- 31 нау. 2020 00:00
- 203
Білмеймін
Көшеде баласын иығына отырғызып, арқалап, бір дос-жар адамның баласы келе жатыр екен. Маған бұрылып келіп сәлем берді.
— Әке-шешең аман ба, балам?
— Аман шығар, білмеймін.
— Білмегенің қалай? Хабарласып тұрмайсың ба?
— Әкей мен шешей тұрған жерде телефон жоқ.
— Хат жазып хабарласпайсың ба?
— Қол тимейді. Уақыт жоқ.
— Әке-шешеңе қатынаспағаныңа қанша уақыт болды?
— Үш-төрт жыл болып қалды.
— Әке-шешең де сендерге келмей ме?
— Қатынасқан кісілерден қой сойып, беріп жіберіп тұрады.
— Иығыңдағы бала өзіңнің балаң ба?
— Өзімнің балам.
— Жолың болсын! Қайда кетіп бара жатырсыңдар?
— Балалар бақшасына бара жатырмыз.
— Әкең-шешең сені өстіп иығына салып көтерді ме жас кезіңде?
— Көтерсе көтерген шығар. Ұмытып қалыппын, білмеймін.
— Балаң атасы мен әжесін тани ма?
— Білмеймін.
— Аман-есен жүргеніңе шүкіршілік етемін, қарағым. Сау бол, — деп мен бұрылып жүріп кеттім.