Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Уолт Дисней жетістігінің тарихы

Уолт Дисней — атақты америкалық суретші-мультипликатор, аты әлемге танылған режиссер, актер, сценарист әрі продюсер, толық метражды мультфильмдердің толық сериясын жасаушы. Әлемдегі бүкіл балалар жақсы көретін Микки Маустың, Қоян Освальдтың, Дональд Дактың және 200-ден астам персонаждың атасы. Ол «Оскардың» 29 премиясының және АҚШ жоғары азаматтық үкіметтік марапаты «Бостандық медалі» иегері болды. «Walt Disney Productions» компаниясының құрушысы және әлемдегі алғашқы үлкен сауық-сайрандық «Диснейлэнд» балалар саябағын құрушы болып табылады.

Уолт Диснейдің өмірбаяны, жетістігінің тарихы

Уолтер Диснейдің өмірбаяны сонау 1901 жылдың 5-ші желтоқсанда ағаш ұстасы мен мұғалімнің отбасында бес баланың төртіншісі болып Уолтер Элиастың дүние есігін ашуымен бастау алады. Уолт Элиас Диснейдің әкесінің түбі ирландтық-канадалық, ал шешесі Флораның тегі неміс-америкалық. Отбасы мекен еткен Чикаго сол кезеңде тек қана ірі өндірістік қала ғана емес, сонымен қатар Штаттың ең қылмысы көп қаласы болып танылған болатын. Көрші көшедегі болған полицейдің өлімі Диснейлік отбасының шыдамының шегі болды. Осы оқиғадан соң Диснейлік отбасы әкелерінің ағасына Миссури штатындағы, Марселин атты кішігірім қалаға көшіп кетеді. Сол жерде Диснейлер фермаға ие болады. Бұл кезде Уолттың жасы 4-те болатын. Уолттың сурет салғысы келетін, алайда отбасында қарандаш пен қағаз сатып алуға ақша болмады. Ол қара май және таяқ тауып алып, үйдің суретін салды…

Уолт Диснейдің балалық шағы мен жастық шағы

Марселинде Уолтты көбісі танитын. Ол үнемі көтеріңкі көңілде жүретін, сондықтан да оны көршілері мен таныстары жақсы көретін. Бірде көршілердің бірі қарт ардагер, Шервуд дәрігер қағаз жыртындысына өзінің атының суретін салып бергені үшін Уолтқа 25 цент төлейді. Кейінірек, Дисней Шервуд дәрігердің биесінің сәтті шыққан портреті оған суретші болу туралы ой салды деп есептеді.

Бала күнінен Уолт сурет салуға құштар болды, ал жеті жасында өзінің алғашқы комикстерін сата бастайды. Жас Уолт мектепішілік газетті шығаруға суретші және фотограф ретінде ат салысып, ал кешкілік уақыттарда әсем өнер академиясына барып жүрді. Соңыра газет карикатуристтерінің курсынан өтіп, мұнда ерекше ойлауды, қалыпты логиканың қызықты бұзылысы мен ықшамды үлгіге үйренді.

Уолт 8 жасқа толғанда, әкесі оған жұмыс істете бастайды. Баласы әкесіне тиесілі фирманың хаттары мен жарнамаларын тарататын: кез келген ауа райында, жаңбырда да, қарда да, таңертең және қараңғы түнде де қисайып кеткен бәтеңкесімен Уолт көше аралап, почтаны дер кезінде жеткізу үшін жүгіріп жүретін. Уолттың тапқан бар ақшасын әкесі алып отыратын. Алайда, Уолттың тауы шағылмады: ол жай ғана әкесі талап еткен жұмысын екі есе істей отырып, қатал «бастығынан» жасырын түрде нормадан тыс тапқан күнделікті ақшасын алып қалып отырды.

Дисней 10 жасқа толғанда оның әкесі сүзек ауруына ұшырайды. Флора Дисней күйеуінің жанында отырып, оның кеуіп қалған ерніне  апельсиннің бөліктерін Элиастың аузына тамшы болса да сок ішсін деп, сығып беріп отырады екен. «Бұл апельсиннің бөліктері бізге, бауырымыз екеумізге таңғажайып болып көрінетін, тіпті біздің де сүзекпен немесе одан да жаман ауруға ұшырасақ екен дейтінбіз, сондағысы ғажайып шырынның бірер тамшысынан ауыз тию еді» — деп еске алады Уолттың әпкесі Рут.

Бертін келе, әкесі ауруынан айығып, олар Америкадағы өзге де күнкөріс үшін тынымсыз көшіп-қонушылар секілді Канзас Ситиге көшу туралы шешім шығарады. Осы көшу Уолттың өміріне айрықша әсер етеді. Канзас Ситиде ерекше бай, биік қоршауға жасырынған және бау-бақшамен көмкерілген зәулім үй болады. Зәулім үйдің жеке иесі болды және жергілікті балалардың құмартып тұратын орны болды. Балалардың барлығы құпия тесіктер арқылы баққа кіріп, бақшада ойнап, кейде тіпті жекежайдың өзіне кіріп, әсем анфиладаларда жүгіріп, ескі портреттерді тамашалағысы келетін.

Уолт та  талай рет жекеменшік мекенге кіргісі келген, оның әр талпынысы сәтсіздіктермен аяқталушы еді. Сол кезде ол өскен соң балаларға арналған алаңқайларымен, ойнауға арналған ауқымды бақшалы зәулім үй саламын деп өзіне ант береді. Осылайша, қырық жыл өткен соң арман Диснейлендте орындалды.

Диснейдің ең алғашқы жақын досы Уолт Пфайффер болды. Балалар қалталарындағы бар ақшаға киноға баратын. Олардың кумирі Чарли Чаплин болды. Кинотеатрдан шыққан соң, олар көше бойында кезектесіп Чарлидің жүрісін салып, оның трюктерін қайталап жүретін. Сол кезеңде-ақ Уолттың достары да, ұстаздары да, тіпті Уолттың өзі де актерлік өнерге бару керек деп санайтын.

1918 жылдың күзінде жас жігіт әскери қызметке баруға тырысып көрді. Алайда Уолттың жасы жетпегендіктен, оны алмады. Осы себепті Уолт Қызыл Крестке ерікті болып тіркеліп, мұхит асып, жыл бойы жедел жәрдем машинасында жүргізуші болып жұмыс істейді. Бұл машина жергілікті жердің ерекше назарында, яғни Уолт қызықты суреттермен көмкерген машина болды.

Уолт еліне оралған соң, Чикагодағы өнер институтына түседі, мұнда ол өз талантының қыры жобаларды пайымдау мен үйлестіру саласында екенін ұғынады. Ол сол ғимараттан тезірек құтылғанша асығып, өз жұмысын бастауды қалайды. Ол өзінің бар болмысын сурет салуға арнау үшін, осы оқу орнын жылдам аяқтауды армандайды.

Ақыр аяғында ол оқу орнын тәмамдайды. Бірден жас суретші  Диснейдің алдында қайда барып жұмыс істеу керек деген қиын сұрақ туындайды. Ол алдымен көңілді жарнамалық суреттерді маңдайша жазуға салатын ресторандық фирмалардың біріне жұмысқа тұрады. Оның директоры Диснейді әрең дегенде жұмысқа алады да, аптасына бар болғаны 50 доллар ғана төлеп отырады.  

«Walt Disney Company» құрылуы

Мультипликацияға ерекше қызыққан Уолт Дисней өзінің Канзасынан кетуді ұйғарады. Сөйтіп 1923 жылы бірнеше суреті, бір дайын анимациялық-ойындық фильмі және қалтасындағы 40 доллары бар ол, Голливудқа жол тартты.

Мультфильм жасау туралы идея оған тыным бермеді. «Мен бір студиядан бір студияға, ондағы бар кабинеттерді түгелдей дерлік, кадрлар бөлімінен бастап, түсіру алаңдарына дейін аралап шықтым. Мен ие болған жалғыз жұмыс статисттің жұмысы болды. Мен аттың үстінде бірнеше метр жерді өзге де статисттермен бірге жүріп өтуім керек болды. Алайда, қатты жаңбыр болды да, түсіруді басқа күнге қалдырды, одан соң біздің сахналық көрінісімізді сценарийден мүлдем алып тастады. Бұл менің актерлік мансабымның соңы болды» — деп Дисней өзінің естеліктерінде жазады.

Голливудтан жұмыс табудан үміті үзілген Уолт өзінің Роберт ағатайының гаражын жалға алады. Негізінде жалға алу — асыра сілтеу. Әйтеуір гаражды пайдаланғаны үшін сәті түскен кезде ақша төлейтініне уәдесін береді. Гаражға ағасы Ройдан қарызға алған ақшаға сатып алған қажетті бояулар, қылқаламдар, прожекторларын мультфильм өндірісінің құралдарын орналастырады. Рой Уолттың серіктесі болады (Ройдың үлесі $250 құрайды, тағы қарызға алынған $500 бар) және олар мультфильм студиясын құрып, оны «Дисней Бразерз картун студио» («Disney Brothers Cartoon Studio») деп атайды.

Бертін келе, Ройдың алдында ауқымды мәселе туындайды: жұмысқа жан-тәнімен кіріскен бауырын қалай және немен тамақтандырамын деп басы қатады. Әдетте, Рой гараждан кетіп, бауыры екеуіне арналған түскі ас дайындайтын кішкентай бөлмеге баратын. Кенеттен, тұрмыстық қиындыққа бас қатырмайтын Уолт, ұрыс шығарып, абдырап қалған Ройға дәмсіз даярланған тамағы үшін айқай салады. Сол кезде Рой «шешуші қадамды» жасайды: ол өзінің сүйікті қызы Эдне Фрэнсиске ұсыныс жасайды, ол сәтсіз тамақ пісіруші Ройдың әйелі атанып, ағайындылардың қасына көшіп келеді де, ұзақ айлар бойы оларға тамақ пісіруші болады.

Бұл кезде Уолттың өзі де үйлену туралы ойланып жүрген болатын. Олардың студиясына қосымша жұмысқа Лиллиан Баундс есімді тамаша қыз тұрды. Ол көбінде бояуларды құюмен айналысатын, яғни Уолттың қаламынан шыққан персонаждарды бояйтын. Уолт Лиллиан үшін көп тер төккен жоқ, себебі ол қыз бірден өзінің «бастығына» ғашық болып үлгерген еді. Бастығы бір тиынсыз қалған кездері өзінің адал жолмен табатын 15 долларынан да студияның пайдасына қалсын деп бас тартатын.

Уолт алғашқы мультфильмінің идеясын Макс Флейшердің мультипликациялық картиналарынан алды. Флейшердің қызықты тәсілдер қолданатынын яғни, мультипликацияларды шынайы түрде түсірумен ұштастыратынын көрді. Нақтырақ айтқанда, мультипликациялық батыр шынайы өмірге түскендей болады. Алайда, Дисней Флейшердің жаңашыл бағытын көшірмеді. Ол барлығын басқаша жасады — ол шынайы батырды мультипликациялық әлемге жетелеп, одан да қиынын жасады. Алдымен сюжет таңдау керек болды (сценарий ойлап табу). Уолт бала кезінен «Алиса ғажаптар әлемінде» кітабын жақсы көрді, сол себепті де осы персонаждың кішкентай Алиса қыздың қатысуымен мультфильм қоюды шешті.

Бұл мультфильммен жұмыс жасау үшін біршама шыдамдылық қажет болды. Уолт ұзақ уақыт бойы түнделетіп ұйықтауға да мұршасы болмай, жаңадан бастаушы екі суретші жалдайды. Олар Диснеймен бірге өнер мектебінде бірге білім алған екі досы — Рудольф Айзинг және Хью Харман, «Босконың қызықтары», «Аю Барни» және «Қуанышты үйлесім» атты мультипликациялық сериялардың болашақ авторлары болатын. Дисней бұл екі жігітке өзінің мультипликациялық фильмге деген талаптарын түсіндіріп, соңында жұмысы шынымен қыза бастайды.

Осы мультфильм үшін біршама ақша алған соң, Уолт пен Рой студия атауын өзгертуді шешті. 1923 жылдың 16 қазанында Уолт Дисней Нью-Йорктық дистрибутор Маргарет Уинклермен келісімге қол қояды. Осы күн қазіргі Walt Disney Company-сының негізі қаланған күн болып саналады. Бұл атау ағайындылар үшін сәтті болды.

Студия Алиса туралы фильмдерді төрт жыл бойы шығарды, бертін келе Уолт анимациялық фильмдер шығаруға көшуді ұйғарады. Жаңа серияның жұлдызы Уолт Дисней ойлап тапқан және суретін салған Освальд атты қызықты қоян болады. Бар болғаны бір жыл ішінде қоян туралы қызықты 26 серия шығарып, жаңа маусымын бастайтын кезде, Уолт пысық Маргарет Уинклердің студиядағы төрт суретшіні арбап алғанын, яғни Освальд туралы мультфильмді оның құрушысысыз түсіруді жоспарлап отырғанын біледі. Өкініштісі сол, жасалған келісім бойынша мультипликациялық кейіпкер туралы құқыққа автор емес, дистрибутор ие болатын. Бұл Дисней үшін ащы әрі пайдалы сабақ болды, салдарынан өзі жасаған дүниенің барлығына авторлық құқықтың тек өзіне тиесілі болуына ыждаһаттылықпен қарайтын болды.

Микки Маус дәуірінің бастауы

Дисней Освальдтан айырылып қалған соң, өзінің мультфильмдері үшін жаңа жұлдыз ойлап табудан басқа амалы қалмады. Осылайша өмірге өзінің қоян ағасына қатты ұқсайтын атақты Микки Маус атты тышқан («Оны алғашында Мортимер Маус деп атағанбыз, бірақ бұл атау менің әйелім Лиллианға ұнамай, оны жай ғана Микки деп атауды ұсынды. Мұндай ұсақ-түйекке бола оған қарсылық білдіргім келмеді — осыдан соң менің компанияма бүкіл әлемдік атақты әкелген Микки Маус дүниеге келді» — деп еске алады Дисней.) дүниеге келді. Оны жасауға Диснейдің өзі мен оның студиясының бас суретшісі Аб Иверкс қатысты.

Дегенмен, студия Микки Маустың қатысумен түсірілген екі мультфильмді сата алмады: ол мультфильмдер дыбыссыз болатын, ал кинотеатрларға ол кезде дыбыс келіп қойған еді. Ол кезде студиялар мультфильдерді жылдам-ақ жасап шығаратын, оның үстіне Диснейдің студиясы әлі толық кәсіби бола қоймаған еді. 1927 жылы дыбысты кино шыға салысымен, Уолт кинемотограф әріптестерінің тәжірибесін өзі қолдана бастап, мультфильмдерін дыбыстады. Осы серияның үшінші фильмі (дыбысталған) экрандарға 1928 жылғы қарашаның 18-де шықты, дәл сол күн Микки Маус дәуірінің басталған сәті болды.

Онымен бірге Уолт Дисней өндіріске Ақымақ симфониялардың жаңа сериясын ұсынды. Ол басқа принциптерге негізделген: әрбір фильмде студиядағы суретші-мультипликаторларды шығармашылық тұрғыда қанаттандырып отыратын жаңа персонаждар пайда болып отырды. Бұл серия Диснейдің суретшілері үшін ауқымды жобаларда мультипликацияның жаңа техникаларын пайдалану алдындағы жаттығу алаңы болған сияқты. Соған қарамастан дәл осы мультфильмнің сериясы 1932 жылы студияның алғашқы Оскарын үздік салынған фильм ретінде алды. Осы сәттен бастап соғысқа дейінгі онжылдықтар бойы Диснейдің мультфильмдері жыл сайын Оскар сыйлығын алып отырды. Ол өзінің жұмыстары үшін осындай 29 жүлде алған.

Диснейдің бар шығармашылығының тақырыбы — зұлымдықпен күрес. Дисней бақытты финалдарды жақсы көрді және барлық персонаждарына өзінің дүниетанымының кеңістігін мекендетті. Осылайша ол өзінің имиджін өнегелі таза адам ретінде көрсете білді. Ал басында ол кәнігі шылымқор, тіпті маскүнемдіке жақын болатын. Голливудта оның Долорес дель Рио атты актрисамен болған махаббат хикаясы баршаға мәлім еді. Алайда бірде бір репортер оның беделіне нұқсан келтіре алмады. Неліктен? Дисней біз үшін бақытты әлемді құрып берді, сұмдықтан ада шынайылықты көрсетті, ал оны бұзу ақымақтық болатын. «Ана, алма пирогы және Дисней» бұл үшеуі америкалық киелі «үштік» деп есептелді. Ал киеліні қорлауға болмайды.

Дисней компаниясы үшін мультфильмдік персонаждар қосымша табыстың жақсы көзі бола алатыны анықталды. Бірде Нью-Йорктік бизнесмен Диснейге автоқаламдарға Микки Маустың суретін орналастыру үшін рұқсатқа $300 ұсынады. Уолт Диснейге тап сол сәтте қаржы өте керек болатын, сондықтан ол тышқан образының таралымына өз келісімін береді.

Осыдан соң Микки Маустың және диснейлік өзге де кейіпкерлердің портреттері барлық жерде көріне бастады: табақтарда, тіс шөткелерінде, орамалдарда және мектеп дәптерлерінде, кәмпит қағаздарында және балалар бөлмелерінің түсқағаздарында көрініс тапты. 1930 жылы Микки Маус туралы комикстің алғашқы сериясы шықты. Мұның барлығы жақсы табыс әкелді, бастысы, мультфильм батырларын танытуға атсалысты және нәтижесінде олардың көбісі Американың ұлттық аңыздарына айналып кетуіне септігін тигізді.

1927 жылы Уолт Дисней және оның әйелі Лиллиан өздерінің кең пәтерлеріне көшеді. Уолт Рождествоға сыйлық ретінде Лиллианға күшік сыйлайды. Олардың баласы болмағандықтан, күшік Лиллианның сүйікті баласының рөлін ойнады. Диснейліктердің екі рет балалы болуға талпыныстары сәтсіздікке ұшырады, екеуінде де Лиллианда түсік болды. Ол үшінші рет жүкті болғанда мұрагері болғанын қалаған Диснейдің әйеліне деген қызығушылығы кенеттен жоғалып кетеді. Уолттың ағайынды әпкесіне жазған бір хатында: «Менің әйелім бар, менің бар мақтанышым — менің сүйкімді кішкентай ғана әйелім және cүйкімді чау-чауым» деп жазады.

1933 жылы Уолт пен Лилианның қызы Дайана дүниеге келеді. Уолт қызы туар алдында анасына шағымданған хат жолдайды: «Лилли қыз күтіп жүр. Мен оған ешқандай көңіл аудармаймын. Тағы да көңілімнің түскенін қаламаймын. Біздің бөлмеміз балалар бөлмесіне ұқсап кетті, әр жерде қызғылт және көк жөргектер жатыр… Ал мен бұл туралы ештеңе естігім де келмейді. Меніңше, әлемдегі ең нашар әке мен болатын секілдімін...» Қызығы сол, сол уақытта 1933 жылдың соңында Уолтты «Пэрентс» (Ата-аналар) журналы америкалық өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін марапаттайды.

Дисней сол 1933 жылы өзінің алғашқы түрлі түсті «Үш торай» атты мультфильмін шығарады. Ол жерде орындалған  «Біз көкжалдан қорықпаймыз» атты ән ұлттық хит болады.

Студия күн санап өседі. Тағы да бірнеше мультфильмдер түсіріледі. Микки Маус миллиондаған жүректерді жаулап, соның ішінде тек америкалықтарды ғана емес, сонымен бірге европалықтарды да баурап алады. «Көңілді әуендер» түсіріледі, экрандарда барылдаған Дональд Дак, ұлыған күшік Плуто және көлшіктен суды кепсермен іліп алуға тырысқан миғұла Гуфи пайда болады. Дисней «Колумбия Пикчерзпен», сосын «Юнайтед Артистспен» келісім-шартқа тұрады.

1934 жылы Уолт Дисней өзінің қызметкерлеріне Ақшақар және жеті гном туралы толықметражды мультипликациялық фильм түсіргісі келетінін хабарлайды. Бастапқыда бұл идеяға көбісі күмәнмен қарады: тірідей актері болмаған картинаның үлкен кино секілді көрерменді қызықтыра алатынына сенушілер аз болды. Алайда Диснейдің ойы құр қиял емес екеніне сеніп, жұмыс қайнап кетеді.

Фильмнің түсірілімі үш жылға созылады және сол кезеңдегі бас айналдырарлықтай $1,499 млн жұмсалады. Диснейді тақырға отырғызбай аман алып қалған «Bank of America» несиесі болды, оның басшысы — Амадео Джаннини Микки Маусты өте қатты жақсы көретін еді. Фильмнің нәтижесі кеткен шығынды ақтады, өйткені Ақшақар ұзақ уақыт бойы барлық кезеңнің ең жоғары кассалық фильмі болды (оның рекордын тек қана Желмен ғайып болғандар жапты). Ал 1939 жылы Уолт Дисней осы толықметражды фильмі үшін саны бойынша тоғызыншы «Оскар» жүлдесіне ие болды. Диснейді осы марапаттау барысында, ол толыққанды мүсіннен бөлек тағы да гномдар саны бойынша символикалық кішкентай жеті «оскар» алғанын ескеру керек. Содан бері Диснейдің студиясы басты әрі әлеуетті табыс әкелетін осы толықметражды мультфильмдер деп санайды.

Студиямен бірге Диснейдің де отбасы ұлғая бастайды. Ана болуда тағы да сәтсіздікке ұшыраған Лиллиан бала асырап алу туралы шешім қабылдайды. 1937 жылы Уолт пен Лиллиан өздеріне кішкентай қызды алып, оның атын Шэрон Мэй Дисней деп қояды.

Қаржы ұлғая түседі. Диснейдің жұмысына «Ұлы депрессия» ешқандай да әсер етпеді. Студияда сол сәтте біршама ереуілдер болып өткен еді, студиядағы суретшілер өздерінен нашар салатын суретші және мардымсыз білімі бар (колледждің бір жылы), солай бола тұра өзін режиссермін деп санайтын бастықтың қарамағында жұмыс істегісі келмейді. Ереуіл тез арада тарап кетті, шындығына келгенде ереуілдің басты себебі Диснеймен бірге ресми түрде қосымша автор болуға таласқан Уолттың продюсерлермен араздығы болатын.

Байлығы артқан Уолт ата-анасына зәулім үй сатып әпереді. Жекежайдың кемшілігі сол, бірнеше зиянды тұсы табылады, яғни газбен жылыту жүйесі қауіп төндіретін жағдайда тұрған екен. 1938 жылдың қараша айының таңында тұрғын үйдің ішіндегі құбырдан иіс шығып, біздің батырымыздың анасы Флора Дисней естен танып, еденге құлайды, Элиас Дисней оны тұрғызбақшы болып жүргенінде өзі де газдың қауіпті мөлшерімен уланады. Элиас аман қалады да, ал Флораны құтқару мүмкін болмайды. Анасының өлімінен соң, Уолт ұзақ уақыт бойы өзін айыптап жүреді, ол өйткені жылыту жүйесінің бұзылып тұрғанын біле тұрып, бұл мәселені шешуді кейінге қалдыра берген болатын.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде түсірілген Ақшақар секілді табыс әкелетін мүмкіндігі бар Пиноккио, Фантазия, Дамбо мен Бемби Дисней күткен табысты әкелмеді. Студияға соғыс кезінде АҚШ мемлекеттік департаментінің тапсырысы бойынша әскерилер үшін үгіт-насиғаттық және оқыту фильмдерін түсіруге тура келді.

Алайда, жаман нәрсенің бәрі бір кезде аяқталатыны анық қой. 50-ші жылдардың басында Disney Company соғыс жылдары себебінен жоғалтып алған шетелдік нарыққа қайта кіріп, толықметражды фильмдерді түсіріп, шығара бастайды, тіпті тірі актерлер қатысқанын да.

1954 жылы Disney Company АҚШ-та телебағдарламаларды алғашқылардың бірі болып шығара бастайды да, мұнда алдымен ақ-қаралы, бертін келе түрлі түсті телевидениені өркендетеді. Диснейдің телевизиялық алғашқы хиті Диснейлэнд сериалы болды, ол бірнеше рет атауын өзгерте отырып, Америка экрандарында 29 жыл бойы көрерменге тек ең ығайлы уақытта көрсетіледі. Жыл өткен соң атақты Микки Маус клубының бағдарламасының дебюті өтеді, мұнда көптеген америкалық шоу-бизнес өкілдерінің тұсауы кесілді.

Диснейленд — кез-келген жастағы балалар үшін армандар елі

Уолт Диснейдің таланты кино және телебизнес аясы шеңберінен асып жатты. Оған келесідей қызығушылықты әкелік тәжірибесі үйретті. Ол қыздарымен жануарлар бағына, карнавалдарға және сауық-сайрандық орындарға жиі баратын. Балалары әткеншектерде ойнап жүргенде, әкесі сәкіде отырып, қыздарының асыр салып ойнап біткенін күтетін. Осындай отырыстардың бірінде Америкада үлкендер де, кішкентай балалар да көңілді уақыт өткізетін жердің жоқ екеніне көзі жетеді. Сол кезде Дисней осындай жерді өзі салуды ұйғарады.

Алғашқы Диснейлэнд 1955 жылдың 17 шілдесінде Лос-Анджелестің оңтүстігіндегі Анахайм қаласында (Калифорния штаты) ашылды. Оның құрылысына $17 млн жұмсалып, салынған қаржысы тез арада он есе мөлшерде қайтарылды. Парк ашылған соң 25 жылдың ішінде 200 млн-нан астам адам келді. 1983 жылы Диснейлэнд Токиода және 1992 жылы Парижде өз Диснейлэндтері ашылды.

Парктің ашылуына 28 мың адам келді. Сонымен қатар осы аты шулы мерекені тоқсан миллионнан астам телекөрермен тікелей эфирден тамашалайды. Алғашқы Диснейлэндтің ашылу салтанатын АҚШ-тың болашақ президенті актер Рональд Рейган жүргізген.

Бұл өзі соны әрі ештеңеге ұксамайтын, негізгі төрт қағидат бойынша салынған саябақ еді.

— Жалпы идеясы — Уолт Дисней мультфильдерінің сыйқырлы патшалығын бұрынғы қалпына келтіру.

— Бұған саябаққа келгендер, мысалы, джунгли ішінде жүзіп бара жатқандай, немесе алдарынан әруақтар шыққандай, немесе теңіз түбіндегі сүңгуір қайықтың ішінде отырғандай әсерде болатын әр алуан және жаңа техникалық трюктерді қосу.

— Арнайы тақырыптық жоспар бойынша құрылған төңірекке қызықты серуендер құру.

— Сауық-сайрандық саябақ барлық отбасы үшін демалатын орын болуы шарт болды, мұнда басты назар қауіпсіздікке, сыпайылыққа және тазалыққа аударылды.

«Осы бақытты мекенге келгендердің барлығына — Қош келдіңіздер дейміз. Диснейлэнд бұл сіздердің елдеріңіз. Мұнда қарттардың естеліктері жанданады, мұнда жастар болашақ сындарын және уәдесін игілігіне жарата алады. Диснейлэнд бүкіл әлем үшін қуаныш пен шаттықтың қайнар көзі болады деген үмітпен Американы құрған идеалдарға, армандарға және шынайы оқиғаларға арналады…» Уолтер Дисней, 17 шілде, 1955 жыл.

Диснейдің келесі маңызды жобасы Лос-Анджелеске жақын маңдағы 1961 жылы негізі қаланған Калифорния Өнер институты болды. Мұнда музыка, бейнелеу өнері, театр, мүсін өнері, кинематография, сән өнері оқытылды.

Дисней 1963 жылы Х жобасы атты өршіл идеясын жүзеге асыруға кірісті. Өз адамдарының көмегімен өзіне қажетті жер телімін іздестіріп, ойдан шығарылған компаниялар атынан жерді (жер телімдерінің иелері жер құнын көтермеуі үшін осындай шара қолданған) бөлшектеп сатып алады. Осылайша, Walt Disney Companу иелігінде екі Манхеттен сыйып кететіндей жер телімі пайда болды. Осы жерде кейіннен The Walt Disney World атауын алған жаңа парктің құрылысы басталды. Ол 1971 жылдың қазан айында ашылды.

Азды-көпті жүзеге асырылған идеяларымен, «болашақтың қаласын» және Уолт Дисней атындағы «шығармашыл жастарға арналған университетін» соңында қалдырған Уолт Дисней 1966 жылдың 15 желтоқсанында өкпенің қатерлі ісігінен қайтыс болды. Оның орнында ағасы Рой қалады да, ол Walt Disney Company 1971 жылға дейін басқарды. Рой қаза тапқан соң, компанияны үш адам, яғни ағайынды Диснейліктер алдын ала басшылыққа дайындаған — Кард Уокер, Донн Тэйтум және  Рон Миллер басқарды. Уолт Дисней мұрагерлеріне өзі жүзеге асырып үлгермеген көптеген жобалар мен идеялар қалдырады. Компания оларды біртіндеп іске асыра отырып, алдағы жиырма жыл бойы Уолт негізін қалаған компанияның ешбір кедергісіз әлемдік ойын-сауық өндірісіндегі жетекші орыннан түспеуіне ықпал жасады.

Уолт Диснейдің жеке қасиеті мен оның жетістігінің құпиялары

Уолт дисней жетістігінің құпиясы — оның ерік-жігерінде, орасан батырлығы мен қайсарлығында жатыр. Ол жеңіліс табатынын біліп тұрса да берілмеуші еді. Ол өзінің идеяларына сенді және дұрыс шешімдер қабылдай білді. Дисней ерте бастан-ақ өзгелердің пікірімен санаспауды үйренді. Диснейдің билігі оған сарапшылардың пікірімен келіспеуге мүмкіндік беретін өзін сыйлаушылығымен ажырамастай байланысты.  Оның туындылары әрдайым табысты бола бермеді, бірақ табысты болып жатса, әлемді дүр сілкіндіретін табыс болып отырды.

Уолт Дисней Walt Disney Company жетістігінің кұпияларымен қуана бөлісіп жүреді:

1. Өз армандарыңыз жүзеге асуы үшін өз ұйымыңыздың әрбір мүшесіне армандауға және шығармашылық тұрғыда жетілуге мүмкіндік беріңіз.  

2. Өз клиенттеріңізді қонақтарыңыздай көріңіз.  

3. Өз пікір-пайымдарыңыз бен қағидаттарыңыздан таймаңыз.  

4. Қызметкерлеріңізді қолдап отырыңыз, оларға құзырет беріп, сыйақы төлеңіз.

5. Негізгі жеткізушілермен және серіктестермен ұзақмерзімді қарым-қатынас құрыңыз.  

6. Жоспарлау және коммуникация проблемаларының түйінін ағыту үшін кадрға бөлу (story-boarding) техникасын қолданыңыз.  

7. Үнемі өткізіліп тұратын қарқынды тренингтер корпоративтік әдепті нығайтады.  

8. Ұсақ-түйектерге мұқият болыңыз.  

9. Жаңа идеяларды іске асыру үшін жақсы ойластырылған тәуекелге барудан қашпаңыз.  

10. Ұзақмерзімді жоспарды қысқамерзімді атқарумен үйлестіріп отырыңыз.  

Дисней гигантоманияға шалдыққан прометей тұрпатты адамдар қатарына жатады. Оның бұл қасиеттері кез келген мүмкіндікті асқан құлшыныспен пайдаланып қалуға мүмкіндік берді. Келешек үшін Дисней, осы шақты тәрк етуге және жаңа нәрселерді ойлап табуға, әсіресе бұндай мүмкіндік туып тұрған кезде, бейім болды. Және де оның туындыларына ақша қайдан шығарына ол бас қатырмайтын. Мінезінің осы ерекшеліктерінің арқасында Дисней мультипликация жауһарларын жасап шықты, олардың кейбірі өз дәуірінің ең құнды фильмдеріне айналды. Бірақ бұл студияны жылдар бойы банкрот болудың сәл алдында ұстап тұрды. Бұл кезеңде фирма шот бойынша ақысын төлей алмай қалуы үшін бір жарым жыл да өтпейтін. Диснейге кассалық фильмдер түсіру қызық болған жоқ, ол өз фильмдерінің шығармашылық тұрғыда табысты болуына мүдделі болды. Сондықтан, оның бір лентасы хитқа айналып, екінші біреуі быт-шыты шығып сәтсідікке ұшырап отырды.  

Уолт Диснейдің бүкіл өмірі америкалық төбешіктерге ұқсас болды — ең бір өнімді кезеңдерден соң, әдетте трагедияға толы құлдыраулар болды. Өмірінің жарқын кезеңдерінде Дисней күні бойы үзіліссіз жұмыс істеп, түнде де тоқтамайтын. Жоба соңына тақаған кезде Уолт студиясында қонып қала беретін. Бірақ оның жобалары сәтсіз шыққан немесе аяқтала бастаған кезде Дисней депрессияға ұшырайтын немесе жүйкесі сыр беретін. Өз мансабында ол сегіз рет жүйкесін жұқартты.   

Уолт Дисней — Американың аңызы әрі ұлттық қаһарманы. Ол адамдарға қуаныш пен бақыт сыйлады, оның тілін барлық халықтар түсінеді.

Оқуға кеңес береміз:

Коносуке Мацуситаның өмірі мен жетістікке жету тарихы

Неміс дәріханасынан әлемдік косметика империясына дейін: Schwarzkopf тарихы

Honda маркасының тарихы

Үрей патшасы – Альфред Хичкок

Наполеон Бонапарт бүкіл Еуропа императоры

Балық аулауға деген қызығушылық HARLEY-DAVIDSON компаниясын құруға себеп болған

Джек Ма: Егер 35 жасыңызда сіз әлі де кедей болсаңыз – онда сіз бұған лайықтысыз

Азияның ең бай адамдарының бірі Джек Маның жетістікке жету тарихы

Әлемдегі ең жаны сірі актер — Джеки Чанның өмірі мен тағдыры

Илон Маск деген кім және әлемнің өзгеруіне қандай ықпалы бар?

Дин Карназес — шаршамайтын желаяқ

Уоррен Баффетт: табысты инвестор

Миллиардер атанған 5 бейбақ

Динамиттің атасы: Нобель

Томас Эдисон: 19 ғасырдың талантты бизнесмені

Samsung компаниясының тарихы: Корея техникасы

30 жастағы миллионер Сэм Альтманнан кеңестер

Махмұд Ғазнауи

Стивен Возняк


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама