Сырым батыр мен Нұралы
Сырым батыр бала күнінде он төрт жасында-ақ жорыққа аттанатын болыпты. Қалмақтан мал айдап алады. онан он сегіз жасқа келеді. Он сегіз жасында жолдасты көбейтіп, моңғолдан таңдап-таңдап алпыс сегіз атты айдап қайтады. Астында тұлпардан туған Торытөбел аты бар, жолдастарының соңында өзі жалғыз келеді. Жылқының түстеніп кеткен жеріне өзі кешке қонуға келеді. Бір күні жылқының түстеніп кеткен жеріне қонып шығып, жалғыз өзі жүріп келе жатса, сәске түсте Жайықтың арғы тұсында Тайсойған, Бүйректіге құятын сала бар екен. Сол саланың сарлығында арғы бетінде Нұралы хан құсбегілері, билері, аңшыларымен сейілдікте аң аулап жүреді екен. Белгілі ғой аң аулап жүрген адамдардың әр бір жерлерде пытырап, жайылып жүретіндігі. Сырым осыларды көрген соң өзінің ақылымен ойлап: «Дәуде болса, бұл жүргендер Нұралы ханның аңшылары болар» — деп шамалап, «Нұралыны көрейінші, реті болса, тілдесейін», — деп (бұрын танымайды екен), жолдан бұрылыңқырап келіп: «Нұралы осы болар-ау!» — деп келсе, дұрысында сол шамалап келген адамы Нұралы болып шығады. Нұралыны ойымен танып, сәлем береді. Сол күнде Сырым батыр он сегіз жасында екен. Тасыған хан қазақтың бозбаласының сәлемін оңайлықпен ала қойсын ба?
— Сен қай тұқымсың? — депті Нұралы Сырымға. Сонда Сырым:
— Қыдырқожаның баласы — Сұлтансиық, онан туған — Байбақ, Байбақтыдан туған — Шолым, Шолымның баласы — Дат, Даттың баласымын, менің атым — Сырым, — депті.
Сонда Нұралы тұрып:
— Е, Құдуардың көп тентегінің тұқымы екенсің ғой — депті.
Сонда Сырым:
— Сақпардың суының бойында оғым озар ма екен, боғым озар ма екен, — деп, — оғы мен боғын жарыстырған Тоғым сарттың тұқымы едің-ау, сенің де тұқымға күлгенің бе? — депті. Нұралы атының басын бұрып жүре беріпті.
Содан Нұралы хан бір төбенің басына шығып, билерін, аңшыларын шақырыпты. Шақырған соң билер, аңшылар да келеді. Сонда Нұралы хан айтады:
— Билер, мен сендерді мезгілсіз шақырып тұрмын, шақырғанымның мәнісі мынау: анау бір кетіп бара жатқан қазақтың бозбаласы келіп сөйлесіп тұрғанда байқап қарасам, көзінің бір тамыры үш тарау болып бөлінген екен, мұнан не шығар екен деп, найзамен шабына түртіңкіреп қойып едім, ойымда «кейін шегінер ме екен» деген едім, ол шегінбеді, қайта өзіме қарай ұмтылды, найзамның ұшын бұрап кетті, билер сол бала кім болады?» — депті. Сонда билері әрқайсысы өз руындағы пысықша жігіттерді атап, «пәленше болар», «түгенше болар» — деп бәрі өз жігіттерін айта бастапты. Сонда алашаның Алтай деген биі тұрып:
— Е, тақсыр, бөркіңді алшысынан кигізіп кетті ме? — депті.
Хан:
— Ие, солай етті — дегенде, Алтай би:
— Е, ол әлі күніне жетпей келе жатыр, күніне жетсе, бөркіңді алшысынан да кигізер, қырынан да кигізер, қырқып та кигізер, — депті. Сонда Нұралы көзін бағжитып, қатуланып:
— Сен оны қайдан білесің? — депті. Сонда Алтай:
— Тыңдаңыз, тақсыр, мен білетінімді айтайын, Байбақты Шолым деген байдың жалғыз Дат деген баласы болған. Дат қойдан қоңыр, адамның момын бір жігіті болған еді. Сол күндердің күнінде бір есерсоқ ауруға ұшырады. Бай еліндегі бақсы-балгерлерді жиып бақтырса, еш те бір ем қонбады. Сөйтіп, баласынан қорқып бай сасып жүргенде, «екі күндік жерде бір көріпкел керемет балгер бар, оның алдына барған ауру жазылмай қайтпайды, өлетін адамды болжап бірден байқайды», — деп, дақпырт тиген соң, Шолым қуанып: «Қос атпен балгерді үйге алып келіп бақтырамын», — деп бай өзі аттаныпты. Сұрастырып барып, тауып, үйіне кіргенде, бақсы үйінің ішінде күтіп тұр екен. Шолым кіріп көрісіп, сәлемдескен соң: «Е, қонақ, сізден бұрын сіздің келген жұмысыңызды өз болжауыммен айтайын, сіздің жалғыз балаңыздың есерсоқ дертке ұшырағанына бірталай мезгіл болды ғой, сол балаңның ауруынан қорқып, артыңыз қипылдап бізге келіп тұрсыз, жинаған балгерлеріңіздің бірінен де пайда көре алмадыңыз, енді менің сізге айтатыным мынау: «ол балаң бұл ауруынан тіпті өлмейді, оның қайта дәрежесі өседі, осы күнде балаң есер, балаңның күші бұрын қандай еді, осы күнде қандай? Балаңның бір кісілік күші болса, осы күнде он кісілік күші бар. Осыдан бір жыл өтіп, екінші жылға айналғанда, балаңның беліне бір бала бітеді. Сол бітетін балаңның буы балаңды есер етіп тұрған, онан қорықпа! Сол бала бес ай өтіп, алты айға жеткенде (анасының құрсағына түскен соң), балаң жазылып, бұрынғы қалпына келіп жазылады. Қызметің осы болса, балаң жайы осылай, егер қонақ болатын болсаң, жайғасып отыр, хош ала қонақ етемін», — депті. Бай қуанғанынан риза болып, қалтасындағы барын балгерге беріп, қонақ болмастан еліне қарай шаба жөнеліпті. Еліне келгенсін, балгердің баяғы айтулы күнінде «келін жерік» деген әйелдер арасынан әңгіме шыға бастаған. Күні біткен соң бір ер бала туып, атын Сырым қойды, сізге жолыққан сол. Бала күніне толмай келе жатыр дегенім сол, тақсыр!» — депті.
Нұралы өзінің арам ойымен: «Тоқта, мен онымен жақын болып, құда болып жүріп, оны ертерек құдыққа құлатармын, — деп ойлап, — ханы, билер, сол баланың қызы жоқ па? Мен Есімге айттырар едім», — депті. Соңынан сөз салып қараса, Сырымның қырқынан жаңа шыққан қызы бар екен. Сырым менен Нұралы құда болыпты, екі-үш жыл өткен соң, Нұралы ішіндегі арам жауыздығын өршіте келіп, қалай да Сырымменен дұшпандасуға айналыпты. Байтақтың ханы ғой, Сырымды жамандап, үстінен арыз беріп, Сырымды ұстатып, Еркотицкий деген қалаға айдатып жіберіпті. Бірақ Сырым Еркотицкий барған соң жауап алғанда, бір сөзбен ақталып елге қайтатын болыпты. Хан: «Енді ол келмеске кетті ғой» деп ойлап жүрсе, «Сырым қайтып елге келе жатыр» деген аңыз елге дүңк ете түсіпті. Хан мұны естіп, енді Сырымнан қорқып: «мұнымен енді татуласып, кешірім сұрайын» деген оймен Сырымның келе жатқан жолын қарсылап, күн сайын сегіз-тоғыз әйелдермен өзінің ханымын шығарып қойыпты: «Құдағиына алданар, келсе, шылбырына оралып, үйге қонақ етуге алып келерсіз», — деп. Бір күні Сырымның келе жатқанын көріп, күтініп тұрған құдағилары көрінім жерден алдынан шығып, құдағи ханым тәжім етіп сәлем беріп, Сырымның атының шылбырын суырып алып, ордаға қарай жетектей бергенде:
— Құдағи, кішкене сабырлаңыз, сіз ана басыңыздағы тақияңызды алыңызшы», — депті. Құдағи басынан тақиясын алған соң:
— Мына бұрымыңыздың бір талын жұлыңызшы», — депті.
Құдағи да бұрымының бір талын жұлып алыпты, Сырым да атының жалынан бір талын жұлып алыпты да, айтыпты:
— Ал, құдағи, сіз де шашыңызды жалғыз талдап жұла беріңіз, мен де атымның жалын бір талдап жұла берейін, қашан сіздің басыңыздағы шаш пен менің атымның жалы таусылады, сонда ғана мен сіздікіне барып қонақ боламын», — депті. Ханым шылбырды қоя берді, Сырым да жөніне жүріп кетті.
Осылайша, араздықтары басылмай, дүрдараз болып жүре беріседі. Бір жыл өтеді, екі жыл өтеді. Хан мен Сырымды татуластыру үшін ешкімнің де жүрегі дауаламайды, батылы да бармайды.
Билер олай-бұлай ойланады, ретін таба алмайды. Сырымға «еңкей» дейін десе, хан Сырымды айдатып жіберді, ханға «еңкей» деуге ханнан қорқады. Сөйтіп жүргенде, шеркеш Тұрмамбет би: «Екеуіңді татуластырам», — деп, ханды да, Сырымды да бір төбенің басына белгі етіп шақырады. Сырым жолдастарымен, хан жолдастарымен белгілі мезгілде төбенің басына келіп екі бөлек отырысады. Сонда Тұрмамбет би қолында таяғы бар, екі топтың арасынан олай бір, бұлай бір қайталап, төмен қарап қалай сөз бастаудың ретін таппай жүрсе керек. Сенделіп жүріпті де қойыпты. Тамағын кекеп, Сырымның қасына келіп би тоқтай бергенде, Сырым тұрып:
— Ей, Түреке би, мүмкін болса, сізден сұрайтын үш ауыз сөзім бар, — депті. Тұрмамбет:
— Е, Сырым батыр, сұраңыз, — депті. Сонда Сырым:
— Бірінші, жалғыз атты жолаушы елге қона ма, жоқ болмаса, ел жалғыз атты жолаушыға қона ма? — деп сұрапты.
Тұрмамбет:
— Жалғыз атты жолаушы елге қонады ғой, — депті. Сырым сонда:
— Төреңе бас! — депті. Сонан соң Сырым:
— Екінші сұрауым, ұшқан құс көлге қона ма, жоқ болмаса, көл ұшқан құсқа қона ма? — депті. Сонда би:
— Е, Сырым батыр, ұшқан құс көлге қонады ғой, — депті.
Сырым тағы да:
— Төреңе бас! — депті.
— Үшінші сұрауым, еркек әйелге бара ма, әйел еркекке бара ма? — депті. Сонда би:
— Е, Сырым батыр, еркек әйелге барады ғой, — депті. Сырым тағы да:
— Төреңе бас! — дегенде, Нұралы жарылып кетейін деп шақшыдап отыр екен. Жолдастарына қарап:
— Тарт, торы төбелдің айылын! — депті. Сонда Сырым:
— Тартсаң тарт, торысы біз болармыз, төбелі сіз боларсыз, — депті. Нұралы хан тоқтай алмады, бес-алты жолдасымен кетті де қалды. Бүтін халық, Сырым да барлығы отырып орындарында қалды. Біраз отырысып, халық та тарасып, аттарына мінісіп жүреді. Тұрмамбет би де бір-екі жолдастарымен кетіп бара жатыр еді, күн ыстық еді. Көлденең бір шаң көрінеді, жақын келсе, шауып келе жатқан Нұралылар екен, үзеңгіні тірей тұра қалысыпты. Нұралы тұрып:
— Тұреке би, менің бір сұрайын деп келген сөзім бар, осы қу балақ Сырым маған неге жігітси береді? Мен Нұралы хан болып тұрғанымда сол қу балақтың тақымына сиғандаймын ба? Симағандаймын ба? — дегенде, сөзі орындалмай ашуланып келе жатқан Тұрмамбет би:
— Ей, Нұралы, сен осы сөзді неге таянып сөйлеп тұрсың, таянып тұрған сенің отыз ұлың ба? (ханның өз балалары он сегіз екен, малшысы, еншілестерімен қосып санағанда отыз дейді). Сен қайдан білдің? Бәлки сен қырық ұлдыға жолығарсың, болмаса бір қылдыға жолығарсың — деді. Сонан соң Нұралы ештеңке айтпастан, атының басын бұрып алып, тағы да шаба жөнеліпті. Елдеріне барып біраз күн өткен соң, Сырым: «Нұралыны шабам», — деп халықты ханға қарсы әзірлепті. Нөкері толған соң ханды шабу туралы ақылдасуға Жайық беріш Алдар биге барып, Сырым мәслихат сұрапты. Алдар сұрапты:
— Сен халықты дұрыс, әр рудан да батырлар жинадың ба? — дейді. Сырым:
— Түгел жинадым, — дейді. Сонда Алдар:
— Ал, енді халықты дұрыс жинаған болсаң, осы жерден тоқтамай бар да шап, егер бүгіннен қалсаң, өзің шабыласың, — депті. Сонымен Сырым Нұралыны шапты, Нұралы жеңіліп Уфаға қашып кетті. Балалары қашып тарап кетті. «Есімді алып кетеміз» деп, Нұралының екі-үш баласы қайтып келсе, ағаларына Есім айтыпты: «Ат басындай алтын тапсаңыз маған бермеңіз, зиян тапсаңыз, менен көрмеңіз, мен қашпай қаламын», — депті. Сонан Сырым үш жыл қатарынан хан болып ел билепті. Сол мезгілде Есім ақыл сұраймын деп ноғай Күзей биге барды. Күзей далада кездесіп, сұрасып біледі де: «Құл-қотан жиылып құда болған бұл заман, ата тұрып ұл сөйлеген бұл заман, ана тұрып қыз сөйлеген сұм заман», — депті. Күзей Есімге ауылын көрсетіп жіберіп: «өзім малға барамын, кешірек үйге барамын», — депті. Барып қонақ болып жатады. Екі-үш күн жатады. Бірақ Күзей би әлі Есімге жүз көрсеткен жоқ. Есім рұқсат қайту бағытын білдіргенде, Күзей: «Әлі де жата тұрсын», — депті. үш күн жатқан соң, Есімді Күзей өз үйіне шақырыпты. Бір қойды сойып, етін беріп отырып, Күзей:
— Хош келдіңіз, ал қызметіңізді айтыңыз? — дейді.
— Қызметім жоқ, «бұрын туғаннан ақыл сұра, бұрын қонғаннан қоныс сұра» деген бар еді ғой, сізге не ақылын айтар екен деп келіп едім, — депті. Күзей би:
— Менің сізге бөтен сыйлығым жоқ, сізге айтатын үш сөзім бар: көзсіз соқыр бол, құлақсыз саңырау бол, тілсіз сақау бол! — деп аттандырыпты. Сырым үш жыл хан болды. Ел де Сырым соңына түсе бастады. «Бізге хан баласы жақсы еді, Сырым бізді құртатын болды», — деп, бір уақытта халық Сырымды түсіріп, Есімді хан көтереді. Есім үш жыл хан болған соң, Есім түсіп, ханның баласы Ералы хан болды, хан жағы өте күшейді. Хан балалары ауыз біріктіріп, Сырымды ұстап өлтіргісі келді.
Бір күні ханның төрт баласы далада жүргенде, Сырымды ұстап Ералы ханға алып келіпті. Сыртта екеуі ұстап тұрып, екеуі кіріп ханға:
— Ал, Сырымды алып келдік, тез өлтір! — депті. Сонда Ералы айтыпты:
— Тентектің ісі тезде деп еді ғой, ұстаған жерде өлтірулерің керек еді, енді маған әкелгесін жауапсыз өлтіруге болмас. Мен онан бір үш ауыз сөз сұрайын, жауап берсе, құтылар, бере алмаса, тұтылар, — деді. Сырым хан алдына кірген соң:
— Жол анасы неден? Су анасы неден? Сөз анасы неден? — депті. Сырым:
— Жол анасы — тұяқтан, су анасы — бұлақтан, сөз анасы — құлақтан, — депті. Сонан соң Ералы хан:
— Қубас кім? Қубастан қуырым ет алған кім? — депті. Сырым:
— Қубас мынау болар, — деп өз басын көрсетіпті, қубастан қуырым ет алған, менен сөз сұрап тұрған сен боларсың, — депті.
Ералы Сырымды босатып:
— Әй, балалар-ай, сіздікі қателік, әлі де мұны құрметтеп, қонақ етіп, қой сойып, мұның ақылын ала беру керек қой! — депті. Ақырында хан балаларының еткен қысымына шыдай алмай, Сырым Өзбекстанға қашып, сонда өлді деген хабар бар.