- 10 сәу. 2020 00:00
- 234
Нұралы мен Сырым
Нұралы хан мен Сырым екідай болады. Еңбеші халық жағы Сырымды жақтап, ал байлар мен төрелер жағы Нұралы жағына шығып, ел екіге бөлінеді. Билер мен ақсақалдар Сырым мен Нұралыны табыстыру үшін Нұралының баласы Құлтайға Сырымның Қансылу деген қызын беретін болып, Нұралы мен Сырымды құда қылады. Нұралымен құда болғаннан кейін де Нұралының билігіне, берген төресіне Сырым қарсы келе береді.
«Бұл құда болғанмен, дұшпандығын қоймайды екен», — деп Нұралы Сырымды тұтқынға алмақ болып, Оралдың губернаторына шақыртады. Сырым оралға кеткенде, Нұралының баласы Сырымның қызына қалыңдық ойнай барады, қыздың жеңгелері қазақ әдетін жасамақ болады. Бірақ қыз: «Мен ханның баласына бармаймын, аулына қайта берсін», — дейді.
Нұралының баласы: «Қыздың менде не кінәсі бар екен, өзі келіп менімен сөйлессін», — дейді. Қыз келеді, сонда Құлтай:
— Менде сіздің қандай кінәңіз бар, менсінбейсіз бе? — дейді.
Сонда қыз:
— Мен сізбен, сірә, жолдас бола алмаспын. Қасқыр мен қойдың жолдас болғанын қайдан көріп едіңіз? Сіздің әкеңіз менің әкемді Оралдың түрмесіне жабамын деп жүргенде, мен сізге қалай пенде болмақпын? — дейді. Ханның баласы Құлтай сөзден ұтылып, аулына келіп жай-мәністі шешесіне баяндайды. Нұралының әйелі Оралға кісі жіберіп Сырымды босатуды сұрайды. Нұралы Сырымды босатып алады.