Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Зор міндет

Кеңестік Ресейдің орталық үкіметінің шығарған қаулысы бойынша бұдан былай оқу, халықты сауаттандыру ісінің шығыны жергілікті халықтың өз мойнына артылып отыр.

Бұрын оқу, халықты сауаттандыру істерінің барлық ығын- шығыны кеңес мемлекетінің, қазынаның мойнында болушы еді.

Әлеумет таптар соғысының әсерінен бұзылған, бүлінген шаруашылықты түзету үшін кеңес үкіметі шаруашылықтың жаңа түрі — әдісті саясатын жүргізе бастаған соң оқу жұмысының шығынын да жергілікті халықтың өз мойнына артты. Енді бұдан былай оқу істеріне кеңес үкіметі қазынадан көп нәрсе бермейді.

Бұл туралы үкімет жариялап айтып отыр: «енді бұдан былай ер халық өз шаруасын өзі басқарсын, өзінің керекті істерін, шығынын мойнына алып өзі істесін, үкімет енді будан былай қазынаның күшін бүлінген, жарылған, тоқтап жатқан зауыт, фабриктерді түзеп жүргізуге жұмсайды, мемлекеттің жалпыға бірдей кәсіп дүкенін жөндеуге жұмсайды» деп отыр. 5 жылдан бері кеңес мемлекеті бір жағынан өзінің ішкі жаулары мен әм сыртқы жауларымен алысып, екінші жағынан сол жауларымен алысқанда соғыстардың кесапатынан бүлінген, жарылған фабрик, зауыттарды түзеуге және ауыл һәм қала шаруашылықтарын түзетуге жанталасып әрекет қылып келіп, бұл күнде қолдарына мылтық, сайғақ алып қарсы тұрған ішкі һәм сыртқы жауларын жеңсе де, мемлекеттің көпке бірдей кәсіп дүкендерін түзеп жібере алмады, фабрик, зауыттарды түзетіп, бұрынғыдай қылып жүргізе алмады. Өйткені бұл бес жылдық әлеумет соғысының әсерінен бұзылмаған, бүлінбеген нәрсе жоқ. Мемлекет шығыны басынан асқан. Бұл астан-кестен болған бес жылдың ішіндегі бүлінген шаруашылықты түзетіп, бұрынғыдай қылып жіберуге көп күш, көп мал, көп қайрат, еңбек керек.

Қазір мемлекеттің кірісінен шығысы анағұрлым көп.

Мемлекет зор бір шаруасы бар үй тәрізді.

Егерде бір үйдің кіретін кірісінен, малының өсімінен шығыны көбейіп кетсе, бара-бара ол үй кедей болып, барлық малынан, байлығынан айрылып құрымақ. Міне, мемлекет те сол үй тәрізді. Кірісінен шығындары асып кеткен соң, шығынды азайтып, пайданы, кірісті арттырмаса, харап болады.

Қазір кеңес мемлекеті мұны ойлап, қазына шығынын азайтып, кірісті көбейтуге кірісіп, әрекет қылып жатыр. Сол қазына шығынын азайтуға бұрынғы расходын қазына көтеретін істердің көбін жергілікті халықтың өзі көтеретін қылып отыр.

Сол шығынын жергілікті халықтың өз мойнына көшірген істердің бірі — оқу ісі. Бұлай қылған жергілікті халық өзінің шамасына қарай қандай һәм қанша школ, мектеп, медресе керек қылса, сонша қылып, өз расходына ашып, балаларын өзі оқытсын дегені.

Бұрын патша заманында қазақ мектеп, медресе әм школ ашпақ болса, патша үкіметінен тіленіп, сұранып неше жыл жүріп, зарығып тілегін көбінесе ала алмай қалушы еді. Енді кеңес үкіметі қазақ сияқты бұрынғы құлдықта жүріп оқу оқи алмаған, өнер- білім ала алмаған халыққа кен, қылып оқу-білім қақпасын ашып отыр. Бір ауылға неше мектеп, медресе, школ саламын десең, ықтияр өзінде деп отыр. Школ, мектеп, медресені қалай салып һәм оның ығын-шығындарын қалай жинауға нұсқа көрсетіп отыр. Сол көрсетілген нұсқа бойынша медреселер әр елде, әp ауылда ашылмақ. Ол ашылған әм ашылатын школ, мектептердің шығындары тәртіппен жалпы елге, әр шаруашылығы бар үйге әліне қарай бөлініп салынып, әм ол салық уақытысынан қалмай жиналып уездің, губернияның қазынасына түсіп отырмақ. Сөйтіп халықтан жиналған барлық ақша сол халықтың өзінің оқу-білім ісіне әм басқа сондай игілік істеріне жұмсалып отырмақ. Үкімет халыққа: «балаларыңды оқытсаң оқыт, оқытпасаң қой» деп теріс қарамайды, үкімет оқу ісін басқарып, жөнге салып, бастап, оқытушыларды өзі тағайындап жәрдемін көрсетіп отырады. Балаңды оқытсаң шығынын өзің төлейсің дегенде әркім өз балаларын оқыту үшін өз малына мұғалімді, оқушыны өзі жалдап апарып, өз үйінде балаларын оқытсын деген сөз емес. Әр қаладағы, әр поселкедегі, әр ауылдағы школ, мектеп медреселердің шығындарын халықтың өзі көтерсін, бұларға енді қазына, мемлекет ақшасынан жәрдем үнемі беруге шамасы келмейді деген сөз.

Міне, енді жергілікті халыққа түрлі салық түсіп отыр. Бұл салықтың көбі сол халықтың өзінің оқу-білім һәм басқа сондай игі істеріне жұмсалмақ.

Өнер-білім жолында артта қалған біздің қазақ халқына оқу бек қажет. Оқусыз — қазақтың болашақтағы күні қараң. Оқудың қазаққа қандай керек екенін айтпаса да жұрттың бәрі біледі. Бұл әбден айтылып келе жатқан сөз. Енді бір жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына кіру керек. Патша заманында халық алым төлегенде, ол алымның қайда кететінін білмейтін. Халықтан жиналған алымды патша заманында ұлықтар судай ағызатын. Көбін өздерінің пайдасына жұмсайтын. Кеңес үкіметі халықтан жиналған алымды сол халықтың өз пайдасына жұмсайды. Халыққа оқу-білімнің кең қылып қақпасын ашады.

Бұл сөзді жергілікті мекемелерде қызмет қылатын жігіттер халыққа қатты түсіндіріп айтып, оқу ісіне шын қамқор, бас-көз, мұрындық болулары керек. Бұл қазақ жігіттерінің ендігі зор міндеті.

21.11.1922 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама