Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Тарихи тәжірибе және рухани жаңғырудың байланыстылығы

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің
аға оқытушысы Кыйсыкова Асем Жанболатқызы

Аннотация: Мақалада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының бөліміне талдау жасалып, тарихи дәйектемелер келтіріледі. Мақаланың аталған бөлімінің қазіргі Қазақстан үшін маңызы анықталады.

2017 жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Қазақстан жаңа тарихи кезеңді бастан өткеріп жатыр. Бұған дейін еліміз жаңа тәуелсіз мемлекетті құру арқылы Бірінші жаңғыруды жүзеге асырды. Нәтижесінде еліміз әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кірді. Бұл Екінші жаңғырудың нәтижелері.

Бағдарламаларды, жоспарды жүзеге асыратын маңызды объект – халық. «Біздің санамыз ісімізден озып жүруі тиіс» Сол себептен ендігі басымдық – ұлттық санаға ауып отыр.

Бірнеше ғасырлық отаршылдық және тоталитарлық сана үстемдігі салдарынан рухани күйзелісті бастан өткізіп, саяси тәуелсіздігіне енді қол жеткізген Қазақстан бүгінгі күні әлемдік тарихтағы уақыт бағаны мен қазіргі заманғы әлеуметтік кеңістікте өзін-өзі орналастырып айқындалу міндетімен бетпе-бет келіп отыр. Тарихи сананың деформациясынан кейін ұлттық бірегейлік пен мәдени тұтастықты қалыптастыру ең көкейтесті мәселенің біріне айналды. Бүгінгі күнгі қазақстандық қоғамда тарихи өзіндік сананы жаңғырту мен төл мәдени мұраны игеру және оны қазіргі заманғы даму үрдісіне лайықты жаңартып үйлестіру өзекті мәселеге айналғандықтан ұлттық тарих пен мәдениеттің тоталитарлық идеология қысымымен ұмыт болған беттерін қайта парақтаудың маңызы зор.

Халықтың санасын жаңғырту – бір күнде немесе бір жылда бола салатын іс емес. Елде бұған дейін де рухани жаңғырудың алғышарттары жасалған болатын.

1995 жылы Президенттің тапсырысымен Президент жанындағы мемелекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің «Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» қабылданды. Мұнда тарихтың, әсіресе, қоғам дамуының өтпелі кезеңдерінің ерекше маңызы көрсетілген, тарихи білімнің негізгі басымдықтары, тарих ғылымының проблемалары, тарихи білім беру мен ағарту ісінің келешегі белгіленген болатын.
Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен үш жыл қатарынан тарихи танымға айрықша назар аударылды. Олар: 1997 жылы – Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу; 1998 жыл – «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», 1999 жыл – «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» еді.

Ұлттық тарихқа стратегиялық тұрғыдағы өзінің көзқарасын Мемлекет басшысы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынында» кітабында баян етіп берді:«Үшінші мыңжылдыққа санаулы күндер қалғанда біздің болмысымыздың ең көкейтесті сұрақтары – ұлттық үндестігіміздің мән-маңызы неде, қазіргі Қазақстан үшін мәдениетке қатысты үлгінің қандайы қонымды, біздің ұлттық санамыздың арқауы неде, қазіргідей жедел құбылатын заманда «МЕН» дегізерлік ұлттық қасиеттерді қалай сақтап қалуға болады – міне, мұның бәрі де нақтылы өмірмен беттескен саясаттың сұрақтары. Ал оның жауабы бүгінгі өмірмен ғана астасып жатқан жоқ, тұнығы мен тұманы қабат- тасқан тарихтың тұңғиығымен де сабақтасып жатыр»

2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев бұрын-соңды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдау керектігін жариялады. Бағдарлама жүзеге асырылған 2004-2011 жылдар аралығында – Қазақстанның тарихы мен этнографиясы бойынша 26 арнаулы зерттеу жүргізілді. Дегенмен, мұның бәрі – тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстың басы ғана еді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан–2050» Стратегиясында «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» – деген тұжырым жасаған болатын. Осыған орай, 2013 жылы «Халық тарих толқынында» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты: Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме ақауында сапалы секірісті жүзеге асыруына жағдай жасау; қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін нығайту, ұлттық жаңа дүниетанымын қалыптастыру; Қазақстанның жаңа тарихының жиырма жылының мәнін пайымдауды.

Ұлттық сананы жаңғыртудағы келесі саты – рухани жаңғыру. Бұл мақалаға тірек болып отырған Елбасының мақаласы – оны жүзеге асырудың алғышарты. Мақаланың алғашқы бөлімі «ХХІғасырдағы ұлттық сана туралы» деп аталса, ІІ бөлімінде оны жүзеге асыру үшін алға қойылған міндеттер көрсетіледі.

Мемлекет басшысының жоғары рухани дамуға қатысты сөзі дүниетанымдық саладағы жаңғыру бойынша қолданылған жаңаша ұғым. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың 6 бағытын белгілейді:

1. Бәсекеге қабілеттілік;
2. Прагматизм;
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;
4. Білімнің салтанат құруы;
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
6. Сананың ашықтығы.

Бұл бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді.

«Бәсекелік қабілет дегеніміз - ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы». Ол дүниелер материалдық емес, олар: білім, еңбек ресурстары, сапалы қызмет. Алдағы уақытта, жаңа заман талаптарына сәйкес, жаһанданудың сұранысына сай, ұлттың, жалпы елдік ішкі нарықта болсын, әлемдік аренада болсын табысты болуы табиғи ресурстарға байланысты болмай қалады. Табиғи ресурстар ертең таусылуы мүмкін. Сол себепті әлем енді сарқылмайтын ресурстарға мән беретін болады: адамның ақыл-ойының нәтижесінде жасаған еңбегі, қызметі, ғылыми жаңалығы келер күнге салатын ең маңызды әрі қымбат капитал. Білімді ұлтты қалыптастыру арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігіне кепіл бола алады. Осыған сәйкес, әрбір қазақстандықтың бойынша ХХІ ғасырдың сұранысына ие, соның талаптарына лайықты болуы керек. Олар: компьютерлік сауаттылық, мәдени ашықтық, полиглот болу. Бұлар әлемнің қай тұсында болсын сұранысқа ие. Ал «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар - ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.
Елбасының мақаласында біздің ұлттық кодымыздағы прагматизмнің бар екендігіне дәлме-дәл негіздеме беріледі. Ұлы даладағы қатаң табиғи жағдайлар мен шөлейтті жерлердегі тіршілікпен байланысқан көшпенділік дәстүрі ата-бабаларымыздың бойына табиғатпен үндескен өмір салтын, яғни прагматизмді қалыптастырды. Өткен ғасырлардағы қоғамдық-саяси ойдың дамуына талдау жасай отырып, Елбасы радикалдық идеологияның заманы мүлдем келмеске кеткенінін тұжырымдайды. Сол себепті, біздің болашаққа жасалатын ұранымыз реализм және прагматизм болмақ.

XIX ғасырда Германияның ұлы канцлері Отто Бисмарк Realpolitik мемлекеттік бағытын өмірге енгізді. Ол әртүрлі идеологиядан бас тартып практикалық тұжырымдарға басымдық берді. Сондықтан, Елбасының тұжырымы анық: біз жекелеген адамның және тұтас ұлттың мүмкіндіктері мен шектерінің аясында нақты мақсаттарға қол жеткізуді бағдарлауымыз керек.

Ұлттық жаңғыруды екі түрлі қағиданы пайдалана отырып өзгертуге болады. Оның біріншісі: ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, екіншісі: ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Яғни, рухани жаңғыру ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихын, әдебиетін ұмытуды көздемейді, керісінше оларды кемелдендіріп, кей тұстарын өзгертуге тәрбиелейді.

Елбасы осы тұста жерге, руға бөліну секілді кертартпа қасиеттерді сынға алады: «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын» - дейді. Осыны айта келіп, қазақстандықтар мына екі ережені түсіну керектігін атап өтеді:

- Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

- Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.

«Ұлттық бірегейлікті сақтау» атты екінші бағытқа қатысты тоқталсақ, Президент дамудың әмбебап үлгісі болмайтынын нақты жеткізіп, тек ұлттық модельді ғана алға тартады. Қазіргі уақыттағы заманауи ұлт құрылысында бұл тұжырым аса маңызды. Ортақ тіл, мәдениет, тарих – бұлар барлық заманда да қуатты мемлекеттің іргетасы екендігі даусыз. Бұл бағытта ең әуелі ұлттық рух аталады. Бұл жерде Мемлекет басшысының «Тарих толқынында» атты келелі монографиясын парақтай отырып, тарихқа қысқаша шолу жасап өткен жөн. Біздің рухани бастауларымыз қазіргі Қазақстанның аумағында біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықта өмір сүрген ежелгі арийлерден басталады. Содан кейін саясат сахнасына бірінші мыңжылдықта билік құрған жауынгер сақтар шығады. Бұдан соң ұлы ғұндар дәуіріне кезек беріліп, олар түркілер билігіне дейінгі б.д.д. ІV ғасырда өмір сүрді. Одан кейінгі заманда орын алған тарихи оқиғалар еліміздің ақпараттық-мәдени кеңістігінде кең түрде көрініс тапты. Сондықтан, оларды қайта санамалап жатудың қажеті жоқ. Генезистің және біздің ұлттық рухымыздың қалыптасуы мен дамуына екпін берген осындай ортақ құрамдастар бар. Айтылғандарды түйіндейтін болсақ, Мемлекет басшысының ұлттық рух туралы ұсынған тезисі Ұлы Дала елін дамытудың басты қозғаушы күшіне айналады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз мақаласында жаңа тарихи кезеңге тән қатерлер мен тәуекелдерге жан-жақты баға бере отырып, ұлттың, елдің алдына жаңа міндеттер қойып берді. Еліміздің әрбір азаматы бүкіл қоғам, саяси партиялар мен қозғалыстар, барша мемлекеттік органдар ағымдағы жағдайға талдау жасап, біздің қай жерде тұрғанымызды анықтап, әрбіріміздің не істеу керектігімізді жете ұғынуы керек. Жаңғыру санада болғандықтан, біз өз елдің тарихын ұмытпай, бүгінгісімен мақтанып, ертеңінің кірпішін қалауымыз керек. Елбасы айтқандай, санамыз жылдам болуы керек. Жолымыз – жаңару арқылы болашаққа жету.


ӘДЕБИЕТТЕР
1. Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999
2. Қазақстан Республикасының Президентінің халыққа Жолдауы: «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» // Егемен Қазақстан, 2006 жыл, 1 наурыз.
3. Қазақстан Республикасының Президентінің халыққа Жолдауы: «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» // Егемен Қазақстан, 2005 жыл, 18 ақпан.
4. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жалдауы. Бәсекеге қабілетті ұлтқа, бәсекеге қабілетті экономикаға, бәсекеге қабілетті Қазақстанға // Егемен Қазақстан, 19 наурыз, 2004 жыл.
5. Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан – 2030: Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы: Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы // Алматы: Білім, 1997
6. Қазақстан Республикасының Президенті  Н.Ә.Назарбаевтың  Қазақстан  халқына  Жолдауы  «Қазақстан  жолы-2050:  бір  мақсат,  бір  мүдде,  бір болашақ» // Егемен Қазақстан, 2014ж. 17 қаңтар. 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама