Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Есбалақтың есерсоғы

Қырыққа келгенде алғашқы махаббаты гүлденіп, шешек атып, қауызынан жарылып шығып, бағы жанбай отырған бір сұлуға қолы әзер жеткен Есіркеп деген бір есер адам болыпты. Есер демей не деуге болады? Үйінде отырып алып ойымен байып күпінсе, қауқиған бойына мақтанып, оспадарланып елге сөз бермей лепірсе, өзі ішегіне ши жүгірмейтін арам және дүниеқоңыз адам болса?!

Сол Есіркеп көкек айының ішінде жәрмеңкеге барып, сауда-саттық жұмысымен шұғындануды ойлап, шана жасауға кіріседі. Шананың бір табанын шауып болып, насыбай атып дем алуды ойлап, қасында жатқан без қайыңға барып отырады. Жанына зарығып көрген бикесі де еркелей басып келіп жайғасады.

— Отағасы қолың неткен шебер еді өзіңнің. Шананың табанын үстіріктегендей қып әдемілеп шауыпсыз ғой, — деп мақтайды күйеуін бикесі.

— Сенің елдің әйелінен кем қалмай, көрнекті жүруіңді ойлап әуре болып жатырмын ғой. Бикем, көп кешікпей екінші табанын бітіріп, шананы алшысынан тұрған қой асығындай етіп әдемілеп жасасам, сөйтіп, жәрмеңкеге апарып ұрғашы құлыны бар бір құлынды биеге айырбастасам. Ол құлынды бие өсіп, келесі жылы төртеу болса. Екі-үш жылда айғырлы үйірлі жылқы болып шығар еді де, ел «мына жатқан қалың мал Есіркеп байдың жылқылары ғой» деп іштері күйіп, көздерін сүзіп жүрер еді, — дейді Есіркеп күпініп, әйелінің мақтағанына мас болып.

— Онда ол айғырды мен ләшенкеге жектіріп, бұлаң желдіріп, төркініме барып-келіп тұрар едім, — депті есіней түсіп бикесі.

— Әкеңнің басы, барып-келіп тұрасың. Күллі биені қысыр қалдырып малға ие болып жүрген айғырды саған жегіп беріп қоямын, ә! — деп Есіркеп әйелінің маңдайға сылқ еткізіп ұрып жіберіпті. Әйелі тарамысына іліккен инеліктей қатқан бір нәзік адам болса керек, мұрттай ұшып құлап түсіпті де, жан тәсілімін жасапты. Әйелінің серейіп қалғанын көріп:

— Қуарған қу Құдай-ау, шананың бір табаны бітпей жатып қырық жыл күтіп зарығып әзер қолым жеткен әйелімді алдың. Екінші табаны біткенде не істейсің маған, өзімді аласың ба? — деп жер бауырлап құлай зар еңірепті.

Қасынан өткен адамдар:

— Мына кісі не істеп жатыр? — деп сұрапты бірінен-бірі.

— Есбалақ — елінің есерсоғының бірі еді. Есерлігі ұстап жатыр, — деп жауап беріпті білетіндері. Есбaлақтың есерсоғы деген әңгіме осыдан қалыпты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама