Сұхбат
Райымбек аудандық спорт кешені директоры орынбасары Жанам Керімбаевпен сұхбат.
— Қайырлы күн, Жанат мырза! Көңілдерге ерекше шаттық сыйлайтын көктем мезгілінің бүгінгідей жайма-шуақ күнінде өзіңіздей азаматпен сұхбаттасу сәті бұйырған екен. Көктемдік көңіл-күйіңіз қалай?
— Рахмет, барлығы ойдағыдай, тағы бір жаңа жұмыс аптасын бастап, күнделікті бірқалыпты тіршілікке кірісіп кеттік!
— Жалпы қалың жұртшылық өзіңізді аудандық спортқа үлкен үлес қосып, талай жеңімпаздардың қанатын қатайтқан азамат ретінде таниды. Өзіңіздің спортқа қызығушылығыңыз қашаннан бастап оянды және оған ықпал еткен адамдар бар ма?
— Спортпен бала кезден айналыстым деуге болады. Спорт мектебі біздің үйдің қасында орналасты. 12 жасымда қызығушылық жетелеп, спорт мектебіне барып, күреспен айналыстым. Алайда, ол шақта жаттықтырушы болуды армандамаған едім. Кейіннен, әскерден оралған соң, кезінде жаттықтырушым болған, спорт мектебінің сол шақтағы директоры болған Бірбаев Бекболат ағамыздан ұсыныс түсіп, жаттықтырушы болып еңбек жолын бастадым. Әрине, басында шамалы күмәнданғаным рас, дегенмен, Бекболат ағамыздың қолдауымен нық қадам жасап, іске кірістім. Бар күмәнім сейіліп, бұл жұмысқа деген құштарлығым артты. Алдыма келген шәкірттер де менің ерекше ықыласымды оятты. Жаттықтырушылықпен қатар, жарыстарды да назардан тыс қалдырмадым. “Чемпионат Қазақстанды” ұтып алдым, сол шақта шәкірттерім де түрлі жарыстарда жүлделі болып жүрді.
— Сіз тәрбиелеген шәкірттердің біразы, бүгінде ел мақтар азаматтар болғанын білеміз. Шәкірт тәрбиелеуде қандай қасиеттерді басшылыққа аласыз?
— Әрине, мен тәрбиелеген шәкірттердің барлығы чемпион болып кетпейтіні анық. Тіптен, алдыма келген жүз шәкірттің бір-екеуі ғана “спорт шебері” атанып немесе одан үлкен жетістікке жетуі мүмкін. Сол себептен, ең бастысы, келген шәкірттің денсаулығын түзеп, белгілі бір жақсы ортаға бейім адам болып қалыптасуы. Мейлі, ол спорт саласынан өзге салада болсын, бастысы- айнымас тұлғалық қасиетінің болуы. Мен мақтанышпен айта алатын тағы бір дүние, мен тәрбиелеген шәкірттердің спорттан өзге түрлі салалардың көшбасшылары бола алғандығы.
— Ауданымыздың атын аудан, облыс, республика көлемінде асқақтатып жүрген қандай шәкірттеріңізді ерекше мақтан тұтар едіңіз?
— Әлемдік дәрежеде жүлде алып, танымал болған шәкірттерім әзірге жоқ. Алайда, Республика көлемінде жүлделерге ие болып қуантқан спортшылар жоқ емес, өзім ерекше мақтан тұтып атын атар болсам, Нұрғазиева Гүлбақыт 5 дүркін “Қазақстан чемпионы” болды, Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 2 рет жүлдегер атанды, одан өзге Қырғызбай Айдана, Жүніс Айзада сынды аруларды да ерекше мақтанышпен айта аламын.
— Ұзын құлақтан естуіміз бойынша, еңбегіңізді ерекше елеген шәкірттеріңіз су жаңа автокөлікті сыйға тартқан екен. Сый-жеңгендікі, сөз тергендікі демекші, бұл да еңбегіңіздің кезекті бір ерекше бағалануы деп білемін.
— Иә, жақында 50 жасқа толған туған күніме шәкірттерімнің сыйлығы автокөлік пен менің өмірім мен қызмет жолым туралы жасаған видеороликтері болды. Дегенмен, оларды тәрбиелеудегі мақсатым, көлік алу болмаған еді. Бұл сыйлықты тарту етушілер менің тәлім ұямнан бірнеше жыл бұрын қанат қаққан азаматтар еді. Сонда да уақыт арақашықтығына қарамастан, тәлімгерлерін ұмытпай осындай сый жасап жатқандарына үлкен алғыс. Ерекше ризамын.
— Бәрімізге аян, биыл тұғырлы Тәуелсіздігімізге -30 жыл. Сіз де тәуелсіздіктің жөн айтар куәгерлерінің бірісіз. Тәуелсіздік жылдары еліміздің, ауданымыздың спорт тынысында қандай жаңалықтар мен өзгерістер болды?
— Менің жас ерекшелігімді ескерсек, Тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі заман келбетін көрдім деуге болады. Ал еңбек жолымды тура Тәуелсіздік алған жылдары бастадым. Өткен жылдардың көрінісі әлі көз алдымда. Алғаш жұмысқа тұрған жылдары жалақыны алудың өзі аса қиынға соқты, елдегі бірқатар жұмыс орындары осындай сипатта болды. Тек сол кездегі сырттай оқудағы сессияны сылтауратып, ақша сұрап өтінім жазған кездеріміз де болды. Ал қазіргі уақытта, біздің саланың жалақысы өзге салалардан төмен болғанымен, уақытылы алу қадағаланады. Сонымен қатар, алғашқыда спорт залдар құрылысын өзіміз тұрғызсақ, бүгінде спорт мектептерінің құрылыстары мемлекет тарапынан қолдауға ие. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен бүгінгі күнді салыстырсақ, үлкен өзгерістерге көз жеткіземіз. Ауданымыз бөлінгелі жағдай тіптен жақсарды.
— Ауданымыз бөлінгелі жағдай жақсарды дейсіз, жалпы ауданымыздағы қазіргі күрес саласының ахуалы қандай? Басшылық тарапынан тиісті назар аударулар жүзеге асуда ма?
— Біздің аудандық спорт мектебінде бірнеше күрес түрлері бар. Олар: грек-рим күресі, қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо күресі. Бұл күрес түрлерінің ішінде, еркін күрес ауданымызда бұрыннан ілгері даму үстінде, қалған күрес түрлері де уақыт ағымымен, жақсы нәтижелер көрсетілуде. Ал аудан тарапынан көңіл бөлуге келер болсақ, біз биылғы жылға дейін аудан бюджетіне қарасты болып келдік, сол уақытта тиісті қаражат мезілімен аударылып, көңіл бөлініп келді. Ал осы жылдан бастап, біз облыстық басқармаға қарастымыз. Тиісті қаржыны беріп, жағдайды жасауды. Бүгінгі үкімет жағдай ілгерідегі уақыттарға қарағанда едәуір жақсарды. Көп мәселе қаржыға келіп тақалатын мына заманда үкімет тиісінше өз міндетін орындауда.
— Сұхбатыңызға үлкен алғыс! Қызметіңіз өз жемісін беріп, шәкірттеріңіз үмітіңізді ақтай берсін! Еңбегіңіздің нәтижесін әлемдік деңгейде көрсетер шәкірттеріңіз көп болсын!
Сұхбаттасқан Ақерке Бижан