Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Су. Судың қасиеті
Сабақтың тақырыбы: Су. Судың қасиеті.
Сабақтың мақсаты: Су пайдаланудың адамдарға тигізетін пайдасы мен кері әсері және одан құтқарудың тиімді әдістері туралы оқушыларға түсінік беру.
Дамытушылығы: Оқушылардың ой-өрістерін, сөйлеу тілін, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелігі: Табиғатты қорғауға оны сүйе білуге баулу. Туған жердің экологиясын қорғауға үлес қосу.
Көрнекілігі: суреттер, буклеттер, мақал-мәтел жазылған плакаттар, Венн диаграммасы.
Пәнаралық байланыс: ана-тілі, қазақ-тілі.
Әдіс-тәсілі: сұрақ – жауап, түсіндіру.
Түрі: жаңа материалды игерту.

Сабақтың барысы:
1) Ұйымдастыру кезең: Оқушыларды түгендеп, оларды сабаққа даярлау.
2) Үй тапсырмасын пысықтау.
1-Сұрақ. ауаның табиғаттағы пайдасын айт.
2-Сұрақ. Адам өміріне ауаның пайдасын дәлелде.
3-Сұрақ. Өсімдіктер тіршілігіне ауаның керектігі жайында айт.
4-Сұрақ. Жануарлар тіршілігіндегі ауаның маңызы.
3. Жаңа материалды меңгерту
1-сұрақ Қатты қапырық ыстықта шөлдеген адамға не керек?- Су.
2-сұрақ. Сусыз тіршілік жоқ. Неге?
Оқушылар жауабы.
Мұғалім: Тіршілік құбылыстарының бәрі судың қатысуымен жүреді. Ағзалар денесі 30-дан 90 пайызға дейін судан тұрады. Салмағы 70 кг адам денесінде 50кг су бар. Оның мөлшері 17 кг кемісе адам өледі. Адамға ауа қандай қажет болса, су да сондай қажет.
1 Ой қозғау. Мақал. «Сулы жер – нулы жер». Мақалдың мағынасын қалай түсінесіңдер? (оқушылардың өз ойын тыңдау) сурет

Мұғалімнің түсініктемесі: Cу тіршілік нәрі. Тіршілікке қажетті бес жағдайдың бірі су екенін білесіңдер. Су бар жерде тіршілік бар. Адам тәулігіне 4-5 литр су ішеді. Адам баласы тамақ ішпей бір айдан астам өмір сүре алады. Ал сусыз үш күнде өмір сүре алмайды. Су күнделікті тұрмыста, егістікте, өндірісте пайдалануға қажет. Жер бетінің 23-нен астамын су алып жатыр. Бірақ оның 98%- ы пайдалануға жарамсыз. Теңіз, мұхит сулары ащы. Жер бетіндегі судың 2%- ы ғана тұщы су. Жер шарының 60%-нда тұратын адамдар тұщы су аз болуынан зардап шегуде. Мысалы, Грецияның Афины және Персияға жақын аудандарда ауыз су жеткіліксіз. Югославияға су кемемен жеткізіледі. Біздің елімізде су жеткілікті. Бірақ сол суды біз ластанудан қорғауымыз керек. Біздің экологияға жауапсыз қарауымыздан ауыз су бүлінуде. Суда улы заттар өте көп. Судың ластануы денсаулыққа зиян.

2. Мәтінмен жұмыс. Судың пайдасы туралы әңгімелеу.
3. Тіл дамыту. Судың қасиеті туралы әңгімелеу.

4. Ойын. «Кім көп біледі?» Су туралы мақал-мәтелдер айту.
- Судың да сұрауы бар.
- Сулы жер – нулы жер.
- Сағадағы су ішеді, жағадағы у ішеді.
- Су тіршілік көзі.
Ой жинақтау:
- Балалар, сусыз тіршілік жоқ дедік. Су біздің байлығымыз. Оған қамқорлықпен қарау әр адамның міндеті. Ендеше, балалар, суды қорғау үшін не істеу керек? Сендер қандай үлес қосар едіңдер? (Сызбамен жұмыс
- Суға байланысты қандай өлең білеміз балалар? (Ана тілі. Е. Өтетілеуұлы «Су»)
Ой толғау. Еркін жазу стратегиясы. «Су тіршілік мекені». Оқушылар су туралы өз ойларын жазды.
1 – оқушы: Сусыз өмір жоқ. Су адамға, жан-жануарларға, құстарға керек. Су болмаса тіршілік болмайды. «Судың да сұрауы бар» деген мақал бар
2-оқушы: Су – тіршілік көзі. Сусыз тірі табиғат өмір сүре алмайды. Су өмірдің байлығы. Суды босқа ағызбауымыз керек. Суды қорғау адамның міндеті.

5. Тәжірибе. Судың қасиеті.
1. Екі ыдысқа су мен сүт құйып салыстыру 1. мөлдір, 2. түссіз, мөлдір, иіссіз. 3. сұйық, жұғады, жабысқақ, пішіні жоқ.
Табиғатта су барлық жерде әр түрлі кездеседі. Табиғатта су өте көп. Ол біздің тіршілігімізге өте қажет.
Сұрақ. Суды қандай жерлерде кездестірдіңдер? (Көл, өзен, тоған, құдық, жаңбыр суы)
6. Оқулықпен жұмыс.
Теріп оқу
Су ағады, себебі ол сұйық. Ол жан-жағына ағады оның орнында дымқыл сулы із қалады, яғни су жұғады
Тәжірибе. Шүберекті сулау арқылы судың буға айналуы туралы айту.
Сұрақ. Қыста өзеннің үстін мұз басады. Мұз қайдан пайда болады? Суықта су қатып мұзға айналады..
7. Алгоритм сұрақтар. Оқушылар кезекпен тақтаға шығып жазады.
- Не? (Су)
- Қандай? (Түссіз, мөлдір, ащы, тұщы)
- Түрлері (Өзен, көл, теңіз, жауын-шашын, мұз, бұлт, бұлақ)
- Зиянды заттар (Қоқыс, өндіріс қалдықтары, шайынды сулар)
- Пайдасы (Көлік, тазалық, ауыз су, өсімдік).
Қорыту: «Сусыз – тіршілік жоқ» деп сабақты қорыту.
Бағалау.
Үйге тапсырма: 1. Мәтінді оқу, мазмұндау2. Сабақта қолданылған жаңа сөздер: сұйық, ағады, қатады, ериді сөздерін пайдалана отырып сөйлем құрау.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама