- 04 шіл. 2019 00:00
- 215
Қазақстан оқушылары математика бойынша әлемнің үздік 10 елінің қатарына кірді
Қазақстан оқушыларының математика-жаратылыстану ғылыми сауаты бойынша әлемнің үздік 10 елінің қатарына кірді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Посткеңестік елдерде кадр дайындау жүйесі еңбек нарығының талаптарына сай емес, мемлекеттік реттеу тым артық, ал оқыту негізінен академиялық сипатқа ие» деген пікір бар. Шынымен де, бұл сын әділ. Аталған проблеманы шешу үшін Қазақстан тәуелсіздік жылдарында көптеген әдістерді ой елегінен өткізіп шықты. Бүгінгі күні біздегі білім беру жүйесі біліктілігі жоғары адами капиталды дайындауға тоғыстырылған», - деді министр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында.
Осы орайда Асхат Аймағамбетов оған ҚР Тұңғыш Президенті - Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы жарқын дәлел бола алатынын айтты. Ол бүгінде шамамен 11 мың стипендиат шетелдегі оқуын бітіріп, Қазақстан игілігі үшін жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«10 жылдың ішінде Қазақстан адами даму индексі бойынша өсім көрсетіп, адами капиталы өте жоғары деңгейдегі елдердің қатарына кірді. Бізде халықтың 100 пайызға жуығы сауатты. Балалардың 95 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен, ал 100 пайызы мектепте оқумен қамтылған. Оқушыларымыз да бәсекеге қабілетін көрсетіп жүр. Математика-жаратылыстану ғылыми сауаты зерттеуінде балаларымыз прогресс көрсетті. Соңғы өлшемге сәйкес еліміз әлемнің 40 елінің ішінде үздік 10 елдің қатарына кірді», - деді А.Аймағамбетов.