Гитлердің бел омыртқасын қақыратқан жеңіс
Бұдан 40 жылдан астам бұрын, жаздың ыстық күндерінде Курск ауданында екінші дүние жүзілік соғыстың ең ірі шайқасының бірі басталды. Бұл шайқас нәтижесінде фашистік армиясы қайта оңалмастай жеңіліске ұшырады. Неміс фашист басқыншыларының Курск түбіндегі жеңілісі, неміс командованиесінің соғыс барысын өз пайдасына шешілу үмітін үзді. Совет Қарулы Күштері барлық инициативаны өз қолдарына алып, оны 1945 жылғы май айына дейін жеткізді. 1943 жылдың жазында Орел — Курск иінінде болған асқан зор шайқас — гитлерлік Германияның омыртқасын үзіп, оның соққы беруші бронетанкілі әскерлерінің күл-талқанын шығарды. Армиямыздың жауынгерлік шеберлігі жағынан, қару жарағы мен стратегиялық басшылығы жағынан басым екені бүкіл дүние жүзіне аян болды.
Неміс командованиесі Сталинград түбіндегі жеңілісінің есесін қайтару үшін, 1943 жылы жазда «Цитадель» операциясын өткізуге дайындалып, көп қарулы күш жинады.
Курск түбіндегі шайқаста немістердің 50 дивизиясы, соның ішінде 16 моторлы танк дивизиясы болды. Бұл топта 900 мың адам, 10 мыңға жуық зеңбірек миномет, 2700 танк, 2 мыңнан астам самолет болды1.
Бұл ауданға жаңадан шыққан танкілер «Тигр», «Пантера», жылжымалы зеңбіректер «Фердинанд» әкелінді. Авиация құрамында жаңа самолеттер «Фокке — Вульф—190 А», «Хеншель —129» пайда болды.
«Цитадель» операциясының барысында немістер бірден екі бағытта, бірінші Орел арқылы оңтүстікке және Харьков арқылы солтүстікке шабуыл жасап, Курск түбінде Совет Армиясын қоршап, құртып жіберуді ойлады. Операцияның «жеңіспен аяқталуы» үшін немістер өз майданын одан әрі қарай өршіте түсуді жоспарлады.
Бұл пікірге Гитлердің 1943 жылғы 4 июльдегі бұйрығы куә болады. Онда Герман армиясының шығыс майданда негізгі шабуылға шығатыны, онда берілетін соққы соғыс барысында шешуші роль атқарып және бұл Германия жеңісі үшін шешуші шайқас болатыны айтылды. Гитлер және оның жақтастары өз әскерлерінің шабуыл мүмкіндіктерін асыра бағалады2. Гитлершілер біздің социалистік мемлекеттердің әскери, саяси-экономикалық күшін бағаламады.
Июльдің басында Советтік армия жау шабуылына тойтарыс беруге толық дайын еді. Орталық және Воронеж майданы кұрамында 1,3 мың адам, 20 мың зеңбірек пен миномет, 3600 танк, 3130-ға жуық самолет болды. Біздің әскерлеріміз жау әскерлерінен адам саны жағынан 1,4 есе, зеңбірек пен минометтен 1,9 есе, танктен 1,3 есе, самолеттен 1,6 есе асып түсті.
1943 жылдың жазына қарай жинақталған советтік күш пен қару-жарақ ірі шайқасты шабуылмен бастауға мүмкіндік берді, бірақ стратегиялық жағдайы жөнінен біздің армиямыз жақсы ұйымдасқан қорғануды дұрыс деп тапты.
Неміс-фашист командованиесін өздері жоспарлаған операцияларын жургізуге мәжбүр етіп, қорғаныс шайқастарында алдын-ала белгіленген жерлерде негізгі күштерін жойып, қарсы шабуылға көшу керек деген шешім қабылданды.
Бұл шешім советтік әскери өнерді байыта түскен, стратегиялық жаңалық болды. Шындығында 1943 жылдың апрель — июнь аралығында Курск түбіндегі қорғаныс ерекше оқиға болды. Негізгі ерекшелігі советтік майданның жазғы шабуылға дайындалып ірі күштерін жинақтауы еді. Бұл қорғаныс Орталық (генерал К Рокосовский) және Воронеж (генерал Н. Ватутин) майданы аймақтарында ішкі тереңдікке 150—190 км болады. Тылда Далалық майдан (генерал И. Конев) дайын тұрды, ал Донның сол жағалауы мемлекеттік қорғаныс аймағы болды.
Жоғары Бас командование Ставкасының өкілдері Совет Одағының маршалы Г. Жуков пен А. Василевский жау шабуылына қарсы қимылдар мен шабуылға шығу дайындығын жүргізді.
Жоғарғы Бас командование Ставкасы дұшпан әрекеттерін қадағалап отырды. Жаудың ойын дер кезінде біліп қойып, қорғаныс шептерін алдын-ала даярлау арқылы дұшпанның екпінді топтарын әлсірету шараларын қолданды. 1943 жылы 2 июль күні Ставка майдан басшыларына гитлершілердің 3-6 июль аралығында шабуылды бастауы мүмкін екенін ескертіп, қорғанысты нығайту туралы нақты бағыттар берді3.
Орталық және Воронеж майдандарының басшылары қалыптасқан жағдайдың күрделілігін ескеріп дұшпаннан бұрын, олардың негізгі күштері орналасқан жерлерге зеңбіректен оқ атқылады. Күтпеген соққы дұшпанның өз шабуылын жоспардан 1,5-2 сағат кеш бастатты. 5 июль күні таңертең дұшпан күшті артиллерия және минометпен, мыңдаған танк және зеңбіректермен, жүздеген самолеттерімен бір мезгілде шабуылды бастады. Танктердің ізінше жаудың жаяу әскерлері қаптады.
Негізгі күшті дұшпан Орталық майдандағы Ольховатка аймағына бағыттады. Бұл жерде қорғаныста генерал Н. Пуховтың басшылығымен 13 армия тұр еді. 13-ші Н. П. Пуховтың армиясы қатарында СССР-дің барлық ұлттарының өкілі болды. Бұл армияда 1943 жылы июльде орыстар — 36 мың, украиндықтар — 5140, өзбектер — 2280, қазақтар — 2275, татарлар — 1276, түркмендер — 1108, белорустар — 775, еврейлер — 750, қырғыздар —685, мордвиндер — 397, тәжіктер — 370, чуваштар — 370, азербайжандар — 338, башқұрттар — 285, грузиндер — 238, армяндар — 208 және ондаған марийлықтар, удмурттар, буряттар, осетиндер, карелдер, мордавандар4 тағы да көптеген басқа ұлттардың өкілдері бар еді. Олар кешегі Москва жұмысшылары, өзбек мақташылары, украин шахтерлері, қазақ шопандары, баку мұнайшылары еді. Әрбір солдат, әрбір офицер жеңіс үшін ер жүректелікпен шайқасты. Генерал П. Романенко басқаратын 48-ші армия, генерал И. Гаолонин басқарған 70-ші армия жауынгерлері де көп ұлтты болып қаһармандықпен шайқасты.
Жау көптеген шығынмен 4 күн шабуылдың нәтижесінде Поныри — Ольховатка ауданында біздің шептен 10—12 км ішке енді. Бірақ одан әрі жылжуы тоқтатылды. Курск иініндегі Поныри ауданындағы ұрыста асқан ерлік жасағанның бірі жерлесіміз Амантай Дәулетбеков еді. Ол 1180 — истребитель-танкіге қарсы ататын артиллерия полкінің зеңбірек командирі болатын. Өзінің өшпес ерлігін 1943 жылдың 9 июлінде Поныри ауданындағы 253,5 биіктікте жасады. Совет жауынгерлерінің шағын тобына қарсы фашистердің 18 танкісі және өздігінен жүретін 14 зеңбіректің сүйемелдеуімен жаяу әскер батальоны шабуыл жасады. Дәулетбековтің расчеты екі сағатқа созылған кескілескен ұрыста дүшпанның 10 танкісін, 7 өздігінен жүретін зеңбірегін қиратып, ротаға жуық жаяу әскерін жойды. Дұшпанның 13 рет жасаған шабуылына тойтарыс берді. Дұшпанның 14-ші шабуылында Дәулетбековтың зеңбірек расчетына тура снаряд тиіп істен шықты. Осы кезде Амантай мен оның жауынгер достары, жекпе-жек ұрысқа кірісіп, Амантайдың бір өзі төрт фашисті найзамен шаншып өлтірді, бірақ өзіне де оқ тиіп, мерт болды5. Амантай қайтыс болғаннан кейін оған Совет Одағының Батыры атағы берілді. Орыс старшинасы К. С. Седов Поныри станциясы маңындағы шайқаста 540-ші жеңіл артеллерия полкында зеңбірекші еді. Бұл жас коммунист және оның достары жау танктеріне тіке шабуыл жасады. 1943 жылдың 7 июль күні 8 танкті, жүздеген фашист солдаттары мен офицерлерін құртты. Ертеңіне Ольховатка ауданы майданының көрші бөлімінде жау 3-ші атқыштар бригадасына (полковник В Н Рукосуев) қарсы 300 танк пен автоматшыларын жіберді, негізгі соққы Г. И. Игишов батареясына тиді. Батареяда бір зеңбірек, 3 адам тірі қалса да шайқасты жалғастыра берді. 19 танкісінен айрылған жау әскерлері кейін шегінді6. 496 шы артеллерия полкының 4 батареясының командирі Удмурт АССР-нан келген комсомол В. А. Сидоров, немістердің 13 танкісін жойды. Өзбек, сержант Гатулла Салихов жараланған рота командирінің орнына автоматшыларды шабуылға алып шықты.
6 июль күні капитан А. А. Бельгин басқарған батальонға жаудың полк жаяу әскері, 100-ге жуық соғыс машинасы, соның ішінде «Тигр» танкілері, жылжымалы «Фердинанд» зеңбіректері шабуылға шықты. Гвардеецтердің окоптарына бомбыдан жарылған темір сынықтары толып кетті. Он бір рет шабуылға шыққан жаудың танкілері біздің жауынгерлердің шебіне жетуге шамалы қалса да кейін қайтуға мәжбүр болып отырды, шегінген сайын ұрыс даласында қираған танк, зеңбірек, адамдары қалды. Түске жақын немістер батальонның шебіне өтіп, 8 сағат бойы олардың 70 броньді танктері батальонының шебін таптай бастады. Оттың құрсағында қалған совет жауынгерлері, көбісі қазақтар қаруларын тастамай жаумен шайқасумен болды7. Батальон командирі капитан А А Бельгин өліммен көз жұмды. Сол кезде «сүйікті комбатымыздың кегін қайтарыңдар» деген рота командирі капитан И В Ильясовтың дауысы естілді. Соғыс қыза түсті. Офицер Ильясов өз ерлігімен басқа жауынгерлерге күш берумен болды. 7-ші гвардиялық армияның бұрынғы басшысы генерал полковник Шумилов былай деп жазды: «13 сағаттың ішінде жаудың жаяу әскерлері өз танктерінің көмегімен бірнеше рет капитан Бельгиннің батальонына шабуыл жасаумен болды. Неміс танктері шепке өтіп кетіп жауынгерлерді оқтың астына алды. Телефон байланысы арқылы капитан Бельгин бұзылған окоптан өз жауынгерлерін басқарумен болды. Жауынгерлер командир бұйрығымен соңғы оқтары қалғанша соғысты, бірақ шегінген жоқ. Батальон командирінен кейін саяси көмекші, гвардия капитаны Мирошниченко, парторг, гвардия лейтенанты Сушков, комсорг, гвардия лейтенанты Степа, рота командирі, капитан Ильясов қатардан шықты.
450 жауынгерден қатарда 90-ақ адам қалды, бірақ немістер жеңіске жете алмады, 39 танк және 500-ге жуық жауынгерлерінен айрылып, кейін шегінді8.
Капитан Бельгинмен оның жауынгерлерінің ерліктері гвардиялық батырлықтың символы, өз Отанының, адал ұлы екенін білдірді. Бұл дивизиядағы барлық құрамалар батырлықпен соғысты. Белгород түбінде батырлығы үшін дивизияның 1040 жауынгері Отандық медальмен наградталды, ал соның ішінде батыр төрт офицерге А. А. Бельгинге, И. В. Ильясовқа, сержант С. П. Зоринге, У. Абдуллаевқа Совет Одағының Батыры атағы берілді. Осы шайқас кезінде 73-ші дивизияның 450 гвардияшылар партия қатарына қабылдауын сұрап арыз жазды, ал 412 жас жауынгер комсомол қатарына қабылданды»9.
Курск иініндегі шайқасқа қатысқан Совет Одағының Батыры атағын екі рет алған ұшқыш Талғат Бигелдинов өзінің жастар алдында бір сөйлеген сөзінде Курск шайқасын былайша еске алады: «Курск иінінде аспанда болған бір қиын шайқасы есімде. Төменде қанды ұрыстар жүріп жатқан болатын. Біздер дұшпанның әскерлері мен техникасы топтасқан төңіректі бомбалап жатқанбыз. Кезекті бір ұрысқа бет алып бара жатқанымызда майдан шебінде, бір бүйірден «мессершмиттер» тобын көріп қалдық. Айқас басталып кетті. Менің атқышым ауыр жарақаттанды да, самолетім арт жағынан қорғансыз қалды. Мұны немістер де сезіп қалса керек. Екі истребитель, біршама ақауға ұшырған менің самолетіме шабуыл жасады.
Бір сәтте телефоннан сасқалақтаған дауыс естілді.
— Артыңда — «мессер».
Басымды бұрып, самолеттің жақындап қалғанын көрдім. Машинаны жедел бір жаққа бұра қойдым, неміс ағып өте шықты, ал оның соңында 47 номерлі біздің «ЯК—1» кетіп барады. Арада секундт өткен жоқ «мессершмит» лау ете түсіп, жерге құлдырай құлады. Ал, «ЯК—1» болса бұрылып алды да, нағыз ұрыс қызған ортаға қайта қойып кетті. Аэродромға оралдық. Мені ажал аузынан алып қалған кім? Қырық жетіншіде кім ұшты?
Бәрі де үнсіз. Мен сұрағымды қайталадым. Бір кезде стол арасынан шығып, сұңғақ бойлы, сұлуша келген лейтенант маған беттеді.
— Мен едім. Оны нендей себеппен сұрадыңыз.
— Ой, достым, кел танысып қоялық. Сен мені бүгін көрден суырып алдың ғой. Ол ұялып қалды. Біздер бір-біріміздің қолымызды қатты қыстық және ол сыбырлай сөйледі:
— Луганский, Сергей. Бұл — біздің еліміз халықтарының шынайы достық пен әскери бауырмалдылықтың, батырлықтың жарқын көрінісі еді»10, дейді қарт қыран, жауынгер жолдасы Совет Одағының батыры атағын екі рет алған Сергей Луганский туралы.
11 июльдің таңында жау біздің жауынгерлерді Прохоровка ауданына ығыстырды. Бұл майданда Қорғаныс Советінің өкілі А. Василевский бар еді. Қорғаныс Советі Воронеж майданының командованиесімен келісе отырып, ол генерал П. Ротмистров басқарған 5-танк армиясы мен A. Жадов басқаратын 5-гвардиялық армияны резервтен ұрысқа шығарды.
Прохоров түбінде ірі танк шайқасы болды. Екі жақтан 1200-ге жуық танк пен өздігінен жүретін зеңбіректер шайқасты11. Совет жауынгерлері батылдық пен жоғары әскери шеберлік көрсетті.
Дұшпанның орасан көп күшін шоғырландырып, жеңістен көп үміт күткеніне қарамастан совет жауынгерлерінің қаһармандықпен күш салуының арқасында немістердің шабуылы тоқтатылды.
Гитлершілдер жазғы мерзімде жеңіске жетеді деген аңыз осымен күйреді.
1943 жылғы 12 июльден бастап Батыс (генерал B. Д. Соколовский), Брянск (генерал М. М. Попов) майданының әскерлері, 15 июльде Орталық майдан (генерал К. К. Рокосовский) қарсы шабуылға шықты.
Совет әскерлерінің шабуылы табысты бола түсті, генерал П. Рыбалко басқарған 3-ші танк армиясы Орел қаласына қарай қайсарлықпен жылжыды. 5 август күні таң алдында көшелерде қиян-кескі ұрыстар жүргізіп, біздің әскерлер Орелды азат етті. Азат еткен жауынгерлер құрметіне Ұлы Отан соғысында тұңғыш рет Москвада артиллериядан салют берілді.
Қарсы шабуыл кезінде біздің әскерлеріміз дұшпанның 15 дивизиясын талқандай отырып, 150 км алға жылжыды. Воронеж және Далалық майданда д9шпан қарсылығын тойтара отырып, батысқа қарай 140 км жылжыды12.
Операцияның жемісті болуына жау тылындағы партизандық қозғалыста үлкен роль атқарды. Халық кекшілдері көпірлерді қиратып, темір жол рельстерін істен шығарып, дұшпан коммуникацияларын қирату жұмыстарын жүргізді.
23 августа еліміздің оңтүстігіндегі ірі орталықтардың бірі Харьков азат етілді. Харьковтың азат етілуі мен совет әскерлерінің қорғаныспен қарсы шабуылда 50 күн мен түнге созылған Курск шайқасы аяқталды. Шайқас барысында советтік әскерлер дұшпанның 30 дивизиясын, оның ішінде 7 танк дивизиясын талқандады.
Гитлершілдердің құрлықта жарты миллион адамы, 1,5 мың танкісі, 3 мың зеңбірегі және 3500 самолеті жойылды13.
Неміс-фашист армиясы осы ірі жеңілістен кейінгі шығынды тез толықтыра алмады. Курск түбіндегі шабуылдың сәтсіздікке ұшырауына байланысты гитлершілдер барлық совет-герман майданында қорғанысқа көшуге мәжбүр болды.
Неміс-фашист әскерлерінің Курск иініндегі талқандалуы Совет әскери өнерінің, біздің әскерлеріміздің жоғары моральдық әскери сапасының үстем екендігін тағы да дәлелдеді. Солдаттар, офицерлердің батырлығы шындығында халықтық көрініс алды. Коммунистік партия тәрбиелеген совет жауынгерлері жаумен батыл күресті, теңдесі жоқ ерліктер жасады.
Курск иініндегі көрсеткен ерліктері үшін 100 мыңнан астам солдат, сержанттар, офицерлер мен генералдар ордендермен және медальдармен наградталды. 180-нен астам адамға Совет Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді14.
Курск түбіндегі шайқас советтік әскери өнердің, армияның ұйымдастырылуына қорғаныс және шабуыл операцияларын қазіргі жағдайға сай өткізілуіне ықтимал ететіндігін көрсетті. Қызыл Армияның Курск түбіндегі жеңісінің стратегиялық маңызы өте зор болды.
Курск түбіндегі жеңіс совет жауынгерлерінің соғыс тәжірибелерін молайта түскен, жеңіске жігерлендірілген оқиға болды. Сол кездегі Орталық майдан басшысы Совет Одағының маршалы К.К.Рокосовский былай деп еске алады: «1943 жылдың жазғы жеңістері командирлер мен штабтың шебер басқаруының нәтижесінде ғана емес, алдымен Совет жауынгерлерінің жоғары моральдық-әскери сапалылығы, батылдығы, ерлігі, әскери шеберлігі, Лениндік коммунистік партияның ісіне, сүйікті Отанымызға берілгендіктің нәтижесі»15.
Советтік Армияның Курск түбіндегі жеңісі, біздің әскерлеріміздің Днепрге шығуы Ұлы Отан соғысы барысындағы түбегейлі бет бұрыстың аяқталуы болды. Фашистік Германияға қарсы күресуші елдер ішінде Совет Одағының беделі арта түсті. Европада екінші майданның жоқтығына қарамастан Советтік Қарулы Күштердің арқасында гитлерлік әскери машинаның күйрегеніне жер шары халықтарының көзі жетті.
Совет халқының және Қарулы Күштерінің Курск түбіндегі шайқастағы жеңісі Ұлы Отан соғысындағы ұлы жеңістердің бірі бола тұрып біздің мемлекеттің және қоғамдық құрылысымыздың үстемдігін, СССР халықтарының достығы мен бірлігін, совет әскерлерінің табандылығы мен шыңдалғандығын көрсетті.
Совет Армиясының бұл жеңісінің басты себебі болып коммунистік партияның басшылық, зор ұйымдастырушылық қызметі болды. Коммунистік партия басшылық еткен Совет халқы Курск иінінде неміс-фашистерін талқандай отырып, Ұлы Отан соғысында тағы бір бетбұрыс кезең жасады.
Курск түбіндегі жеңіс көп ұлтты Совет мемлекетінің ажырамас достығының, бауырластығының айғағы болды.
Лениндік ұлттық саясат жеңіп шықты, социалистік ұлттар арасында қақтығыс туғызамыз деген фашистер ойы орындалмады. Фашистерді жеңу арқылы халықтар достығы өзінің өміршеңдігін, күштілігін дәлелдеді.
Бұл шайқастың сыртқы саясат саласындағы басты қорытындысы фашистік блоктің ыдырай бастауы болды, одан бірінші болып Италия шығып қалды.