына зекіп тастап, үнсіз отырған жолаушыларға қарады, — мұның билігін шеше алмаймын дедім ғой. Босқа уақыт өткізбеңдер. Қонамын десеңдер, үй — мінеки!
— Әке, маған беріңіз, мен шешемін, — бала тағы да сұрады.
Келдібектің билік айтпайтынына көздері жеткен соң:
— Айтсын. Осы баланың билігіне ризамыз, — деп дауға түскен екі жақ та келісімін береді. Билік өзіне тиген бала даугерлердің алдына түсіп, өрістегі саулық қойларға алып келеді.
— Мына малдың ішінен екеуіңіз екі қой ұстап, Мойындарына белбеулеріңізді байлап жіберіңіздер. Сонан соң ауылдағы көгеннен осылардың қозысын танып әкеліңіздер!
Қадырбай ақсақал көгеннен бір қозыны ағытып алып, алдына өңгеріп, ауылдан шыға бере: «мен белбеу байлаған қойдың егіз қозысы болуы керек» деген ойға келіп, кері бұрылады да, тағы да бір төлді алады. Ол екеуін бағанағы қойға апарғанда енесі мен қозылары маңырасып табысады. Ал қарсы жақ апарған қозы белбеу тағылған қойға жоламай, өз бетімен кетеді. Сонда Қазыбек тұрып:
— Ат — мына кісінікі, өзіне қайтарыңыз, — дейді оған. Екі жақ әділ билікке бітіскеннен кейін, жиналған халық мәнісін айтып беруін сұрайды.
Сонда кербестіні құлын кезінде ұрлаған жігіт:
— Ат шынында Қадырбай ақсақалдікі. Мен оны құлын күнінде алып кетіп едім. Аякөз маңында тұратын нағашыма барып, қайтып келе жатсам, үстіндегі шаранасы әлі түгел кеуіп үлгермеген құла құлын жылқыны айнала шауып жүр екен. Менің бәйге көк биемнің барлық кемшілігі — туа салысымен құлынын тарпып өлтіріп тастайтын. Өлген құлынын іздеп арқырап тұрған биеге құла құлынды жібергенімде мекіреніп, емізе бастады. Сөйтіп, құлынды иемденіп кеттім.
— Менің ұлым жоқ болғанмен, барлық дәулетім — екі айғыр үйір жылқымның ішінен бір бәйге ат кеткен емес, — деді Қадірбек ақсақал сөз кезегі келгенде. — Менің кер атым ылғи бәйгенің алдын бермейтін, бұл жолы бірінші болып кербесті келді. Анық зер салып қарасаңыздар, кер ат пен кербестінің бір биеден туғанын білесіздер, өйткені екеуінің түр-түсінде еш айырмашылық жоқ.
Жиналған халық Қазыбектің қазылығына риза болып тарасады.