Туляремияның алдын алу
Туляремия — лимфа жүйесінің, тері, шырышты қабық және ішкі ағзалардың зақымдануымен өтетін жедел жұқпалы, табиғи ошақты ауру. Ауру безді, жара-безді, баспа-безді, аз кездесетін конъюнктивті-безді, өкпелік және қанның қағынуы түрінде өтеді.
Дерт қоздырғышы — Francisell tularensis деп аталатын өте ұсақ бактерия. Жұғу көзі — жабайы кеміргіштер, соның ішінде су және қарапайым сұр тышқандар, үй тышқандары, құндыз, аламандар, қояндар. Тасымалдаушылар — қан сорғыш буынаяқтылар, соның ішінде иксод кенелері және кейбір қосқанатты жәндіктер (масалар, соналар).
Туляремия адамға ауру немесе өлген кеміргіштермен, қояндармен жанасу нәтижесінде, кене, маса және сона шағу арқылы, ауру кеміргіштердің бөлінділерімен ластанған азық-түлік, суды пайдаланғанда жұғады.
Белгілері және ағымы
Залалданған сәттен бастап аурудың алғашқы белгілері көрінгенге дейін жасырын (инкубациялық) кезең бірнеше сағаттан 3 аптаға дейін, орта есеппен 3-7 күнге созылады. Ауру жедел басталады. Дене қызуы 38°- 40°С және одан жоғары көтеріледі, қалтырау, бастың ауруы, жалпы әлсіздік, бұлшық еттердің ауруы, тәбеттің төмендеуі, ұйқы бұзылуымен сипатталады. Аурудың 2-3 күні регионарлық лимфа түйіні аумағында (бубон) без пайда болады, бұл — лимфа түйінінің және оның жанындағы тіндердің қабынуы. Без тауық жұмыртқасының көлеміне дейін үлкейеді және ауырсыну пайда болады.
Жара-безді түрінде қоздырғыш енген жерде 1-4 күннен кейін бірінен соң бірі дақ — папула (іріңсіз безеу) — пустула (іріңді безеу) дамиды. Пустула жарылып, кратер тәрізді, аз ауыратын, көтеріңкі, қатты жиекті жараға айналады. Жиі жергілікті лимфангоит (лимфа тамырларының қабынуы) байқалады.
Конъюнктивальды-безді түрі залалданған су көздерінен алынған сумен жуынғанда немесе суға түскенде, жұқпаны кездейсоқ қол арқылы көзге енгізіп, қоздырғыш көздің шырышты қабығы арқылы тәнге енгенде дамиды. Ауру жедел спецификалық конъюнктивит, көздің қатты жасаурауымен, қабақтың ісінуімен, шырышты-іріңді бөлінділермен сипатталады.
Баспа-безді түрі қоздырғыш залалданған азық-түлік өнімдері және сумен ауыз арқылы енгенде дамиды. Бұл жағдайда жұтқыншақтың көбіне екі жағынан қан кернеуі, жұтынғанда ауырсыну, дене қызуының жоғарылауы, мойын, жақ асты лимфа түйіндерінің үлкеюі байқалады.
Туляремиямен ауырған адам төңіректегі адамдарға қауіпті емес. Туляремиямен ауырып жазылған адамдарға бұл дерт екінші қайтара жұқпайды.
Алдын алу
Тірі туляремиялық вакцинаны егу — аурудың алдын алудың негізгі және сенімді әдісі. Дегенмен егудің маңыздылығын түсінбеген кейбір адамдар екпе қабылдамай, туляремия жұқпасы ошағында жұқтыру қаупін туғызады. Егілген адамдарда туляремияға қарсы иммунитеттің түзілуі екпе жүргізілгеннен кейін 15-20-шы күні басталып, 5 жылға дейін сақталады. Жұқпа ошағында тұратын адамдардың барлығы 7 жастан бастап егілуі тиіс.
Аурудың алдын алуда жеке бас тазалығын сақтау шаралары маңызды: сапалы қайнаған су пайдалану, азық-түлікті ауру кеміргіштердің бөлінділерімен ластанудан қорғау. Залалданған суат суына түсуге және пайдалануға рұқсат етілмейді. Су көздері сәулелендіріліп, ашық су қоймаларынан алынатын ауыз сулар жүйелі түрде хлорлануы керек.
Алдын алудың басқа маңызды шарасы — туляремия жұқпасын тасушы кеміргіштерді жою. Мақсатты агротехникалық іс-шараларды жүргізу кеміргіштер санының азаюына мүмкіндік туғызады. Бұдан басқа, кеміргіштердің табиғи жаулары бар — үкі, лашын, түлкі, сасық күзен, аққалақ, ақсары ителгі және басқа жыртқыш аңдар мен құстар. Сондықтан мүмкіндігінше құстар мен аңдарды қорғау керек.
Елді мекендерде үйлердің, қоймалар мен құдықтардың жалпы санитарлық жағдайын жақсарту жұмыстарын тұрақты жүргізіп, аумақты қоқыс және қалдықтардан дер кезінде тазалап отыру керек. Қора-қопсыларда, бөлмелерде кеміргіштердің інін цементпен, темірмен бітеп, азық түліктерді жабық күйде (контейнерлерде, ыдыстарда және т.с.с.) сақтау арқылы азық-түлік өнімдеріне кеміргіштердің енуіне тосқауыл қойылуы тиіс. Кеміргіштерді жою үшін қақпан, жаншушылар, сонымен бірге уланған жемдерді пайдалануға болады.
Кенелерді жою жұмыстарын көктем және күзде жүргізіп, улы химикаттар пайдалану керек. Далалықта жүргенде кене шағуын болдырмау мақсатында репелленттерді (шыбын-шіркейлерді үркітетін ерітінділер) пайдалану керек, сонымен бірге ұзын жеңді киімдер киіп, жейденің жеңі түймеленіп, шалбар балағын шұлық ішіне салып және күніне киімді және денені бірнеше рет қарап шығу керек. Табылған кенелерді алып тастап, жояды. Егер кене жабысса, онда кенені алып тастау үшін және туляремияға зерттеу жүргізу үшін емханаға қаралу керек.
Құндыз, қоян аулаушы аңшылар міндетті түрде туляремияға қарсы егілуі тиіс және теріні дайындау, сақтау және тасымалдау ережесін бұзбауы керек.
Су тышқандары, құндыз және өзге аңдардың жаппай қырылу жағдайлары тіркелгенде жергілікті денсаулық сақтау мекемелеріне жедел хабарлануы тиіс.
Осы аурудың белгілері байқалған адамдар маманданған дәрігерлік жәрдем алу үшін медициналық мекемелерге қаралуы керек.
Кеміргіштермен күресу мәселелері бойынша аймақтық санэпидстанцияға және дезинфекциялық станцияларға хабарласқаныңыз абзал.
Т.Н.Куница, О.А.Ізбанова