Photo: Alena Darmel (https://www.pexels.com/@a-darmel) / Pexels
- 28 апр. 2026 22:00
- 36
Қалдыбек Құрманәлі: Мәдина Ералиевамен өткізген естеліктері жаныма жақын
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлі өмірден өткен танымал әнші Мәдина Ералиева туралы жүрекке жылы тиетін естеліктерімен бөлісті.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Композитордың айтуынша, Мәдина Ералиева оның өнер жолындағы тұлға ретінде ерекше орын алған. Ол әншінің өзін әрдайым қолдап, үлкен сенім артқанын ерекше атап өтті. Қиын кезеңдерде көмек қолын созып, бірге гастрольдік сапарларға шығып, өнерде шыңдалуына зор ықпал еткенін айтты.
Шығармашылық жолдағы тірек
«Мәдина Ералиева болмағанда, Қалдыбек Құрманәлі деген композитор да болмас еді. Ол мен үшін туған әпкемдей еді. Тіпті басқа әншілер де «сені ол бізден артық көрді ғой» деп айтатын. Мәдинаның маған деген құрметі ерекше болатын. Мені қолымнан жетектеп, облыс-облыс аралап концерт берді. Қиналып жүргенде үйіне телефон шалып, ақша сұрасам, еш аямайтын. «Ала бер, менде бар ғой» дейтін. Ол кісінің қолдауынсыз мен бүгінгідей болмас едім», – деп күрсінді композитор.
Жеке өміріне қатысты ойлар
Құрманәлі әншінің Болат Назарбаевқа тұрмысқа шығу шешіміне таңғалғанын жасырмады. Оның пікірінше, Мәдина Ералиева еркіндігін сақтап, шығармашылық жолын жалғастырғанын қалаған еді. Алайда, әншінің бұл таңдауын құрметтегенін жеткізді.
«Мен оның Болат Назарбаевқа қосылғанын қолдаған жоқпын. Бір күні телефон шалып, күйеуге шығатынын айтты. Мен күлдім. Бала туатындай жағдайда емес еді ғой. Жалғыздықтан шаршаған шығар деп ойладым. Үйіне барсам, екі адам отыр. Бірінің мінезі ауырлау екен. Бір-екі сұрақ қойдым, жауап бермеді. Әйтпесе, мен отырған жерді думан-күлкіге айналдыратын едім. Бірақ мен болашақ «жездемді» танымадым. Мәдина әпкемнің өзі айтқанда барып, бір-ақ білдім. «Сізге күйеу не керек? Атақты әншісіз, үйіңіз бар, балаңыз бар» дедім. Ол кезде Самал ауданындағы 160 шаршы метрлік керемет үйінде тұратын. Роза Бағланова екінші қабатта, Мәдина тоғызыншы қабатта тұрды. Бірақ ол өзі ұнатып шыққан. Еркін жүргенін қаладым. Тотықұс сияқты болып қала ма деп қорықтым. «Сәл шыда, жездең жомарт, үй де, көлік те алып береді» деді. Бірақ Мәдина өмірден өтіп кетті. Үй алып, көлік мініп, жезде мен балдыз болып араласқан жоқпыз», – дейді композитор.
Әншінің соңғы сәттері
Өнер қайраткері әншінің қазасына қатысты ауыр сәттерді еске алып, оның мезгілсіз кеткеніне өкініш білдірді. Ол Мәдина Ералиеваның өз ажалынан қайтыс болғанын атап өтіп, сол кезеңдегі оқиғалардың өзіне қатты әсер еткенін айтты.
«Мәдина Ералиева 27 қарашада қайтыс болды. 1 желтоқсанда Мұхтар Шахановтың кешінде ән айтуы керек еді. Туған әпшемдей болған әншінің өлімін Жеңіс Ысқақованың күйеуі естіртті. Ақсайда тұратын сіңлісінің үйіне барып, азан-қазан болдық. Денесін арнайы самолетпен Алматыға әкелді. Бәріміз әуежайға бардық. Облыс әкімі мені мәйітханаға жіберді. Болат Назарбаев ұшақта бірге келе жатты. Мәйітханада денесін ашты. Болат Назарбаев өлтіріп қойды ма, өзі өлді ме, білгім келді. Бірінші күйеуі Болат Атабаев көрсін дедім. Сол жағынан соққы болған. Ал Болат Назарбаевтың оң қолы сынған. Демек, Мәдина Ералиева рөлде отырған. Сонда Болат Атабаев құсып жіберді. Мен ток соққандай болдым. Болат Атабаев «Мен Болат Назарбаев қызғанып өлтіріп қойды ма деп ойлап едім, саған рахмет» деді. Айтайын дегенім, Мәдина Ералиева өз ажалынан өлген. Болат Назарбаевтың азаматтығына риза болдым. Ол жерлеуге, мейрамханаға 20 мың доллар берді. Бәрінің шығынын өзі төледі», – деп еске алды өнер қайраткері.