Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Шығыстың жарық жұлдызы – Шоқан Уәлиханов

Әр тұлғаның азамат ретінде қалыптасуына оның шыққан тегі, өскен ортасы тікелей ықпал ететіні анық. Абай хәкімнің тұлғалық өсуіне әкесі Құнанбай, апасы Зере мен анасы Ұлжан, шығыс және орыс әдебиеті қалай әсер етсе, Шоқанның шоқтығы биік ғалым болуына әкесі Шыңғыс, әжесі Айғаным да солай ықпал еткен еді. Шоқан Уәлихановтың ата-бабалары ежелгі сұлтандар әулетінен тарайды. Оның арғы атасы, Орта жүздің ханы Абылай Ресеймен сауда және саяси байланыста болған. Абылайдың үлкен ұлы Уәли де бұл байланысты жақсы қолдаған. Уәли – Шоқан Уәлихановтың туған атасы. XIX ғасырдың екінші жартысында Г.Н. Потанин жазған Уәлихановтар әулетінің шежіресінде Уәли ханның екі қыстауы болғаны айтылады. Бірі – Көкшетаудың шығысындағы Хан көлінде, екіншісі – Сырымбетте болған. Уәли хан мен оның ұрпақтарына мұра ретінде қалған бас орда Бурабайда болды. Сырымбет деген жер Уәлидің кіші әйелі Айғанымнан туған балалардың иелігіне тиеді. Шоқанның әкесі Шыңғыс осы Айғанымнан туған. Шоқанның Айғаным әжесі ақылды, көреген, бірнеше шығыс тілін меңгерген, орыс мәдениетімен таныс, жергілікті халық ортасында беделі жоғары адам болады. Шоқанның әкесі Шыңғыс 1827 жылы Сібір әскери шекаралық казак училищесіне оқуға түскен. Училищеде кәсіби аудармашы және топограф маман дайындауға арналған арнайы шығыс тілдері сыныбы да болды. Шыңғыс Уәлиханов орыс тілін жақсы меңгерген, әдебиет пен өнер, тарих, жағрапия және статистика секілді салалардан мәлімет жинаған білімді қазақтардың алғашқылары еді. Училищені тәмамдаған соң, небәрі 23 жасында Аманқарағай округінің, кейін Құсмұрын округінің аға сұлтаны болып тағайындалып, алдымен майор, кейін полковник шенін алады. 1860 жылы Шыңғыс Уәлиханов Көкшетау округінің аға сұлтаны болып сайланады. Шоқанның Қашғарға жасаған сәтті сапары әкесінің беделінің өсуіне ықпал еткен екен.

Шоқан ауқатты отбасынан шыққаны белгілі. Мәселен, Далалық комиссия мүшесі, бас штаб офицері А.К. Гейнс былай деп жазады: ...Шыңғыс пен әйелі тұратын үй помещиктердікіне ұқсайды. Залда он екі пьеса тартуға арналған орган тұр, аралық қабырғалар айналы, хрусталь салпыншақты қола шамдар, бралар да сондай, шағын жібек перделер жұқа, бірақ жалпақ әшекейлермен өрнектелген. Қонақ бөлмеде Гарднер немесе Корнилов құмыраларының орнына қытай құмыралары қойылған, лампа үстел үстінде, диван, тағы басқалар иін тіреседі. Еденге түгелдей Ташкент немесе парсы кілемі төселген, жиһаздардың үстіне жолбарыс, қабылан және аю терілері жабылған. Жалпы жақсы әсер аласың» дейді. Яғни, Шоқан бала күнінен әртүрлі мәдениетпен, оның ішінде алыс-жақын Шығыс елдерінің материалдық және рухани құндылықтарымен таныс болды.

Смагулова А. C. Филология ғылымдарының кандидаты, дипломатиялық аударма кафедрасының доценті

1. Бөкейханов Ә. Таңдамалы (Избранное). /Бас. ред. Р.Нургалиев.-Алматы: Қазақэнциклопедиясы, 1995. - 478 б. 2. Халқы қолдаған «Қазақ» // №8, Ақиқат 1998


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама