Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Сері Бәймен

Сәлмен деген байдың Бәймен деген жалғыз ұлы болады. Бәймен әкесіне біткен өлшеусіз көп дәулеттің арқасында ойына келгеннің бәрін істеп шолжаңдап өсті. Мақтаған сайын дарақылана түсетін мінезін түсінген Шардың жастары оның қасына құмырсқаша үймелейді. Бәймен қасына ерген, ақшасын ішіп-жеген жігіттердің бәрін «адал досым» деп есептейді.

Достары көпшік қойып Бәйменді «Байеке», «Бай-патша» деп атады. «Мырза, сері» деп алдына бастарын иіп келген адамдарды Бәймен ақшамен де, малмен де сыйлап бақты. Бәйменнің істеген істерін әке-шешесі қызық көріп, кызықтаумен жүрді. Ер жетіп, өсіп келе жатқан жас жігіттің келешегінің қандай болатынына ешқайсысы да көңіл бөлген жоқ.

Бәймен жасырақ кезінде балаларға елігіп, орысша бастауыш класты оқып, бітірді. Оқуға зерек еді. Ойын-тойдың әуеніне беріліп дарақы өмірдің салтына түскен соң, оқуды тастап кетті. Оқу оқымай, еңбексіз, бейнетсіз ішіп-жегенін қызық көріп мәз болды. Оны бұл жолға икемдеген үйдегі әке-шешенің мол қолдылығы, мөлшерсіз жақсы көрушілігі еді. Қымызшылардың үйін, каршовкаларды көтеріп алып, елді тегін асырау, ән-күй тыңдау, карта ойнау — Бәйменнің күнделікті кәсібіне айналды. Достарының берген ақылына, айтқан үгіттеріне көніп, серіліктің не түрлерін жасап бақты. Сылқымдықтың, жатыпішер жалқаудың әдеттеріне беріліп, адамгершілікке тіршілікке икемделу мәселесінен мүлде сырт қалды. Өз түсінігі өзіне дұрыс көрініп, өмірді осылай серілікпен өткізу керек деп ойлады. Мұндай дарақылықпен азып-тозып, далада қалатынын ойлаған жоқ. Ойлануға уақыты да болған жоқ.

Еркелеумен өскен баланың еш нәрсеге икемсіз, қабілетсіз болып өскенін әкесі мен шешесі кеш түсінді. Алданып қалғандықтарын сезіп, өз бармақтарын өздері шайнады. Баланы түзу жолға саларлық әдісті ойлап таба алмай, іштері күйіп сары уайымға салынды.

— Бұл баланың халі біз өлген соң қаңдай жағдайда болады? — деп қайғыланумен жүрді.

— Қарағым, Омбыда үлкен қызметтерде істейтін оқыған нағашыларың тұрады. Сол нағашыларына барып, біраз уақыт оқу оқысаң қайтеді? — деп жай айтып көріп еді, Бәймен тоң мойындыққа салынып, «бармаймын» деп жауапты қысқа қайырды.

Сейтен қартайып, оның үстіне науқас араласып, төсек тартып жатып алды. Ол дүниеге қарай аттанатын уақыттың жеткенін сезді. Бәйменді шақырып қасына отырғызып.

— Балам, — деді соңғы өсиетін айтқысы келіп, — бойымдағы науқас деңдеді. Санаулы ғана өмірімнің қалғанын сезіп жатырмын. Мен өлген соң осы шаруашылыққа өзің ие боласың. Өмір адам баласының басында ешбір уақытта бір қалыпта тұрмайды. Тұрған да емес. Бүгін бар өмірдің ертең болмай қалуы ғажап емес. Басыңа сондай бір қиыншылық заман туа қалса, қорланып өмірден қол үзуді ойлауың сөзсіз. Шатырдың есігіне бір сымды бір ұшын сыртқа қарай шығарып байлап қойдым. Өлімге бекінген кезіңде сол сымға барып мойныңды іліп, көзіңді жұмып төмен қарай құла. Сөйтсең, жаның қиналмай тез өліп, жан тыныштығына кірісесің.

Сейтен осылай деді де, теріс бұрылып, Бәйменге сездірмей орамалымен көзін сүртті.

— Әке, сіз адамның миына кірмейтін бір қиялды айтасыз. Ондай кедейлікке мен ешуақытта да жетпеймін, — деп, Бәймен ренжіп тұрып кетті. Сейтен оған ешқандай жауап қайтарған жоқ.

Сейтен дүние салып кетті. Көп кешікпей бәйбішесі де өмірімен қош айтысты. Әкесі айтқандай шаруашылықтың бәріне Бәйменнің өзі ие болып қалды. Бұрын қымызшының үйінде, каршовкада ішіп-жейтін достары енді үйіне емін-еркін келіп, оны ашық тонауға кірісті. Мақтағанды сүйетін Бәймен қарқылдап күліп, салдарға ұқсап, шалқасынан сұлап жатып алды. Шаруашылық иесіздікке ұшырап, күйзеле бастады. Қалаларға жүріп тұратын керуендер тарады. Дүкендер жабылды. Сұрапыл боран соғып, соңынан жауын жауып, жердің беті көктайғанақ мұзға айналды. Ауылдағы малдың бәрі қырылып бітті. Бәйменнің қалтасы жұқара түсті. Ішімдігі азайып, достары да тарап кетті. Бәймен бір үйде шошайып жалғыз өзі қалды. Сары уайымға салынып, қиялданып бірнеше күн бойы төсегіне жатты да қойды. Өзегі тала бастады. Үйден жүрегін жалғайтындай да тамақ тауып ала алмады. Ыдыс-аяқтардың бәрі қаңғырап бос қалған. Келіп тамақ ішіп, қонақ бол деп қай бір адам шақырмады. Кешегі күндерде ішіп-жеп қошеметтеген достары қолдарының ұшын беріп, көмектеспеді. Бәймен аштыққа көне алмай әуелі көршілерінің үйіне тіміскіленіп барып, күнін көріп жүрді. Мазалары кетіп ығыр болды да, көршілері де ол келе жатқанда есіктерін тарс жауып алатынды шығарды. Бәйменнің амалы таусылды, қайыршылықпен күн көруге көшті. Қайыршылармен бірге барып көзінің жасын моншақтатып төгіп, қайыр сұрауды әдетіне айналдырды.

Бір күні басы айналып, көзі қарауытып, есеңгіреп тұрған кезінде бұрын өзінің шашбауын көтеріп, қошеметтеп жүретін төрт жолдасы кез бола кетті. Достары қос жағдайда одан сырт бұрылып қашып кетуші еді. Бұл жолы бетпе-бет кездесіп қалды да, бұрылып кете алмады.

— Жігіттер, дұрыс келдіңдер. Бір нәрсеге таң болып, өзімді кімге айтарымды білмей алаң болып тұр едім, — деп, Бәймен қуанып кетті оларды көргенде.

— Не нәрсеге таң болдың? — деп жиіркене сұрады одан достары.

— Елден сұрап әкелген бидайымды қуырып, тамақ жасап жеп жүрген бір шойын келім бар еді. Талқанның иісі ме, іздеп келіп тапқан ба білмеймін, тышқандар кеміре-кеміре тесіп тастапты, — деді Бәймен достарының бетіне аңыра қарап.

— Бос. Осындай өтірікке де адам баласы нанады деп айтып тұрсың ба? — деді бір досы зілденіп.

— Осы әумесермен тәжікелесіп уақытымызды неге босқа кетіріп тұрмыз? Жүріңдер, кетейік, — деп екінші досы Бәйменді иығымен соғып, соңында жатқан ағашқа сүріндіріп құлатып өте берді. Үшінші досы жығылып жатқан Бәйменді ішке бір тепті. Бәймен ызаланып ұшып тұрып, біреуін жағасынан ала түсіп еді, төртеуі жабылып оны өлімші халіне жеткізіп сабады. Сөйтті де, жатқан орнында сұлатып тастап, кетіп қалды.
Қайыршылардың бірі келіп көмектесіп, Бәйменді сүйемелдеп үйіне әзер жеткізді. Бәймен қара судан басқа қорек татпай, орнынан тұра алмай сіресіп қиялға кіріп, төсекте екі күн жатты.

— Бұл қорлықты көргенімше, өлгенім жақсы ғой! — деп, ішіне қан қатқан адамдай ызаланды. Оның бұдан былай жердегі ойының бері тек қана өлім мәселесіне ғана арналды. «Жанды қинамай қалай өлу керек?» Оның алдында тұрған ең үлкен сұрақ осы болды. Сөйтіп жатқанында, өлерінің алдында әкесінің айтқан өсиеті есіне түсті.

— Ойпырым-ай, менің осындай халге жететінімді әкем қа лай білген? — деп үрейлене түсті Бәймен, — мен өлшеусіз ақымақ болған екенмін ғой. Әкем соның бәрін көріп, сезіп жүрген екен ғой, — деп соңынан өксіп жылап алды. Көзінің жасын тыйып, түзеліп отырып, — өкінгеннен енді қандай пайда бар? Өткен өмір енді қайтып келе ме маған? Қолымда бір тиын да пұл қалған жоқ. Елмен теңдесерлік қандай жағдай бар менде? — деп қиялданды. Ішті жаламырланып жалаған ыза-намыс қайта көтерілді. Бәймен өлуге бетін бұрды. Басқышпен шатырға өрмелеп шығып, бір басы күршектеліп байланған сымды іздеп тапты. Мойнына іліп алып, не істерін білмей ойланып біраз отырды. Қорыққан жүрегін басып, көзін тарс жұмдыда шұғыл қимылдап төмен қарай ағып жөнелді. Шатырдың есігімен бірге салбырап жерге құлап түсті. «Өлді деген осы шығар» деп көзін жұмып, демін тұншығып әзер алып, серейіп біраз жатты. Басы дыңылдап, бір нәрселердің санасында әлі де болса елес беріп, сезім мүшелерінің жұмыс жасап жатқанын сезгендей болды.

«Бұлар соңғы көріп жатқан түсім шығар» деп ойлады ол. Бір сәтте: «Осы мен шын өліп жатырмын ба? Жоқ әлде, өтірік өліп жатырмын ба?» — деп күдіктеніп өзіне-өзі сенбей, денесін аздап қимылдатып қозғап көрді. Денесі қозғалатын сияқты. Аяқ-қолдары орнынан жылжиды. «Мен осы әлі өлген жоқпын-ау, шамасы», — деп орнынан атып тұрды. Үрейленіп жан-жағына қарады. Айналасындағы көріністердің бірі бұрынғы қалпында масайрап тұр. Өзінің тірі екенін сезіп, тірі қалғанына аздап қуана бастады. Сырт жағына бұрылып қарап еді, шатырдың есігі
қасында жатыр. Үстінде қапшыққа тығындылған бір нәрсенің қосақталып тұрғанын көрді. Қаптың ауызын ашып қарап еді, дөңкиіп түйе мойын алтын жатыр. Алтынның бетінде шимайланып жазылған бір парақ қағаз бар. Бәймен қағазды алып оқи бастады.

«Балам, бұл алтын саған ақырғы жасаған әкелік қам- қорлығым, — деп жазыпты әкесі, — бұдан кейін менен көмек күтпе. Айтқан ақылымды ұқ! Алтынды ақшалап ал да, Омбыдағы нағашыларыңа барып, оқу оқы. Сөйтсең ғана адам болып, қайтадан ел қатарына ілігесің».

Есеңгіреп отырған Бәйменнің ес-ақылы қайтадан орнына келді. Бәймен әкесінің соңғы ақылын ұғып, алтынды ақшаға айырбастады. Тағы да ел қатарына ілікті. Ескі достары «бай-патша» деп, маймаңдап қайтадан қасына жиылды. Бір күні каршовкада отырып Бәймен тышқанның шойын келіні тескен тарихын достарына қайта айтты.

— Тышқан деген кесірлі пәле жәндік қой. Пайғамбардың кемесінде тескен сол тышқан емес пе? Ол сұмырайдың ішінде уы бар. Оған шойын келі сөз бе екен. Сөзіңізде ешқандай жалғандық жоқ, бай-патша — деп шуласты достары.

— Сенгендеріне рақмет. Ертең біздің үйге қонаққа келіңдер, — деп, Бәймен бәрін қонаққа шақырды.

— Келеміз, — деді достары уәделерін беріп.

Бәймен үйіне келген соң сарайдағы көк төбет итті әкеліп есігінің алдына байлады. «Мырзалар ренжімеңіздер. Бүгін сіздерді осы көк төбет ит қарсы алып күтеді. Мен нағашыларым шақырған соң, асығып Омбыға оқуға кеттім. Кездескенше сау болыңдар. Бәймен» деп қағазды жазып, тақтайға жапсырып, иттің мойнына іліп жүріп кетті.

Мырзалар конаққа келгенде көктөбет ит оларға аларып бір қарады да, асықпай аяқтағы тамағын ішуге кірісті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама