- 30 сәу. 2019 00:00
- 293
Қазақстандағы арнайы мектептердің атауынан «девиантты» сөзі алынып тасталды
Қазақстанда құқықбұзушылыққа бейім балаларға арналған арнайы мектептердің атауынан «девиантты» сөзі алынып тасталды.
«Девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған ұйымдардың жұмысындағы типтік ережелерге бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл ретте мынаған мән бере кетулеріңізді сұраймыз: заңда белгіленгеннен кейін («ҚР балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») аталған ұйымдардан «девиантты» деген сөз алынып тасталды. Себебі, бұл сөздің өзі балалар үшін таңба секілді болып келген еді. Арнайы мектептен шыққаннан кейін баланың құжатында бұрынғыша «девиантты мекемеден» шыққаны туралы сөз жазылмайтын болады. Яғни, алдағы уақытта бала қоғамға сіңісіп кетуін көмектесетін тағы бір қадам жасалып отыр», - дейді БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бала құқықтары және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ержан Жиренбай елордада өткен республикалық жиында.
Оның айтуынша, бұл бағытта Жамбыл облысындағы арнайы мектеп өз ережелеріне өзгеріс енгізіп, ұйымның атынан «девиантты» сөзін алып тастаған. Яғни, Жамбыл облысындағы Девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған арнайы мектеп - балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектеп-интернат деп өзгертілген.
Бұған дейін Ержан Жиренбай бүгінгі таңда елімізде балаларға арналған 8 арнайы білім беру мекемесі бар екендігін атап өткен болатын.
«Олардың 7-і арнайы білім беру ұйымы болса, 8-шісі Шығыс Қазақстандағы ерекше режімдегі ұйым. Жалпы, елімізде бүгінгі таңда 200-ге жуық бала осы ұйымдарда оқып, тәрбиеленіп жатыр. Яғни, бұл құқықбұзушылыққа бейім балалар», - дейді Ержан Жиренбай.