Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сіздің үйіңізде болуы мүмкін 7 улы зат

Олардың кейбірі шкафтың түкпірінде жатса, кейбірі көз алдымызда тұрады.  

1. Ауаны сергіткіш

Одан қандай қауіп бар

Ауа сергіткіштер пәтердегі жаман иістерден арылуға септеседі. Оларды біз көбінесе ванна бөлмесінде және дәретханада — желдетілмейтін орынжайларда шашыратамыз. Бұл дұрыс емес. Ауа сергіткіштердің құрамына фталаттар — жұпар иістің ұзақ тұруы және материалдың керіліп-созылуы үшін араластырылатын химиялық қоспа бар.

Фталаттар, сондай-ақ, тырнақ бояйтын лакта, косметикалық өнімдерде, балалар ойыншықтарында және пластикте бар. Көбінесе олар нақты жазылмай, «хош иістендіргіш» деген сөздің қалқасында жасырынып тұрады. Мысалы, құрамында фталаттар бар екені жазылмаған 14 ауа сергіткінің 12-нен осы зиянды заттар табылған.   

Фталаттарың организмдегі гормондар деңгейіне әсер ететін жаман қасиеті бар: олар ерлердің тестостерон деңгейін төмендетіп жібереді де, ұрпақ өрбіту жүйесіндегі ауытқушылықтардың себепкері болады.   

Сіз ауа сергіткіні жабық орынжайда шашыратқан кезіңізде оның ұсақ бөлшектері теріге жабысып қалады немесе жұтқан ауамен бірге ішке еніп кетеді.   

Не істеу керек

Жаман иістерді иіскеп жүре беру — оңтайлы амал емес. Ауа сергіткіні табиғи компоненттерден өз қолыңызбен жасап алыңыз.  

100 мл ауа сергіткі жасау үшін сізге мыналар қажет:  

— иісі өзіңізге ұнайтын эфир майының 15–20 тамшысы (бірнешеуін араластырып жіберсеңіз де болады);  

— 1 шай қасық спирт;  

— бүріккіш (пульверизатор) бар шөлмек;  

— дистилденген су.  

Шөлмекке майды және спиртті қосып, айналмалы қимылдар арқылы оларды араластырыңыз. Үстіне су құйып, шашыратқыш қондырмамен аузын тығыздап жабыңыз және ақырындап шайқаңыз. Болды, дайын!  

2. Киім күйесін құртатын шарлар

Олардан қандай қауіп бар

Күйе киімді жеп қоймауы үшін шкафқа арнайы шарларды салып қояды. Олардың құрамындағы белсенді заттар нафталин мен парадихлорбензол — қадалған жерінен қан алатын жәндікті ғана емес, адамды да өлтіре алатын заттар.   

Нафталиннің әсері обыр қоздырушы (канцероген) болып танылған, немесе парадихлорбензол басты ауыртуы, жүрек айнытуы, іш өткізуі және теріні тітіркендіруі мүмкін. Бұл шарлардың тағы бір қауіптілігі сол, кішкентай балалар оларды кәмпит деп ойлап, жеп көруі мүмкін.  

Не істеу керек

Жақын айларда шкафтан шығармайтын киімдеріңізді саңылаусыз қапқа салып қойыңыз. Оларды жинап қояр алдында міндетті түрде жуып тазартыңыз.  

Шкафыңызды жүйелі түрде тазалап тұрыңыз: қуыс-қуысының бәрін шаңсорғышпен тазартыңыз, шаңын, шашты және кірді тазалап шығыңыз.  

3. Ағаш-жаңқалы тақтадан (АЖТ) жасалған жиһаз

Одан қандай қауіп бар

Сапасыз материалдардан жасалатыр арзан жиһазда формальдегид — адам денсаулығына зиянды обыр қоздырушы болуы мүмкін. Бұл затқа аса сезімтал адамдардың көзі мен мұрыны немесе тамағы ашуы, жөтел пайда болып, жүрегі айнуы және терісі тітіркенуі мүмкін.  

Не істеу керек

Бұйымды өндіруші елдің сапа стандарттарын біліп алыңыз және сертификаттарын мұқият тексеріңіз. Сыртқы түрі мен иісіне назар аударыңыз: жаңа диванның немесе үстелдің ащы, мұрынды жыбырлататын «жұпар» иісі — елеусіз қалдыруға болмайтын сигнал.  

4. Кассалық чектер

Олардан қандай қауіп бар

Біз дүкенде жасаған саудамыздан соң немесе банкоматан сәтті операциядан соң алатын чектердің көпшілігі термоқағазға басылады. Ондай қағаздың құрамында бисфенол А (BPA) бар.

Бисфенол  А — эндокриндік жүйеге, қалқанша безге және ұрпақ өрбіту жүйесіне кері әсер ететін химиялық зат. 

Ол зат теріге жанасқан кезде организмге еніп кетеді, ал чекті қолыңызбен ұстаған кезде оған жанаспай қалу мүмкін емес.    

Көптеген елдер бұл затты тыйым салынғандар тізіміне енгізіп қойып, ал өндірушілер болса, экологтармен ымыраға келіп, оны пайдалануды барынша азайтуға тырысып жүрсе де, бисфенол А, әлі де болса, пластик шөлмектер мен ыдыс-аяқтарда кездесіп қалады.

Не істеу керек

Қағаз чектерден бас тартып, бір айда азық-түлік алуға жұмсаған ақшаңызды есептеу үшін оларды үйде үйіп жинай бермеңіз. Қазіргі кезде барлық дерлік қаржылық операцияларды смартфоныңыз арқылы қадағалап отыруға болады.   

Дүкеннің мобильдік қосымшасын телефоныңызға жүктеп алыңыз да, сатып алуларыңызды онлайн түрде бақылап отырыңыз. Қалдық теңгеріміңіз жайында үнемі біліп жүру үшін банкіңіздің мобильдік қосымшасын орнатып алыңыз.  

Егер сіз сатушы сізден 15 теңге жеп қояды деп секемденсеңіз, ол алған заттарыңызды кассадан өткізіп жатқанда электронды экранға шығатын бағаларды бақылап тұрыңыз. Экрандағы баға заттың өзінде жазылған бағадан артық екенін көрсеңіз — бұны оған айтыңыз. Бұлай ету сауда жасап болған соң чектегі сәйкессіздікті іздеп тұрғаннан оңай болады.  

5. Батареялар

Олардан қандай қауіп бар

Жұмысқа жарамды жаңа батареялар мен аккумуляторлар, дұрыс пайдалансаңыз, олардан сізге келер зиян жоқ. Әңгіме ұзақуақытты перспектива жайында болып отыр. Батареяның немесе аккумулятордың құрамында болатын қорғасын немесе кадмий адамның бүйрегіне, бауырына және жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Оның үстіне, кадмий обыр қоздырушы болып танылған.    

Сандықтың түбінде талай жылдан бері жатқан батарея тот басып кетуі мүмкін. Оның корпусы бүлініп, ішіндегі улы заттар сыртқа шығуы мүмкін.  

Не істеу керек

Пайдаланылған батареялар мер аккумуляторларды, олар істен шыға салысымен жоятын жерлерге өткізіңіз. Олар жылдар бойы қолданбайтын гаджеттердің ішінде тұрмасын. Тексеру жасап, жарамсыз батареяларды жақын маңдағы қоқыс қалдықтарды алатын жерге өткізіп тастаңыз.

6. Күннен қорғану құралдары  

Олардан қандай қауіп бар

Оларды бәрі емес, тек құрамында оксибензон барлары. Ғалымдар бұл зат (оксибензон) организмде қордаланып қалып, эндокриндік жүйеге кері әсер ететінін анықтаған.  

Оның үстіне, теріміздегі күннен қорғану жақпамайымен бірге суға түсетін оксибензон ДНҚ бүлдіру, сонымен қатар балаңқұрт кезінде тұқымын бұзу арқылы кораллдарды құртады. Бұл заттың ең көп шоғырланған жері танымал туристік орындардан табылып отыр.

Не істеу керек

Күннен қорғану құралдарының құрамын оқып, белсенді компоненттері ретінде мырыш тотығы мен титан диоксиді қолданылатын түрлерін таңдаңыз.  

7. Пластик ыдыс-аяқ

Бұдан қандай қауіп келеді.

Пластик ыдыс-аяқтың құрамында бізге таныс болып қалған фталаттар мен бисфенол А болуы мүмкін. Бұл зиянды заттар организмге пластик ыдысқа салынған ішіп-жеммен бірге кіріп кетуі мүмкін.  Өндірушілер пластик құрамындағы бисфенол А затынан арылып, оны басқа компоненттерге ауыстырып жатыр, алайда, ғалымдар олардан да шегетін зиянымыз аз бола қоймас деп алаңдап жүр.   

Не істеу керек

Америкалық педиатрия академиясы 03, 06 және 07 болып таңбаланған ыдыс-аяқтан немесе орама қаптан аулақ жүруге кеңес береді.  

Поливинилхлорид (ПВХ) — 03

 

Полистирол — 06

Әртүрлі пластиктердің қоспасы, полимерлер — 07

Бұндай ыдысты ішінара әйнектен немесе металлдан жасалғанына ауыстырып алуға болады. Мысалы, тамақ салатын контейнерлерді, ас-ауқатты турайтын тақтайды, ас үй қалақтарын ауыстыруға болады.  

Өкінішімізге орай, әсері қазір байқалмайтын, бірақ жақын болашақта денсаулығымызға кері әсер етуі мүмкін улы және зиянды заттардан аяқ алып жүре алмаймыз. Параноик болудың қажеті жоқ, бәрі өзімізге байланысты. Егер де қауіпті заттардың кейбіреулерінен ғана болса да, қорғана алатын мүмкіндік болса, бұны істегеніміз абзал.  

Оқуға кеңес береміз:

Құрамы пластик, пестицид пен канцерогенді химиялық заттарға толы қытайлық 10 азық-түлік

Пластикалық ыдыстардың зияны

Пластикалық ыдыстардағы қауіп

Пластикалық бөтелкедегі суды сатып алар алдында нені тексеру қажет?

Атмосфераға 10% оттегі өндіріп шығаратын бактериялардың жойылуы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама