Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
ҚазҰУ-де «Жаңа кітапханашылар» дайындалуда

Елімізде жүргізіліп жатқан кең ауқымды жобалардың ішіндегі бірегейі - білім жүйесін заманауи талаптарға сай өркендету, бұл әрине жоғары деңгейлі білікті мамандарды даярлауды қажет етеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев та үнемі білім беру ісінде тәрбие жағына, әсіресе отансүйгіштік, рухани құндылықтар қасиеттеріне баулуға баса назар аударудың қажеттілігін айрықша атады. Оған ЖОО оқу процесін ұйымдастыруға көмек, ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша ғалымдарға бағыт-бағдар сілтеу, жас мамандарды тәрбиелеуде отансүйгіштік, рухани құндылықтар қасиеттеріне баулитын көпшілік іс-шаралар жүргізу жобалары жатады. Бұл жобалардың бәрі дерлік өзара серіктестік қатынастарды дамыту барысында толыққанды жүзеге асырылатыны мәлім.

Жоғары оқу орындарын цифрландыру дәуірінде кітапханалардың алатын орны ерекше екендігі де белгілі. Себебі, кітапхана ақпараттарды жинап, сақтаушы орын ғана емес, оқырмандарды өз бетінше білім алуға, әртүрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеуге үйрететін, олардың ізденіс әрекеттерін, ғылыми-зерттеу қызметін дамыта отырып, сауатты пайдаланушыны қалыптастыратын мекеме. Сондықтан да білім алушыларды цифрлық ақпараттық кеңістікте жетелеуде кітапхана ісінің басқалардан озық тұруы міндет және білім беру үрдісінде білім алушылардың талап-тілегін, сұранысын сапалы орындауы тиіс. Білім саласының әлемдік кеңістікке енуі, халықаралық стандарттарды басшылыққа алуы – өркениетті қоғамның инновациялық білім беру технологияларын ендіре отырып халықаралық серіктестіктер арасындағы үйлесімділікті меңгеруді талап етеді.

\Кітапханашы мамандығы бүгінгі таңда қызметі мен міндеті өзгерген жаңа мамандыққа айналған. Осыған сәйкес жаңа оқу бағдарламасымен «Кітапханалық» білім беретін бірден бір жоғары оқу орны болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ айтсақ болады. Бүгінгі таңда бұл оқу орнында бакалавриат, магистратура, доктарантура негізінде «Кітапхана ісі», «Кітапханалық ақпараттық жүйе» мамандығы бойынша білім беріледі. Биылғы жылы Quacquarelli Symonds (QS) аналитикалық агенттігінің жаһандық рейтингінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 165-ші орынды иеленіп, әлемдің үздік 200 университетінің қатарына енді. Әлемнің ең үздік деп танылатын ЖОО арасында ел мәртебесін ұстап тұрған «Қара шаңырақтан» бүгінде қаншама жас мамандар кәсіби білім алып, сол білімін ел дамуы жолында жұмсап, адал қызмет атқарып келеді. Университеттен «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша білім алған студенттеріміз қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінде республикалық, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық кітапханаларда, мектеп, университет кітапханаларында жұмыс істеуде. Демек жаңа заман талабына сай білім алған жас кәсіби мамандар еліміздегі «Кітапхана» саласының дамуына өз үлестерін қосып жүр деуге болады.

\Бұл орайда біз елбасымыздың «Өмір бойы білім алу» жөніндегі қағидасын да естен шығармауымыз керек. Яғни, өмір сүре отырып білім алып, білім ала отырып технологияларды меңгеріп, әлемдік өркениеттен тыс қалмай, жаңа жүйелерді меңгеруіміз керек. Әлемнің дамыған елдерінің қатарына ену жолында жасап жатқан игі жұмыстардың қатарында қашан да «Кітапханаларды» дамыту да тұруға тиіс. Себебі, дамыған елдің қайсыбірін алып қарасаңыз да өзінің алып кітапханаларымен, ондағы бай қорымен мақтанады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сол бағытта жұмыс істеп жатқан іргелі оқу орны екенін айтудан жалықпаймыз!

 

Мухажанова Т. Н. т.ғ.к., доцент,

Отарбай Шаһризада  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

«Тарих, археология және этнология» факультеті

«Кітапханалық ақпараттық жүйе» мамандығының 2-курс магистранты

 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама