Үкімет істері
Жоғары дәрежелі оқу орындары шәкірттеріне қазыналық орын беру жұмысын басқарушы комиссия нұсқасы
I. Кіндіктегі әр комиссариаттар ұйғаруынша әм Қазақстан Оқу комиссариатының 1922-23 жылғы жоғарғы дәрежелі оқу ордалары шәкірттеріне қазыналық орын беру тақырыпты жасаған қаулысын негізге алып комиссия мынадай кесім жасады:
Қазақстандағы жоғары дәрежелі оқу ордаларында 425 қазыналық орын (стипендия).
Қазақстаннан тиісті оқу ордаларында 195 орын (стипендия).
Бұнымен қатар Қазақстандағы әм Қазақстаннан тысқы қалалардағы жоғары оқу ордаларына қазыналық орындар былайша бөлінді:
Жергілікті оқу ордалары
1. Политехнический институттың ауыл шаруашылығы бөлімінен Қазақстан Жер-су комиссариатына 60 орын, оқу комиссариатына 35 орын әм Қазақстан кәсібі жұмысын басқаратын мекемеге (Кирпромбюро) 20 орын.
2. Практический (тәжірибе) институтқа 50 орын берілмек.
3. Қазақ институтына 100 орын. Бұлар оқу комиссариатының қаражатымен ашылмақ.
4. Татар институтына — 80 орын.
5. Семей институтына — 100 орын.
Қазақстаннан тысқы қалалардағы оқу ордаларына қазыналық орындар мына ретпен бөлінді:
1. Мәскеу — 75 орын. Олардан:
Қазақстан оқу комиссариатына — 20 орын.
Қазақстан Жер-су комиссариатына — 45 орын.
Қазақстан кәсібі жұмысын басқаратын мекемеге (Кирпромбюро) — 10 орын.
2. Петроградтағы жоғары оқу орындарына — 25 орын.
Олардан:
Қазақстан оқу комиссариатына — 5 орын.
Жер-су комиссариатына — 15 орын.
Қазақстан кәсіби жұмысын басқаратын мекемеге (Кирпромбюро) — 5 орын.
3. Түркістандағы жоғары оқу орындарына — 40 орын. Олардан Қазақстан Оқу комиссариатына — 25 орын.
Жер-су комиссариатына — 15 орын.
4. Том қаласындағы жоғары оқу жұрттарынан — 6 орын.
Олардан:
Оқу комиссариатына — 3 орын.
Мемлекет кәсіби жұмысын басқарушы мекемеге (Кирпромбюро) — 3 орын.
5. Сартау қаласындағы жоғары Ғылым ордаларынан — 20 орын.
Олардан:
Оқу комиссариатына — 3 орын.
Жер-су комиссариатына — 15 орын.
Қазақстан мемлекет жұмысын басқарушы мекемеге (Кирпромбюро) — 2 орын.
6. Қазан қаласынан — 7 орын.
Олардан:
Оқу комиссариатына — 2 орын.
Жер-су комиссариатына — 5 орын.
7. Омбы қаласындағы жоғары оқу ордаларынан — 22 орын.
Олардан:
Оқу комиссариатына — 2 орын.
Жер-су комиссариатына — 20 орын.
II. Оқу ордаларындағы қазыналық орындарды шәкірттер арасына реттеп үлестіруші Қазақстан оқу комиссариаты жанындағы жоғарғы дәрежелі оқу жұмысын басқарушы мекеменің яғни Кирглавбюроның қарауында болатын қазыналық орындар комиссиясы (стипендиальная комиссия) болады. Бұл комиссияға жоғарғы жұмысқа дахылы бар комиссариаттардан бір-бірден уәкіл кіреді. Мәселен: Жер-су комиссариатынан, Қазақстан кәсіби жұмысын басқарушы мекемеден, жұмыскер ұйымдарының бас мекемесінен уәкіл, жұмыскер қарашекпен бақылау мекемесінен, еңбек комиссариатынан әм жоғары оқу жұмысын басқаратын мекемеден уәкілдер кірмек. Жоғары оқу ісін басқарушы мекемеден кірген уәкіл комиссияның бастығы болмақ.
Қазыналық орындар ісін басқарушы комиссия Мәскеу әм Ташкентте тұрған Қазақстан уәкілдері арқылы сөйлеседі. Ал Петроградтағы, Сартаудағы, Том қаласындағы, Қазандағы әм Омбы қаласындағы оқу орындарымен сол қалалардың жоғары оқу ордалары жұмысын басқаратын губерниялық мекемелері арқылы сөйлеспек.
III. Қазақстандағы қазыналық орындарға алу тәртібі мынадай:
Жергілікті жоғары оқу шәкірттері өздері оқып жүрген ғылым ордасы арқылы қазыналық орын сұрап комиссияға арыз береді. Бергенде, төменде жобасы көрсетілген анкет қағазды тиісті ақпарлармен толтырып арызбен бірге жібереді. Қазыналық орындар ісін басқарушы комиссия жоғарғы анкет қағаздағы сөздерге сүйеніп, яғни анкеттегі ақпарларды назарға алып шәкірттерді қазыналық орынға жазады.
Басқа қалалардағы жоғары оқу орындарынан қазыналық орын алу реті.
Жоғары оқу ордаларындағы орындар тақырыпты Қазақстан уәкілі тарапынан, болмаса жоғары оқу жұмысын басқаратын губерниялық мекемелер тарапынан жарияланғаннан кейін жоғарғы ғылым жұрттарының шәкірттері өздерінің жергілікті ұйымдары арқылы Қазақстан уәкіліне, яки айтылған губерниялық мекемеге орын сұрап арыз береді. Арызға тиісті болған куәлік хаттарды әм керекті ақпарларымен толтырылған анкет қағазды да қоса жолдайды. Қазақстан уәкілі әм жоғары оқу жұмысын басқарушы губерниялық мекеме (Губпрофобр) тапсырылған куәлік хаттар мен анкет қағаздағы ақпарларға қарап шәкірттерге орын береді. Орын берілген шәкірттер списогі (тізімі) әм орын беру туралы жазылған қағаздар түгелімен Қазақстан жоғары дәрежелі оқу жұмысын басқаратын мекеме жанындағы қазыналық орындар комиссиясына жіберіледі. Жоғарғы Қазақстан уәкілінің, яки губерниялық мекеменің (Губпрофобр) қаулысын өзгертуге комиссияның хақы бар.
Ескерту: жоғарыда айтылған шет қалаларда оқушы шәкірттерге орын беру тәртібі тек 1922-23 жылға ғана арналған. Келешекте оларға қазыналық орын беру, шәкірттер списогін түзу әм басқа да осылар секілді жұмыстар шәкірттерді Қазақстаннан жіберерде, Қазақстанның өзінде істеліп, өзінде бітірілмек.
IV. Қазыналық орын жұмысын басқарушы комиссия (стипендиальная комиссия) Қазақстан уәкілі (Кирпредставительство) әм жоғары оқу жұмысын басқаратын губерниялық мекеме (губпрофобр) қазыналық орындарды (стипендия) оқушыларға бөлген уақытта төмендегі тәртіптерді қолданады:
1. Қазыналық орындар алдымен ортақшыл партия тарапынан жіберілгендерге, жұмыскер ұйымдары тарапынан жіберілгендерге әм қазақ халқының еңбекшіл қара табан табынан келгендерге беріледі.
2. Оқуға зирек шәкірттерге, оқу қызметін ерінбей істейтін, оқу жолында аса қайрат, қайтпас талап көрсеткен, еңбекті сүйетін бейнетқор шәкірттерге берілмек.
3. Қазақстан қазыналық орындары оқу ісінде болатын тиісті міндетті жұмыстарды тартынбай дұрыс атқарған шәкірттерге, яғни алған мағлұматтарды жайынан мезгілімен есеп беріп тұрғандарға әм басқа да оқу ретінде атқаруға тиісті болған қызметтерді жеріне келтіріп тұрғандарға берілмек.
Сондықтан қазыналық орын алған шәкірттер (студент) әр жарты жыл өткен сайын, оқыған сабақтарынан қазыналық орын жұмысын басқаратын комиссияға (стипендиальная комиссия) яки Қазақстан уәкіліне әм губерниялық мекемеге (Губпрофобр) есеп беріп отырады. Бұған басқа қазыналық орынмен пайдаланған шәкірттер оқуын бітіріп шыққан соң қазыналық орынмен пайдаланған әр жылына ең кем болғанда бір жылдан Қазақстанда қызмет етуге міндетті болмақ, яғни орынға кірерде жоғарғы шартты орындау үшін қолынан қағаз бермек. Олай болмаған халде қазыналық орын берілмек емес.
4. Қазыналық орынға (стипендия) ай сайын берілетін ақшаның мөлшерін Қазақстан еңбек комиссариатының 1922 жылғы 10-қыркүйектегі (мизан) қарары бойынша III бөлім (группа) 17 қатарлық (разряд) жалования мөлшерінің 12-ші қатары (разряд) мен өлшенбек. Бұл өлшеумен белгіленген ақша шәкірттерге (студент) жыл бойына ай сайын беріліп тұрмақ.
7 шет қалалардағы оқушыларға тиісті болған қаржыны әр комиссариаттар қазыналық орын жұмысын басқарушы комиссия планы (жоба) бойынша әм шәкірттердің есебіне қарай тиісінше жіберіп тұрмақ. Қазақстан уәкілі әм жоғарғы оқу жұмысын басқаратын губерниялық мекеме (губпрофобр) өздері тұрған қаладағы шәкірттерге қазыналық орын ақшаларын үлестіріп болғаннан кейін бұл туралы қазыналық орындар жұмысын басқарушы комиссияға есеп тапсыруға міндетті. Егерде сол өздері тұрған қаладағы жоғарғы оқу ордаларына түсемін деп сұранушы шәкірттеріне (кандидат) болмаса, ол уақытта олар артық тұрған қазыналық орын ақшасын Қазақстандағы сол ақшаны жіберген комиссариаттың өзіне қайыруға міндетті болмақ.
Қазақстан комиссарлар кеңесінің төрағасы: Сейфуллин.
Іс басқарушысы Никульский.
Хатшы — Докс.
06.12.1922 жыл